Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Отбасы
        3. ИСЛАМ ДІНІНДЕГІ НЕКЕ МӘСЕЛЕСІ
        ИСЛАМ ДІНІНДЕГІ НЕКЕ МӘСЕЛЕСІ

        ИСЛАМ ДІНІНДЕГІ НЕКЕ МӘСЕЛЕСІ

        Аллаһ Тағала Адам атаны (аләйһиссәләм) жаратқаннан соң қосағы Хауа анамызды да жаратып, барша адамзат баласы ол екеуінен тарады. Бұл Құран Кәрімде былайша баяндалады: «(Аллаһ) сендерді бір жаннан (Адам атадан) жаратып, ол жаннан оның жұбайын жаратты, әрі ол екеуінен еркектер мен әйелдерді көптеп таратты». (Ниса сүресі 1-аят) Тағы бір аятта: «Біз әр нәрсені жұп қылып жараттық, бәлкім ойланарсыңдар» (Зарият сүресі 49-аят) - деп бұл ақиқаттың шетін шығарып кеткен. Демек, Раббымыз Аллаһ Тағала о бастан-ақ мақлұқ атаулының бәрін, соның ішінде адамды да жұп қылып жаратқан екен. Олай етпеске де болмайды. Себебі, біріншіден, жалғыздық тек Жаратқанға ғана тән қасиет болса, екіншіден, бұлай жұп болып жаратылудың түбінде пенделік кемшілік пен одан туындайтын біреуге мұқтаждық бар.

        Үйлену – шариғатта бар дүние. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде «Ниса» сүресінің 3-аятында: «Өздеріңе ұнаған әйелдерден екеу, үшеу және төртеуден некелеңдер. Ал, егер араларында әділдік жасай алмаймыз деп қорқатын болсаңдар, онда біреуін немесе қол астыңдағыға (некелеңіз)» - дей келе үйленудің халал екендігін түсіндірсе, Имам Маликтің Әнәстан (Аллаһ оған разы болсын) жеткізген хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Құл үйленген кезде діннің жартысын кәміл орындаған болады. Ал, енді қалған жартысы бойынша (немқұрайлы болудан) Аллаһтан қорықсын», - деп үйленудің діннен екендігін айтып кеткен.

        Ислам – Жаратушы Аллаһ Тағаладан барша адамзатқа жіберілген хақ дін. Ол адам баласына келгеннен кейін, ондағы кез келген үкім оның игілігі үшін беріледі, әрі оның табиғаты ескерілусіз қалмайды. Сол үкімдердің бірі – неке. Бұл үкім басқа да үкімдер тәрізді адамзаттың табиғатына сай. Себебі, ол адамның қажетіне байланысты берілген. Егер Аллаһ Тағала бұларға рұқсат бермегенде, біріншіден бұл Аллаһтың (Хаким) әрбір істі хикметпен атқарушы деген сипатына қайшы келетін еді, екіншіден, адамның табиғаты бұл нәрсені көтере алмақ емес. Осы ретте мына бір хадиске назар аударалық: «Үш кісі Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жұбайларының үйлеріне келіп, олардан оның (с.а.у.) істеп жүрген құлшылықтары жайында сұрайды. Олар бұл турасында жауап алғаннан кейін, азсынып былай дейді: «Біз қайда, Аллаһтың Елшісі қайда?! Аллаһ оның бұрынғы әрі келешектегі күнәларын кешірген». Сонда олардың бірі былай деді: «Мен бұдан былай әрбір түнімді құлшылықпен өткізетін боламын». Екіншісі: «Ал, мен өмір бақи ораза ұстаумен өтемін», - деді. Сосын үшіншісі (бұлардан қалыспай): «Мен болсам, әйел атаулыға жоламаймын да, еш үйленбеймін де», - деді. Күндердің бір күнінде бұл жәйт Хазіреті Пайғамбарымыздың құлағына жетеді. Аллаһтың елшісі оларға барады да, былай деп тіл қатады: «Осындай-осындай, деп айтқан сендерсіңдер ме? Аллаһқа ант етемін! Мен Аллаһтан сендерден де қатты қорқып, сақтанамын. Бірақ, солай бола тұра мен ораза ұстаймын және ораза ұстамай да жүремін. Түннің бір уағында тұрып намаз оқимын әрі ұйықтаймын да. Сондай-ақ әйелдермен де некелесемін. Міне, бұл – менің  сүннетім. Ал, енді кімде-кім менің сүннетімнен бас тартса, ол менің жолымда емес». (Бухари, Никах 1) Бұл хадисті Имам әл-Бухари мен Имам Муслим екеуі де, Әнәс бин Маликтен (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен. Міне өздеріңіз байқағандарыңыздай, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) әлгі үш кісінің өздеріне халал болған ұйқыны, тамақтану мен үйленуден бас тартуды «сүннеттен бас тарту» деп санап орта жолды ұстануды бұйырып отыр.

