Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан

        Ислами терминдер

        М

        М.ж. – миләди жыл санағы, яғни христиан эрасы бойынша деген сөздің қысқартылған үлгісі. Ол Иса пайғамбардың туған күнінен басталады. Біздің елімізде осы жыл санағы қолданылады.

        Мағдан  – Алла тағаланың жер қойнауында жаратқан қазба байлығы. Бұл термин зекет тарауында қолданылады.

        Мағруф  – шариғат пен ақыл-парасат, жақсы әрі пайдалы деп санаған нәрселердің бәрі.  (әл-әмру бил-мағруф уа ән-нәһи ъанил-мункар) – жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю.

        Мадиан  – Шұғайб пайғамбардың қауымы.

        Мадмада  – дәрет алған кезде ауызға су алып, ауыздың барлық қуыстарына суды жеткізу үшін арлы-берлі шайқап, төгіп тастау. Тек ауыз ораза кезде ішке су кетіп қалмау үшін мадмаданы абайлап жасаған жөн.

        Мажһул әл-хал  – халі, жағдайы белгісіз. Қара: .

        Мажһул әл-ъайн  – өзі белгісіз. Қара: .

        Мазһаб (мәзһаб, мазхаб)  – белгілі бір ғылыми пікірлер мен көзқарастар негізінде құрылған жол, ағым. «Мазһаб» сөзі араб тілінде «ұстанатын жол», «ағым», «мектеп» деген мағыналарды береді. Көп жағдайда мазһабтың атауы сол мазһабтың негізін салушы ғұламаның атына телінеді. Мысалы, Әбу Ханифаға телініп ханафи мазһабы, Мәликке телініп мәлики мазһабы, Шафиғиге телініп шафиғи мазһабы және Ахмад ибн Ханбалға телініп ханбали мазһабы деп аталады.

        Мақам Ибраһим  – Қағбаның қара тас бұрышы­нан өткеннен кейін, Қағбадан шамамен 10 метрдей жерде диаметрі 1 метрге жақын домалақ күмбез орналасқан. Сол жерді «Мақаму Ибраһим» деп атайды. Ол жерде Қағбаны тұрғызу кезінде Ибраһимнің (аләйһис-сәләм) ізі түскен тас бар. Мүмкіндігі болған адамға Қағбаны тауап еткеннен кейін осы тастың артында екі ракағат намаз оқығаны абзал.

        Мақам махмуд (әл-Мақамул-махмуд)  – мақтаулы орын. Қиямет күні Алла тағаланың Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) адамдардың ақтық тағдыры шешілер тұста шапағат ету үшін беретін мақтаулы орны.

        Мақлұқ  – жаратылған. Діни термин ретінде барлық жаратылған нәрселерді қамтитын жалпы атау.

        Мақтуғ  – үзілген, кесілген. Хадис ілімінде табиғиндердің және олардың шәкірттерінің сөздері, істері мен құптаулары «мақтуғ хадис» деп аталады.

        Манат  – Исламға дейінгі дәуірде Ясриб (Мәдина қаласының көне атауы) қаласында мүшріктер табынатын, Араб жазирасында ғана емес, Шамда да құрмет тұтылған жазмыш пен ажалдың әйел құдайының пұты. Жәһилият дәуірінде аус пен хазраж тайпалары Қағбамен қатар оның ғибадатханасына да қажылық жасайтын болған.

        Мандуб  – құпталатын амал. Шариғатта орындалуы абзал, орындамағаны үшін сөгіс алмайтын амал. Қара: сүннет, нәпіл.

        Мансух (мансұқ)  – күшін жою, үкімі алынып тасталу, күші жойылған үкім. Шариғатта кейбір үкімдер алғашқыда басқаша болған, кейіннен ол үкімдердің күші жойылып, орнына басқа үкімдер келген. Мансух тек қана Мұхаммед пайғамбардың көзі тірісінде ғана орын алған, ол қайтыс болғаннан кейін мансух болатын үкім жоқ.

        Маратиб әл-жарх уа әт-тағдил

         – жарх және тағдил дәрежелері. Мухаддис ғалымдар жарх пен тағдил, яғни хадис риуаят еткен адамның әділдігі мен айыптарын әшкерелейтін сипаттарды әртүрлі топтастырған. Біз көрнекті мухаддис ғалым Әл-Хафиз ибн Хажардың топтамасын ұсынамыз. Ол жарх жә­не тағдилдің дәрежелерін төмендегідей топтасты­рады:

        1)  сахабалар.

        2) Асырмалы шырайда мадақталған, мақталған және бір сипаты екі рет сөзбе-сөз немесе мағынасымен қайталанып мадақталған рауи. Мыса­лы:  (әусақ ән-нас) адамдардың ең сенімдісі,  (әхфаз ән-нас) жаттау қабілеті ең жоғары және  (сиқа сиқа) сенімді, сенімді немесе  (сиқа хафиз) сенімді, жатқа білетін деген сипаттармен мадақталған рауилер.

        3) Бір ғана сипатпен мадақталған рауи. Мысалы:  (сиқа) сенімді,  (мутқин) шебер, мықты,  (сәбит) нық, берік,  (адл) әділ деген сипаттармен сипатталған рауилер.

        4) Алдыңғы дәрежеден сәл төмен тұратын рауилер. Бұл топтағы рауилерді  (садуқ) сенімді  (лә бә-сә биһи) оқасы жоқ деген сипаттармен сипаттайды.

        5) Бұл топтағы рауилерді мына сипаттармен сипаттайды:  (садуқун сәйииул хифз) есте сақтау қабілеті нашар сенімді рауи,  (садуқ иһимму) қателесетін сенімді рауи,  (садуқ ләһу әуһам) қателіктері бар сенімді рауи,  (юхтиу) қателеседі,  (тағайяра) қартайған кезінде есте сақтау қабілеті нашарлап шатаса (алжи) бастаған. Сол сияқты осы топқа адасып кеткен ағымдарға (мысалы: қадария, жәбрия) жататын рауилер де кіреді.

        6) Бірнеше ғана хадис риуаят еткен рауилер. Оның хадисін қабыл етпеуге себеп жоқ, сол үшін оның хадисін қабыл етілген деп атайды және екінші бір хадис қуаттау үшін дәлел ретінде жүреді.

        7) Бір рауиден бірнеше адам хадисті риуаят етсе, бірақ оны сенімді ететіндей дәлел жоқ болса, ол рауиді

         (мажһул әл-хәл немесе мастур әл-хәл) «жағдайы белгісіз рауи» деп атайды.

        8) Рауиді сенімді ететіндей себеп жоқ, бірақ оны әлсіз, сенімсіз ететін дәлел, не үшін әлсіз деп есептегенін ашып айтпаған рауи. Жалпы ондай рауи «дағиф» (әлсіз) деп ата­лады.

        9) Бір рауиден тек бір адам ғана риуаят етсе және оны сенімді ететін дәлел жоқ болса, оны  (мажһул) «белгісіз» деп атайды.

        10) Ешкім сенімді деп есептемеген және әлсіз деген сипаты бар рауи. Бұндай рауиді:  (матрук) тасталған, керек етілмеген,   (матрук әл-хадис) хадисі тасталған, керек етілмеген,  (уәһи әл-хадис) хадисі өте әлсіз,  (сәқит) құлаған деп атайды.

        11) Бұл дәрежеге өтірікші деп айыпталған рауилер жатады.

