А
Абадилә – Абдуллаһ атты төрт сахабаның ортақ атауы. Олар:
1. Абдуллаһ ибн Аббас (68һ. қ.б.).
2. Абдуллаһ ибн Омар (73 һ. қ.б.)
3. Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (73 һ. қ.б.)
4. Абдуллаһ ибн әз-Зубайр (63 һ. қ.б.).
Ал Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) Абдуллаһ ибн Масғуд атты атақты сахабасы абадиләлардың қатарына жатпайды. Ахмад ибн Ханбалдан: «Абадилә кімдер?» – деп сұрағанда, ол: «Абдуллаһ ибн Аббас, Абдуллаһ ибн Омар, Абдуллаһ ибн әз-Зубайр және Абдуллаһ ибн Амр», – деп жауап берген. Сонда: «Абдуллаһ ибн Масғуд ше?» – деп сұрағанда имам Ахмад: «Жоқ, Ибн Масғуд абадиләлардан емес», – деп жауап берген [Әл-Хафиз әл-Ирақи. Шарх әт-табсира уа әт-тәзкира, 210-б].
Абд - құл, пенде.
Ағраби – көшпенді дала арабы.
Ағраф – жаннат пен тозақ арасындағы мекен. Бір ғалымдардың пікірінше, ол мекенде жаннатқа да тозаққа да кірмегендер болады. Екінші бір топ ғалымдар жаннат пен тозақты бөліп тұратын дуалды «Ағраф» деп есептеген.
Ад – Һуд пайғамбардың қауымы. Алла тағала оларды Һуд пайғамбарға сенбегендіктен және айтқандарына құлақ аспағандықтан, күшті дауылмен жермен жексен еткен.
Адам ата – Алла тағала топырақтан жаратқан алғашқы адам, бүкіл адамзаттың атасы.
Адалату әр-рауи – рауидің әділдігі.
Адл – әділ, әділдік. Хадис ілімінде әділ адам деп балиғат жасына толған, ақыл-есі бүтін, пасықтықтан аулық, үлкен күнәларды жасамайтын, кіші күнәлардан таза болуға тырысатын және адамның бойындағы ерлік, парасаттылық, адамгершілік секілді қасиеттеріне нұқсан келтіретін сипаттардан аман болған адам. Егер хадисті жеткізуші рауидің бойында осы шарттар бар болса, ол әділ рауи (жеткізуші) деп есептеледі.
Адын – жаннаттардың бірі.
Ажал – адам өмірінің аяқталу мерзімі, өлім.
Ажуа – мәдиналық құрма сұрпының атауы. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) бұл құрма сұрпының шипа екендігін айтып кеткен.
Азан – арнайы сөздер арқылы мұсылмандарды ғибадатқа шақырып, намаз уақыты кіргенін жариялайтын үндеу. «Азан» сөзінің араб тіліндегі лексикалық мағынасы: «жариялау», «хабар тарату».
Азаншы – азан шақыратын адам.
Азаб – азаб // азап
Азиз – араб тілінде «күшті», «сирек» және «құнды» деген мағыналарды белдіреді. Хадис термині ретінде «тек қана екі рауи риуаят еткен хадис» деген мағына мағынада қолданылады. «Азиз» деп бұл хадистің сирек кездесуінен немесе бір рауидің риуаятын екінші рауи қуаттап күш беріп тұрғандықтан, «азиз» деп аталған. Мысалы, имам әл-Бұхари мен Муслим Әнәс ибн Мәликтен және әл-Бұхаридің өзі Әбу Һурайрадан риуаят еткен хадисте Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Сендердің еш қайсыларың мені әкесінен, баласынан және адамдардың барлығынан артық жақсы көрмейінше иман келтірмейді», – деген. Осы хадисті Әнәстән Қатада мен Абдул-Азиз ибн Суһайб риуаят еткен. Қатададан Шуғба және Сағид, ал Абдул-Азизден Исмағил ибн Ғулайя және Абдул-Уарис риуаят еткен.
