Қ
Қабул – қабыл алу. Неке тарауында, сауда-саттық
келісімдерінде қолданылатын термин. Көпшілік ғалымдардың пікірінше, неке
келісім шартында үйленетін ер кісінің не оның өкілінің «бұл некені қабыл алдым»
деген мағынаны беретін сөзі «қабул», әйел адамның уәлиінің «бұл қызды саған
жұбайлыққа бердім» деген мағынаны беретін сөзі «ижаб» деп аталады. Ал ханафи
мазһабында «қабул» екінші сөз алған адамның сөзі. Ол ер адамның да, әйел
адамның уәлиінің де сөзі болуы мүмкін. Яғни бірінші сөйлеген адам сөзі «ижаб»,
екінші сөйлеген адамның сөзі «қабул» деп аталады. Қара: ижаб.
Қабір – қайтыс болған адамды жерлейтін жер.
Қабір азабы – қабірдегілердің тартатын азабы. Ислам ақидасы
бойынша, қайтыс болған адам ақыретке дейін барзах әлемінде болады. Ол адамға
жаннат бұйырып тұрған болса, қабірі жаннаттың бір бақшасына айналып, оған
жаннаттағы орны көрсетіліп, азаптан аман болады. Ал кімде-кімге тозақ бұйырған
болса, оның қабірі тозақтың бір шұңқыры секілді қара түнек болады. Және
қабырғасы бір-біріне кіріп кететіндей дәрежеде қысылып, ауыр азаб шегеді.
Қағба – Мекке қаласында орналасқан атақты мешіт.
Қағдатул-ахира – соңғы отырыс. Яғни намаздың соңында «тәшәһһуд»
(әт-тахият) дұғасы оқылатындай уақыт отыру.
Қада – қаза, парыз амалды уақыты шыққаннан кейін орындау.
Төрт мазһабта парыздың қазасын өтеу парыз, уәжіптің қазасын өтеу уәжіп. Уақыты
шығып кеткеннен кейін оқылған намаз «қаза намазы» деп аталады.
Қадір түні – рамазан айының соңғы он күнінің тақ түндерінің
бірінде кездесетін, мың айдан да қайырлы түн. Алла тағала бұл түні ғибадат
еткен барлық жанның күнәсін кешіреді. Көптеген ғалымдар ол рамазан айының
жиырма жетінші түні деп айтқан. Қадір түні туралы Құранның «Духан» және «Қадір»
сүрелерінде айтылған.
Қажылық – «Қажылық» (хажж) сөзі араб тілінде «құрметті орынды
зиярат ету» деген мағына береді. Ал діни термин ретінде ай күнтізбесі бойынша,
зул-хижжа айында Алла тағалаға құлшылық ету үшін Меккеге барып, бекітілген
амалдарды орындау. Немесе Алла тағала үйіне, белгілі уақытта діннің бір тірегін
орындау үшін зиярат ету. Қажылық Ислам дінінің негізгі бес тірегінің бірі.
Денсаулығы жарамды, қаражаты жететін мұсылманға өмірінде бір рет қажылыққа бару
– парыз.
Қаза намазы – белгілі бір себептермен уақытынан кешіктіріліп
оқылған намаз. Қаза намазының ниетімен «әдә» (уақтылы) оқитын намазды және
«әдә» (уақтылы) намазының ниетімен қаза намазын оқуға болады. Намаздың қазасын
өтеу – уақытында оқи алмаған намазды кейінірек оқу.
Қазы – Ислам шариғаты бойынша үкім жүргізетін сот, төреші.
Қайнуқағ – Мәдинадағы яһуди дінін ұстанатын бәну қайнуқағ
тайпасының атымен аталған базар.
Қаиф – адамдардың сырт келбетіне қарап, олардың өзара туыс
немесе туысқан еместігін ажырата алатын адам.
Қайыз (хайыз) – етеккір, балиғат жасқа толған әйелдің белгілі
мерзіммен көретін қаны. Бұл қан жүктілік (екіқабат) кезде және ауруға
байланысты келмей қалады. Қайыз кезінде әйел адамға намаз, ораза секілді
ғибадаттарды орындауға болмайды.
Қамат (иқамат) – парыз намазы басталар алдын да айтылатын
шақыру. Қара: иқама.
Қантара – көпір. Шариғатта сират көпірінің жаннатқа жалғасқан
бөлігі «қантара» деп аталады.
