Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан

        Ислами терминдер

        Х

        Х  – егер бір хадистің екі немесе бірнеше сәнәді болса және осы сәнәдтардың барлығын бір мәтіннің астына топтастырғы­сы келсе, бір сәнәттан екінші сәнәдқа көшетін кезде  әрпін жазады және оны  хә деп оқиды.

        Хабар  – Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с), сахабадан және тәбиғиннен жеткен әңгіме, хабар. Хадис ілімінің көптеген ғалымдары «хабар» сөзі «хадис» терминімен синонимдес дейді. Кейбір ғалымдар Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) сөздерін және істерін «хадис», сахабалардың және олардан кейін келгендердің сөздері мен істерін «хабар» деп атаймыз дейді. Сол үшін сахабалардың сөздерін «хадис» деп атаған кезде оның соңына «мауқуф» деген сипат қосатын болған. Ал тәбиғиндердің сөздерін «хадис» деп атаған кезде «мақтуғ» деген сипат қосатын болған. Егер тек қана «хадис» деп қолданылса, ол Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) айтқан сөзі, келісімі немесе ісі деген мағына береді. Кейбір ғалымдар «хадистің барлығы хабар, бірақ хабардың барлығы хадис емес» деген.

        Хабар әл-уахид  – жалғыздың риуаяты, бір ғана адам риуаят етіп, ол мутауатир дәрежесіне жетпеген хадис. Ғалымдар егер осы хадис сахих болса, онымен амал жасау және басқаларға жеткізу керек деп есептейді. Бұл хадис бізге жеткен жолдарына қарай үшке бөлінеді:

        1) танымал  (машһур);

        2) сирек, күшті  (азиз);

        3) танымал емес  (ғариб).

        Хабаши  – эфиопиялық.

        Хадд (худуд)  – шариғатта жасалған қылмысқа белгіленген жаза.

        Хадис  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) жасаған істері, айтқан сөзі және келіскен, мақұлдаған амалдары.

        Хадис мектебі  – Мәдина қаласында өмір сүрген ғалымдардың шарғи үкім шығарғанда ұстанған принциптері­нің негізінде қалыптасқан мектеп. Бұл мектеп өкілдері Құран мен сүннетте келген үкімдердің астарына терең үңілместен, онда келген мағынаны тура қабылдап, өз ойларымен үкім шығаруда ерекше сақтық танытқан. Қара: ой-пікір мектебі.

        Хажб  – мұрагердің мирастан алатын үлесінің барлығын немесе бір бөлігін алуға салынған тыйым.

        Хажжату әл-уадағ  – қоштасу қажылығы. Ол – Алла елшісінің (с.ғ.с) һижра жыл санауы бойынша оныншы жылы жасаған қажылығы. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар өмірінде бір рет қана қажылық жасаған. Сол қажылық «хажжату әл-уадағ» деп аталады.

        Хазраж  – ансарларды құрайтын екі үлкен тайпаның бірі.

        Хайыз (хайд)  – «Хайыз» сөзі араб тілінде «ағу» деген мағына береді. Ал термин ретінде балиғат жасына толған әйел адамның белгілі мерзіммен көретін қаны немесе әйелдерде ай аралап келіп тұратын қан, етеккір үшін қолданылады. Ол әйелді ерімен төсекте болудан, намаз, Құран оқудан, ораза ұстаудан және Қағбада тауап жасаудан тыяды.

        Хайя  – ұялшақтық, арлылық, ибалық, кішіпейілділік. Ислам дінінде ұялшақтық жақсы қасиет деп есептеледі.

        Хаққ  – ақиқат, шындық.

        Халал  – адал, шариғат рұқсат берген нәрсе не іс.

        Халал ет – Алланың есімі аталып, шариғат жолымен бауыздалған, еті жеуге рұқсат етілген мал еті.

        Халәф  – Исламның алғашқы үш буын өкілдерінен кейін өмір сүрген ғалымдар. Қара: сәләф.

        Халил  – жақын дос. Бұл сөз қарапайым достық пен махаббаттан әлдеқайда жоғары сезімді, Алла пен пенде арасындағы қатынасты көрсетеді. Діни кітаптарда Ибраһим пайғамбар «Халилуллаһ» деп аталады.

