Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан

        Ислами терминдер

        З

        Забур  – Алла тағаланың Дәуіт пайғамбарға түсірген кітабы.

        Заққум (заққұм)  – тозақтағы күнәкарлар азық ететін жемісі удай ащы ағаш.

        Замана – Ислам құқығындағы кепілдік түрі; қарыз алушы қарыз берушіге қарызын уақытылы қайтара алмаған жағдайда қарыздар кісінің жауапкершілігін басқа біреудің өз мойнына алып, төлеуге міндеттенуі.

        Заманақыр – ақырзаман.

        Заһири  – Құран мен хадистерде келген мағыналар­дың астарына, ауыспалы мағыналарына мән бермей, тікелей мәтіннің сыртқы мағынасына сүйеніп үкім шығаратын ағым.

        Зәбір – жапа, қорлық, азап.

        Зәм сүресі – намазда «Фатиха» сүресінен кейін оқылатын кез келген сүре. Зәм қазақ тіліне араб тіліндегі «дамма» (қосу) деген сөзінен дыбыстық өзгеріске еніп кірген сөзі.

        Зәмзәм  – Исламның негізгі мешіті Мәсжид әл-Харамның аймағында Қағбаға тақау жердегі қасиетті бұлақ.

        Зәннәм – жаһаннам, тозақ, о дүние.

        Зәту Ирқ  – Ирак тұрғындары үшін ихрамға кіретін жер, миқат. Қара: миқат.

        Зәтун-Нитақайн  – Әбу Бәкірдің қызы Әсмәнің (Алла әкесі екеуіне разы болсын) лақап аты. Бұл теңеу «қос белбеудің иесі» деген мағынаны білдіреді. Себебі ол Пайғамбар (с.ғ.с) мен Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) Мәдинаға қоныс аударар кезде белбеуінің бір бөлігін жыртып алып, оларға арнап жол азық салынған қапшықтың аузын байлаған.

        Зекет  – зекет. «Зекет» сөзі араб тілінде «өсу», «көбею», «тазалану» және «мақтау» деген мағыналарды береді. Ислам шариғатында зекет – жылына бір рет байлығы нисапқа толғандардың Құранда аты аталған адамдарға беретін байлығының белгілі мөлшері. Ал фиқһ ғылымында зекет деп – Алла ризалығы үшін белгілі байлықтың белгілі мөлшерін белгілі адамдарға иелендіруді атайды. Зекет – Ислам діні тіректерінің бірі. Зекет – өзінің негізгі қажетінен артық, нисапқа толған байлығы бар және қарызы жоқ балиғат жасына толған, ақыл-есі бүтін әрбір мұсылманға парыз. Зекет ақшадан, алтын-күмістен, тауардан, бидай, арпа, құрма және т.б. дәнді дақылдар мен төрт түлік малдан беріледі. Құранда зекеттен алынған дүние-мүлік кедей-кепшіктерге, міскін-бейшараларға, зекет жинаушыларға, Исламға көңілі бұрылушыларға (оларды Исламға тарту немесе имандарын орнықтыру үшін), құлдарды азат етуге, алған қарызын өтеуге мүмкіндігі жоқ адамдарға, Алла жолындағыларға және қаржысы таусылған жолаушыларға берілуі тиіс екені айтылған («Тәуба» сүресінің, 60-аятын қараңыз).

        Зикр (Зікір) – Құран Кәрім кітабының бір аты. «Зикр» сөзі араб тілінде «еске алу», «үгіт» және «құрмет» (шараф)  деген мағыналарды береді.  Алла тағала: «Расында, Зікірді Біз түсірдік және оны Біз қорғаймыз», – деген [«Хижр» сүресі, 9-аят].

        Зиммә  – мұсылмандардың яһуди мен христиан діні өкілдерін қол астыларында ұстап, олардан жизя алып тұруы. «Зиммә» сөзі араб тілінде «қамқорына алу», «қарамағына алу», «мойнына алу» деген мағыналарды береді.

        Зиммәдағылар – мұсылмандардың қол астында жизя төлеп тұратын яһуди және христиан дініндегілер осылай аталады.

        Зимми  – мұсылман мемлекетінде тұратын христиан немесе яһуди. Шариғат заңы бойынша, олар мұсылмандарға байлықтарының зекетін бермейді. Бірақ салық ретінде жизя төлейді.

        Зина  – ер-әйелдің шариғат заңына сай үйленбестен, ты­йым салған жолмен жыныстық қатынас жасауы, ойнастық.

        Зинақор – зина жасаған адам.

        Зиһар  – талақ берудің бір түрі. Арабтарда әйеліне өзі өмір бойы үйленуіне болмайтын анасы, қызы, әпкесі секілді әйелдің бір мүшесіне теңеу талақпен бірдей болған.