Қара тас – Қағбаның бір бұрышында жерден шамамен 130-140 см.
жоғары, көп бөлігі қабырғаның іш жағында орналасқан тас. Ол тастың жаннаттан
түсірілгендігі және алғашқы кезде ақ болғандығы туралы деректер бар. Тарихи
деректерде Ибраһим мен оның ұлы Исмаил пайғамбарлар Қағбаны тұрғызуды бастап
бұрышына жеткен кезде, Ибраһим (аләйһис-сәләм) сол бұрыштың ерекше болуын
қалайды. Сөйтіп, Исмаилге осы бұрышқа лайықты бір тас әкелуін бұйырады. Бірақ
лайықты тас таппай қайтқан Исмаил кенеттен сол бұрышқа бір тас қаланып,
Ибраһимнің құрылысты жалғастырып жатқанын көреді. Ибраһим пайғамбар оны
Жәбірейіл періште жаннаттан алып келгенін айтады. Ол туралы деректерде «Ол
алғашында ақ тас болған. Сосын қарайған. Оны қарайтқан Адам ұлдарының күнәлары»
деп айтылған. Ол тас қазіргі кезде Қағбаның Зәмзәм тараптағы бұрышына қойылған.
Қарат – бір даниқтың жартысына тең, ал бір даниқ – дирһамның
алтыдан бірі. Сол кезде бір алтын динар жүз жиырма даниқ, екі жүз қырық қарат
тұратын.
Қари (қары) – Құранды жатқа білетін адамға берілетін
атақ.
Қарин – қажылықтың қиран түрін өтеуші қажы. Қара: қиран.
Қарн әл-Мәнәзил – Нәжд тұрғындарының миқаты. Қара: миқат.
Қарыз – Алла ризалығы үшін бір адамның екінші адамға уақытша
және еш пайызсыз ақшалай немесе басқа затпен көмек беруі. Белгілі мерзімнен
кейін қарыз алушы алған қарызын қайтарып беру керек. Қарызға беру шариғат
құптаған сауапты іс саналады.
Қарызға батқандар – қарызынан артық нисапқа толатын байлығы жоқ қарыздар
адам. Қарызға батқандарға зекет беруге болады.
Қасам – ант, серт, қасам ішу. Ислам дінінде Алла тағаладан
басқамен қасам ішуге тыйым салынады.
Қасуа – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) түйесінің аты.
Қасыр намазы – сапар кезінде төрт ракағатты намаздарды қысқартып,
екі ракағатты қылып оқу.
Қатым (хатм) – аяқтау. Құранды қатым қылу – Құранды
бастан-аяқ оқып шығу.
Қауіп намазы – дұшпан тарапынан кенеттен шабуылға ұшырау қаупі туып
тұрған соғыс майданында оқылатын намаз. Ондай намазды кез келген жағдайда,
тіпті намаздың парыздары орындалмай қалса да оқуға болады. «Ниса» сүресінің,
101-102-аяттарының тәпсірін қараңыз.
Қимар – ақша тігіп ойнайтын құмар ойын. Шариғатта қимарға
тыйым салынған.
Қиран – қажылықты өтеудің бір түрі. Онда алдымен умра жасап,
одан кейін ихрам халінен шықпай, ихрам киімін шешпестен қажылық уақытын күтеді.
Қажылық уақыты басталғанда алғашқы ихрамымен қажылығын жалғастырады. Яғни
қажылыққа умраны қосу арқылы екі ғибадатты бір ихраммен өтеу.
Қират – көлемдік өлшем көрсеткіші.
Қисса – Құран Кәрімде және Мұхаммед пайғамбардың
(с.ғ.с) хадистерінде келген бізге дейінгі өмір сүрген үмбеттердің өмірінен
сыр шертетін әңгіме.
Қиям – намаз кезінде тік тұрған қалыпта Құран аяттарын
оқитын кезең.
Қиямет – жер бетіндегі тіршілік күл-талқан болып күйреп,
адамдар есеп беру үшін қайта тірілетін мезгіл.
Қиямет күн – осы дүниенің бітіп, о дүниенің басталатын уақыты.
Оның қашан болатынын тек Алла қана біледі.
Қиям әл-ләйл (Қиямул-ләйл) – түнде тұру, түнгі намаз.
