Һ.ж. – «һижра жыл санағы бойынша» деген сөздің қысқартылған
үлгісі. Һижраның мағынасы – қоныс аудару. Ол термин ретінде Пайғамбар
(с.ғ.с) мен мұсылмандардың Ислам дінін сақтап қалу мақсатында Меккеден
Мәдинаға қоныс аударуын көрсетеді. Пайғамбар (с.ғ.с) қоныс аударған 622
жылдың 1 мухаррамынан бастап мұсылмандардың өз жыл санағы енгізіліп, ол «һижра
жыл санағы» деп аталды.
Һәди – қажылық кезінде құрбандыққа шалынатын мал,
құрбандық. Құрбандыққа түйе, сиыр, қой және ешкіні ғана сою рұқсат етіледі.
Қажылықтың тәмәттуғ және қиран түрін орындаушылар Минада жамаратқа тас лақтырып
болғаннан кейін міндетті түрде құрбандыққа мал шалулары керек. Сол мал «һәди»
деп аталады. Құрбандық шалуға шамасы келмегендер қажылық кезінде үш күн,
елдеріне оралғаннан кейін жеті күн ораза ұстайды.
Һәруалә – қажылық және умра кезінде сағи жасағанда екі жасыл
белгінің арасында ер кісілердің жылдам жүруі.
Һәшим әулеті – Һәшим әулетіне Мұхаммед пайғамбармен
(с.ғ.с) туыстық қатынасы бар Әлидің, Ақилдің, Жағфардың, Аббастың және
әл-Харистің ұрпақтары жатады. Һәшим әулетіне зекет пен садақа алуға
болмайтындығына барлық ғұламалар бір ауыздан келіскен.
Һидаят – тура жол. Ислам жолы.
Һижра (хижра, хиджра, хижрет) – қоныс аудару, көшу.
Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) Меккеден Мәдинаға қоныс аударуы. Мұсылман
елдерінде жыл санау осы күннен басталады. Сондықтан ол «һижра жыл санауы
бойынша» деп аталады. Қара: һ.ж.
Һиләл – жаңа туған ай. Һижра күнтізбесі бойынша ай мен жыл
жаңа айдың тууымен есептеледі. Ислам шариғатының уақытқа қатысты ғибадаттары да
жаңа туған аймен есептеледі. Мысалы, жаңа туған ай арқылы оразаның басталуы
және аяқталуы, қажылықтың басталуы анықталады.
Һирақл – Византия патшаларының атауы.
Һубәл – Ислам діні келгенге дейін бәну кинәнә тайпасы
табынатын Қағбаның ішіне қойылған пұттың атауы.