        Адам баласы жұп-жұп болып жаратылғандығын жоғарыда айтып өттік. Тек адам баласы ғана емес, жан-жануарлар мен алуан түрлі организмдердің өзі де жұп болып жаратылған. Аллаһ Тағала адам баласын басқа жаратылғандардан артық тұтқан. Құранда: «Расында адам баласын ардақтадық» - деп айтылған. (Исра сүресі 70-аят) Ардақты болуының себебі де құлшылықта жатыр. Бұл жайында: «Мен адамдар мен жындарды тек қана өзіме құлшылық етулері үшін жараттым» - деп айтылған. (Зарият сүресі 56-аят) Жаратушы Тағалаға құлшылық ету – басқалардың бодауынан құтылу деген сөз. Міне бұл адамды бостандыққа алып барады. Бостандық – ардақты болушылық дегенге саяды. Аллаһ Тағала өзінің ардақты құлы адам баласының өзара жұптасуын жан-жануарлар секілді емес, оны арнайы діни қағидаларға негіздеген. Сол қағидалардың бірі – некелесу.

        Соңғы кездері басылым беттерінде «Азаматтық неке» деген терминді жиі кездестіреміз. Бұл жеке тұлғалардың некесіз өмір сүруі деген мағынада қолданылып жүр. Бұл тіркестің этимологиясы мен оның дұрыс-бұрыстығын тіл мамандарының үлесіне қалдыра отырып, айтпағымыз, дінімізде некесіз қатынас «зина» болып есептеледі. Зина ауыр күнәлардың қатарына жатқызылады. Қазақ тілінің сөздік қорында кездесетін «адал неке», «ақ неке», «адал жар» және т.б. сөз тіркестері атам қазақтың бұл мәселелерден жырақта қалмағандығын айғақтаса керек. Неке қию дініміздің негізгі әмірі болғандықтан, ең бастысы діни некеге тұруымыз керек. Бір проблема туындай қалған жағдайда соттың әділдігіне жүгіне алуымыз үшін немесе арада бала болған болса, оны тіркеуде қиындықтарға тап болмас үшін ресми некеге де тұруымыз қажет.

        Неке мәселесіне кіріспес бұрын Ислам діні бойынша үйленуге рұқсат етпейтін, тыйым салынған кісілерге тоқтала кетсек дейміз. Әрі оны Құран Кәрімдегідей ер адамды негізге ала отырып қарастырамыз. Яғни, ер адамдарға харам болған әйелдерді айтып өтеміз. Бұдан кез келген әйел баласына өзіне харам болған еркектерді түсінуі қиынға соқпас әрине.

        Ер азаматтарға харам болған әйелдер жалпы екі топқа бөлінеді: Мәңгі харам болғандар және уақытша харам болғандар.

         

        І. Мәңгі харам болғандар

        Бұларды өзінің жақындығы мен үйлену арқылы және сүт жолымен тарағандар деп үшке бөліп қарастырамыз.

        1)Жақындық жолмен харам болғандар. Бұлар іштей төртке бөлінеді:

        а.Негізгілер. Бұл топқа кіретіндер: аналарымыз, олардың аналары ... деп жоғары шыға алғанынша жалғаса береді.

        ә.Үрім-бұтақтар. Бұған жатқызылатындар: қыздарымыз, немере қыздарымыз ... деп төмендей береді.

        б.Негіздің үрім-бұтағы. Яғни, туған әпке-қарындастарымыз бізге мәңгілікке харам.

        в.Негіздің бауырлары. Бұлар нағашы және немере әпкелер.

        2) Үйлену арқылы харам болғандар да дәл солай төртке бөлінеді:

        а.Жақындасқан әйелінің үрім-бұтағы. Егер әйелімен жыныстық қатынасқа түспей ажырасатын болса, оның артынан келген қызын алуға болады. Қатынасқа түссе, онда оның артынан келген қызы ажырасқан күйеуіне мәңгі харам болады.

