Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан

        Ислами терминдер

        С

        Сабиқ және ләхиқ  – алдағы және арттағы (озушы және ілесуші). Хадис ілімінде егер бірі ерте қайтыс болған, ал екіншісі кеш қайтыс болған екі рауи бір ұстаздан хадис ри­уаят етсе, оларды «сәбиқ» және «ләхиқ» деп атайды. Сәбиқ ерте қайтыс болған рауи, ләхиқ кеш қайтыс болған рауи. Мысалы: Мәликтен әз-Зуһри (һижраның 124 ж. қайтыс болған) және Ахмад ибн Исмағил (һижраның 259 ж. қайтыс болған) ри­уаят еткен. Екеуінің қайтыс болған жылдарының арасы 135 жыл. Әз-Зуһриді «сәбиқ», Ахмадты «ләхиқ» деп атайды.

        Сабхалә  – «CубханАлла» деп айту.

        Сабыр  – төзімділік, шыдамдылық. Ислам дінінде ең жақсы қасиеттердің бірі сабырлық болып табылады.

        Сабыр айы  – ораза айы. Бұл айда ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан бас тартып сабыр сақтайтындықтан «сабыр айы» деп те аталады.

        Сағ  – өлшем бірлік. Ол төрт муддіге немесе 4,212 литр­ге тең. Сағ орта ғасырдағы арабтар қолданған су және басқа да сусындар мен астықтар сақталатын ыдыстың аты. Мұсылман­дар зекет, садақа бергенде оның көлемін осы ыдыспен есептейтін болған.

        Сағат  – Қиямет күні атауларының бірі.

        Сағи  – умра мен қажылықтың міндетті жоралғыла­рының бірі болып табылатын Қағбаға жақын орналасқан екі төбенің, Сафа мен Маруаның арасында жүгіру.

        Сағира  – кіші күнәлар.

        Садақ  – қалың мал. Қара: мәһр.

        Садақа  – Алла ризалығы үшін кедейлерге, мұқ­таждарға ақшалай не заттай берілетін көмек.

        Салауат  – намаздың соңғы ракағатында «әт-та­хият» дұғасын оқып болғаннан кейін Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) арнап оқылатын дұға.

        Салауат айту – Алла тағаладан Пайғамбарымызды (с.ғ.с) періштелер арасында мақтауын сұрау.

        Саләһ  – намаз. «Саләһ» сөзі араб тілінде «дұға» және «тілек» деген мағыналарда қолданылады. Қара: намаз.

        Әс-Саләһ әл-мактубә  – парыз намаздар.

        Салих  – жарамды. Салих – сахих және хасан хадистердің іске жарамдылығын ескере отырып екеуіне бірдей қолданылатын термин. Кейде көңіл бөлінетін хасан хадис пен дағиф хадистің арасындағы дәрежеде тұратын дағиф немесе хасан ли ғайриһи хадис те «салих» деп аталады. Яғни хасан хадистен дәрежесі төмендеу амал етуге жарамды хадистің дәрежесі.

        Самуд  – Салих пайғамбардың қауымы.

        Сарп ету – жұмсау.

        Сауаиб  – Исламға дейінгі араб мүшріктерінің пұттарға арнап, олар бір істе жәрдемдескен жағдайда еркіндікке босатып жіберуге нәзір еткен түйелері.

        Сауап  – марапат, сыйлық.

        Саум  – ораза. Ораза араб тілінде «саум» немесе «сиям» деп аталады. Ораза – таң атқаннан күн батқанға дейін тамақ ішіп-жеуден және әйелмен жыныстық қатынаста болудан ты­йылу.

        Сафа  – Қажылық кезінде үстіне шығып дұға ететін төбе. Ол Қағбаға жақын орналасқан. Сафа мен Маруа төбелерінің арасында жүру рәсімі сағи деп аталады. Сағи жасау Сафа төбесінен басталады. Қара: сағи, Маруа.

        Сафар  – айлық күнтізбесіндегі 2-айдың аты.