Қияс – үкімі жоқ нәрсені үкімі бар нәрсеге екеуіне ортақ
себепке байланысты салыстырып, үкімі жоқ нәрсеге үкім шығару. Қияс шарғи үкім
шығарғанда Құран Кәрім, хадис және ижмағтан кейінгі төртінші дереккөз болып
табылады. Төрт мазһаб ғалымдары қиястың шарғи дәлел болатындығына келіскен.
Қорым – қайтыс болған адамдардың денесі қойылған үлкен бейіт,
зират.
Қуғуд – намазда екінші және соңғы ракағаттардан кейін
тәшәһһуд (әт-тахият) және салауат дұғаларын оқу үшін отыру.
Қудс мешіті (Құдыс) – Иерусалимде орналасқан мұсылмандар үшін Қағба
мен Пайғамбар (с.ғ.с) мешітінен кейінгі үшінші қасиетті мешіт. Алғашқыда
мұсылмандар Қудсқа қарап намаз оқитын болған. Кейіннен бұл үкім жойылып,
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) Алланың бұйрығымен намазды Қағбаға қарай оқуды
міндеттеген.
Қудси хадис – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) «Алла айтты»
немесе «Мұхаммед пайғамбардың Алладан риуаят еткені» деп басталатын хадистері.
Ғалымдар арасында қудси хадистің мағынасы да, сөзі де Алладан дейтін және
мағынасы Алладан, сөзі Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) дейтін екі түрлі
көзқарас бар.
Қулла – орта ғасырлардағы су сақтайтын үлкен құмыра. Қазіргі
кезде ғалымдар оны шамамен 204 литрге тең деп есептеген. Шариғатта қулла судың
мөлшерін аз не көп деп үкім шығару үшін қолданылған.
Қурайза – Мәдинада Мұхаммед пайғамбармен (с.ғ.с) одақтас
болуға келісімшарт жасасып, кейіннен сол келісімді бұзған яһуди тайпасы.
Қурға – жеребе тастау. Қара: жеребе.
Құба мешіті – қазіргі кезде Мәдина қаласының аумағына кіретін
жерде орналасқан Ислам тарихында ең алғашқы салынған мешіт. Құба елді мекені
алғашқы кезде Мәдина қаласының аумағына кірмейтін болған. Кейіннен Мәдина
қаласы үлкейіп, Құба мешіті тұрған жер де Мәдинаның құрамына кіріп кеткен. Ол
мешітке арнайы дәрет алып барып, екі ракағат намаз оқу сүннет.
Құбыла – Қағба орналасқан тарап. Намаз оқыған кезде жүзді
Қағба тарапына бұру «құбылаға қарау» деп аталады. Намаз оқыған кезде құбылаға
қарау намаздың шарттарына (сыртқы парыздарына) жатады.
Құдай – бүкіл жаратылыстың Иесі, Рабб.
Құдірет – теңдессіз күш-қуат.
Құжыра (хужра) – бөлме. Кеңес үкіметі заманында Орта
Азия мемлекеттерінде діни тәлім алу үшін ашылған жасырын орындар. Ол орындар
үйдің бір бөлмесінде не жертөледе болғандықтан «құжыра» аталып кеткен.
Құзырында – алдында, қабылдауында, қасында.
«Құнұт» дұғасы (құныт, қунут) – үтір намазының
үшінші ракағатында «Фатиха» және зәм сүресін оқып болғаннан кейін рукуғтың
алдында оқылатын дұға. «Құнұт» сөзінің лексикалық мағынасы өте ауқымды. Ол
«дұға», «ұзақ уақыт тұру», «бағыну», «қорқу» деген мағыналарды береді. Шафиғи
мазһабында «құнұт» дұғасы таң намазының екінші ракағатында рукуғтан кейін
оқылады.
Құптан намазы – күнделікті оқылатын бес уақыт намаздың ең соңғысы. Ол
күннің қызыл шапағы семгеннен таң атқанға дейінгі аралықта оқылады. Құптан
намазы төрт ракағат парыз, екі ракағат сүннет және үш ракағат үтір намазынан
тұрады. Бірақ көптеген діни еңбектерде «құптан намазы» деп тек төрт
ракағат парыз намаз мақсат тұтылады және үтір намазы құптан намазына қосылмайды.
Құран – Алла тағаланың Мұхаммед пайғамбарға
(с.ғ.с) түсірген, Қияметке дейін өзгерусіз сақталатын қасиетті кітабы.