        12) Өтірікші және жасанды хадистер риуаят етеді деген сипаттары бар рауилер.

        Мардуд  – кері қайтарылған. Қабыл етілмеген, шариғатқа сай келмейтін пікірдің кері қайтарылуы.

        Маруа  – Қағба маңындағы төбенің аты. Қажылық және умра кезінде Сафа төбесі мен Маруа төбесінің арасында жүру «сағи» деп аталады. Қара: сағи.

        Марфуғ  – Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) телінген сөз, іс, келісім және сипат. «Марфуғ» сөзі араб тілінде «көтерілген», «жоғарылатылған», «биіктетілген» деген мағыналарды береді. Хадис ілімінде қолданылатын термин. Марфуғ хадистің сәнәдінің муттасил, мурсәл немесе мунқатиғ екендігіне қарамайды. Сол сияқты Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) ол сөзді не істі телген адам сахаба немесе одан кейінгі біреу болсын бәрі бір «марфуғ» деп аталады. Яғни хадис «марфуғ» деп аталу үшін оны рауи Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) телуі керек екен.

        Марфуғ хукмән  – үкімі марфуғ болған хадис. Яғни марфуғ хадистің үкімін алған. Кейбір хадистердің сыртқы мағынасы сахабалардың сөзі екендігін білдіреді, ондай хадис «мауқуф» деп аталады. Бірақ зер салып қарайтын болсақ, осы хадистер марфуғ хадистің мағынасында келеді. Сондықтан да ғалымдар оны «марфуғ хукмән» (марфуғ хадистің үкімін алған) деп атайды. Мысалы: сахабалар ижтиһад жасай алмайтын істерде айтқан сөздері:

        1) Өткен пайғамбарларға қатысты хабарларға, уахиге байланысты айтқан сөздері.

        2) Болашақта болатын істерге қатысты айтқан сөздері. Мысалы: қиямет күніне, ақыр заманға қатысты айтқан сөздері.

        3) Бір амалдың арнайы сауабы немесе жазасы туралы айтқан сөздері.

        4) Құран аятының түсу себебіне қатысты тафсир жасауы. Міне, осы секілді істерде сахабалар өздіктерінен ижтиһад жасап, пәтуә беріп, басқаларға хабар тарата алмайды. Себебі бұл істердің барлығы тек Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) түсіндіруімен ғана белгілі болады. Сондықтан да оны «марфуғ хадистің үкімін алған сахабаның сөзі» деп атайды.

        Масбура  – садақ не тас атуда нысана ретінде пайдаланылатын жануар немесе құстың жағдайы. Егер жануар мұндай жағдайда өлсе, оны жеуге тыйым салынады.

        Масға  – қажылық кезінде Сафа мен Маруа төбелері­нің арасында сағи жасайтын жер. Қара: сағи.

        Масих тарту  – дәрет алған кезде сулы қолмен басты және мәсінің үстінен сипау. Масихті таңғыштың үстінен де тартуға болады.

        Масихи – христиан. 

        Мастур  – жасырын, жабылған. Хадис ілімінде өзі не хәлі (жағдайы) белгісіз рауиге қолданылатын термин.

        Матрук  – тасталған, қалдырылған, жарамсыз етілген. Хадис ілімінде егер рауи Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хадисінде өтірік айтпағанымен, басқа адамдарға жалған сөйлейтін, өтірік айтатын адам болса, оның риуаят еткен хадисі қабыл етілмей, жарамсыз деп есептеледі. Себебі адамдарға өтірік айтқан адам Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) сыртынан да өтірік айтуы мүмкін. Осындай адамның риуаят еткен хадисі «мат­рук» деп аталады. Матрук хадис дағиф хадис түрлері ішіндегі ең жамандарының қатарына жатады.

        Матуриди  – матуридия ақидасын ұстанушы.

        Матуридия   Ислам дінінің көпшілік ғалымдары ұстанатын ақидадағы әһлу әс-суннә уа әл-жамаға жолы. Бұл жолдың негізін имам Әбу Мансур Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди салған. Ол шамамен һижра күнтізбесі бойынша, екінші ғасырдың алғашқы ширегінде Самарқанд қаласының маңындағы Матурид деген ауылда дүниеге келген. Һижраның үшінші ғасырының басында дүниеден озған. Ханафи мазһабын ұстанушылар ақида мәселесінде имам Матуридидің ұстанымын қолдайды.

        Маудуғ  – қойылған. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) айтпаған сөзді не істі ол (с.ғ.с) айтты не істеді деп жалған айтылған сөз. Ондай сөздерді ғалымдар шартты түрде «маудуғ хадис» деп атайды. Мұндай хадистер діннің негізгі мәселелерімен қатар қосымша мәселелерінде де ешқашан дәлел ретінде жүрмейді. Маудуғ хадисті риуаят еткен уақытта оның маудуғ екендігін міндетті түрде айту керек. Себебі Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) атынан жалған сөйлеу ең үлкен күнәлардың қатарына жатады.

        Мауқиф  – Қиямет күні адамдар Алла тағаланың олардың бұл дүниедегі амалдары үшін шығаратын ақтық шешімін күтіп тұратын жер.

        Мауқуф  – тоқтаған. Хадис термині ретінде сахабаның айтқан сөзі, істеген амалы және құптауы «мауқуф» деп аталады.

        Маусул  – жалғанған. Қара: муттасил.

        Әл-Машғар әл-харам – Муздалифа аймағында орналасқан таудың аты. Сондықтан Муздалифаны кейде «әл-Мағшар әл-харам» деп те атайды.

        Махжуб  – бүркелген, перделенген. Мирас ғылы­мында мұрадан өз үлесінің барлығын не бір бөлігін алу құқығынан айырылған мұрагер «махжуб» деп аталады.

        Әл-Махи  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) есімде­рінің бірі. Бұл «өшіруші», «жоюшы» деген мағынаны білдіреді.

        Махрам  – әйелдің күйеуі және ешқашан үйленуге болмайтын еркек туысқандары. Олар: әкесі, атасы, ұлдары, туған аға-інілері, олардың ұлдары, әпке-сіңілілерінің ұлдары, әкесінің туған аға-інілері, туған нағашы аға-інілері, күйеуінің әкесі (қайын атасы), атасы, күйеуінің басқа әйелдерінен туған ұлдары, сүт анасының күйеуі, ұлдары. Сондай-ақ сүт анасының әкесі, күйеуі, аға-інілері, ұлдары және одан емген басқа еркектің ұлдары. Себебі шариғатта бір анадан емген екі адамның ұл-қыздарына да бір-біріне үйленуге болмайды.

        Махфуз  – сақтаулы. Сенімдірек (әусәқ) адамның сенімді (сиқа) адамның риуаятына қарсы мағынада ри­уаят еткен хадисі. Ол «шәз» терминіне қарсы мағынада қол­данылады.

        Махшар  – Қиямет күні адамдардың бұ дүниедегі істеген амалдарын есепке алу үшін жиналатын жері.

        Мәбрур  – игілік етілген. Шариғатқа сай ешқандай күнәлі іске бармай және қажылық жасаушыларға тыйым салынған нәрселерден сақтана отырып, Алла тағаланың ризалығынан басқа ешнәрсені мақсат етпей өтелген қажылық.

        Мәдиналық аяттар – Мұхаммед пайғамбар () Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін түскен аяттар.