Әл-Азиз – Алла тағаланың есімі. Мағынасы: Үстем, Қуатты, Құдіретті. Бүкіл жаратылысқа күші жететін, Үстімдік ететін Жаратушы.
Айт – діни мейрам. Ислам дінінде ораза және құрбан айт деп аталатын екі діни мейрам бар. «Ъид» сөзі араб тілінде «қайта оралу» деген мағына береді. Бұл мейрамның «айт» деп аталу себебі оның жыл сайын қайта айналып келіп отыруында.
Айт намазы – жылына екі рет қана оқылатын өзге намаздардағы тәкбірлерден артық тәкбірлері бар уәжіп намаз. Айт намазы ораза және құрбан айт намазы деп екіге бөлінеді. Ораза айт намазы – ай күнтізбесі бойынша рамазан айы біткеннен кейін, шәууәл айының алғашқы күні сәске уақытында оқылатын екі ракағатты уәжіп намаз. Оның «ораза айт» деп аталу себебі: бұл мейрам мұсылмандар оразаны аяқтағаннан кейін болады. Құрбан айт намазы – ай күнтізбесі бойынша зул-хижжа айының оны күні сәске уақытында оқылатын екі ракағатты уәжіп намаз. Оның «құрбан айт» деп аталу себебі: бұл күні Алла тағалаға арналып құрбандық шалынады.
Ақаба – Меккеге таяу Мина жазығындағы жердің аты. Пайғамбарлықтың 12-жылы қажылық кезінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с) Мәдинада тұратын аус және хазраж руларының он екі өкілі келді. Олар Алла елшісіне (с.ғ.с) осы хадисте және «Мумтахина» сүресінің 12-аятында неге тыйым салынған болса, соны істемеуге және Исламға адал болуға ант берді. Ислам тарихында бұл оқиға «Алғашқы Ақаба» айдарымен белгілі. Ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір жылдан кейін жетпістен астам мәдиналықпен кездесіп, Мәдинаға қоныс аудару мәселесін тиянақты шешкен кездесуі «Екінші Ақаба» деп аталады. Сол кездесуде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл істі жүзеге асыру үшін он екі өкілін белгілеген, солардың бірі Ғұбада ибн Самит (Алла оған разы болсын) еді.
Ақиб – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) бірнеше есімі болған. Сол есімдерінің бірі – Ақиб. Мағынасы: ең соңынан келуші. Яғни пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с) кейін ешқандай пайғамбар келмейді.
Ақида – діни сенім; ұстаным. Ислам ақидасы деген – Аллаға, Ақырет күніне т.с.с. иман негіздеріне илануды білдіреді. Бұл сенім-нанымдар мен ұстанымдар өз алдына бір ғылым ретінде қалыптасқан.
Ақида ілімі – Аллаға, Ақырет күніне, пайғамбарларға және басқа да иман негіздеріне сенуді зерттейтін ғылым. Ол «таухид ғылымы» деп те аталады.
Ақиқа – бала туылғанда жасалатын той (шілдехана). Шариғатта ұл бала үшін екі қой, қыз бала үшін бір қойды құрбандыққа шалып, ақиқа жасаған абзал.
Ақил – адамды өлтірген қылмыскердің қайтыс болған адам үшін құн төлеуге қатысатын туысқандары. Қара: диет.
Ақса мешіті – Құдыстағы мұсылмандар қасиетті санайтын үш мешіттің үшіншісі. Оның негізін Сүлеймен пайғамбар салғызған және Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) сол мешіттен «Миғраж» түні аспанға көтерілген.
Ақсам әл-ъулуу – жоғарғының түрлері. Хадис ілімінде қолданылатын термин. Жоғарғының бес түрі болады. Олар:
1. Пайғамбарға сахих сәнәдімен жақын болу. Яғни пайғамбарға дейінгі сәнәдтің адамдары аз әрі сахих болуы керек. Бұл жоғарғы хадистің ең абзал түрі. Оны кейде «шексіз жоғары» деп те атайды.