«Құран» сөзі араб тілінде «оқылған» деген мағынада қолданылған. Мұсылмандар
Алланың кітабы Құран Кәрімді көп оқитын болғандықтан, ол кітап «Құран» деп
аталып кеткен. «Құран ілімдері» ғылымында Құранға «Ол – Алла тағаланың Мұхаммед
пайғамбарға (с.ғ.с) муғжиза етіп түсірген, оқылуымен құлшылық етілетін,
бізге мутауатир жолмен жеткен сөзі» деп анықтама береді. Енді осы анықтаманы
талдасақ.
1) Алла тағаланың ... сөзі. Яғни
Құран Кәрім періштелердің, жындардың, адамдардың, тіпті Мұхаммед пайғамбардың
(с.ғ.с) да сөзі емес. Ол – тек Алланың сөзі.
2) Мұхаммед пайғамбарға
(с.ғ.с) түсірген. Алла тағала Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) дейін өмір
сүрген Дәуіт пайғамбарға Забурды, Мұса пайғамбарға Тауратты, Иса пайғамбарға
Інжілді және басқа да пайғамбарларға кітаптар түсірген және олар да Алланың
сөзі болып табылады. Ал Құран – Алла тағаланың Мұхаммед пайғамбарға
(с.ғ.с) түсірген кітабы. Сондықтан Алла тағаланың басқа пайғамбарларға
түсірген кітаптары «Құран» деп аталмайды.
3) Оқылуымен құлшылық етілетін
дегеніміз, Біз намазда және басқа да құлшылық барысында Құран аяттарын құлшылық
мақсатында оқимыз. Себебі Құранның сөздері мен олардың мағыналары тек Аллатікі
болып табылады. Сондықтан Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хадистерін намазда
Құранның орнына оқи алмаймыз.
4) Муғжиза. Алла тағала адам баласына
жіберген әрбір пайғамбарға адамдар алдында өзінің пайғамбар екендігін
дәлелдейтін, басқа адамдардың қолынан келмейтін және адамдардың санасында
табиғат заңдарына бағынбайтын бір керемет істерді береді. Осы керемет істер
«муғжиза» деп аталады. Қара: муғжиза.
5) Бізге мутауатир жолмен жеткен.
Мутауатир – жүздеген әділ әрі өтірік айтпайтын сенімді адамдардың бір хабарды
бірдей етіп өзгертпестен, басқаларға жеткізуі. Мұндай жолмен жеткен хабардың
өтірік болуы мүмкін емес. Құран Кәрім кітабын Мұхаммед пайғамбар
(с.ғ.с) Жәбірейіл періштеден алғаннан кейін өзінің мыңдаған сахабаларына
жеткізген, ал сахабалары болса өздерінен сан есе көп шәкірттеріне үйреткен.
Міне, Құран Кәрім кітабы жазылуымен қатар ауызша, жатқа ұрпақтан-ұрпаққа,
ғасырдан-ғасырға мыңдаған қарилардың жүректерінде жаттаулы күйінде, ешбір әрпі
өзгерместен бізге жетті және осылайша бізден кейінгі ұрпаққа да жете бермек.
Құрбан айт – мұсылмандар құрбандыққа мал шалатын зул-хижжа айының
оныншы күні болатын мереке (ид әл-адха немесе йәум ән-нахр).
Құрбандық – Аллаға жақындау мақсатында мал сою үрдісі.
Құтпа – жамағатқа арналып айтылатын уағыз-насихат.
Қыл көпір – қияметте махшар мен жаннаттың арасын жалғаушы, тозақ
үстінен жүргізілетін өткел. Қара: сират көпір.
Қылует – адамдардан оқшауланып, Алла тағалаға оңаша құлшылық ету
мақсатында салынған жерасты мінәжат орны.
Қырағат – «Қырағат» араб тілінде «оқу» деген мағына береді.
Діни ғылымдарда бұл термин бірнеше мағынада қолданылады. Мысалы, фиқһ ілімінде
«қырағат» сөзінің мағынасы намаздың ішінде Құран оқу. Құран ілімдері ғылымында
«Құран оқу мәнері» және «әртүрлі араб тілі диалектілерінде Құран оқу тәсілі»
деген мағынада қолданылады.
Қысас – кек алу, қарымта, есе қайтару. Ислам шариғатында
қазының кісі өлтіргеннен не біреудің дене мүшесіне зақым келтіргеннен және
т.с.с. қылмыс жасаған адамнан кек алу мақсатында одан жасаған қылмысына сәйкес
жаза қолдануы «қысас» деп аталады.