Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан

        Ислами терминдер

        Р

        Рабб  – Алла тағаланың есімдерінің бірі. Мағынасы: Алла барлық пенделерге қамқорлық жасап, олардың тағдырын басқаратын, игіліктер беретін Ие, Қожайын.

        Раббани  – тәңірлік дін жайлы ілімге ие болып, Алла­қа қалтқысыз бойсұнатын адам.

        Рабиғ  – Мысыр, Шам мемлекеттері мен Солтүстік Африка тарапында орналасқан елдерден қажылық немесе умра өтеушілердің ихрам халіне өтетін Жухфа миқатына жақын орналасқан қала. Қазіргі кезде адамдар Рабиғ қаласынан ихрамға кіреді.

        Рабиғ әл-ахир  – ай күнтізбесіндегі 4-айдың атауы.

        Рабиғ әл-әууәл  – ай күнтізбесіндегі 3-айдың аты.

        Радаға  – бала емізу, сүтбауырлық. Ислам шариғаты бойынша, екі жасқа толмаған сәбиді емізген әйел ол баланың өз анасы секілді үкімге ие болады. Сондықтан ол сәбиге оны емізген әйелдің балалары және басқа да туысқандарына өз бауырлары мен туысқандары сияқты үйлене алмайды. Ал мирас, қаражатпен қамтамасыз ету сияқты үкімдер сүтбауырлар арасында жүрмейді.

        Радд  – қайтару, қабылдамау. Мирас ілімінде қайтыс болған адамның мұрасын бөліске салғанда асабалар болмай тек қана фард иелері болған жағдайда, асл әл-мәсәлә ретінде алынған ортақ санның мөлшері олардың үлестерінен артық болса, асл әл-мәсәләні қайта есептеп, оны фард иелеріне тиісінше бөліп беру «радд» деп аталады. Мұраны бұлайша үлестіру «әт-тәурис бир-радд» деп аталады.

        Ражаб  – ай күнтізбесіндегі 7-айдың аты.

        Ражм  – зина жасаған үйленген адамды тасборан қылып өлтіру жазасы. Қара: тасборан. 

        Рай  – ой-пікірге сүйенген көзқарас, шешім. Қара: ой-пікір мектебі және хадис мектебі.

        Раййан (раян)  – жаннаттың ораза тұтқандар ғана кіретін қақпасы.

        Ракағат (ракат)  – белгілі бір іс-қимылдар жиынтығы мен Құран аяттарын оқудан тұратын намаздың бір бөлігі.

        Рамазан (рамадан)  – һижра жыл санауы бойынша тоғызыншы ай. Ислам дінінде бұл айда ораза ұстау парыз. Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) Құранның алғашқы аяттары да осы айда түскен. Сондықтан бұл ай мұсылмандар үшін өте қадірлі болып табылады.

        Ратл  – 450 грамм шамасындағы өлшем бірлігі.

        Рауатиб намаздар  – парыз намаздарының алдында және кейін оқылатын сүннет намаздар. Ол намаздар: муаккада (бекітілген) және муаккада емес (бекітілмеген) деп екіге бөлінеді.

        Рауатиб емес сүннет намаздар – күнделікті бес уақыт оқылатын парыз намаздарға байланысы жоқ, жеке оқылатын намаздар. Бұл намаздар да муаккада және муаккада емес болып екіге бөлінеді.

        Рауда  – бақша. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) мешітінің ішінде оның (с.ғ.с) үйі мен мінберінің арасындағы орын «рауда» деп аталады. Пайғамбар (с.ғ.с): «Менің үйім мен мін­берімнің арасы жаннат бақшаларының бір бақшасы», – деген.

        Рауи  – хадисті риуаят еткен адам, риуаятшы.

        Раус  – қашыр, ат және есектің тезегі.

        Рахим  – туыстық байланыс, ағайындық қатынас.

        Рәмл  – Қағбаны айналып тауап жасаған кезде алғашқы үш айналымда иықты селкілдетіп тез жүру.