        Сах  – ескі қолжазбаларда түп нұсқадағы тіркестен түсіп қалған сөздің орнын көрсету үшін сілтемеде жазылатын сөз. «Сах» сөзін түсіп қалған тіркес немесе сөз біткеннен кейін жазады. Ескерту: көне қолжазба кітаптарында сілтеме қатардың үстіне немесе жанына жазылатын болған. Сол сияқты «сах» сөзін тіркестің мағынасы және риуаяты дұрыс екендігін, қолжазбаны тексерген және жазған адамның тексеруінен өтті деген мағына береді. Қара: тадбиб .

        Сахаба  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) көзін көріп, ол (с.ғ.с) тірі кезінде Ислам дінін қабылдаған және сол сенімде дүниеден өткен мұсылман адам. Яғни сахабалар – Пайғамбардың (с.ғ.с) жанында жүрген серіктері, ізбасарлары. Хадис ілімінде сахабалардың басқа рауилерден ең басты айырмашылығы: олардың әділдігі сенімділігі туралы сұралмайды. Хадис іліміндегі жарх және тағдил (ақтау және сынау) тарауында сахабалардың барлығы әділ және сенімді деп есептеледі. Яғни хадистің сәнәдінде келген сахабаны «ол әділ болған ба, яки сенімді ме?» деп қарастырмайды. Өйткені  Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өзі олардың барлығын әділ және сенімді деп сипаттап кеткен. Ер кісілерден ең бірінші Ислам дінін қабылдаған Әбу Бәкір, әйел адамдардан Хадижа (Пайғамбардың жұбайы), жас балалардан Али, құлдардан Биләл, құлдықтан азат етіліп бостандыққа шыққандардан Зәйд болған. Ең соңғы қайтыс болған сахаба Әбу әт-Туфайл Амир ибн Уәсилә һижраның жүзінші жылы қайтыс болған (кей дереккөздерінде жүз оныншы жылы қайтыс болған делінеді). Ең көп хадис риуаят еткен Әбу Һурайра.

        Сахих  – дұрыс, рас. Ол «кемшіліктер мен айып-нұқсандардан аман» деген мағынаны білдіретін араб тіліндегі сөз. Бұл сөз термин ретінде Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) келіп жеткен сахих хадистерге және мухаддистердің сахих санаған хадистер жинағына қолданылады.

        Сахих хадис  – иснад-тізбегі басынан аяғына дейін үзілмеген, әділ, сенімді әрі есте сақтау қабілеті мықты рауидің өзі сияқты әділ, сенімді және есте сақтау қабілеті жоғары рауиден жеткізген, хадистің дұрыстығын жоятын қайшылығы және жасырын кемшілік-кінәраты болмаған хадис. Басқаша айтқанда, Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) бізге дұрыс жолмен, қатесіз жеткен, сенімді, шариғат үкімдеріне дәлел болатын хадис. Сахих хадистің дәрежелері:

        1) Сахих хадистің ең жоғарғы дәрежесі әл-Бұхари мен Муслим риуаят еткен хадис. Оны «муттафақун алаиһи» деп те атайды.

        2) Әл-Бұхаридің жалғыз өзі риуаят еткен хадисі.

        3) Муслимнің жалғыз өзі риуаят еткен хадисі.

        4) Әл-Бұхари мен Муслимнің шартына сай, бірақ ол екеуі риуаят етпеген хадис.

        5) Әл-Бұхаридің шартына сай хадис.

        6) Муслимнің шартына сай хадис.

        7) Әл-Бұхари мен Муслимнен басқа имамдар риуаят еткен сахих хадистер.

        Сахих лиғайриһи  – өзгемен сахих хадис. Сахих лизәтиһиде бар шарттардан қарағанда шарттары әлсіздеу хадис. Хадисті риуаят еткен жолдардың көп болуынан күш алып сахих дәрежесіне көтерілген хадис. Басқаша айтқанда, хасан лизәтиһидің (өздігінен хасан) жолдары көбейіп, бірін-бірі күшейтетін болса, сахих лиғайриһи дәрежесіне көтеріледі. Хадистің бұл түрі сахих хадистен төмен, хасан хадистен жоғары дәрежеде тұрады.

