Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Отбасы
        3. Онлайн неке қию дұрыс па?
        Онлайн неке қию дұрыс па?

        Онлайн неке қию дұрыс па?


        Жауап: Некені онлайн форматта (телефон немесе интернет арқылы бейне байланыс түрінде) қию мәселесінде Ислам ғалымдары арасында екі түрлі көзқарас бар. Ханафи мәзһабының ғалымдары ижаб пен қабулдың бірнеше шарты бар екенін, оның бірі – бір жерде болу керектігін айтқан. Алауддин Кәсани (Алла оны рақымына алсын): «Неке келісімі өткізілетін орынға қатысты шартқа тоқталатын болсақ, ол – екі тараптың (күйеу мен қалыңдық) ижабы мен қабулы бір жерде жүзеге асуы тиіс. Егер басқа жерде бөлек-бөлек болса, неке қиылмайды»[1], – деген. Ислам фиқһы академиясы Ғұламалар кеңесі[2], Пәкістан «Дару әл-улум»[3] ислам университеті Ғұламалар кеңесі және шейх Мухаммад Тақи Усмани сынды тағы басқа көптеген қазіргі ғұламалар, белгілі шариғи шарттар табылмағандықтан онлайн түрде неке қию дұрыс емес деген пәтуа берген. Десек те Уаһбә Зухайли, Мұстафа Зарқа сынды кейбір белгілі ғалымдар егер қандай да бір алдап-арбау яки шариғатты кемсіту сынды теріс әрекеттер болмаған жағдайда онлайн түрде неке қиюға болады деп пікір айтқан[4]. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесі онлайн түрде неке қиюға рұқсат етілмейді деп пәтуа қабылдады. Өйткені интернет арқылы неке қию кезінде қандайда бір алдап-арбау әрекеттері болып-болмайтындығына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондай-ақ, неке қию кезінде күйеу мен қалыңдық және куәгерлер бір жерде болуы, айтқан сөздерін бәрі естуі шарт. Тек қана белгілі себептермен егер неке қиятын адам (имам, молда) басқа жерде, ал күйеу мен қалыңдық және куәгерлер бір шаңырақ астында отырып, неке қиса рұқсат.

                                                                                     ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

        [1] «Бәдаиғу ас-санайығ», 2/232.

        [2] «Ислам фиқһы академиясы бірінші отырысының қарарлар жинағы» 10-бет.

        [3] «Фәтауа дару әл-улум», 3/558.

        [4] «Мәжәлләту әл-фиқһ әл-исләми», 2/867-888.