Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан

        Ислами терминдер

        Б

        Бай  – Ислам шариғатында қолында бір жыл тұрған, нисапқа жететін, негізгі қажетінен артық байлығы бар адам бай деп есептеледі. Кімде-кімнің бойында осы анықтамадағы шарттар табылса, ол адамға зекет алуға болмайды.

        Байғат  – келісім анты. Ислам мемлекеті басшысына бағынуға, шығарған заңдарына мойынсұнуға келісім беру.

        Байғату әр-ридуан (Байғатур-ридуан)  – ризашылық келісім анты. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) Мәдина қаласына қоныс аударғаннан кейін алғашқы рет Меккеге умра жасауға барған кезде мүшріктер мұсылмандарды Меккеге кіргізуден бас тартады. Сонда мұсылмандар құрайыштармен қақтығыс бола қалса, ауыртпалық жүгін бірге көтеруге және Пайғамбарға (с.ғ.с) бағынуға ағаш түбінде ант береді. Сол берген ант «Байғатур-ридуан», яғни «ризашылық анты» деп аталады.

        Бақи  – мәңгілік өмір, ақырет өмірі.

        Әл-Бақи  – Алла тағаланың есімі. Мағынасы: Алла тағала мәңгі-бақи бар болады, Оның соңы болмайды.

        Бақилық – о дүниелік.

        Бақилық болу – қайтыс болу.

        Бақиғ  – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) мешітінің жанында орналасқан үлкен қорым. Онда Айша анамыз, Осман ибн Аффан мен көптеген сахабалар (Алла оларға разы болсын), имам Мәлик және басқа да үлкен-үлкен имамдар мен көрнекті ғалымдар жерленген.

        Балиғат  – шариғат бойынша өз іс-әрекетіне жауап беріп, діни парыз-міндеттерін толық орындауға кірісетін ересектік.

        Балиғатқа толу – адамдарға діни үкімдерді орындау міндеті жүктелетін жасқа толу. Шариғат заңы бойынша, ер бала ихтиләм арқылы, қыз бала хайыз қанын көрумен балиғатқа толады. Біздің аймақта ер балалар шамамен он екі жастан, қыз балалар тоғыз жастан балиғатқа толады деп есептеледі. Егер ихтиләм болмаса және етеккір келмесе, ер балаға да қыз балаға да һижра жыл санауы бойынша, он бес жасынан намаз оқу және басқа да шариғат талаптарын орындау парыз болады.

        Бамдат намазы (памдат) – таң атқаннан күн шыққанға де­йін оқылатын намаз. Қара: таң намазы.

        Барзах  – қайтыс болған адамдар үшін қияметке дейін жалғасатын кезең.

        Барзах әлемі  – қайтыс болған адамдардың әлемі.

        Басрияни (екі басралық) – Құран қырағаттары ғылымында қолданылатын термин. Бұл басралық екі ғалым Әбу Амр мен Яғқубтың ортақ атауы.

        Бәдәл қажылық – басқа адамның атынан қажылық жасау. Шариғатта қажылық жасауға денсаулығы жарамайтын және қайтыс болып кеткен адамның атынан қажылық ғибадатын өтеуге болады.

        Бәдәл  – ауыстыру, алмастыру. Ол әбдәл  деп те аталады. Хадис ілімінде кітап жазған бір ғалымның шейхының шейхына басқа бір қысқа жолмен, яғни сәнәдпен жету. Мысалы: Имам Муслим Яхиядан, ол Мәликтен, ол Нәфиғтен, ол Ибн Омардан риуаят еткен хадисін Мәликтен басқа бір қысқа сәнәдпен риуаят ету.

        Бәдәуи  – мал шаруашылығымен айналысатын сахаралық араб.

        Бәдір  – Мәдина қаласының оңтүстік-батысында 150 км қашықтықта орналасқан жердің аты. Ол жерде һижраның екінші жылы мұсылмандар мен меккелік мүшріктер арасындағы алғашқы үлкен қақтығыс болған. Сол соғыс «Бәдір соғысы» деп аталады. Ол соғыста саны екі-үш есе аз мұсылмандар жеңіске жеткен.

