Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан

        Ислами терминдер

        Ж

        Әл-Жаббар – Алла тағаланың есімі. Мағынасы: Өктем; Түзетуші. Яғни Ол мұқалған жүректерді тәртіпке келтіріп, түзетеді, әлсіздер мен дәрменсіздерді қолдап қуаттайды және Өз қамқорлығын паналағандарға жәрдем береді.

        Жазм  – нақты шешім. Хадис ілімінде сәнәдтағы рауилердің арасын жалғастыратын сөздер «жазм» деп аталады. Мысалы:  айтты,  риуаят етті,  жетті және  пәленшеден деген сияқты екінші рауидің алғашқы рауиден хадисті анық алғандығын білдіретін сөздер. Бұл сөздер көбінесе сахих (дұрыс, күшті) хадистер сәнәдінде қолданылады. Қара:  әл-муғаллақ.

        Жазмыш – тағдыр. Алланың әрбір жаратылыстың маңдайына жазған тағдыры.

        Жаид  – жақсы. Хадис ілімінде егер хасан ли зәтиһидің (өздігінен хасан, жарамды хадис) дәрежесі сахих хадистің дәрежесіне жақындаса «жаид» деп аталады. Бұл жағдайда жаид хадис сахих хадистен төмен дәрежеде болады.

        Жайз  – рұқсат, шариғатта бір істі орындауға берілген рұқсат.  

        Жайнамаз – намаз оқығанда қолданылатын төсеніш.

        Жалбарыну – барлық күнәлар үшін тәубеге келу және бүкіл жақсы  іс-амалдар мен сөздер арқылы Аллаға ұмтылу.

        Жамағат  – көпшілік; көзқарастары ортақ бір топ адам.

        Жамағат намазы  – мешітте не т.б. орындарда көпшілікпен бірге оқылатын намаз. Мысалы, күнделікті бес уақыт парыз, жұма, айт, тарауих, истисқа намаздары жамағатпен оқылады.

        Жамарат  – қажылар құрбандық шалу күні және одан кейінгі үш күнде Мина үстіртіндегі тас ататын бағаналар. Бұлар үш бағанадан тұрады: жамратус-суғра  немесе жамратуд-дуния (кіші бағана) , жамратул-уста (орта бағана)  және жамратул-ақаба (үлкен бағана) .

        Жамғ  – Муздалифаның екінші атауы. «Жамғ» араб тілінде жинау деген мағына береді. Өйткені қажылар Муздалифада шам мен құптан намаздарын қосып оқиды. Сондықтан бұл жер «жамғ» деп аталады.

        Жамғ түні – қажылар Арафатта тұрғаннан кейін Муздалифада түнейтін түн.

        Жамиғ мешіт (Жәми мешіт)  – жұма намазы оқылатын үлкен мешіт.

        Әл-Жамиғ әс-Сахих  – сахих хадистер жинағы.

        Жамиғ (жауамиғ)  – жинаушы, жинақ. Бұл Ислам дінінің ақида, фиқһ, сира сияқты барлық салаларын қамтыған хадис жинағы. Мысалы: Имам әл-Бұхаридің «» (әл-Жамиғ әс-сахих) кітабы.

        Жаназа  – өлген адамды ақтық сапарға шығарып салу рәсімдері. Бұл сөз көбіне мәйітке жаназа намазын оқуға қолданылады.

        Жаназа намазы  – қайтыс болған мұсылманға жамағатпен оқылатын намаз.

        Жаннат  – Алланың мұсылман құлдарына ақиретте дайындаған құтты әрі мәңгілік мекені.

        Жаңбыр сұрау (истисқа) намазы  – құрғақшылық болғанда Аллаға жалбарынып, жаңбыр сұрап оқылатын екі ракағат намаз.

        Жаратушы  – бүкіл әлемді жаратқан және оның иесі, Алла.

        Жарх  – сәнәдта келген рауилердің сипаттарын зерт­теп, олардың кемшіліктерін анықтап, хадистерін жарамсыз ету.

        Жаһаннам (жәһаннәм)  – тозақ атауларының бірі.

        Жәбрия  – адасқан ағымның атауы. Бұл ағымның түсінігі бойынша, адам барлық амалдарын мәжбүрлі түрде жасайды, оның ешқандай еркіндігі мен ықтияры жоқ.

        Жәбірейіл  – пайғамбарларға Алладан уахи жеткізуші ең ұлы періште. Оның «Рух» және «Әр-Рух әл-әмин» деген де аты бар.

        Жәлләлә  – нәжіспен қоректенген мал. Ислам шариғатында жәлләләнің бойындағы нәжіс тазарғанша оның етін жеуге болмайды.

        Жәми мешіт  – жұма намазы оқылатын үлкен мешіт. Қара: Жамиғ мешіт.

        Жәһәләту әс-сахаби  – сахабаны білмеу. Сахабалардың барлығы әділ және сенімді деп есептеледі. Сол үшін сәнәдтағы сахабаны білмеудің еш зияны жоқ. Және ол хадистің сахихтығына әсер етпейді.

        Жәһәлә  – білместік. Хадис ілімінде қолданылатын термин. Ол рауидің өзін немесе қал-жағдайын білмеу. Яғни ол рауи туралы жарх және тағдилде (сынау және ақтау) не айтылғандығын білмеу. Білместіктің екі түрі бар:  (мажһул әл-айн) рауидің өзін білмеу және  (мажһул әл-хәл) рауидің жағдайын білмеу. Рауиді білмеудің үш себебі болады:

        1) Рауидің көп сипаттары болса.