        Мәдәнияни (екі мәдиналық) – Құран қырағаты ғылымында қолданылатын термин. Ол мәдиналық екі ғалым Нәфиғ пен Әбу Жағфар.

        Мәжуси  – б.з.б. ІІ – І мыңжылдықта Парсы мемлекетінде кең тараған отқа табынатын адам. Қара: зараостизм.

        Мәзи  – аймаласу, сүйісу және жыныстық қатынас жайлы ойлау салдарынан шақуат қозған кезде денеден бөлінетін мөлдір, жабысқақ сұйықтық. Денеден мәзи бөлінгенде дәрет бұзылады. Бірақ ғұсыл бұзылмайды.

        Мәйіт  – өлген адам, марқұм.

        Мәкруһ (макруһ)  – шариғат тыйым салмаған, бірақ оны істеуді құптамайтын ұнамсыз амалдар. Мәкруһ екіге бөлінеді:

        1) Мәкруһ тәнзиһи  – халалға жақын, жасаған құлшылығы дұрыс, ол үшін сауап алады, бірақ құлшылығына мәкруһ араласқандықтан ол құлшылықтың сауабы аз болады. Басқаша айтқанда, жасағаннан жасамаған абзал амал. Мысалы, дәрет алғанда мұрынды оң қолмен шаю.

        2) Мәкруһ тәхрими  – харамға жақын мәкруһ.

        Мәлики  – көрнекті мухаддис әрі фақиһ ғалым Мәлик ибн Әнәс негізін қалаған мазһабтың атауы. Сонымен қатар осы мазһабты ұстанушыны да «мәлики» деп атайды.

        Мәнн  – Алла тағала Мұса пайғамбардың қауымына азық ретінде түсірген желім тәріздес шырын.

        Мәни  – сперма, шәует, ұрық суы. Шариғатта жыныстық қатынас кезінде, ұйқыда жатқанда немесе шақуатқа берілгенде серпінмен төгіліп шығатын сұйықтық.

        Әл-Мәсжид әл-Харам  – Мекке қаласында орналасқан Ислам әлеміндегі ең үлкен мешіт.

        Мәсәни (қайталанушы)  – сүрелердің қатарына аяттар саны жүзден кем, миун (жүздік) сүрелерден кейін келетін сүрелердің жалпы атауы. Бұл сүрелер ұзын және жүздік сүрелерге қарағанда көп оқылатындықтан оларды мәсәни, яғни қайталанушы сүрелер деп атаған. Қара: миун, муфассал және тиуал.

        Мәсі – жұқа былғарыдан тігілген, тобықты жауып тұратын қонышты аяқкиім.

        Мәсіх  – сипау. «Мәсіх» сөзі араб тілінде ылғалды қолмен бір нәрсені ұстау, сипау деген мағынаны береді. Шариғатта дәрет алған кезде ылғалды қолмен басты, мәсіні және таңғыштың сыртынан сипау «мәсіх» деп аталады.

        Мәсіх Дажжал (Мәсих Дажжал)  – жалған, суайт. Қара: дажжал.

        Мәтін І  – сәнәдтің ең соңғы тоқтаған және басқаларға жеткізген сөзі.

        Мәтін ІІ – кез келген діни ғылым саласы және араб филологиясы бойынша жаттауға ыңғайлы етіп, қысқа әрі нұсқа мазмұнда жазылған еңбек.

        Мәһди (Мәди, Мәді)  – ақырзаманның алдында мұсылмандарды бір тудың астына жинайтын Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) ұрпағынан шығатын басшы. Ол жер бетінде әділ билік орнатып, дінсіздермен күресіп, Иса пайғамбармен бірге дажжалды өлтіреді. Мәһди туралы бізге көптеген хадис­тер жеткендіктен, әһлу әс-сунна уа әл-жамаға ғалымдары оның келетіндігіне сенімді. 

        Мәһр  – үйленген кезде ер кісі әйелге жеке иелігі ретінде беретін дүние-мүлік, қаражат, қалыңмал. Мәһр тек әйелдің меншігі, күйеуі өлген немесе ажырасқан жағдайда өз қажетіне жұмсайды. Оның мөлшері алғашқы құда түсу кезінде келісіледі де, оның шарттары мен нақты мөлшері неке шартында жазылады. Шариғат талабы бойынша, ер адамның болашақ жарына мәһр беруі міндетті іске жатады.

        Мәшә Алла  – сүйсіну сөзі. Мағынасы: «Алла­тың қалағаны!»

        Мәшһур  – танымал, атақты. Хадис ілімінде екеуден көп адам риуаят еткен хадис «машһур» деп аталады. Оны кейде «мустафид» деп те атайды. Бұл хадис көп таралғандықтан «мәшһур» деп аталады.

        Мешіт  – Аллаға құлшылық ету үшін салынған ғимарат. «Мәсжид»  сөзі араб тілінде «сәжде жасайтын орын» деген мағынаны береді. Сондықтан кейде намаз оқитын жердің барлығы «мәсжид» (сәжде орны) деп атала береді.

        Мешіттің сәлем намазы  – мешітке кірген кезде оқылатын, екі ракағатты нәпіл намаз. Оны кейде «мешіт ақысы» деп те атайды.

        Миғраж  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) Исра түні көке көтерілуі. Бұл туралы «Исра» және «Нәжм» сүрелерінде айтылған. Бұл оқиға һижрадан бір жарым жыл бұрын Мекке қаласында болған. Қара: исра.

        Мизан таразы  – Қияметте адамдардың жақсы және жаман амалдары тартылатын таразы.

        Микайл  – Алланың табиғат заңдылық­тарын бақылап тұратын періштесі.

        Миқат  – қажылық рәсімдерін бастау үшін ихрамға кіретін жер. Қажылық ниетімен Меккеге келе жатқан ер адамдар осы жерлерге келгенде күнделікті киімдерін шешіп, тек екі ақ матадан жасалған ихрам киімін киіп, қажылық рәсімдерін орындауды бастауға ниет етулері керек. Ал әйелдер күнделікті киімдерімен миқатқа жеткенде ихрам хәліне кіре береді. Қажылар миқаттан өткеннен кейін тәлбия айта бастайды. Миқаттың саны бесеу: Сирия, Палестина, Ливан және Иордания тұрғындары үшін миқат – Жухфа (Рабиғ), Нәжд тұрғындары үшін – Қарн әл-Мәнәзил, йемендіктер үшін – Яләмләм, Мәдина тұрғындары үшін – Әбиар Али деп аталатын Зулхулайфа, Ирак тұрғындары үшін – Зәту Ирқ. Жоғарыда аталған елдер мен қалалардан және сол жолдармен өтетін басқа жерлерден келген умра не қажылық өтеушілер осы миқаттарды ұстануы тиіс.

        Миләди (милади)  – қараңыз: м.ж.

        Миллә (миллет)  – үмбет, дін. Бір сенімді ұстанатын көптеген адамдар жамағаты.

        Миль  – арабтарда бір миль екі шақырымнан сәл ғана кем.

        Мина  – қажылар түнейтін және шайтанға тас ататын Мекке сыртындағы аймақ.

        Минбар (мінбер)  – мешітте имам үстіне шығып құтпа оқитын биік орын.

        Мирас  – қайтыс болған адамның мұралерлеріне қалдырған байлығы.