2. Хадис ілімінің бір имамына жақын болу. Мысалы: Имам Мәликке жақын болу. Бұл жерде де сәнәдтің сахих болуы шарт.
3. Алты сахих кітаптарының немесе басқа да сенімді кітаптардың бірінің риуаятына жақын болу.
4. Рауидің ерте қайтыс болуымен жоғары болу. Мысалы: бір Ахмад деген кісіден Зейд және Махмуд деген екі кісі хадисті риуаят етті. Ал Зейдтен Абдуллаһ ал Махмудтан Әли осы хадисті риуаят етті. Зейд Махмудтан бұрын қайтыс болады. Сонда осы хадистің Зейд арқылы жеткен сәнәді Махмуд арқылы жеткен сәнәдінен жоғары болады. Имам Нәуәуи: «Хакимнен әл-Байһақи, одан үш адам риуаят еткен хадис Хакимнен Әбу Бәкр ибн Халәф, одан үш адам риуаят еткен хадистен жоғары. Себебі әл-Байһақи 458 һ.ж. ал Әбу Бәкр ибн Халәф 487 һ.ж. қайтыс болған», – деді.
Ақырет (ақирет) – Алла тағала адамдарды есеп-қисап үшін қабірлерінен тірілтіп, олардың арасында төрелік етіп, іс-амалдарының қарымтасын беретін мезгіл. Ақыретке иман келтіру діннің басты тіректерінің бірі болып табылады.
Ақырзаман – қиямет қайым жақын қалған кез.
Аләйһис-сәләм – Пайғамбарлар мен періштелердің аты аталғаннан кейін оқылатын дұға. Мағынасы: оған сәлем болсын.
Аләйһис-саләту уәс-сәләм – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) аты аталған кезде айтылатын дұға. Мағынасы: оған салауат пен сәлем болсын.
Алғашқы қуғуд (алғашқы отырыс) – үш не төрт ракағатты намаз оқыған кезде екінші ракағаттан кейінгі отырыс. Алғашқы отырыстың үкімі уәжіп болғандықтан, оны шатасып не ұмытып орындамай кеткен жағдайда намаз соңында сәһу сәждесі жасалады.
Алғашқы тәкбір – намазды бастайтын кезде алынатын бірінші тәкбір. Қара: тәкбиратул-ихрам.
Алла елшісі – Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) қатысты айтылатын құрметті атау. Яғни Алланың адамзатты дұрыс жолға шақыру үшін жіберген елшісі. Жалпы Алла елші етіп жіберген пайғамбарлар көп. Бірақ мұсылмандардың еңбектерінде «Алла елшісі» деген атау көп жағдайда Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) қатысты қолданылады.
Алланың кітабы – Құранның атауы. Ислами еңбектерде «Алланың кітабы» деген тіркес Құран Кәрім кітабына қатысты қолданылады.
Аллаһу әкбар – Алла ұлық. Аллаға айтылатын мадақ сөздердің бірі. Бұл көбіне одағай сөз ретінде бір нәрсеге қуанғанда айтылады.
Аллаһумма – «Уа, Алла!» деген мағынада. Көп жағдайда дұға оқыларда, Аллаға жалбарынғанда қолданылады.
Амал дәптері – адамдардың осы дүниеде жасаған амалдары жазылған ақыретте өздеріне көрсетілетін дәптер.
Аманат – «амн» (қауіпсіздік, тыныштық) деген сөзден туындаған «амана» сөзі, «иман» (сенім) сөзімен түбірлес. Ол – көп мағыналы сөз, негізінен, «сенімділік» және «сеніп тапсырылған зат не сенім артылған міндет» дегенді білдіреді. Жаратушы алдындағы пенденің кез келген міндеті және адамдардың бір-бірінің алдындағы міндеттері өздеріне сақтауға берілген нәрсе болып табылады, оларды қайтару, яғни орындау қажет. Жалғыз Аллаға ғибадат ету және Исламның барлық бұйрықтары мен тыйымдарын орындау ұлы аманат (әл-аманат әл-кубра) саналады.