        Халифа  – Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) кейін мұсылман дініндегі елдердің діні мен үкіметін қатар басқарған мемлекет билеушісінің құрметті атағы, лауазымы.

        Халифат  – халифалардың қол астында болған ел аумағы.

        Хамді  – Аллаға мадақ айту. «Хамді» сөзі араб тілінде «мақтау», «мадақ» деген мағыналарды білдіреді. Дегенмен бұл мақтау Алланың Өзіне ғана тән. Яғни Алладан басқаға «хамді» сөзін қолданбаған дұрыс. Өйткені хамді – мақталған тұлғадағы жақсы қасиеттерді қанша айтса да, артық болмайтынын аңғартады.

        Ханабилә  – ханбали мазһабын ұстанушылар. «Ханабилә» араб тілінде «ханбали» деген сөздің көпше түрі.

        Ханафи  – имам Әбу Ханифа негізін салған мазһабтың атауы, ханафи мазһабын ұстанушы.

        Ханбали  – имам Ахмад ибн Ханбал негізін салған мазһабтың атауы, ханбали мазһабын ұстанушы.

        Хандақ  – ор. Құрайыштар мен олардың одақтастары­нан құрылған он мың әскер һижраның 5 жылы, шәууәл айын­да Мәдинаны қоршаған кездегі шайқас. Дұшпандардың атты әскерінен қорғану үшін Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) Салман әл-Фарисидің (Алла оған разы болсын) кеңесі бойынша Мәдинаның батыстан, терістіктен және терістік-шығыс жағынан қоршай ор (хандақ) қазуға бұйрық берген. Сондықтан бұл шайқас «хандақ шайқасы» аталып кеткен.

        Ханут – мәйітті сылауға арналған хош иісті жұпар.

        Хараж  – мұсылман мемлекетінің қарамағына өткен кітап иелерінің иелігіндегі жерлердегі өнімнен алынатын салық. Мұсылмандар алғаш ашқан жерлерді әуелгі иелеріне қалдырып, одан салық алып отыратын болған.

        Харам  – шариғат бойынша кесімді түрде тыйым салынған нәрсе не іс. Шариғатта істеуге тыйым салынған және істемегені үшін сауап, істегені үшін күнә алатын амалдар. Харам ету – тыйым салу.

        Әл-Харам мешіті  – Қағба орналасқан Меккедегі тауап жасайтын мешіт. Қазақ тілінде ол мешіт «Қасиетті мешіт» деп те аталады.

        Харам аумағы – Мекке және Мәдина қалаларының айналасында өсімдігін жұлуға, аңдарын өлтіруге және соғысуға тыйым салынған жер. Осы аумақта тұратындар қажылық ихрамына үйлерінен кіреді. Ал умра ихрамына харам аумағының сыртына шығып кіреді. Мысалы, Танғимге барып, сол жерден ихрам хәліне өтеді.

        Харури  – хауариждердің бір атауы. Олар Әли ибн Әбу Талибтің (Алла оған разы болсын) әскерін тастап, мұсылмандардан бөлініп шығып, он екі мың адамның басын Куфа қаласы маңындағы «Харура» атты ауылда біріктірген. Сондықтан олар «харурилер» аталып кеткен.

        Хасад  – көреалмау, біреудің қолындағы нығметтің кетуін армандау. Ол жүрек ауруларына жатады. Егер біреудің нығметін кетіру үшін белгілі бір әрекеттерге барса, істеген ісіне қарай күнә алады.