        Мирас ілімі  – мирасқа қалған байлықты мұрагерлерге үлестіруді зерттейтін шариғаттың бір саласы. Бұл ғылым «илм әл-фараид» () деп те аталады.

        Мирасқор – мұрагер, мұраға қалған дүниеге құқылы адам.

        Миск  – хош иісті жұпар.

        Мисләһу  – сол сияқты, сол секілді, соған ұқсас. Хадис ілімінде бір сәнәдтің мәтіні келесі бір сәнәдтің мәтініндей болса, осы сөз қолданылады.

        Мисуак  – мия (арак) ағашының бұтақтарынан жасалатын тіс тазалаушы құрал. Оны ұшын шайнап, қабығын кетіріп, тіс тазалауға пайдаланады. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Мисуак пайдалану пайғамбарлардың сүннетінен», – деген. Қара: сиуак.

        Миун (жүздік) – аяттар саны жүзге жететін яки соған жуық болатын сүрелердің жалпы атауы. Ғалымдар Құран Кәрімдегі сүрелерді төрт түрге бөлген. Олар: тиуал (ұзын), миун (жүздік), мәсәни (қайталанушы) және муфассал (бөлшектелінген). Қара: муфассал, мәсәни және тиуал.

        Муаззин  – азаншы, азан шақыратын адам.

        Муаккада емес сүннет  – бекітілмеген сүннет. Қара: сунна ғайр муәккәдә.

        Муәккәдә сүннет  – бекітілген сүннет. Қара: сунна  муәккәдә.

        Муәлә  – жалғастыру, үзбеу. Дәрет алатын мүшелердің арасын үзбей, бірінен кейін бірін жуу «муәлә» деп аталады.

        Муәлләфә әл-қулуб (муәлләфәтул-қулуб)  – жүректері Исламмен татуласуы көзделгендер. Олар зекет беруге болатын сегіз топтың бірі. Оларды үш топқа бөлуге болады:

        1) Исламды қабылдауы және өз қауымын дінге шақыруы үміт етілген кәпірлер.

        2) Исламға және мұсылмандарға тиетін жамандықтарынан сақтану үшін зекеттен үлес берілетін кәпірлер.

        3) Ислам дінін жаңадан қабылдаған иманы әлсіз мұсыл­мандар.

        Мубах  – шариғат тыйым салмаған және бұйырмаған істер. Оны істегені үшін сауап алмайды және істемегені үшін жазаланбайды.

        Мубиқат  – шариғат тыйым салған өте үлкен күнәлар. Мысалы, Аллаға серік қосу, сиқырмен айналысу, нақақтан қан төгу, өсімқорлықпен айналысу, жетімнің малын жеу, шайқас алаңын тастап қашу, жалған куәлік беру.

        Мубһәм  – белгісіз, екіұшты, көмескі. Хадис ілімінде мәтінде және сәнәдта аты анық айтылмаған адам (ер болсын әйел болсын). Мубһәм рауидің атын анықтау арқылы оның сенімді екенін білсек, оның хадисін «сахих» деп, ал сенімсіз екенін білсек, оның хадисін «дағиф» деп айтамыз. Қара: муһмәл.

        Муғамалат  – фиқһ ғылымының адамдар арасындағы сауда-саттық, жалға алу, беру секілді қарым-қатынастарды зерттейтін саласы.

        Муғата саудасы  – сауда жасаған кезде «алдым», «бердім» деген сияқты сауданың болғандығын білдіретін сөздерді айтпастан, ақшаны беріп, затты сатып алу. Ислам шариғатында сауданың бұл түріне рұқсат етіледі.

        Муғаттилә  – Алланың есім-сипаттарын жоққа шығарушы адасқан топ.

        Муғауама саудасы  – жеміс ағаштарының өнімін екі, үш немесе одан көп жылға сату. Сауданың мұндай түріне тыйым салынады. Ибн Мунзир және басқалар ғалымдардың бұл жөнінде ортақ пікірге келгендерін айтқан. Аталмыш ты­йымның себебі, мұндай жағдайда сатып алушы алды беймәлім тауарды сатып алады.

        Муғаууазәтәни  – екі сақтандырушы. «Фалақ» және «Нас» сүрелерінің атауы. Қазақша «екі сақтандырушы» деп атауға болады. Бұл екі сүрені адам ауырған кезде, көз тигенде, назарланғанда, сиқырланған кезде оқуға болады.

        Муғаууизат  – Құранның «Ықылас», «Фалақ» және «Нас» сүрелерінің жалпы атауы. Бұл сүрелер де көз тигенде, дуаланғанда, сиқырланғанда оқылады.

        Муғжиза (мұғжиза)  – табиғат заңына бағынбайтын керемет. Алла тағала адам баласына жіберген әрбір пайғамбарға адамдар алдында өзінің пайғамбар екендігін дәлелдейтін, басқа адамдардың қолынан келмейтін және адамдардың санасында табиғат заңдарына бағынбайтын бір керемет істерді береді. Осы керемет істер «муғжиза» деп аталады. Мысалы, Алла тағала Сүлеймен пайғамбарға барша жаратылыстың тілін түсіну, жел мен жындарды басқару муғжизасын берген. Мұса пайғамбарға аса таяғын жыланға айналдыру, қолын қойнына салғанда аппақ болып кететін керемет муғжиза берсе, Иса пайғамбарға адамдарды кез келген аурудан емдей алатын емшілік қасиет пен адамдарды қайта тірілту муғжизасын берген. Ал Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) айды екіге бөлу, саусақтарының арасынан судың шығуы, жеген тағамына берекенің даруы секілді көптеген муғжизалар берген. Бірақ Алла тағаланың Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) берген ең үлкен муғжизасы – Құран Кәрім кітабы. Алла тағала Құран Кәрім кітабының тілін керемет етіп, арабтар ғана емес, өзге тілді халықтардың да жүректерін жаулап алатын қасиет берген және бұл кітапқа Ақырет күніне дейін басқа кітаптар секілді өзгертулер кіргізуді мүмкін емес еткен.

        Муғтәзилә  – «Муғтәзилә» сөзі араб тілінде «оқшау­ланушы», «бөлінуші» деген мағыналарды береді. Бұл атау әһлу әс-суннә уа әл-жамағаға көптеген маңызды  мәселеде   қарсы келген ағымға қолданылады. Ол мәселелер: 1) Алла тағаланың «есту», «көру» сияқты мағнауи сипаттарын теріске шығарып, тек осы сипаттардан туындаған «Естуші», «Көруші» секілді сипаттарды ғана Алла тағалаға теледі; 2) Қиямет күні Алла тағаланы көруді теріске шығарады; 3) Алла тағаланың сөзі, яғни Құранды махлуқ (жаратылған) деп есептейді; 4) Адамдар істерін өздері жаратды, оған Алла араласпайды; 5) Үлкен күнә жасаушы мұсылман мүмін де, кәпір де емес, екеуінің арасындағы бір дәрежеде. Муғтәзиләлардың бұдан басқа да әһлу әс-суннә уа әл-жамағаға қайшы келетін ұстанымдары бар.

        Мудар – теріскейдегі араб тайпаларының жалпы атауы, бұған құрайыштар да кіреді.