Ансар – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) Мәдина қаласына қоныс аударған кезде оған және қоныс аударған меккелік муһажирлерге көп көмек берген мәдиналық сахабалар. «Ансар» сөзі араб тілінде көмекшілер, жәрдемшілер деген мағына береді.
Аттахият дұғасы – намазда отырған кезде оқылатын дұға. Ол «тәшәһһуд дұғасы» деп те аталады.
Арайа – сауда-саттық түрі. Мұнда қолында жеуге азығы жоқ адамның ағаш басындағы піспеген жемісін піскен немесе кептірілген жеміске айырбастауы орын алады. Шариғатта арайа саудасына аз мөлшерде ғана рұқсат етіледі. Көп мөлшердегі арайа саудасына рұқсат етілмейді.
Арафат – Минадан шамамен жиырма шақырым жерде орналасқан үлкен жазық. Ол жазықтың аумағында Рахма тауы бар. Кейбір риуаяттарда Адам ата мен Хауа ана жерге түскеннен кейін осы тауда кездескен. Көп адамдар осы тауды Арафат тауы деп те атап кеткен. Зул-хижжа айының тоғызыншы күні күн батқанға дейін Арафатта тұру қажылықтың ең маңызды парызы.
Арафа күні – Құрбан айт күнінің алдындағы күн, яғни зул-хижжа айының тоғызыншы күні «арафа күні» деп аталады. Бұл күні қажылар күн батқанға дейін Арафат аймағында тұрады. Қажылыққа бармаған мұсылмандар үшін бұл күні ораза ұстау сүннет.
Ард – ұсыну, көрсету (ұстазына оқып беру). Бұл хадисті жеткізу жолдарының бірі. Шәкірт ұстазына жатқа немесе жазғанын оқып беруі яки біреу оқып ол тыңдап отыруы мүмкін. Сол сияқты ұстазы шәкірттің оқығанын жатқа білуі немесе жатқа білмеуі мүмкін. Осылай жеткізілген хадисті екінші біреуге айтатын кезде: «Пәленшеге оқып бердім немесе пәленшеге оқып беріп жатқан кезде естіп отырдым», – деп айтады. Осы жолмен жеткен риуаят сахих риуаят деп есептеледі.
Арраф – ұрланған, жоғалған затты тауып беремін деп, бал ашатын балгер. Ислам дінінде балгерлікпен айналысуға қатаң тыйым салынған және ол үлкен күнә болып табылады.
Аршы – Алла тағала жаратқан ең үлкен және ең жоғары жаратылыс.
Асаба – асаба. Мирас ілімінде қолданылатын термин. Араб тілінде «асаба» сөзі адамның әкесі жағынан еркек туысқандарына қолданылады. Қара: Асиб.
Асиб – асиб. Мирас ілімінде қайтыс болған адамның дүние-мүлкін мұрагерлері арасында бөліске салғанда үлестері алдын-ала белгіленбеген мұрагерлер. Олардың үлестері фард иелері мұрадан үлестерін алғаннан кейін анықталады. Қара: Асхаб әл-фуруд (фард иелері).
Асл әл-мәсәлә – мәселенің негізі. Мирасты бөліске салғанда үлестерді дұрыс бөлу үшін қажетті ортақ санды анықтау.
Асы – асы. Құдайға қарсы шығушы, күнәкар.
Асылық – қарсылық, Алла тағалаға бағынбау. Асылық қылу – қарсы шығу, бағынбау, күнәкарлық.
Аср намазы – түс қайтқаннан күн батқанға дейін оқылатын төрт ракағатты парыз намаз. Ол намаз қазақ тілінде «екінті» және «намаздыгер» деп те аталады.