        Хасан хадис  – сахих хадистен төмен, дағиф хадистен жоғары дәрежедегі, дәлел ретінде жарайтын хадистің түрі. Ол иснад-тізбегі аяғына дейін үзілмеген, әділ (не сенімді), бірақ есте сақтау қабілеті нашарлау риуаятшы жеткізген, қайшылығы және кемшілік-кінәраты жоқ хадис. Егер хадистің сәнәді (тізбегі) үзілмей әділ, бірақ есте сақтау қабілеті әлсіздеу рауи арқылы жеткен болса және ол хадис шәз және муғалләл болмаса, ол хадис «хасан хадис» деп аталады. Яғни хадисті риуаят етуші адамның есте сақтау қабілеті әлсіздеу болса, бірақ ол әділ, өтірік айтпайтын адам болса және оның жеке риуаят еткен хадисі жарамсыз (дағиф) хадистер тобына жатпайтын болса, ол хадис «хасан хадис» деп есептеледі. Хасан хадистің сахих хадистен айырмашылығы тек рауидің есте сақтау сипатының әлсіздеу болуында.  иснаді хасан хадис. Бұл хадистің сәнәдіндегі рауилерді зерттеп, хадистің сәнәдінің хасан екендігін анықтағаннан кейін айтылады. Және бұл термин хадистің мәтінінің хасан екендігін білдірмейді. Өйткені хадистің сәнәді хасан бола тұра мәтінінде шәз немесе иллә (кемшілік) болуы мүмкін. Сол үшін иснаді хасан хадис хасан хадистен төменгі дәрежеде тұрады. Бұл терминді көбінесе Хаким ән-Найсабури «Мустадрак» атты хадис жинағында қолданады. Егер Хаким хадисті иснаді хасан деп, хадистің шәз немесе муғалләл екендігін атамай кетсе, ол хадис мәтінінің де хасан екендігін білдіреді.

        Хасан лиғайриһи  – өзгемен хасан хадис. Кейде хадистің бір сәнәдінде хасан хадистің шарттары жеткіліксіз болады да келесі сәнәдінде хасан хадистің шарттары толық қамтылады. Осы жағдайда алғашқы сәнәттағы хадисті «хасан лиғаириһи», яғни өзгемен хасан хадис деп аталады. Мысалы: хадистің алғашқы сәнәдінде тізбектің бір жеріндегі рауидің кім екендігі бізге беймәлім болды делік. Осы хадистің басқа сәнәдінде сол рауидің кім екендігі жазылған болса, алғашқы хадисті «хасан лиғайриһи» деп атаймыз. Бұдан байқайтынымыз хасан лиғайриһи болу үшін мынандай екі шарт керек екен:

        1) хадистің екі немесе одан да көп сәнәді болуы керек және екінші сәнәд алғашқы сәнәдтан жоғары немесе бірдей дәрежеде болуы қажет;

        2) хадистің әлсіз, яғни дағиф болу себебі тек қана рауидің есте сақтау қабілетінің нашарлығынан, сәнәдтағы бір рауидің түсіп қалуынан немесе рауидің кім екендігін білмеуге қатысты болуы қажет.

        Хасан-ғариб  – имам әт-Тирмизи кейде хасан және ғариб терминдерін бір хадисті сипаттау үшін қолданады. Бір хадистің екі немесе одан да көп жолдары (сәнәдтары) болса және бір сәнәдта ол хадис ғариб болып, екінші бір сәнәдта хасан болса, ол хадисті «хасан-ғариб» деп сипаттайды. Немесе ол хадистің мәтіні хасан, ал сәнәді ғариб болуы да мүмкін.

        Хасан-сахих  – имам әт-Тирмизи және оның тәсілімен жүргендер сахих және хасан терминдерін бір хадистің сипаты ретінде кей жерлерде бірге қолданады. Бұл екі түрлі жағдайда болуы мүмкін:

        1) Егерде хадисті бір ғана рауи риуаят етіп, ол рауидің есте сақтау қабілетіне күмәнданған кезде. Яғни оның есте сақтау қабілеті өте мықты болса, оның хадисі сахих хадистер тобына жатады. Ал егер оның есте сақтау қабілеті әлсіздеу болса, оның риуаят еткен хадисі хасан хадистер тобына жатады. Осы жағдайда бұл хадис хасан хадистен жоғары және сахих хадис­тен төмен дәрежеде тұрады.

        2) Кейде хадистің екі иснады болуы мүмкін. Бір иснадта хадис сахих, ал екінші иснадта хасан. Осыны ескере отырып хадисті «хасан-сахих» деп атайды. Осы жағдайда бұл хадис тек сахих деген хадистен дәрежесі жоғары болады.

        Хауа ана  – Алла тағала Адам атаның қабырғасынан жаратқан алғашқы әйел адам.