        2) Риуаяттары аз болса.

        3) Рауидің атын ашып айтпаса. Егер де рауиден бір ғана адам (басқа рауи) риуаят етсе, оны «рауидің өзін білмеу» деп атаймыз. Егер де рауиден екі немесе одан да көп адамдар риуаят еткен болса, бірақ ол рауидің сенімді екендігі анықталмаған болса «рауидің жағдайын білмеу» деп атаймыз.

        Жәһилия  – қараңғылық, надандық. Жәһилия заманы – Ислам діні келгенге дейінгі кезең.

        Жәһмия  – Алла тағаланың есім-сипаттарын мойындамай, оларды жоққа шығарған адасқан ағым. Бұл ағымның негізін әл-Жаһм ибн Сафуан қалаған.

        Жебе тартысу  – арабтар жәһилият дәуірінде бір мәселе бойынша пікірталасқа түскен адамдардың арасындағы дауды шешу үшін қолданған тәсіл. Арабтарда ер кісілер арасында дау-дамай, талас-тартысты шешу үшін әрқайсысы жебеге есімдерін жазып, оларды араластырып, сосын жебе суырысатын.

        Жеребе  (қурға) – бірдеңеге кезек алу үшін не арадағы дауды әділ шешу үшін біртүстес нәрсені жасырын алудың атауы.

        Жизя  – мұсылман мемлекетінде тұрған кітап иелерінің (яһуди және христиан) мұсылман үкіметіне төлейтін жан салығы.

        Жимағ  – жыныстық қатынас.

        Жинаят  – шариғат бекіткен заңды бұзу, қылмыс жасау.

        Жиһад  – жиһад, күрес. «Жиһад» сөзінің тілдік мағынасы күрес, қайраткерлік, бар күш-жігерін жұмсау дегенді білдіреді. Ал шариғатта Жиһад – Алла тағаланың сөзі ұлық болу үшін жан-тәнімен, бүкіл байлығын жұмсап, тер төгіп, қызмет ету, Алла жолында күресу, қайраткерлік таныту. Имам Ибн Хажар әл-Асқалани: «(Жиһад дегеніміз) – кәпірлерге қарсы күреске күш-жігер жұмсау. Сондай-ақ бұл сөз өз нәпсісімен күресу, шайтанмен күресу, зұлымдықтармен күресу мағыналарында да қолданылады. Нәпсімен күресу туралы айтар болсақ, ол дін істеріне қатысты ілім үйрену мен алған ілімді амалға қолдану және бұл ілімді басқаларға жеткізуде көрініс табады. Ал шайтанмен күресу – шайтан адам көңіліне салатын күмәнге және шайтан әдемі көрсеткен шақуаттар мен ләззаттарға қарсы тұрудан тұрады. Кәпірлермен күрес қолмен (яғни соғыспен), қаржылай, тілмен не жүрекпен (яғни олардың әрекеттеріне қатысты ашық немесе құпия тілмен не жүрекпен көзқарасын білдіру арқылы) іске асады. Ал зұлымдықтармен күрес алдымен қол (яғни күш-қуат), сосын тіл, сосын барып жүрек арқылы болады», – деп түсіндіреді. Демек, жиһад тек қарулы соғыстан тұрмайды, оның ауқымы кең. Ал қарулы соғысқа келсек, ол шынайы ниет, түзу мақсатта ғана дұрыс болып табылады. Бұған қоса қарияларды, әйелдер мен балаларды және бейбіт дін қызметкерлерін өлтірмеу сияқты бірқатар тыйымдарды ұстану тиіс.

        Жуз'  – бөлім, бөлік. Хадис рауилерінің бірінің ғана риуаяттарын қамтыған немесе бір ғана тақырыпты терең зерттеу үшін жазылған кітап.

        Жумадә ахира  – ай күнтізбесі бойынша 6-шы айдың аты.

        Жухфа (Рабиғ)  – Мекке мен Мәдинаның орта тұсындағы, Мәдинаның оңтүстік-батысында шамамен 250 шақырым қашықта Қызыл теңіз жағалауына жақын орналасқан елді мекен. Ол Сирия, Палестина, Ливан және Иордания тұрғындары үшін ихрамға кіретін жер, миқат болып табылады.

        Жұма намазы  – аптасына бір рет жұма күні бесін намазының уақытында жамағатпен оқылатын намаз. Ол төрт ракағат сүннет, екі ракағат парыз және төрт ракағат сүннет намаздан тұрады. Көп жағдайда «жұма намазы» деп тек парыз намазы меңзеледі.

        Жұмақ – жаннаттың бір аты.

        Жүніптік  – ғұсыл құйынуды міндеттейтін жыныстық қатынастан кейінгі немесе басқа да себептерден денеден мәнидің шақуатпен бөлінгенінен кейінгі адамның жағдайы.

        Жүніп  – жыныстық қатынастан немесе ихтиләм болғаннан кейін және басқа да себептермен денесінен шақуатпен мәни бөлінген соң жуынбаған адам.

        Жын  – Алла тағаланың түтінсіз оттан жаратқан, әртүрлі бейнеге ене алатын, адамдар секілді таңдау еркі бар, саналы мақұлық. Жындар да мұсылман және кәпір болып бөлінеді.