        Риба  – өсімқорлық, қарызға ақшаны үстеме пайыз қосып беру. Ақшаны қарызға өсіммен беру харам, күнәлі іс. Рибаның екі түрі бар:

        1) Риба ән-нәсия  – заттың біреуге белгілі бір уақыттан кейін артығымен қайтарылу шартымен берілуі немесе дәл осындай шартпен қарызды қайтару мерзімін ұзарту. Мысалы, қарыз беруші кісінің қарыздарға құны бес мың теңгелік затты бір айдан кейін қайтарсаң жеті мың, екі айдан кейін он екі мың етіп қайтарасың деп шарт қоюы.

        2) Риба әл-фадл  – заттардың немесе бір тектес құнды тауарлардың бір-біріне әртүрлі мөлшерде айырбасталуы. Мысалы, жаңа мың теңгені ескі мың бір жүз теңгеге немесе осы жылғы 1 тонна бидайды былтырғы 1,5 тонна бидайға, сапасы нашар 10 гр алтынды сапасы жоғары 8 гр алтынға айырбастау сияқты.

        Рибат  – Алла жолында күресу, мұсылман мемлеке­тінің шекарасын күзету және жүректі харам істерден тыйып, нәпсіні шайтанның азғыруынан сақтау.

        Рида  – белден жоғары киілетін киім. Рида екі түрлі мағынада қолданылады:

        1) Қажылық кезінде киілетін екі ақ матаның белден жоғары киілетін бөлігі.

        2) Қайтыс болған адамды кебіндеген кезде белінен жоғарғы жағын жабу үшін қолданылатын ақ мата. Қара: ихрам киімі.

        Ридда  – Ислам дінінен шығу, мұсылман адамның Ислам дінінен бас тартуы. Ислам дінінен бас тартқан адам «муртад» деп аталады. Әбу Бәкір халиф болғаннан кейін Ислам дінінен шыққан араб тайпаларына қарсы болған соғысты «Хуруб әр-ридда» (Муртадтарға қарсы соғыс) деп атайды.

        Ризық  – несібе.

        Риказ  – Алла тағаланың жер қойнауында жаратқан қазба байлығы және адамдардың көмген қазынасы. Яғни риказ кәнз бен мағданды қамтиды. Шафиғи мазһабында риказ – Исламға дейінгі дәуірлерде өмір сүргендердің, яғни мұсылман еместердің көмген қазынасы.

        Риуаят  – хадистердің жету жолы немесе хадисті бір адамнан екінші адамға жеткізу. Риуаят ету – жеткізу.

        Риуаятшы – хадис жеткізуші адам.

        Рия  – Алла ризалығы үшін емес, адамдар көрсін деп, мақтаныш үшін орындалатын амал

        Ружға  – жұбайына бірінші және екінші талақ тас­тағаннан кейін қайтарып алу. Қара: талақ ражғи. 

        Руйя  – жақсы түс.

        Рукн  – негіз, тірек, парыз. Намаздың рукндері: намаздың ішінде орындалатын парыз амалдар.

        Рукуғ  – намаз оқу кезінде екі алақанмен тізені жа­уып, арқаны тік ұстап тұратын сәт. «Рукуғ» сөзі араб тілінде «еңкею», «иілу» деген мағына береді. Рукуғ жасау намаздың парыздарына жатады.

        Руқба  – бір адамның екінші біреуге бір затты берер кезде, мәселен: «Мен үйімді өмір бойы пайдалануыңа беремін, егер мен бірінші өлсем, үй сенде қалады, ал егер сен бірінші өлсең, үй қайтадан өзіме өтеді» деп айтатын сыйлық түрі.

        Руқия  – дем салу.

        Рух І  – жан.

        Рух ІІ – Жәбірейлі періштенің екінші аты. Құран аяттары мен Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хадистерінде  Жәбірейіл періште «Рух» және «Әр-Рух әл-әмин» деп те аталады.