        Мудәббәж  – бір ұстаздан хадис риуаят еткен екі шәкірттің бір-бірінен де хадис риуаят етуі. Мысалы: Айша анамыз бен Әбу Һурайра (Алла оларға разы болсын) бір-бірінен хадис риуаят еткен. Ал мудаббәж емес болса: екі шәкірттің бірі екіншісінен хадис риуаят етеді де, екіншісі алғашқысынан хадис риуаят етпейді. Мысалы:  Сүлеймен әт-Тими Мусғардан хадис риуаят еткен. Ал Мусғар Сүлейменнен хадис риуаят еткендігі бізге жетпеген.

        Мудд (муд)  – көлем өлшемі. Әр кезеңде әр аймақтың мудділерінде айырмашылық болған. Ал Исламның бастапқы кезеңіндегі мудд өлшемі шамамен 1,053-тен 1,055 литрге де­йін.

        Мудраж  – қосылған, жалғанған. Егер рауи Мұхам­мед пайғамбардың (с.ғ.с) хадисін риуаят еткеннен кейін өзінің немесе басқа біреудің сөзін айтса, одан хадисті риуаят етуші екінші адам рауидің сөзін Пайғамбардың (с.ғ.с) сөзі деп ойлап, Пайғамбардың (с.ғ.с) сөзіне қосып риуаят етсе, оны «мудраж» деп атайды. Оны екінші бір жолмен жеткен (сәнәдпен) хадис арқылы немесе рауидің өзі баян етуімен біледі немесе осы ілімнің ғалымдары оның мудраж екенін айтып кетеді. Мудраждың екі түрі бар: Мәтіннің мудражы және сәнәдтің мудражы.

        1) Сәнәдтің мудражы. Рауи хадистің сәнәдін айтып келе жатып, қосымша бір сөзді айтса, оны тосыннан естіп қалған бір адам сол сәнәдтың мәтіні екен деп ойлап, риуаят етеді. Бұл сәнәдқа енгізілген мудраж.

        2) Мәтіннің мудражы. Яғни хадистің мәтінінде, қосымша сөздердің кездесуі. Мудраж мәтіннің басында, ортасында немесе соңында келуі мүмкін.

        Мудтариб  – «Мудтариб» сөзі «идтираб» масдарынан (түбірінен) алынған туынды сөз. Ол «қобалжу», «абыржу», «айну», «жалтақтау» деген мағыналарды береді. Хадис ілімінде хадистің дәрежелері бірдей бір-біріне қарама-қарсы бірнеше риуаятпен келуі. Егер мудтариб болып келген екі риуаяттың бірін екіншісінен күштірек екендігін анықтай алса, үкім шығарғанда сол күшті риуаятқа сүйенеді. Ал егер екі риуаяттың қайсысы күштірек екендігін анықтау мүмкін болмаса, ол екі риуаят та дағиф хадис деп есептеліп, екеуі де дәлел болуға жарамсыз деп табылады. Мудтариб кейде сәнәдта, кейде мәтінде кездесуі мүмкін.

        Мужәссәмә  – қараңыз: масбура.

        Мужәссимә (мужассима)  – Алла тағалаға тән сипаттарды адамдардың және басқа да жаратылыстардың сипаттарына ұқсатушы адасқан ағым.

        Мужтаһид  – Құранға, хадиске және шариғаттың басқа да дереккөздеріне сүйеніп, өзінің білімімен ижтиһад (ізденіс) жасап үкім шығара алатын ғалым. Қара: ижтиһад.

        Музәбәнә (музабана)  – сауда-саттықтың бір түрі. Онда тауардың салмағы өлшенбей, үйме күйінде салмағы өлшенетін жеміске сатып алу іске асады. Бұған шариғат ты­йым салған. Мысалы, жүзімді мейізге, рутабты (шағында тұрған жаңа піс­кен құрма) кепкен құрмаға сату. Яғни ағаш басындағы жемісті кептірілген және салмағы өлшенетін жеміске айырбастау.

        Муздалифа (Муздәлифә)  – Арафат пен Мина арасындағы таулы жердің атауы. Ол жерде қажылар зул-хижжа айының тоғызынан онына қараған түні түнеп шығады немесе түннің басым бөлігін өткізеді. Ол «Жамғ» және «әл-Машғар әл-харам» деп те аталады. Барлық мазһабтарда Муздалифада кем дегенде бірнеше минут тұру уәжіп деп есептеледі. Ханафи мазһабында Муздалифада тұратын уақыттың уәжіптігі таң атқаннан күн шыққанға дейін созылады. Осы аралықта бір мезет болса да Муздалифада аялдау керек.

        Мукатаба (мукәтәбә)  – құлдың қожайынмен жасалатын құлдықтан өз-өзін азат ету төлемінің мөлшері мен мерзімі және төлем шарттары көрсетілген жазбаша келісімі.

        Мукатаб (мукәтәб)  – қожайынымен құлдықтан азат болу үшін белгілі құн төлеуге келіскен құл.

        Муләмәсә саудасы  – бір адамның тауарын ауда­рып, зер салып қарамай, қолымен ұстап қана сатып алу. Шариғатта сауданың мұндай түріне тыйым салынған. Қара: лимәс.

        Мунасаха  – жою, кетіру, орын ауыстыру. Мирас ілімінде қайтыс болған адамның дүние-мүлкін бөліске салғанға дейін мұрагерлердің бірінің қайтыс болу себебінен оның дүние-мүлкінің өзінің мұрагерлерінің арасында үлеске түсуі «мунасаха» деп аталады.

        Мунәбәзә саудасы  – екі адамның бір-біріне тауар­ларын тастау арқылы бір-бірінің тауарларын сатып алулары. Ислам діні келгенге дейін арабтарда мунәбәзә, муләмәсә және илқа әл-хажар (тас тастау, лақтыру) сияқты сауда түрлері болған. Бұл сауда түрлерінде сатылатын тауардың көлемі мен салмағы белгілі болмағандықтан, Ислам шариғатында оларға тыйым салынған. Қара: нибәз.

        Мункәр  – шариғат пен ақыл-парасат теріске шығарған нәрселердің бәрі. Қара: мағруф.

        Мункәр мен Нәкир  – қабірде қайтыс болған адамнан Құдайы, діні, пайғамбары туралы жауап алатын екі періште.

        Мурдиға  – сүтана. Екі жасқа толмаған нәрестені анасынан басқа әйел емізген жағдайда ол әйел сол нәрестенің туған анасы сияқты кейбір шариғат талап еткен үкімдерге ие болады. Мысалы, ол әйелге және оның балаларына үйленуге болмайды, өзінің анасы секілді оның алдында жаулықсыз жүре алады. Қара: махрам; радаға.

        Муржиа المرجئة – «иманды адамға күнәсі зиян тигізбейді, кәпір адамға мойынсұнуы пайда бермейді» деген пікірді ұстанатын ағым. Бұл ағымның пайымдауынша, иман – Алланы тану, Оған мойынсұну, тәкәппар болмау және Оны жүрекпен сүю. Кімде-кімнің бойында осы қасиеттер болса, ол – мүмін.  Ал Алланы танудан басқа құлшылық иманнан емес, оларды орындамау иманның ақиқатына зиянын тигізбейді, оларды орындамағыны үшін азапталмайды. Қара: иржа.

        Мурид (мүрид) – сопылық бағыттағы діни лауазымды адамға қол тапсырып, соның ісін дәріптеуші шәкірт, ізбасар.