        ә.Әйелдің негізі. Бір әйелмен некелескен уақыттан бастап, жыныстық қатынас орын алмаса да, олардың шешелері оның бұрынғы күйеуіне өмір бақи харам.

        б.Негіздің жұбайлары. Туған әкеміздің әйелдеріне тіпті өгей шешелеріміз болса да, үйлене алмаймыз.

        в.Үрім-бұтақтың жұбайлары. Белімізден шыққан баламыздың адал жарларын еш уақытта ала алмаймыз. Бұл жерде «Белімізден шыққан бала» деп айтуымызда бір гәп бар. Себебі, асыранды баланың жұбайларын (ажырасып санаулы мерзімі біткеннен кейін) алуымызға Исламда рұқсат берілген. Бұл мәселе жұрналдың өткен санындағы «Бала асырау» атты мақаламызда кеңінен қаралған болатын.

        3) Сүт жолымен харам болған әйелдерді Құран сүт ана мен сүт бауыр деп екі топқа бөлсе, Аллаһтың елшісі Мұхаммед (с.а.у.): «Жақындық жолымен қай әйелдер харам болса, сүт жолымен де сол әйелдер харам» - деп Құранның қамтыған мағынасын кеңейте түскен. (Бухари, Шәһәдат 7; Мүслим, Рада 9)

         

        ІІ. Уақытша харам болғандар

        Уақытша харам болған әйелдер бесеу:

        1. Екі махрам жақын туыс әйел. Екі апалы-сіңліні, өз әйелі мен оның нағашы әпкесін немесе әйелі мен оның немере әпкесін бірдей қалыңдыққа алуға болмайды. Бұлардың кез келген бірімен тұрмыс құрған адам екіншісін (әпкесін немесе сіңлісін) қалыңдыққа біріншісімен ажырасып, оның күтетін мерзімі біткеннен соң алуға болады. Оған дейін уақытша харам болып есептеледі.

        2. Үйленген әйел. Жұбайы бар немесе күйеуінен ажырасқаннан соң оның белгілі мерзімі бітпейінше оған үйленуге болмайды.

        3. Үш талақпен ажырасқан әйел. Егер бір адам әйеліне үш талақ беріп ажырасқан болса, ол әйел уақытша харам болады. Яғни басқа бір еркекке тиіп, онымен бірге болып, одан қайта ажырасып күтетін мерзімі бітпейінше оны қайтып алуға болмайды.

        4. Кәпір әйел. Аллаһқа иман келтірмеген әйел ислам дініне немесе ең болмаса кітап иелерінің дініне (христиан немесе яһуди) кірмейінше, мұсылман ер адамның онымен үйленуі уақытша харам. Ал, мұсылман әйел тек Ислам дініндегі мұсылман ер адаммен ғана тұрмыс құра алады. Бұл мәселені бүкіл Ислам ғұламалары бір ауыздан осылай деп мақұлдаған.

        5. Төртеудің үстіне бесінші әйелді алу. Ислам ер азаматтарға төрт әйел алуға рұқсат берген. Бірақ одан көп әйел алуға дінімізде рұқсат жоқ. Егер де біреудің төрт әйелі болып, бір себепке байланысты тағы бір әйел алмақшы болса, онда ол әлгі төрт әйелінің бірімен ажырасып және оның күтетін мезгілі біткенге дейін басқа әйелмен тұрмыс құра алмайды.

         

        Сөз салу

        Ислам діні жігіттің қыз баланы көруге, онымен танысуға қарсы емес. Керісінше оған маңыз берген. Себебі, Ислам тұрақты әрі бақытты отбасының қалыптасуына үндейді. Бірін-бірі танымай үйленген екі жастың айрандай ұйып өзара үйренісуі екі талай нәрсе. «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейді қазақ. Бірақ, қызды көрудің белгілі бір шегі бар. Жігіт қыздың тек қана қолы (білезігіне дейін) мен жүзін ғана көре алады. Қыздың жайын түсінуге бұл екі ағзаның өзі де жеткілікті. Оның жүзі қыздың көркемдігіне, ал қолы денесінің арықтығы мен толықтығын айғақтайды. Сонымен бірге қыз бен жігіт оңаша жерде жолыға алмайды. Міндетті түрде араларында бір адам болуы тиіс. Қазақта сөз салу жеңгелер арқылы жасалған. «Жолы болар жігітің жеңгесі шығар алдынан» деген содан қалса керек.