        Бәйт  – үй, баспана. Қағба діни еңбектерде «бәйт», яғни «үй» деп те аталады.

        Әл-Бәйт әл-Мағмур  – періштелердің көктегі Қағбасы.

        Бәйт әл-Мақдис  – мұсылмандар үшін қасиет­ті үш мешіттің үшіншісі. Ол Құдыс қаласындағы әл-Ақса мешіті.

        Бәну Исрайл  – Исрайл ұрпақтары, яһудилер.

        Бәну надир – мұсылмандармен одақтастық келісімін бұзғаны үшін һижраның 4 жылы Мәдинадан қуылған яһуди тайпасы.

        Бәрр  – игі, ізгі.

        Бейіш – жаннат.

        Бейіт – өлген адамды жерлейтін қабір, мола.

        Бекітілген сүннет – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) әрдайым орындаған құлшылықтары. Тек Алла елшісі (с.ғ.с) мұсылмандар ол құлшылықты парыз амал деп ойлап қалмас үшін анда-санда орындамай отырған. Қара: суннә муәккәдә.

        Бекітілмеген сүннет – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) бірде істеп, бірде істемеген құлшылықтары. Қара: суннә ғайр муәккәдә.

        Берекет  – береке, ырыс.

        Бесін намазы  – күн тас төбеден ауғаннан кейін әр заттың көлеңкесі екі есе ұзарғанға дейін оқылатын намаз. Ол төрт ракағат сүннет, төрт ракағат  парыз және екі ракағат сүннет намаздан тұрады. Діни еңбектерде кей жағдайда «бесін намазы» деп тек төрт ракағат парыз намазы да аталады.

        Биғса  – миссия, пайғамбарлық міндеттің келуі. Мұхаммедке (с.ғ.с) пайғамбарлықтың келуі.

        Бидғат  – дінде негізі жоқ жаңа құлшылық пен діни жоралғы. Яғни Құран мен сүннетте негізі жоқ, шариғат амалы деп енгізілген жаңалық. Ондай бидғаттар Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) жеткен таза дінді бұзатын болғандықтан, тыйым салынған, онымен амал жасауға болмайды.

        Бидғатшы – дінге шариғаттан негізі жоқ жаңалық енгізуші және бидғат амалды жасаушы адам.

        Әл-Бинә ала ас-саләһ (намазды қайта жалғастыру)  – намазда тұрып дәреті бұзылған кезде, дәретін жаңартып, намазын жалғастыру. Ханафи мазһабында намазда тұрғанда күтпеген жерден намаз оқушының ықтиярынан тыс дәреті бұзылса, ол дәретін жаңартып, намазын дәретін бұзған жерден қайта жалғастыруына болады, бірақ намазды қайта бастау абзал. Мысалы, намаз оқып тұрып, мұрны қанап кетсе, ықтиярынан тыс жел шығып кетсе т.с.с. Мұнда дәретін бұзғаннан бастап, дәрет алып, қайта намазға тұрғанға дейінгі уақытта сөйлемеу шарт. Егер ол осы уақыт аралығында сөйлеп қойса, намазын басынан бастайды. Шафиғи мазһабында намаз оқып тұрып дәрет бұзылса, намаз қайта оқылады. Оны дәретін жаңартып келіп жалғастыруға болмайды.

        Бисмилләһ  – «Алланың есімімен» деген мағынада. Ислам дінінде әрбір істі Алланың атымен бастау маңызды болып табылады. Өйткені Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Алланың атымен басталмаған әрбір сөздің немесе маңызды істің жалғасы жоқ не үзілген», – деген [Ахмад]. Қазақ тіліндегі «Әуелі «бисмилла» деп сөз басталық, Алланың хақ жолынан адаспалық» деген нақыл сөз осыдан қалған.

        Бой дәрет – ғұсыл.

        Буғас  – мұсылмандар Мәдинаға қоныс аударудан екі жылдай бұрын мәдиналық аус пен хазраж рулары арасында шайқас жүрген Мәдинадан екі миль қашықтықтағы шатқал.

        Бурақ (пырақ) – пайғамбарлар мінген қашырдан кішірек, есектен биіктеу мініс көлігі.