        Мурсәл (мурсал)  – сәнәдта сахабаның аты аталмаған хадис. «Мурсәл» сөзі араб тілінде «жіберілген» деген мағына береді. Хадис ілімінде егер тәбиғин хадисті риуаят еткенде хадисті жеткізген сахабаны айтпай бірден Пайғамбар (с.ғ.с) айтты деп, хадисті Пайғамбарға (с.ғ.с) телсе, ондай хадис «мурсәл» деп аталады. Себебі тәбиғин хадисті қай сахабадан алғандығын айтпай кеткен. Сол үшін мурсәл хадис дағиф (әлсіз) хадистер тобына жатады. Тек бірнеше жағдайларда ғана мурсәл хадис­пен амал жасалады:

        1) Мурсәл хадис екінші бір сәнәдта муттасил болса.

        2) Мурсәл хадисті екінші бір тәбиғин риуаят етсе.

        3) Сахабаның сөзіне сай келсе.

        4) Ғалымдардың көпшілігі сол мурсәл хадиспен амал жасау қажеттігін айтса.

        Мурсәл хафи (мурсал хафи)  – жасырын мурсәл. Егер рауи өзімен замандас біреуден хадис риуаят етсе, бірақ екеуінің кездескендігі немесе кездеспендігі белгісіз болса және рауидің одан хадистерін риуаят етуге рұқсаты болмаса әрі риуаят еткенде өзінің анық сол рауиден хадис алғандығын анықтайтын сөзді пайдаланбаса, ол хадисті «мурсәл хафи» деп атайды. Мудәлләс пен мурсәлдің айырмашылығы: мудәлләста екі рауидің кездескендігі белгілі болады. Ал мурсәл хафиде екі рауидің кездескендігі белгісіз болады.

        Мурсәл әс-сахаба  – сахабаның мурсәлі. Ислам дініне кеш кірген, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) тірі кезінде әлі сәби, жас болған немесе Пайғамбар (с.ғ.с) сол хадисті айтқан кезде қасында болмаған сахабаның риуаят еткен хадисі. Көптеген жас сахабалар кейіннен үлкен сахабалардан хадистерді естіп, бірден Пайғамбар (с.ғ.с) былай деп айтты яки Алла елшісі (с.ғ.с) былай деген еді, деп хадистерді риуаят еткен уақытта сол хадисті өзіне жеткізген сахабаны айтпай, бірден Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) телген. Мысалы: Ибн Аббас, Абдуллаһ ибн әз-Зубәйр және т.б. Сахабаның мурсәл хадисі муттасил хадистің үкімін алады. Яғни ол хадиспен амал жасау керек және діни дәлел ретінде жүреді.

        Муртад  – діннен шыққан адам. Егер мұсылман Ислам дінінен бас тартса, ол «муртад» деп есептеледі де, оны мұсылмандар қатарына қоспайды. Ол қайтыс болғанда шариғатқа сай жуылмайды, кебінделмейді, жаназа намазы оқылмайды және мұсылмандардың қорымына жерленбейді. Сонымен қатар оның артынан бағышталып дұға жасалмайды.

        Муртада (Мұртаза) – разы етілген. Әли ибн Әбу Талибтің сипаты.

        Мусалла  – Пайғамбарымыз (с.ғ.с) заманында мешіттер тар болғандықтан, айт намазы секілді намаздарға Мәдина қаласының айналасындағы ауылдық жерлерде тұратындар да қатысатын, көп жамағатты намаз оқу үшін қала сыртында арнайы орын болған. Сол жер «мусалла» деп аталған. Қазір қоғамдық орындарда бес уақыт намаз оқылатын жерлер «мусалла» деп аталады. Қазақ тілінде ол жерлер «намазхана» деп те аталып жүр.

        Мусафаха  – қол беріп амандасу. Хадис ілімінде: егер хадисті риуаят еткен адамның шейхының сәнәдіндегі рауилер саны, мысал ретінде, имам ән-Нәсәидің сәнәдіндегі рауилер санымен тура келсе, алғашқы сәнәдты риуаят еткен адам имам ән-Нәсәимен қол беріп амандасқан сияқты болып есептеледі. Яғни хадистің сәнәдінде имам ән-Нәсәимен кездесіп, қол беріп амандасқандай болады. Қара: мусәуә.

        Мусаххаф  – қате, хадистің мәтінінде кеткен нүкте қателері. Қара: тасхиф.

        Мусәуә  – тең, бірдей. Егер хадис сәнәдіндегі адамдар саны рауиден бастап соңына дейін басқа бір мусаннифтің сәнәдімен бірдей болса, ол «мусәуә» деп аталады. Мысалы: Имам ән-Нәсәи риуаят еткен хадистің сәнәдінде Пайғамбарға (с.ғ.с) дейін он бір адам болса, тура сол хадистің екінші бір сәнәдінде он бір адам болса, ол екеуі «мусәуә» болады. Яғни бір хадистің екі сәнәдінің сандарының бірдей болуы «мусәуә» деп аталады.

        Муслә  – тірі жануардың әртүрлі дене бөліктерін кесіп азаптау. Ислам дінінде муслә жасауға тыйым салынған. Сонымен қатар соғыс немесе басқа да жағдайларда қолға түскен не өліп қалған жауға да муслә жасауға болмайды.

        Муснәд  – муснәд. «Муснәд» сөзі бірнеше мағынада қолданылады:

        1) Сахабалардың не олардан кейін келгендердің риуаят еткен хадистерін тақырыбы бойынша емес, хадистерді рауидің есіміне қарай жеке-жеке жинақтаған кітап. Мысалы: Имам Ахмадтың «Муснады».

        2) Пайғамбарға (с.ғ.с) дейін сәнәді үзілмей жеткен хадис.

        3) «Иснад» деген мағынада қолданылады. Мысалы:

         әш-Шиһәбдің Муснәді, яғни әш-Шиһәб риуаят еткен хадистер және  Әбу Ханифаның Муснәді, яғни Әбу Ханифа риуаят еткен хадистер.

        Муснид  – хадисті сәнәдімен риуаят етуші адам. Бұл адамның сәнәд ілімін білуі шарт емес.

        Мустафид  – мустафид. «Мустафид» сөзі судың тасып, арнасынан асып кеткендігін білдіретін  фада етістігінен шыққан туынды сөз. Яғни бір заттың мөлшерден тыс көп болуын, межеден асып кетуін білдіреді. Хадис ілімінде «мустафид» терминіне үш түрлі анықтама береді:

        1) Мәшһур терминіне синоним.

        2) Мәшһурден қарағанда тар мағынада.

        3) Мәшһурден қарағанда кең мағынада1.

        Мустахаб  – істесе сауап алатын, істемегені үшін еш айыпталмайтын, шариғат құптаған, дәрежесі жағынан сүннеттен төмен келетін амал.

        Мустахраж  – шығарылған. Хадис ілімінде «мус­тахраж» деп хадис кітаптарының бірінің хадистерін басқа сәнәдтермен риуаят етуді атайды. Екінші сәнәдтағы шейхпен алғашқы сәнәдтағы хадисті риуаят еткен шейх немесе сол шейх хадис риуаят еткен рауи бір адам болуы мүмкін.