        Сахих лизәтиһи  – өздігінен сахих хадис. Сахих хадис шарттарының барлығы бір риуаяттың бойынан табылса, ол хадис «сахих лизәтиһи» деп аталады.

        Сахих хадистің шарттары . Хадис сахих болу үшін мынандай бес шартты қамту керек:

        1) Хадистің сәнәді (тізбегі) жалғаспалы болуы қажет, яғни үзілмеу керек.

        2) Сәнәдтағы рауилердің барлығы әділ, сенімді болуы қажет.

        3) Рауилердің есте сақтау қабілеті өте жоғары болуы тиіс.

        4) Шәз (өзінен күшті басқа сахих хадистерге қарама-қайшы мағынада) болмауы керек.

        5) Хадисті әлсіз ететін жасырын себеп не кемшілік болмау керек. Осы аталған сипаттары бар сахих хадиске қатысты мына мәліметтерді білу керек:

        1) Бұл хадис Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) телінеді. Яғни бұл хадисті Алла елшісінің (с.ғ.с) сөзі немесе ісі деп білу.

        2) Осы хадис мансух, яғни үкімі жойылмаған жағдайда онымен амал жасау уәжіп. Ең алғашқы тек қана сахих хадистерді Имам әл-Бұхари одан кейін Имам Муслим жинаған.

        Әс-Сәбғ әл-мәсәни (әс-сәбғул-мәсәни)  – екі рет түскен жеті аят. «Фатиха» сүресі атауларының бірі. Сүре Құран нұсқаларында Меккеде түскен деп көрсетілгенімен, тәпсір кітаптары мен хадистерде Мәдинада түскен деп айтылады. Сондықтан да, ол осылай аталған.

        Әс-Сағир  – тозақтың бір аты.

        Сәжде  – намаз оқыған кезде, маңдайды, мұрынды, екі қолды, екі тізені және екі аяқтың басын жерге тигізе еңкею. «Сәжде» сөзі араб тілінде мойынсыну, бағыну, маңдайын жерге тигізу деген мағыналарды қамтиды.

        Сәжде аяты  – оқығанда не естігенде тіләуат сәжде­сі уәжіп саналатын Құран аяттары. Құран Кәрімнің он төрт жерінде сәжде аяты бар. Қара: тиләуәт сәждесі.

        Сәйиб  – бұрын үйленген адам. Бұл термин зина жасаған адамға үкім шығаратын кезде ер кісі мен әйел адамға бірдей қолданылады.

        Сә-имә  – жылдың көп мезгілінде өз тұяғымен қорегін тауып жейтін мал. Яғни өріске шығып, уақыттың көп мезгілінде жайылымда жүретін мал.

        Сәйфуллаһ (Сейфуллаһ) – Алланың қылышы. Көреген қолбасшылығымен даңқы шыққан сахаба Халид ибн Уәлидтің (Алла оған разы болсын) лақап аты. Оған бұл атты Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өзі берген.

        Сәкинә  – тыныштық, жүрек тыныштығы, жан рақаты.

        Сәқаләни  – адамзат пен жын. Алла тағаланың сансыз жаратқан жаратылыстарының арасында адамзат пен жынға қалау еркіндігі берілген және осы екеуі істеген істеріне Қиямет күні жауап беретін болады. Сондықтан оларды «сәқаләни» (екі ауырлық немесе екі салмақ) деп атайды.

        Сәләм  – тауардың құнын алдын ала төлеу арқылы жасалатын сауда-саттық түрі.

        Сәләф  – Исламның алғашқы үш буын өкілдері. Олар: сахабалар, табиғиндер және табиғиндердің шәкірттері. «Сәләф» сөзі араб тілінде «бұрынғы», «алдынғы өткен» деген мағыналарды береді. Қара: халәф.

        Сәлде – ер кісілердің бас киімі, ол басқа оралатын матадан тұрады, шалма.

        Сәлем  – амандық, есендік.

        Сәлем беру  – амандасу. Намаз оқыған адам намазын алдымен оңға, содан кейін солға сәлем беру арқылы аяқтайды. Намаз оқушы бұл кезде басын оңға және солға бұрып «Әс-сәләму аләйкум уә рахмәтуллаһ» деп сәлем береді.

