Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан

        Ислами терминдер

        Ғазауат (ғазуа)  – соғыс, ғазауат. Сира кітаптарында, көбінесе, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өзі қатысқан жорықтар «ғазауат» деп аталады.

        Ғайбат  – қасында жоқ адамды ол жақтырмайтын сөздермен еске алу. Яғни біреудің сыртынан өсек тарату, жалған сөйлеу. Шариғатта ғайбат айтуға қатаң тыйым салынған.

        Ғайып  – көмескі, жасырын, көзбен көру мүмкін емес жаратылыстар. Шариғатта Алла тағалаға ғана аян және Өзі қалаған құлына ол туралы білдіртетін, басқалардан жасырын, көмескі жаратылыстар «ғайып» деп аталады.

        Ғалуф  – жылдың көп мезгілінде қолдан қорек­тендірілетін мал. Яғни малдың иесі жылдың көп уағында малды қорада ұстап, оған арнайы шөп егіп немесе сатып алып, бағатын мал. Бұл термин зекет кітабында қолданылады.

        Ғанам  – ұсақ, уақ мал. Араб тілінде ұсақ мал «ғанам» деп аталады. Ол қой мен ешкіні қамтиды. Фиқһ ғылымының зекет тарауында қолданылатын термин.

        Ғариб  – бөтен, ала бөтен, жат, таныс емес. Хадис ілімінде «ғариб» деп сәнәдтің бір немесе бірнеше сатыларында тек бір ғана рауи риуаят еткен хадисті айтады. Ғариб хадистің сәнәдінде келгендей мәтінінде де келуі мүмкін. Ғариб мутлақ (шексіз) және нисби (қатысты) болып екіге бөлінеді.

        1. Ғариб мутлақ  – шексіз (мутлақ) ғариб. Кейде оны  фәрд мутлақ деп те атайды. Ол хадис сәнәдінің негізгі сатысында болған жалғыздық, жаттылық. Ол сахабалардың сатысы. Бір сахабадан бір ғана тәбиғин риуаят еткен хадис. Басқаша айтқанда,  егер хадис сәнәдінің түпкі, негізгі сатысында бір ғана рауи болса, оны «мутлақ ғариб» хадис деп атаймыз. Яғни жалғыз ғана сахаба риуаят еткен хадис. Мысалы: Омардың жалғыз өзі риуаят еткен «Амал ниетке қарай...» деген хадис.

        2. Ғариб нисби  – қатысты (нисби) ғариб. Егер жалғыздық, жаттылық (ала бөтендік) хадистің сәнәдінің алғашқы, негізгі (түп) сатысынан басқа сатыларында кездесетін болса, ол хадис «ғариб нисби» деп аталады. Басқаша айтқанда, хадистің сәнәдінің алғашқы сатыларында бірнеше рауи болып, кейінгі сатыда бір ғана рауи болса, ол хадисті «ғариб нисби» деп атаймыз. Яғни бірнеше адамнан бір ғана адам риуаят еткен хадис. Мысалы: Мәлик әз-Зуһриден, ол Ибн Әнәстән риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с) Меккеге кірген кезде басында  (муғаффар) дулығасы болған екен. Бұл хадисті әз-Зуһриден тек қана Мәлик риуаят еткен. Қара: фәрд және афрад .

        Ғариб әл-хадис  – хадис ілімінің бір саласы. Бұл салада хадистің мәтінінде аз қолданылатын және мағынасы көмескі сөздер зерттеледі.

        Ғассандықтар  – Византияның қарамағындағы Ефраттан Ақаб бұғазына дейінгі аймаққа билік жүргізген араб әмірлері.

        Ғафу ету – кешіру, кешірім жасау.

        Ғибадат  – құлшылық. Алла тағала жақсы көретін барлық сөздер мен жасырын және жария істер.

        Ғибадат кітабы  – Дәрет, намаз, ораза, зекет және қажылық тарауларын зерттейтін фиқһ ғылымының саласы «ғибадат кітабы» немесе «фиқһ әл-ғибадат» деп аталады.

        Ғибрат  – сабақ, өнеге.

        Ғибта  – қызғаныш, біреудің қолындағы нығметтің кетуін армандамай, ондағы нығметтің өзінде де болуын қалау. Шариғатта ғибта жасауға тыйым салынбаған.

        Әл-Ғуруат әл-усқа (ең берік тұтқа) – Ислам дінінің теңеуі.

        Ғұзза  – араб мүшріктері сиынған әйел пұттың аты.

        Ғұмра  – адам біреуге бір нәрсені өмір бойы пай­далануға беретін сыйлықтың түрі, егер бір затты ғұмра ретінде алған адам өлсе, онда берген адамның талап етуі бойынша, ол иесіне қайтарылады.

        Ғұсыл  – ғұсыл алу, шомылу, жуыну. Шариғатта: ғұсыл – жүніптіктен, хайыздан, нифастан кейін және басқа да жағдайларда ауызды, мұрынды және бүкіл денені жуу.