        Мустадрак (мустәдрак) . «Мустадрак» сөзі араб тілінде «ұмытылып, ескерілмей кеткен нәрсені еске түсіру» деген мағынаны береді. Хадистерді жинаған ғалымдардың барлығының өзіне тән хадис жинауда шарттары болған. Осы жинақтарда ескерілмей кеткен, бірақ автордың жинақта талап еткен шартына сай хадистерді басқа бір ғалым жинақтап жазса, оның жазған кітабын «мустадрак» деп атайды. Мысалы, әл-Хаким ән-Нәйсәбуридің имам әл-Бұхари мен Муслимнің сахих кітаптарында ескерілмей кеткен, екеуінің шарттарына тура келетін хадистерді жинаған  «Мустадрак ъала әс-Сахихайни» кітабы.

        Мусхаф  – Құран Кәрім кітабы немесе Құран аяттары жазылған парақтардың жинағы.

        Мутәбәға  – жалғасу, артынан қадағалау, ізімен жүру. Хадис ілімінде, егер бір хабарды бір сахабадан сөзбе-сөз немес мағынасымен басқа жолмен сол сахабадан риуаят етсе «мутәбәға» деп атайды. Мутәбәға екі түрлі болады:

        1)  мутәбәға тәммә, яғни толық мутәбәға.

        2)  мутәбәға қасира, яғни шектеулі мутәбәға. Мысалы: Хаммад ибн Сәләмә Аюбтан, ол Ибн Сириннен, ол Әбу Һурайрадан риуаят еткен хадисті Хаммадтан басқа бір рауи Аюбтан, ол Ибн Сириннен, ол Әбу Һурайрадан риуаят етсе, ол «мутәбәға тәммә» деп аталады. Ал егер Аюбтан Хаммадтан басқа ешкім риуаят етпей, Ибн Сириннен басқа біреу риуаят етсе ол «мутәбәға қасира» деп аталады.

        Мутәмәттиғ  – қажылықтың тәмәттуғ түрін орындаушы. Қара: тәмәттуғ

        Мутәуәтир (мутауатир)  – үзілмей бірінен кейін бірі жалғаспалы түрде келген, күмәнсіз, шүбәсіз. Хадис ілімінде өзара өтірік айтуға келісіп алулары мүмкін емес бір топ, сенімді адамдардың өздері сияқты сенімді адамдардан Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) дейін сәнәді осылайша көпшіліктің риуаят етуімен үзілместен жалғасып жеткен хадис. Мутәуәтир хадис бүкіл діни істерде, ақидада, фиқһта және т.б. ілімдерде бұлтартпас дәлел ретінде қабыл етіледі. Мутәуәтир хадистің екі түрі бар:

        1)  мутәуәтир лафзи, яғни сөзбе-сөз мутәуә­тир. Мутауатир лафзи хадистің мәтінін барлық рауилер бірдей сөзбе-сөз риуаят етеді. Мысалы:  «Кімде-кім әдейі ме­нің атымнан жалған сөйлесе, ол өз орнын тозақтан дайындай берсін» деген хадисті Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) жетпістен астам сахаба, олардан жүздеген тәбиғиндер риуаят еткен.

        2)  мутәуәтир мағнәуи, яғни мағыналық мутәуәтир. Рауилердің барлығы риуаят еткен хадистің сөздері әртүрлі болғанымен бір мағынаны береді. Мысалы, дұға оқыған кезде екі қолды көтеру. Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) әртүрлі жағдайларда дұға оқыған кезде екі қолын көтерді деген мағынаны беретін жүзге тарта хадис келген. Бұл хадистердің әрқайсысы мутауәтир емес, бірақ барлық риуаяттарды қосқан кезде «Пайғамбар (с.ғ.с) дұға оқыған кезде екі қолын көтерген» деген ортақ мағына шығады. Сол сияқты Пайғамбардың (с.ғ.с) айды екіге бөлгендігі туралы хадистер де мутауәтир мағнәуи дәрежесіне жетеді.

        Мутәшәбиһ  – ұқсас, біркелкі, бірыңғай. Хадис ілімінде егер рауилердің аттары жазылуы және айтылуы бірдей болып, әкелерінің аттары жазылуы бірдей, бірақ айтылуы басқаша болса оларды «мутәшәбиһ» деп атайды. Мысалы:

         Мухаммад ибн Ақил және  Мухаммад ибн Уқайл.

        Мутға некесі  (никах әл-мутға) – уақытша некенің атауы. Мұндай некеге Пайғамбардың (с.ғ.с) Мәдинаға қоныс аударуынан һижраның 6 жылы Хайбар жорығына дейін алты жыл мұсылмандарға рұқсат етіліп, сосын бұл үкім күшін жойған. Сондықтан мутға некесі харам болып табылады.

        Муттасил  – жалғасқан, үзілмеген, жалғанған. Егер хадистің сәнәді ең соңғы раиуден айтқан адамға дейін үзілмей жетсе, ол хадисті «муттасил» немесе «маусул» деп атайды. Бұл хадистің басы Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) немесе сахабаға барып тірелуі мүмкін.

        Муттафақун аләйһи  – келісілген. Хадис ілімінде имам әл-Бұхари мен Муслим бір сахабадан риуаят еткен ха­дисті «муттафақун аләйһи» деп атайды.

        Муттафиқ уа муфтарақ  – келісілген және ажыратылған. Рауилердің аттары және әкелерінің аттары бір, бірақ әрқайсысының салалары бөлек ғалымдар.

        Муфассал сүрелері  – Құранның «Қаф» немесе «Хужурат» сүресінен басталып «Нас» сүресіне, яғни аяғына дейінгі сүрелердің жалпы атауы. Муфассал (бөлшектелінген) сүрелерге Құран Кәрім кітабының соңғы жағындағы аяттар саны қысқа болып келетін сүрелер жатады. Бұл топқа кіретін сүрелердің арасы «Бәсмәләмен» көп бөлінетіндіктен «муфассал», яғни «көп бөлшектенген» деп аталған. Муфассал сүрелер «мухкәм» деп те аталады. Муфассал қай сүреден басталатындығына қатысты ғалымдар арасында ортақ пікір жоқ. Кейбір ғалымдар оны «Қаф» сүресінен басталады» десе, екінші бір ғалымдар оны «Хужурат» сүресінен басталады» деп есептейді. Муфассал сүрелер өз ішінен: ұзақ, орташа және қысқа болып үшке бөлінеді. Ұзақ муфассалға «Хужурат» сүресінен «Буруж» сүресіне дейінгі сүрелер, орташа муфассалға «Тариқ» сүресінен «Бәйинә» сүресіне дейінгі сүрелер, қысқа муфассал сүрелеріне «Зилзәлә» сүресінен «Нас» сүресіне дейінгі сүрелер кіреді.

        Муфрид  – қажылықтың ифрад түрін орындаушы. Қара: ифрад.

        Муфсид – басталған бір құлшылықты немесе амалды бұзатын әрекеттер. Мысалы, намаз оқып тұрып сөйлеу, күлу намазды бұзатындықтан, ол әрекеттер муфсид деп есептеледі.

        Муфти (мүфти)  – 1) Пәтуа шығаруға құқығы бар ғалым адам.  2) Шариғат жолын тұтынуға басшылық ететін, оның ішкі жұмыстарын басқаратын мұсылмандардың ең жоғарғы уәкілі.

        Муфтият – мұсылмандар діни бірлестігінің, басқармасының кеңесуші органы.