Асхаб әл-фуруд – фард иелері. Мирас ілімінің термині. Қайтыс болған адамнан қалған мал-мүлікті мұрагерлері арасында бөліске салғанда үлестері алдын ала шариғатта белгіленіп қойған мұрагерлер.
Атәмә – түннің алғашқы үштен бірінде оқылатын құптан намазы.
Атира – Исламға дейінгі араб мүшріктерінің ражаб айында шалатын құрбандығы.
Атраф – автор хадистің қалған бөліктеріне дәлел болатын бір бөлігін ғана жазып, одан кейін әрбір мәтіннің сәнәдтарын ( тізбектерін) толық немесе бір кітаптарға сілтеме жасап кеткен кітаптар. Бұл хадис ілімінің термині. Мысалы: әл-Мәзидің «Тухфатул ашраф» кітабы.
Аул – аул. «Ъаул» сөзі араб тілінде «зұлымдық», «артық» және «жоғарылау» деген мағыналарды береді. Мирас ілімінде мұрагерлердің үлестері үлеске салынатын ортақ саннан (асл әл-мәсәлә) асып кету «аул» деп аталады.
Ауызашар – ораза тұтушылардың күн батқаннан кейін тамақтануы.
Ахауан (екі бауыр) – Құран қырағаттары ілімінде қолданылатын термин. Ол Хамза мен әл-Кәсәидің ортақ аты.
Ахмад – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) есімдерінің бірі. Ол «мақтауға лайықты» деген мағынаны білдіреді.
Ахнаф – ханафи мазһабын ұстанушылар. «Ахнаф» араб тілінде «ханафи» сөзінің көпше түрі.
Ахуал шахсия – фиқһ ғылымының адамдар арасындағы үйлену, ажырасу тәрізді азаматтық істерді зерттейтін саласы.
Әл-Ашара әл-мубашшаруна бил-жәннә – жаннатпен сүйіншілендірілген он сахаба. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) көзі тірісінде ол сахабаларды жаннатқа кіреді деп сүйіншілендірген. Олар:
1. Әбу Бәкр (13 һ).
2. Омар ибн әл-Хаттаб (23 һ).
3. Осман ибн Аффан (35 һ).
4. Али ибн Әбу Талиб (40 һ).
5. Талха ибн Убайдуллаһ (36 һ).
6. әз-Зубайр ибн әл-Ауам (36 һ).
7. Сағд ибн Әбу Уаққас (55 һ).
8. Сағид ибн Зайд (51 һ).
9. Абдур-Рахман ибн Ауф (32 һ).
10. Әбу Убайдата ибн Амир ибн әл-Жаррах (18 һ).
Ашғари (Әшғари) – имам Әбу әл-Хасан Али ибн Әбу Бишр Исмаил ибн Исхақ әл-Ашғари (260-324 һ.ж. // 874-936). Алғашқы кезде муғтазила пікірін қолдаған имам Ашғари қырықтан асқаннан кейін ол пікірден бас тартып, саналы ғұмырын Ислам ақидасын, әһлу әс-суннә уа әл-жамаға ұстанымын әртүрлі теріс пиғылды көзқарастардан қорғауға арнаған. Әсіресе муғтазила ағымының қателіктерін көрсету және оларға қарсы Құран мен сүннет негізінде жауап берумен айналысқан.
Ашғария – Ислам дінінің көпшілік ғалымдары ұстанатын ақидадағы әһлу әс-суннә уа әл-жамаға жолы. Бұл жолдың негізін имам Әбу Муса әл-Ашғари салған.
Ашағира – ашғари ақидасын ұстанушылар.
Ашура – ай күнтізбесі бойынша мухаррам айының оныншы күні. Бұл күнге алдыңғы немесе кейінгі бір күнді қосып ораза ұстау – сүннет.
Аян – Алла тағаланың ерекше құлдарына беретін белгілері.
Аят – Құран сүрелерінің бір шумақ (сөйлем) тәрізді бөлігі.
Аятул-курси – «Бақара» сүресінің 255-аяты.