Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан

        Ислами терминдер

        Н

        Ән-Нәфрул-әууәл  – ташриқтің екінші күні тас атып болғаннан кейін Минадан шығып кету. Қажыларға таш­риқтің алғашқы екі күні үш жамаратқа тас атқаннан кейін Минадан кете беруге рұқсат етіледі. Сондықтан оны «ән-Нәфрул-әууәл», яғни әуелгі (алғашқы, бірінші) қозғалыс деп атайды.

        Ән-Нәфрус-сәни  – ташриқтің барлық үш күнін Минада өткізіп, сол күндері жамараттарға тас атып болғаннан кейін Минадан кету.

        Набыт ету – ысырап қылу, далаға шашу.

        Надандық – білімсіздік, білместік, топастық. Көптеген діни еңбектерде араб тіліндегі «жәһилият» сөзі қазақ тіліне «надандық» деп аударылып жүр.

        Нақақ – жазықсыз, жөнсіз.

        Нақақтан – жазықсыздан.

        Намаз – тәкбірмен басталып, сәлеммен аяқталатын, қиям, рукуғ, сәжде мен отыру секілді ерекше қимылдар және Құран аяттары мен арнайы дұғаларды оқудан тұратын ғибадат. Күніне бес рет намаз оқу –  Ислам дінінің басты құлшылығы болып табылады.

        Насара  – христиандар.

        Насиб (нәсіп)  – үлес, несібе. Мирас ілімінде қолданылатын термин. Қара: фард.

        Насихат  – насихат, үгіт. Араб тілінде «насихат» сөзі «адалдық»; «шын ықыластылық»; «дұрыстық» деген мағыналарды білдіреді.

        Нашш  – уқияның (күміс ақша) жартысы. Араб тілінде әр нәрсенің жартысы «нашш» деп аталады.

        Нәби  – пайғамбар. Алла тағаланың адамзатқа тура жолды көрсетуші етіп таңдап алған адамы. Қара: пайғамбар, елші.

        Нәжәши – Эфиопия патшаларының атауы.

        Нәжіс  – шариғат бойынша лас, таза емес деп есептелген зат. Мысалы: қан, өлексе, қи мен зәр.

        Нәзір  – адамның әлдебір жағдайда «егер ойлаған нәрсем орындалса, былай етемін» деп серт беріп атаған садақасы, ғибадаты т.т. Мәселен, ауырып жатқан адамның «осыдан айығып кетсем, бір қой садақа» деп атап серт қабылдауы. Нәзірді орындау – міндет.

        Нәмимә  – өсек, бір адамның сыртынан сөз тасу. Шариғатта өсек айту күнә саналады.

        Нәпақа  – жұмсалған қаржы-қаражат, қажетке арнап ажыратылған қаражат.

        Нәпсі  – адам жанының бір атауы. Нәпсі қалауы дегенде – жан қалауы, сезім құмарлығы меңзеледі.

        Нәпіл  – парыз амалдардан тыс орындалатын қосымша ғибадат түрі. Мысалы, духа намазы, дүйсенбі мен бейсенбі күндері нәпіл ораза ұстау.

        Несібе – адам баласына берілген үлес мөлшері. Ол байлық­ты, мансапты, үрім-бұтақты т.с.с. қамтиды.

        Нибәз  – сатушының сауда-саттық жасамай тұрып, алушыға тауарды тастап кетуі, бұдан кейін алушы міндетті түрде оны сатып алуға тиіс болатын. Мұндай жағдайда сатып алушының тауарды ұстап көруіне де, анықтап тексеруіне де мүмкіндік берілмейді.

        Ниет  – бір амалды істеуге жүректі бекіту, байламға келу. «Ниет» сөзі араб тілінде іс-амалға, бір нәрсеге ұмтылу ретінде мақсат қою деген мағыналарды береді.

        Ниқаб  – әйелдердің жүзін жауып тұратын бас киім, пәренже.

        Нисаб  – шариғат бекіткен байлықтың зекет беруге жеткен ең аз мөлшері. Ол байлықтың түріне қарай әртүрлі болады. Мысалы, қойдың нисабы қырық. Егер қойлардың саны отыз тоғыз болса, ол нисабқа толмаған болып есептеледі де, зекет шығару міндет болмайды.

        Нисаб әт-туһр  – екі хайыз арасында әйел адамның жатырының қаннан таза болатын мерзімі. «Туһр» сөзі араб тілінде «тазалық» деген мағынада, ал «нисаб» сөзі «мөлшер» деген мағынада. Сонда «нисаб әт-туһр» деген тіркес қазақ тілінде «тазалық мөлшері» деген мағына береді. Яғни хайыз қаны келерден бұрын кем дегенде он бес күн таза болу керек. Осы мерзімді фақиһтар «нибас әт-туһр» деп атайды. Истихада қаны да нисаб әт-туһрға жатады.

        Нифақ  – екіжүзділік. Қара: мұнафық.

        Нифас  – әйелдерде босанғаннан кейін қан келетін мерзім. Кейде нифас пен хайыз әйелдердің діни міндеттерін орындауда бірдей үкімге ие болғандықтан, екеуі бір-біріне ауыстырылып қолданыла береді. Нифас кезінде әйелдерге намаз оқуға, ораза ұстауға болмайды. Нифас кезіндегі намаздың қазасы өтелмейді, ал оразаның қазасы нифас хәлінен шыққаннан ке­йін өтеледі. «Нифас» сөзі араб тілінде «босану» деген мағына береді. Шариғатта босанғаннан кейін келетін қанды «нифас қаны» деп атайды.

        Нушра  – сиқырланған адамнан сиқырдың күшін кетірудің тәсілі. Егер ол да сиқыр тәсілімен орындалатын болса, ол да сиқыр деп есептеледі және оған шариғат тыйым салады. Ал егер шариғат көрсеткен жолмен орындалса, ол дұрыс деп есептеледі және осылай сиқырды емдеуге рұқсат етіледі.

        Нығмет  – игілік, ырыс, сыйлық, рақат. Алланың берген нығметі – Алланың берген сыйы, игілігі.