        Мухабара  – жердің үштен бір бөлігін немесе төрттен бір бөлігін жалға беру. Мухабара – музарағаға жақын ұғым. Екеуінде де жер иесі жерін өнімнің бір бөлігіне жалға береді. Әйтсе де бұлардың арасындағы айырмашылық бар. Музараға кезінде егін жер иесінің есебінен, ал мухабара кезінде жалға алған адамның есебінен егіледі. Шафиғи мазһабы өкілдерінің көпшілігінің пікірі осыған тоғысады. Рафиғ ибн Хадижден жеткен хабарда, егін жерді жалға алған адамның есебінен егіліп, жер иесі егін алқабының нақты қай бөлігінің өнімі өзіне тиесілі болатынын белгілеген жағдайда, жерді жалға беруге тыйым салынатыны айтылған. Мұндайда жер иесі көбінесе егіндіктің суармалы бөлігінің өнімін өзіне тиесілі деп белгілейтін. Кейде егіндіктің жер иесіне немесе жалға алған адамға тиесілі бөлігі өнім бермей, екеуара келіспеушіліктер туындайтын. Өйткені жердің белгілі бір бөлігінің өнім беруіне ешкім де кепіл бола алмайды. Жалға алған жер үшін алтынмен не күміспен қолма-қол төлеуге немесе жер ақысы ретінде өнімнің белгілі бір кепілдемелі мөлшері белгіленген жағдайға келсек, музарағаның мұндай түріне тыйым салынбайды. Бұл жайлы Рафиғ ибн Хадиждің хабарында айтылған. Ал хадистегі «мухабара – үштен бір бөлік, төрттен бір бөлік және сол сияқтылар» деген сөздерді имам Шафиғи, әл-Бұхари және басқалар «бұл кесімді тыйым емес» деп түсіндіреді. Бұл пікір Ибн Аббастан да (Алла әкесі екеуіне разы болсын) келтірілген.

        Мухадара – жемістер мен дәнді дақылдарды жарамдылығы белгілі болмай тұрып сату.

        Мухаддис  – хадистерді жинақтаумен, оларды жеткізумен және сұрыптаумен айналысатын хадис білгірі. Сонымен қатар хадистің мәтіні мен сәнәдін жатқа білетін және сол сәнәдта келген рауилердің әділдігі мен айыптарын (жарх пен тағдил) білетін хадис ілімінің ғалымы да «мухаддис» деп аталады.

        Мухадрам  – Ислам діні келгенге дейін дүниеге келіп, Ислам діні келгеннен кейін де өмір сүрген, бірақ Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с) көзі көрмеген дүниеден мұсылман болып өткен адам.

        Мухақала (мухақалә)  – орылмаған егістің астығын немесе шағы мен масағынан ажыратылмаған жемісті азықтың белгілі өлшеміне сату.

        Муханнас  – мінез-құлқы, қимыл-қозғалысы және сөз мәнері әйелге ұқсайтын немесе әдейі әйелдерге еліктейтін еркек.

        Мухаррам І – ай күнтізбесі бойынша жылдың бірінші айы.

        Мухаррам ІІ – шариғат тыйым салған амалдар.

        Мухарраф  – хадис мәтіні мен сәнәдіндегі сөздің әріптері сақталып, харакаттарында кеткен қателік. Мысалы:  Сәлим және  Суләйм.

        Мухкәм  – өзінің мағынасына қарама-қайшы мағынада келген хадис жоқ, қабыл етілген хадис. Мұндай хадиспен амал жасау уәжіп.

        Мухрим  – қажылықты немесе умраны ниет етіп, их­рам халіне өткен адам.

        Мухсар  – белгілі кедергілерге байланысты қажылы­ғын немесе умрасын аяқтай алмаған адам.

        Мухталаф әл-хадис  – егер хадистің беретін мағынасына сырттай қарсы мағынада келген хадис болса және осы бір-біріне қарсы мағыналы екі хадисті бірге қарсы еместей қылып түсіндіру жеңіл болса, ол хадисті «мухтәләф әл-хадис» деп атайды.

        Мухтәлат  – жасы үлкею себепті есте сақтау қабілеті нашарлап, жаттағанын шатастырып алу. Сол сияқты, егер рауи хадисті кітаптан оқып, риуаят ететін болса, бір себептермен көзі жазым болып көрмей қалғаннан кейін немесе кітаптары өртеніп кеткеннен, яки жоғалтып алғаннан соң, есте қалған хадистерін риуаят еткен кезде қателесетін болса, оның хадисін «мухтәлат» деп атайды. Ал қателескен немесе шатасқан рауи «мухтәлит» деп аталады. Егер ондай рауидің шатасқанға де­йінгі хадистерін шатаса бастағаннан кейінгі риуаят еткен хадис­терінен ажырату мүмкіндігі болса, шатаса бастағанға дейінгі хадистері қабыл етіледі. Ал егерде ажырату мүмкіндігі болмаса, оның риуаят еткен барлық хадистерімен амал жасалу анық-қанығын ажыратқанға дейін тоқтатыла тұрады. Осы ережеге сәйкес барлық күмәнді рауилердің хадистерімен амал жасау анығын білгенге дейін тоқтатыла тұрады. Ондай рауиден, яғни мухтәлит адамнан шатаса бастағанға дейін хадис алған адамдар белгілі болса, олардың риуаяттары қабыл етіледі. Ал белгісіз жағдайда амал жасалу хадистің анық-қанығын анықтағанға дейін тоқтатыла тұрады.

        Мухтәлит  – қателесуші, шатасушы, жаңылысушы. Қара: мухтәлат.

        Муһажир  – қоныс аударушы. Мүшріктер тарапынан зәбір көрулері себепті Алла елшісіне (с.ғ.с) ілесіп Меккеден Мәдинаға қоныс аударған мұсылмандар осылай аталған.

        Мушаббиһа  – Алланың есім сипаттарын адам және басқа да жаратылыс иелерінің сипаттарына ұқсататын, сол секілді дейтін адасқан топ. «Мушаббиһа» сөзі араб тілінде ұқсатушы деген мағына береді. Қара: ташбиһ.

        Мушәлләл – Мекке мен Мәдинаның арасындағы Манат аталатын әйел құдайдың ғибадатханасы орналасқан таудың аты.

        Мушкәл . Қара: мухтәләф әл-хадис.

        Мұнафық (мунафиқ)  – екі жүзді. Сыртқы көзге мұсылманмын деп айтатын, бірақ жүрегінде иманы жоқ адам.

        Мұсылман  – Алла тағаладан басқа табынатын тәңір жоқ және Мұхаммед Алланың елшісі (с.ғ.с) екендігіне куәлік беріп, Алла тағалаға және Оның елшісіне (с.ғ.с) шын жүрегімен сенген адам. Яғни Ислам дінін ұстанушы адам.

        Мұхтасар  – кітаптың ықшамдалып, екшелген нұсқасы.

        Мүбарак (мубарак)  – құтты, берекелі.

        Мүмін (мумин)  – иман келтірген. «Мүмін» сөз термин ретінде иманның алты шартына сеніп, Алланың және Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) бұйрық-тыйымдарын сақтап, үлкен күнәлардан аулақ бола жүріп игі амал істейтін адамға қолданылады.

        Мүміндердің анасы – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) әйелдерінің құрметті атауы.

        Мүшрік  – Аллаға серік қосып, Онымен қатар бір нәрсеге табынатын көпқұдайшыл адам.

        Мінәжат  – құпия сөйлесу, жалбарыну.

        Міскін  – бейшара, жарлы, ешнәрсесі жоқ, пақырдан да жағдайы төмен кедей.