Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
       
       
        Таң
        Күн
        Бесін
        Екінті
        Ақшам
        Құптан
      1. Басты бет
      2. Отбасы
      3. ИСЛАМДА ҮЙЛЕНУ МЕН АЖЫРАСУ МӘСЕЛЕСІ
      ИСЛАМДА ҮЙЛЕНУ МЕН АЖЫРАСУ МӘСЕЛЕСІ

      ИСЛАМДА ҮЙЛЕНУ МЕН АЖЫРАСУ МӘСЕЛЕСІ

      Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

      Аллаһ Тағала Құранда айтты: «Сендерге оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңнан сүйіспеншілік пайда қылғандығы да, оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар». (Рум :21)

      Аллаһ тағыда былай дейді: «Іштеріңдегі бойдақтарды (ер жеткен ұл-қыздарды тұл ер әйелдерді) сондай –ақ қолдарыңдағы құл-күңдердің дұрыстарын үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса да. Аллаһ оларды өз кеңшілігімен оларды байытады. Аллаһ аса кеңшілік иесі толық білуші». (Нұр :32)

      Бауырлар! Алладан қорқыңдар араларыңдағы ер бозбалалармен бойжеткен қыздардың проблемаларына қарайласыңдар да, оларға пайдалы дауасын іздеңдер және олардың жамандыққа, қауіптілікке баруларынан алдын ала алуға қол ұшын тигізіңдер.

      Ажырасу:

      Қоғамның негізі – жанұя. Жанұясыз ешбір қоғамды елестету мүмкін емес. Әке мен шеше ол жанұяның қос қазығы. Ал, бала оның – келешегі. Қос қазықтың біреуі суырылса отау жарым-жарты болып, бала жетім қалмақ.

      Исламда жанұя түсінігінің үлкен орынға ие екендігі «Неке (үйлену) – менің сүннетім. Кім менің сүннетімнен бас тартса, ол менен емес», - деген Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың хадисінен-ақ байқалады. Ал, енді ажырасу Исламда «талақ» деп аталады. Сөздікте бір нәрсені босату, жібере салу дегенді білдіретін «талақ» сөзі Ислам шариғаты терминологиясында күйеудің аузынан шыққан немесе әйелдің сұранысымен қазы айтқан, ажырасуды ашық немесе астарлы түрде бейнелейтін белгілі бір сөздермен ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық байланысты үзу дегенге саяды.

      Жалпы адамдар арасында келіспеушіліктердің туындап отыруы – заңды құбылыс. «Егер раббың қалағанда, адам баласын бір үммет етіп жаратқан болар еді», - деген Аллаһ Тағала, адамзаттың әуел бастан-ақ бірдей түсінікте болмайтындығын тағдырына жазғанға ұқсайды. Міне, осындай түрлі түсінікке ие болушылық кей кездері Аллаһтың құлдарының, тіпті соның ішінде ерлі-зайыптылардың да ара жігінің бұзылуына апарып соғатын негізгі себептердің бірі болса керек. Демек, ажырасу да – заңды құбылыс болғаны. Сондықтан болар, Ислам ерлі-зайыптыларға ажырасуға рұқсат берген. Дегенмен, «Талақ – Аллаһ Тағала жек көретін халал іс» деген қағидатты да естен шығармағанымыз жөн. Аллаһ Тағала Құранда талаққа үш рет қана жол берілетіндігін айтады. Бұдан біз мынадай нәтиже түйеміз: Ислам ажырасуға үзілді-кесілді тыйым салмаған және де бұл «есікті» айқара ашпаған да. Сөзіміз дәйексіз қалмауы үшін, бұған байланысты Құраннан бір-екі аят келтіре кетсек.

      «Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды жек көретін болсаңдар, (ұмытпаңдар) Аллаһ сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін» (Ниса сүресі 19-аят) - деп, Аллаһ Тағала шаңырақ құрғандарды үстірттіктен тыйып, ойлануға шақырып отыр.

      Ал мына бір аят екі жұптың тырнақ астынан кір іздемей, бір-бірлерінің жаманын жасырып, жақсысын асырып жүрулерін үгіттейді: «Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Аллаһ Жоғары мәртебелі әрі Ұлы» (Ниса сүресі 34-аят).