        Хауалә (хиуалә)  – қарызды басқа біреуге өткізу, қарызды аудару.

        Хауари  – ілесуші, шәкірт. Иса пайғамбардың соңынан ерген серіктері.

        Хауариж  – Ирактың Куфа қаласы маңындағы Харура елді мекенінде һижраның 36-37 жылдары мұсылмандар арасында алауыздық тудырған бүлікшілер. Олар өздерінің асыра сілтеушілігі және шектен шыққан ымырасыздығымен танылған.

        Хауыз  – Алла тағала қияметте Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) сыйлайтын жаннаттық бұлақтардың бірі.

        Әл-Хашир   – жинаушы. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) есімдерінің бірі. Яғни Алла елшісі (с.ғ.с) Қиямет күні адамдар жиналатын махшарға бірінші болып барады не бұл дүниеде соңғы пайғамбар болғандықтан, адамдар оның төңірегіне жиналады.

        Хәдәс  – дәретсіздік, дәретті немесе ғұсылды бұзатын жағдай. Хәдәс екі түрлі болады: «үлкен хәдәс»: жүніп, хайыз және нифас болғанда ғұсыл алу және «кіші хәдәс»: кіші дәреті жоқ кезде дәрет алу.

        Хижаб  – әйелдердің шашын жауып тұратын орамал, жаулық.

        Хижама  – қан алдыру, емдік мақсатта өткір құралмен теріні тіліп, арнайы құралдармен сору арқылы денеден тері астындағы өлі (жарамсыз) қанды шығару.

        Хижр  – Қағбаның қара тас тұрған бұрышынан кейін орналасқан доғал пішіндегі жартылай тұрғызылған қабырға. Хижрдың іші Қағбаға жатады.

        Хикмет  – даналық, құпия сыр.

        Хил аумағы – Харам аумағы мен миқаттың аралығындағы жерлер. Осы жерлердің тұрғындары қажылықты бастау үшін ихрамға тұрған жерлерінен кіреді.

        Хиләбә – алдау. Әйтсе де бұл әдеттегі адамдар арасындағы алдау емес. Оған мысал ретінде бір дирһамдық затты бес дирһамға сатуды айтуға болады.

        Хитба  – қызға не әйелге құда түсу, айттыру.

        Христиан – Исаны құдайдың баласы деп үштік құдайға (әке, ұл және қасиетті рух) сенетін адам.

        Худуд – белгілі бір қылмыс істегені үшін Құран мен сүннет үкімдері арқылы бекітілген, рақымшылық жасалмайтын кесімді жазалар. Қара: хадд.

        Худуд кітабы  – қылмыстық істерді және олардың жазаларын зерттейтін фиқһ ғылымының саласы.

        Хулға  – әйелдің күйеуінен талақты талап етуі. Шариғат заңы бойынша, талақ беру тек ер адамның құқығы. Әйел адам ажырасуды қаласа, күйеуінен талақ беруін өтінеді. Егер күйеуі келіспесе, қазыға жүгінуіне болады. Ажырасудың мұндай түрі әйелдің талабымен орындалып, бұдан кейін ол некенің қайта құрылуы мүмкін болмайды. Мұндай жағдайда әйел еріне неке мәһрін қайтарады және екеуінің өзара келісімі немесе қазының белгілеуі бойынша өтемақы төлейді.

        Хулм  – шым-шытырық, түсініксіз бұлдыр түс.

        Хумстар – Исламнан бұрын Қағба қызметіне лайықты саналған рулар тобы, олардың арасында Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) руы – құрайыш та бар. Олар – «хумс» (дін қызметкерлері) деп аталатын. Осыған малданған құрайыштар Меккенің қасиетті аймағының (харамның) сыртындағы Арафатқа баруды өздеріне міндетті емес деп есептейтін. Бірақ Алла елшісі (с.ғ.с) оларға да басқа қажыларға міндеттегендей Арафатта тұруды міндеттеген.

        Хунсә  – қызтеке (гермафродит), ер және әйелдік жынысы бар адам.

        Хурафат  – дұрыс емес істер, дінде негізі жоқ амалдар.

        Хусуф намазы  – түнде ай беті тұтылғанда оқылатын намаз.