        Сәлем тауабы – Қағбаға алғаш келгенде бірінші жасалатын тауап. Қара: тауаф әл-қудум.

        Сәм  – өлім.

        Сәмәуи діндер  – көктен түсірілген діндер. Алла тағала пайғамбарлар жіберіп, белгілі бір шариғат негізінде құрылған діндер. Оған Ислам, христиан және иудаизм діндері жатады. Бұл діндер іштей екіге бөлінеді:

        А) Ислам;

        Ә) Христиан және яһуди. Христиандар мен яһудилер «кітаб иелері» деп те аталады.

        Сәмуд  – Салих пайғамбар жіберілген қауым. Бұл халықтан иман келтірмегендердің бәрін Алла тағала жойып жіберген.

        Сәнә, дәсәнә   –  – бұл екі сөз хадисті сәнәдімен риуаят еткен кезде қолданылатын  (хәдәсәнә), яғни «бізге айтты» сөзінің қысқартылған түрі. Кей жерлерде  (сә) әрпі түсіп қалып,  (нә) түрінде қолданылуы да мүмкін.

         «Сәнә» дұғасы  – намазда «Фатиха» сүресінің алдында оқылатын сүннет дұға. «Сәнә» сөзі араб тілінде «мақтау», «мадақтау» деген мағыналарды береді.

        Сәнәд  – хадисті өзінен кейінгілерге жеткізген рауи­лердің тізбегі, шежіресі, мәтінге жететін жол. Яғни хадистің Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) бастап мухаддис ғалымдарға де­йінгі тізбегі немесе шежіресі. «Сәнәд» және «иснад» терминдері кейде бір мағынада қолданыла береді. Екеуі де хадистің мәтінге жеткізетін жолдары. Ал хадистің жолы дегеніміз хадисті риуаят еткен адамдардың, яғни рауилердің есімдері мен олардың арасын жалғастырып тұратын сөздер.

        Сәни, дәсәни  –  – бұл екі сөз хадисті сәнәдімен риуаят еткен кезде қолданылатын  (хәдәсәни), яғни «маған айтты» сөзінің қысқартылған түрі.

        Сәһм  – үлес. Мирас ілімінде қолданылатын термин. Қайтыс болған адамның мұрасына ие болатындардың үлесі. Қара: фард.

        Сәһу  –жаңылысу, шатасу, бір істі аңғармай жасау.

        Сәһу сәждесі  – намаз уәжібтерінің бірін қателесіп не ұмытып тастап кеткенде, намаздың бір амалы артық орындалғанда және оқыған ракағат санынан жаңылыс­қан жағдайда намаз соңында жасалатын екі сәжде.

        Сәресі  – ораза ұстауды ниет еткен адамның таң атпай тұрып ішетін тамағы. Ол араб тілінде «сухур» деп аталады.

        Сәресі  уақыты (сухур) – таң алдындағы уақыт. Мұсыл­ман­дар рамазан айында ауыз бекітерден бұрын осы уақытта тамақтанады.

        Сәрия  – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) соғысқа әскер жасақтап, бірақ өзі араласпай сахабаларды жіберген жорықтар. Сонымен қатар кез келген бестен үш жүзге дейінгі жасақ та «сәрия» деп аталады. «Сәрия» сөзі араб тілінде «түнгі жорық» деген мағынаны береді. Мұндай жорықтар көп жағдайда түнде орын алатындықтан ол «сәрия» деп аталып кеткен. Ал күндіз шығатын жорықтар «сәрия» () деп аталады. Бұл екі сөздің араб тіліндегі жазылуында айырмашылық бар. Соңғы сөзде «сә» әрпінен кейін созылыңқы «әлиф» әрпі бар.

        Себеп  – себеп. Усул әл-фиқһ (Фиқһ негіздері) ғылымында оның болуынан екінші нәрсенің болуы және оның болмауынан екінші нәрсенің болмауы тиіс нәрсе «себеп» деп аталады. Мысалы, таңның атуы таң намазының парыз болуының себебі. Яғни таң атқанға дейін таң намазын оқу парыз емес, ал таң атқаннан кейін оны оқу парыз болады.