      Жаратушы Иеміз «Ал енді күйеуі оны (үшінші рет) талақ етсе, ол әйел бұдан былай, басқаға үйленбейінше оған халал емес» (Бақара сүресі 230-аят), - деп, талаққа шек қойған. Демек, ерлі-зайыптыларға үш талақ мүмкіншілігі беріледі. Әйелін үш рет талақ еткен ер адам жұбайын қайта ала алмайды. Қайта үйленулері үшін әйел басқа бір еркекпен тұрмыс құрып, онымен қосылып, ол адам оны талақ етіп, әйелдің күтетін етеккір мерзімі (иддә) бітуі тиіс. Міне, сонда ғана бірінші күйеуі ол әйелді жаңа мәһрмен жаңа неке арқылы өзіне ала алады.

      Талақ Аллаһ тарапынан күйеуге ғана берілген құқық. Ұлы Аллаһ Құран Кәрімде «Егер сендер жақындаспай тұрып, оларға (мәһр) белгілеп, оларды талақ еткен болсаңдар, белгілегендеріңнің жартысын (беріңдер). Бірақ ол әйелдер (жартысын да алмаймыз деп) немесе неке жібін қолында ұстаған (еркек толық беремін деп) кеңшілік етсе, ол басқа...». (Бақара сүресі 237-аят) Бұл аятта өткен «талақ еткен болсаңдар», «қолында неке жібін ұстаған» деген сөздер ер адамға қаратыла айтылған. Яғни, талақты ер адам ғана береді.

      Талақта қолданылатын сөздер

      Талақта қолданылатын сөздер тура мағынасында сарих, астарлы мағынасында кинәя болып екіге бөлінеді.

      Тура мағынадағы сөздер айтыла салысымен талақ жүреді. Кері қайтарудың жолы жоқ. Ал, астарлы сөздердің қолданылуы жеткіліксіз. Оған, ол сөзді айтқан адамның ниетінде талақтың болуы немесе еркектің ол сөзді айтқан кездегі халі талаққа дәлел бола алуы қажет. (Мухаммед Мухиддин Абдуль-Хамид, әл-Ахуалушшахсия фи әш-шәриатиль исләмийя 269-бет) Егер айтқан адамның ниетінде ажырасу ойы бар болса немесе екеуінің арасында ұрыс болып, астарлы сөзді ашулы күйінде қолданған болса, талақ орындалады.

      Тікелей мағынадағы сөздер болсын, мейлі астарлы сөздер болсын әр тілдің өзіндік ерекшелігіне қарай бір-бірінен өзгеше. Мысалы, қазақ тіліндегі тікелей мағынадағы сөздер: талақ еттім, ажырастым, некені бұздым және т.б. осындай сөздер айтыла салысымен еркектің үш талақ мүмкіншілігінің біреуі кетеді.

      Астарлы сөздер: Кет, басың бос, боссың, бара бер, шық және т.с.с. Бұларды астарлы деп атауымыздың себебі бұл сөздер талақтан басқа мағыналарға да келеді. Мысалы, «кет» деген сөз бір жерге барып кел дегенге де саяды. (Мухаммед Мухиддин Абдуль-Хамид, әл-Ахуалушшахсия фи әш-шәриатиль исләмийя 267-бет) Міне, сол үшін мұндай сөздерді қолданған адамның оны қандай ниетпен айтқандығына қараймыз. Егер ниетінде ажырасу бар болса, оның бір талақ құқы жұмсалған болады.

      Талақта қолданылатын сөздерге қатысты соңғы айтарымыз: талақ мәселесін ойынға айналдыруға дінімізде қатаң түрде тыйым салынады. Бұл Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Үш нәрсенің шыны да шын, ойыны да шын. Олар: неке, құл азат ету және талақ» (Тирмизи, Сүнән 1184; Хаким, әл-мустәдрак 2/198), - деген хадисі бар. Осы хадиске сүйеніп Ханафи, Шәфи және Ханбәли мәзһабтары (жумһур) ғалымдары талақ сөзін ойнап айтқан адамның әйелі талақ болатындығына бір ауыздан келіскен. Сондықтан кез келген мұсылман адам бұл мәселеде өте абай болуы керек.