Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан

        Ислами терминдер

        Ф

        Фай І  – жаугершілік заманында дұшпандардың мал-мүлкінен соғыссыз алынған олжалар. Мұндай олжаны Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) өзі жөн деп тапқан орынға жұмсайтын болған. Кәпірлердің мұсылмандардан қорқып, тас­тап кеткен байлықтары да «фай» деп есептеледі.

        Фай ІІ  – күн дәл төбеге келген кезде болатын көлеңке. Бұл көлеңке бесін, екінді намаздарының уақытын есептегенде, есепке алынбайды.

        Фай ІІІ  – ер адамның белігілі бір мерзім ішінде әйелімен төсек қатынасына түспеймін деп ант беруінен қайтуы.

        Фақиһ  – шариғат үкімдерін дәлелдерімен білетін, онда қаралып отырған мәселелерді терең түсінетін ғалым. Ол фиқһ ілімін жетік меңгерген, дәлелдер негізінде күнделікті кездесетін мәселелерге шарғи үкім бере алатын өте үлкен ғалым.

        Фарағ – араб мүшріктерінің пұттарға арнап құрбандыққа шалатын малдың алғашқы төлі.

        Фард  – парыз.

        Фард  – мирас ілімінде Құран, сүннет немесе ижмағ арқылы белгіленіп қойылған мирастың бөлігі. Ол «саһм» немесе «насиб» деп те аталады.

        Фарсах  – 5760 метрге тең қашықтық өлшемі.

        Фаруқ – ақ пен қараны, шындық пен жалғанды ажыратушы. Бұл Омар ибн әл-Хаттабқа берілген лақап ат.

        Фатх  – жеңіс. Бұл термин көп жағдайда һижраның 8 жылы Мекке қаласының мұсылмандардың қолына өткен күнге қолданылады.

        Фәжр  – таң. Таңның атуымен таң намазының уақыты кіреді. Таң намазы «фәжр намазы» деп те аталады.

        Фәжр кәзиб  – жалған таң ату. Фәжр кәзиб кезінде күн сәулесі түн жамылып, көкжиектен тік, жоғары қарай бір сызық ретінде көрінеді де, біраз уақыттан кейін қайта ғайып болады. Бұл уақыт түн мезгілі деп есептеледі. Сондықтан бұл уақытта түнгі намазды оқуға, сәресі ішуге болады, ал таң намазын оқуға болмайды.

        Фәжр садиқ  – шын таң ату. Фәжр садиқ кезінде күн сәулесі көкжиектен тік, ұзын сызық емес, жалпағынан горизонталь бағытта көрінеді. Бұл – таңның атқандығының белгісі. Бұл уақытта сәресі ішуге болмайды, түнгі намаз оқыл­майды және таң намазының уақыты кірді деп есептеледі.

        Фәрд  – жалғыз, біреу, дара, жалқы. Көптеген ғалымдар ғариб хадисті «фәрд хадис» деп атайды. Қара: ғариб.

        Фәрд мутлақ  – шексіз жалғыздық. Қара: ғариб мутлақ.

        Фәтана (фәтәнат) – зеректік, алғырлық, ақыл, пайым, парасат. Фәтанат – пайғамбарларға тән ерекше ақылдылық һәм зеректік. Пайғамбарлардың мұндай ерекше қабілетке ие болулары олардың Жаратушыдан жеткізген діни заңдылықтарды үмбеттеріне таратып, түсіндіруге аса қажет қабілет екендігімен байланысты.

        Фидя І  – ораза ұстауға шамасы келмейтін қариялар мен созылмалы ауруы бар науқастардың тұтпаған оразаларының өтемі ретінде берілетін садақа. Оның көлемі ораза тұтпаған әр күн үшін бір кедейді екі мезгіл тойдыра тамақтандыру не пітір садақасына тең садақа беру. Ал пітір садақасының көлемі жарты сағ (екі килограмм) бидай немесе оның ұны. Болмаса, екі килограммның құнын ақшалай зекеттен үлесі барларға беру. Егер фидя беруге шамасы келмесе, оның мойнынан фидя беру міндеті түседі.

        Фидя ІІ  – құн. Бұл сөз көбіне соғыста қолға түскен тұтқындарды босатып алу үшін төленетін құнға қолданылады.

        Фиқһ  – шариғат негіздері мен үкімдерін және мұсыл­мандар құқығын зерттейтін ғылым. «Фиқһ» сөзі араб тілінде «түсіну», «терең ұғыну» деген мағыналарды береді.

        Фиқһтанушы – фиқһ ілімінің маманы.

        Фирдаус  – жаннаттың орта тұсындағы, яғни ең жақсы жеріндегі бәрінен жоғары орын. Фирдаус жаннаты – жаннаттың төрі.

        Фитна  – бүлік, ылаң, сынға түсу, азғыру, адамдар арасындағы татулықты бұзу үшін жасалған іріткі. Қара: іріткі.

        Фитра  – тума сезім. Адамның бойында әу бастан бар, Алланың бар екендігін сездіріп тұратын ішкі сезім. «Фитра» сөзі араб тілінде әу бастағы табиғи жаратылысты, әсіл болмыс­ты білдіреді.

        Фурқан – ажыратушы, айырушы, бөлуші. Құран Кәрім кітабының бір атауы. Өйткені ол жақсылық пен жамандықты, ақ пен қараны, шындық пен жалғанды ажырататын кітап. Алла тағала: «Әлемдерге ескертуші болуы үшін құлына Фурқанды түсірген (Алла) өте берекелі», – деген [«Фурқан» сүресі, 1-аят].