ӘЙЕЛДЕР АЗАН МЕН ҚАМАТТЫ АЙТА МА?
Азан – белгілі сөздермен намаз уақытының кіргенін жұртшылыққа жария ету.
Қамат – парыз намаздарының алдында намазға тұрудың басталғандығын білдіретін белгілі сөздер[1].
Бес уақыт намаз бен жұма намазына азан мен қамат айту ер кісілерге бекітілген сүннет, ал әйелдерге мәкруһ саналады[2].
Имам Касани (Алла оны мейіріміне алсын): «Әйелдер, балиғатқа толмаған балалар азанды және қаматты айтпайды. Себебі олардың жамағатпен намаз оқуы жақсы амал болып табылмайды. Ол жөнінде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لَيْسَ عَلَى النِّسَاءِ أَذَانٌ وَ لاَ إٍقَامَةٌ
«Әйелдер азан мен қаматты айтпайды»[3], – деген. Сондай-ақ олардың жамағатпен намаз оқуы дұрыс болмағандықтан азан да, қамат та айтылмайды»[4], – деп келтірген.
Зафар Ахмад Усмани жоғарыдағы хадиске: «Бұл риуаят азаншының ер кісі болу керектігін әрі әйелдердің азан айтуға түк қатысы жоқ екендігін білдіреді»[5], – деп түсіндірме берген.
Сондықтан әйел кісілер жамағат болып немесе жеке намаз оқыса да, азан мен қамат айтуы мәкруһ болып есептеледі.
Ерболат Боханов, Атырау облысы бойынша пәтуаға жауапты маман