        Зиһар кәффараты  – әйелін өзі өмір бойы үйленуіне болмайтын анасы, қызы, әпкесі секілді әйелдің бір мүшесіне теңеу, салыстыру арқылы талақ жасаған ер адамның төлейтін өтемі. Мысалы, әйеліне «Сен маған анамның арқасындайсың» деп айту. Ал кімде-кім осы зиһарды қолданған болса, оның кәффаратын өтемейінше, әйеліне жақындасуына болмайды. Оның кәффараты мына тәртіппен өтеледі: Бір құлды азат етеді. Егер азат етуге құл не күң таба алмаса, екі ай арасын үзбей ораза ұстайды. Егер екі ай ораза ұстауға шамасы келмесе, денсаулығы шыдамаса, алпыс кедейді шамамен өзі тамақтанып жүрген тамақпен тамақтандырады.

        Зиядату әс-сиқа  – сенімдінің қосымшасы. Яғни бір хадисті бірнеше сенімді (сиқа) адамдар риуаят етеді. Сол сенімді рауилердің арасынан біреуі барлығы риуаят еткен хадиске артық сөздер қоса риуаят етеді. Осы сенімді рауидің риуаят еткен хадисі қосымшасымен бірге қабыл етіледі. Тек оның қосымшасы өзінен басқа сенімдірек рауидің риуаятындағы хадиске қайшы мағынада болмауы қажет. Егер сенімді рауидің риуаятындағы қосымша басқа сенімді рауидің риуаятына қайшы мағынада болмаса, ол хадис еш кедергісіз қабыл етіледі және онымен амал жасалады. Өйткені ол хадис жеке хадис ретінде қабыл етіледі. Мысалы: Имам Муслим Әбу Мәлик әл-Әшжағиден жеткізген хадисте Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Маған жер мешіт етілді және оның топырағы таза етілді», – деген. Осы хадистегі «топырағы» деген сөзді тек қана Әбу Мәлик әл-Әшжағи риуаят еткен. Қалған рауилердің барлығы: «Маған жер беті мешіт және таза етілді» деп риуаят еткен. Осы екі риуаяттың арасында қарама-қарсы мағына жоқ. Сондықтан Әбу Маликтің риуаяты қабыл етіледі және онымен амал жасалады. Егер сенімді рауидің риуаятындағы қосымша басқа сенімді рауидің риуаятына қарсы мағынада болса және екі риуаяттың бірін қабыл еткен жағдайда екінші риуаятты тастау керек болса, онда осы екі риуаяттың арасында таржих (таңдау жасау) жасау қажет болады. Сөйтіп екі риуаяттың бірі қабыл етіліп, ол «ражих» (таңдаулы) деп аталады, ал екінші риуаят қабыл етілмей «маржух» (қабыл етілмеген, таңдалмаған) деп аталады.

        Зороастризм – Ислам дініне дейін парсы халқы ұстанған, отқа табынатын дін.

        Зул-қағда  – ай күнтізбесі бойынша он бірінші айдың аты. Ол қажылық айларына жатады.

        Зул-халаса  – Йемендегі хасғам мен бәжилә тайпаларының ішіне ғибадат етілетін пұттар қойылған, өздерінше «Қағба» деп атаған үй немесе ғибадатхана.

        Зул-хижжа  – ай күнтізбесі бойынша он екінші ай. Ол қажылық айларына жатады.

        Зул-хуләйфа  – Мәдина қаласы арқылы қажы­лыққа немесе умраға келетіндердің ихрамға кіретін жері, бес миқаттың бірі. Ол Мәдинаның оңтүстік-батысында 10 шақырым жерде орналасқан. Қара: миқат.

        Зун-нурайн  – екі нұрдың иесі. Бұл Осман ибн Аффанның сипаты. Себебі ол Мұхаммед пайғамбардың екі қызына үйленген. Алдымен Руқаяға үйлеген. Ол қайтыс болғаннан кейін Умму Кулсумге үйленген.

        Зуһд  – дүниеге қызықпау. Шариғат тыйым салған харам, күмәнді істерден және адамдардың қолындағы байлыққа қызығудан аулақ болу  «зуһд» деп аталады. Ислам дініндегі «зуһд» ұғымын аскетизммен шатастыруға болмайды. Себебі Ислам діні адал жолмен келген байлықты, тыйым салынбаған дүниені пайдалануға, қызықтауға тыйым салмайды.

        Зұлмат – қараңғылық.

        Зұлымдық  – әділетсіздік, қиянат. Бұл ұғым пенденің күнәлар жасау арқылы өз басына қиянат жасауын, Аллаға серік қосуын, басқа адамдардың өміріне, дүние-мүлкі мен ар-намысына қол сұғуын қамтиды.

        Зікір  –  еске алу. Алланы зікір ету – Алла тағаланы еске алу. Ол пендені Раббысына жақын ететін амалдардың бәрін, мәселен, Алланы Өзіне лайық мадақтармен еске алуды, намаз, зекет және басқа да парыз етілген амалдарды орындауды, Алла ризалығы үшін діни және дүнияуи білім алуды, жақсы мінез-құлықты болуды, харам істерден тыйылуды қамтиды. Ислам дініндегі «зікір» ұғымын транс және медетациямен шатастыруға болмайды. Себебі зікір салу адамды есінен айырмайды.

        Зілзала  – жер сілкінісі, зілзала. Ислам дінінде зілзаланы Алла тағалаға асылық жасаған қауымға жіберетін жазаларының бірі ретінде түсіндіреді.