ӨЗГЕ АДАМҒА ДЕМ САЛДЫРУҒА БОЛА МА?
Дем салу (рұқия) – көз тигенде, қорыққанда, шошығанда, ауырғанда, ақыл-есінен ауысқанда т.б. себептермен Фатиха, Ясин, Ықылас, Фалақ, Нас және басқа да таңдаулы сүрелер мен аяттарды, салауат пен дұғаларды оқу.
Қасиетті Құран Кәрімде былай делінеді:
وَنُنَزِّلُ مِنَ الْقُرْآنِ مَا هُوَ شِفَاء وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَ
«Құраннан мүміндерге шипа және рахым түсіреміз...»[1].
Айша анамыздан (одан Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біреуіміз ауырсақ, оны оң қолымен сипап:
أذهب البأس رب الناس، واشفِ أنت الشافي، لا شفاء إلا شفاؤك، شفاءً لا يُغادر سقمًا
«Әзһибил-бә’сә, Раббән-нәси, уәшфи, Әнтәш-Шәфи, лә шифә’ә иллә шифә’укә, шифә’ән лә йуғадиру сақама (Дертті кетір, адамдардың Раббысы! Шипа бер, Сен – шипа берушісің, Сенің шипаңнан басқа шипа жоқ. Ауруды қалдырмайтындай шипа бер)», – деп айтатын»[2].
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің немерелері Хасан мен Хусайнге дем салғанда былай дегені келген: «Сендердің аталарын Ибраһим (а.с.) өз балалары Исхақ және Исмаилге былай дем салушы еді: «Әъузу бикәлимәтилләһи әт-тәммә мин кулли шәйтон уә һәммә уә мин кулли ъайн ләммә» (Мен Алланың барлық сөздеріне сыйына отырып шайтаннан, зиянкестен және тіл көзден сыйынамын)»[3].
Содай-ақ, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уақытында бір елді мекеннің патшасы ауырып, оған кейбір сахаба «Фатиха» сүресін оқып дем салғанда, әлгі кісі ауыруынан айыққандығы туралы риуаяттар да келген[4].
Жоғарыдағы хадистерден демді адам өзіне де өзгеге де салуға болатынын аңғарамыз[5]. Алайда дем салу үшін мына шарттар орындалуы тиіс:
1. Құран аяттарымен, Алла Тағаланың көркем есім-сипаттарымен;
2. Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен дұғалармен;
3. Дем салушы да, дем салдырушы да шипаны бір Алланың беретіндігіне, ал аяттардың тек себеп қана екендігін жүректеріне бекіту[6].
Қорыта келгенде, белгілі бір дертке душар болған адам шамасы келсе өз-өзіне дем салуға болады. Ал шамасы келмесе дем сала алатын адамға жүгінудің оқасы жоқ.
Диас Тұрсынбекұлы
Ақмола облысы бойынша пәтуаға жауапты маман