Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан

        Ислами терминдер

        П

        Пайғамбар – өзінен алдыңғы елшінің шариғатын жал­ғастырып, халықты ақиқатқа үндейтін Алланың таңдаулы құлы. Қара: нәби, елші.

        Пақыр  – нисапқа толатын қажетінен артық байлығы жоқ кедей. Оның тұратын баспанасы, мінетін көлігі, пайдаланатын заттары қажетіне жатады. Ал кімде-кімнің осы қажетінен артық нисапқа толмаған байлығы болса, ол пақыр деп есептелмейді.

        Памдат намазы – таңғы намаз. Қара: таң намазы, бамдат намазы.

        Парыз  – Алла тағала және Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) бұйырған міндетті түрде орындалуы керек амалдар. Оны орындаған адам сауап алады, ал орындамаған адам күнәкар болады. Парыз екіге бөлінеді:

        1) парыз айн  – әрбір мұсылман міндетті түрде орындау керек амал. Мысалы, күнделікті бес уақыт парыз намаздары;

        2) парыз кифая  – бір топ адамның арасынан бірі немесе бірнеше адам орындаса, парыздық міндеті басқалардың мойнынан түсетін амал. Егер парыз кифаяны адамдардың ешқайсысы орындамаса, барлығы бірдей күнәкар болады. Мысалы, жаназа намазын оқу. Ислам шариғатында өтелетін әрбір құлшылық іштей: парыз, уәжіб, сүннет, мустахаб секілді амалдардан тұрады. Мысалы, намаздың парыздары, уәжіптері, сүннеттері. Егер намаз оқушы намаздың парыздарының бірін орындамаса, намазы бұзылады да сол намазды міндетті түрде қайта оқу керек болады.

        Парыз ету – міндеттеу.

        Пасық  – бұзық, пасық адам. Шариғат талаптарын өрескел бұзатын адам.

        Пасықтық – бұзықтық.

        Пәни  – баянсыз, өткінші, алдамшы, жалған дүние.

        Пәтуа  – діни-құқықтық мәселе бойынша ғалым адамның шариғат негізінде шығарған шешімі, үкімі.

        Пейіш – бейіш, жаннаттың бір атауы.

        Пенде – біреуге тәуелді адам, құл. Бұл сөз көбіне «Алланың құлы» мағынасында жалпы адам атаулыға олардың кемшіліктерін, шарасыздықтарын баяндайтын кезде қолданылады.

        Перғаун  – діни еңбектерде бұл атау Алланың елшісі Мұсаның айтқандарына қарсы келіп, өзін құдаймын деп, елге зәбір көрсеткен Мысыр елінің Мұса пайғамбар кезіндегі патшасына қолданылады.

        Пері – жын.

        Періште – Алланың нұрдан жаратқан, күнә істемейтін, тек қана Алланың бұйрығын орындайтын, таңдау еркі жоқ жаратылыс иесі.

        Пида – құрбан, садақа.

        Пұт – мүшріктердің қолдан жасап алған, табынатын тас, ағаш мүсіндері.

        Підия – құн. Қара: фидия.

        Пітір садақасы  – қажетінен артық нисапқа толған байлығы және бас бостандығы бар әрбір мұсылманның ораза айт намазына дейін шығаруы тиіс уәжіп садақасы. Ол «пітір зекеті» деп те аталады. Оның мөлшері бір сағ бидай не бір сағ басқа азық түрімен есептеледі.