        Серік қосу (ширк)  – Алла тағаладан өзге құлшылық етуге лайықты құдай бар деп есептеу. Онымен қатар бір нәрсеге табыну, сыйыну. Қара: ширк.

        Сиқыр  – шариғат тыйым салған және үлкен күнә деп есептелетін, адамдарға зиян тигізетін, оларды естерінен айрылтатын, жын-шайтандардың көмегіне сүйенетін амал.

         Симағ  – есту. Хадис ілімінде ұстазының сөзін есту. Ұстазы жатқа айтқан немесе кітаптан оқып берген риуаятты шәкіртінің естуі. Шәкірт немесе хадисті естіген адам естіген риуаятын жазса да, жазбаса да болады. Бұл жерде шәкірттің ұстаздың өз аузынан естігендігі маңызды. Сондықтан «есту» сәнәттің арасын жалғастыратын ең күшті сөз болып есептеледі.

        Симсар  – делдал.

        Сира  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өмірбаяны. «Сира» сөзі араб тілінде «жол», «өмірбаян» деген мағыналарды береді. Сира – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өмірбаянын зерттейтін ғылым.

        Сират көпір (қыл көпір)  – Қиямет күні тозақтың үстінде құрылатын қылдан жіңішке, қылыштан өткір, жабысқақ ілмек тікенектері бар, тайғанақ көпір. Ол көпірден мүмін-мұсылмандар аман өтеді, ал кәпірлер өте алмай тозаққа құлайды. «Сират» сөзі араб тілінде «көпір», «өткел», «жол» деген мағыналарды береді.

        Сиуак  – ауыз тазалау. Ислам дінінде әрдайым ауызды тазалап тұру сүннет амал болып табылады. Сиуак ретінде пайдаланатын құрал «мисуак» деп аталады. Ауыз тазалауға арналған ең пайдалы зат Арабия түбегінде өсетін арак деген бұтаның тамыры. Қара: мисуак.

        Сиям  – ораза. Қара: ораза, саум.

        Соңғы қуғуд (соңғы отырыс)  – намаз соңындағы отырыс. Намаздың ең соңында «ташаһһуд» дұғасын оқитындай уақыт отыру намаздың парызына жатады.

        Сопы   – сопылық бағытты ұстанаты адам. Қара: суфи.

        Сопылық – Алланы зікір етуді және тәркідүниелікті басшылыққа алатын діни ағым. Кейбір ғалымдар «ихсан», «зуһд» және «уарғ» сопылықтың негізгі үш тірегі деп есептеген.  Қара: тасаууф.

        СубханАлла  – Алла барлық кемшілік атаулыдан пәк. Бұл тіркес кейде одағай сөз ретінде таңырқауды білдіреді.

        Сулх  – татуластық, ымыра, араздасқан не жауласқан екі тараптың бітімгершілікке келуі.

        Сунән (сунан)  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хадистерін фиқһ ілімінің тақырыптарына сай жинақтаған хадис кітабы. Яғни бұл кітаптарда тек қана фиқһ (шариғат) іліміне қатысты хадистер жинақталады. Мысалы: «Әбу Даудтың сунаны». Ал жауамиғ (жамиғ) кітаптарда ақида, мінез-құлық, пайғамбардың өмірбаяны және басқада дін салаларын қамтыған барлық хадис­тер жинақталады.

        Сунна  – сүннет, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) жолы. «Сунна» (сүннет) сөзі араб тілінде «салт-дәстүр», «әдет-ғұрып», «үлгі-өнеге» деген мағыналарда қолданылады. «Сунна» (сүннет) термині діни еңбектерде бірнеше мағынада қолданылады.

        1) Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өнегелері. Расында да, оның нұсқаулары мен өнегелері мұсылмандардың күнделікті өмір салтына, әдет-ғұрыпқа айналып, «сүннет» деген ұғым аясында қарастырылды.

        2) Хадис ілімінде сүннет – Алла елшісінің (с.ғ.с) айтқан сөздері, істеген істері және құптаған амалдары. Яғни хадис ілімінің термині ретінде «сүннет» сөзі хадиспен мағыналас. Көбінесе хадис деп – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) сөздерін, ал сүннет деп істеген амалдарын атайды. Бірақ бұл екі термин синоним ретінде қолданыла береді.

        3) Фиқһ ілімінде сүннет – орындалуы міндетті емес, орындағаны үшін сауап алатын, орындамағыны үшін күнәкар болмайтын амалдар. Мысалы, егер намаз оқушы намаз сүннеттерінің бірін немесе бірнешеуін орындамаса, намазы бұзылмайды және ол сәһу сәждесін жасамайды. Сүннетті орындағаны үшін сауап алады, ал әдейі орындамау мәкруһ. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) бізге жеткен сүннет намаздар рауатиб және рауатиб емес деп екіге бөлінеді.

        Сунна ғайр муәккәдә  – бекітілмеген сүннет. Бұған Алла елшісі (с.ғ.с) бірде орындап, бірде орындамаған құлшылықтары жатады. Мысалы, аср (екінті) және құптан намаздарының алдындағы төрт ракағаттық сүннет намаз.

        Сунна муәккәдә  – бекітілген сүннет. Муаккада сүннеттерін Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) үнемі тастамай оқыған, бірақ кей кездерде мұсылмандар ол амалдардың парыз емес екендігін білсін, сезінсін деген ниетпен орындамаған. Мысалы, таң намазының екі ракағат сүннеті.

        Сур  – сарқыт су. Сур – адам не басқа бір жануар ішкен аз судан қалған қалдық су. Ислам шариғатында мұсылман және кәпір деп бөлместен, барлық адамдардың және қой, ешкі, сиыр, жылқы сияқты еті жеуге жарамды малдардың сарқыт суы таза деп есептеледі және ол сумен дәрет алуға болады. Шошқа, ит және қасқыр секілді жыртқыш аңдардың сарқыт немесе қалдық суы нәжіс деп есептеледі және ол суды ішуге, дәрет алуға пайдалануға болмайды. Тышқан аулап жейтін үй мысығы мен нәжіс жерлерден қорегін шоқып жейтін тауық тұқымдас құстардың қалдық суы мәкруһ тәнзиһи болып табылады.

        Сутра  – намаз оқып тұрған адамның алдына басқалардан қалқалап тұру үшін қойылатын зат. Шариғатта жақын аралықта намаз оқып тұрғандардың алдынан кесіп өтуге тыйым салынған. Сондықтан намаз оқушы алдына басқалардан қалқалап тұратын бір затты қоюы керек. Ол зат «сутра» деп аталады.

        Суфи  – сопы.

        Суфизм  – сопылық.

        Суффа  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) заманында Мәдина шаһарындағы Пайғамбар мешітінің жанында баспанасы жоқ мұсылмандар тұрған үй.

        Суфиянәни  – екі Суфиян. Олар: Суфиян ибн Сағид әс-Сәури және Суфиян ибн Уяйнә.

        Сухур  – ораза ұстаушы адамның таң атардан бұрын ауыз жабуы, тамақтануы. Қара: сәресі.

        Сүр  – керней. Сүр үрілу – дүниеде ең ақырғы болатын жағдай. Бұл істі Алла тағала Исрафил періштеге жүктеген.

        Сүре (сура)  – Құранның бір бөлігі (тарауы), бірнеше немесе көптеген аяттар жиынтығы. Араб тілінде «сүре» сөзі «дәреже», «орын» деген мағыналарды береді. Құранда бір жүз он төрт сүре бар. Бұл сүрелердегі аят сандары әртүрлі. Ең қысқа «Кәусар» сүресі үш аяттан тұрса, ең ұзын «Бақара» сүресі екі жүз сексен алты аяттан тұрады, әрі «Бақара» сүресінің көпшілік аяттары ұзын және Құрандағы ең ұзын аят та осы сүреде келген.

        Сүтана – нәрестені емізген анасынан басқа әйел.

        Әс-Сыддық (әс-Сиддиқ)  – шыншыл. Әбу Бәкірдің (Алла оған разы болсын) құрметті лақап аты.