         

        Неке

        Ислам құқығында неке тақырыбы өте күрделі. Бұл тақырыпты толығымен бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан некенің рүкіндері мен шарттарын шамамыз жеткенше түсіндіріп өтеміз.

         

        Некенің рүкіндері

        Рүкін дегеніміз бір нәрсенің құрамдас бөлігі дегенге саяды. Некенің құрамдас бөлігі екеу:

         

        1. Ижап. Екі тараптардың (еркек болсын, әйел болсын) бірінің ұсыныс білдіруі.

        2. Қабул. Екінші жақтың білдірген ұсынысына келісім білдіруі.

        Ижап пен қабулды орындауға еркек пен әйелдің екеуі де толық құқылы.

         

        Некенің шарттары

        Некенің шарттары төртке бөлінеді: құрылымдық, дұрыстық, өтімдік және байламдық шарттар.

         

        І Құрылымдық шарттар

        1)Екі тараптардың да ақыл-есінің дұрыс болуы.

        2)Мұсылман әйелмен үйленетін еркектің мұсылман болуы.

        3)Ижап пен қабулдың бір отырыста жасалуы.

        4)Тараптардың бір-бірінің сөзін естіп түсінулері.

        5)Ижап пен қабулдың бір-біріне кереғар болмауы. Мысалы, Жігіт: Қызыңыз Әйгерімді алдым - дегенінде, Қыздың әкесі: Мақұл, саған қызым Сәулені бердім - десе, ұсыныс пен қабыл алуда қайшылық көрініс тапқандықтан неке дұрыс құрылмаған болады. Жоғарыдағы шарттардың орындалуымен ғана неке құрылған болады, егер орындалмаса, жалған неке болып қалады. Бұлар некенің рүкіні төңірегіндегі шарттар.

         

        ІІ Дұрыстық шарттар

        1)Әйел мен еркектің үйленулеріне кедергі болатын еш нәрсе болмау керек. Яғни, әйел мен еркек бір-біріне харам болмауға тиіс.

        2)Неке келісімі кем дегенде екі еркек немесе бір еркек пен екі әйел кісінің куәлік етуімен солардың көзінше болу. Әрі бұл куәгерлер кәмілет жасына толған және ақыл-естері дұрыс болулары тиіс. Бұл шарттар орындалған жағдайда неке дұрыс болады, ал орындалмаған жағдайда бұрысқа айналады.

         

        ІІІ Өтімдік шарттар

        1)Келісімді жүргізушілер (қыз бен жігіт немесе олардың қамқоршылары) ақыл-естері дұрыс, кәмілет жасқа толған және бас бостандықта болулары қажет.

        2)Келісімді жүргізушінің бөтен адам болмауы.

        3)Екі жас екеуі де немесе екеуінің бірі балиғат жасына жетпесе, келісімді қамқоршының жүргізуі.

        Бұлар бар болса, неке өтімді (нәфиз), ал жоқ болса белгілі бір адамның рұқсаты болмайынша өтімсіз (мауқуф) болып қала береді.

         

        ІV Байламдық шарттар

        1)Балиғат жасына толмаған қыз бен жігіттің неке келісімін жүргізушілер әкесі немесе атасы болуға тиіс. Егер олардан басқа қамқоршылар үйлендірген болса, онда бұл неке байламды болмайды, қыз да, жігіт те үлкейгенде бұл некені бұза алады.

        2)Балиғат жасына жеткен қыз неке келісімін өзі жүргізетін болса, некелескелі тұрған жігітінің онымен ру, бостандық, дүние-мүлік, тақуалық және мамандық жағынан тең болуға тиіс. Осы жерде бір ескерте кететін жәйт, бұл тек қана еркектің бойында табылуы қажет шарт. Ал әйел баласының жоғарыдағы төрт мәселеде еркектен төмен болуының некеге зияны жоқ.

        3)Жігіттің қызға беретін мәһірі «мәһр мисльден» (төменде түсіндіреміз) кем болмауы керек.

        4)Ер адамның еркектік мүшесінің сау болуы.

        (Мухиддин Мисту, доктор Мустафа әл-Буға, Мухаммад Уахид әл-Аққад, Уәһби Суләймән ғауәжи: «Әл-Фиқһул Ханәфи», әл-Жумһурийә әл-Арабийә әс-Сурийә, Уизәратуль-әуқаф-1990 ж.)

        Бұл шарттар орындалса қиылған неке байламды (ләзим) болып, екі тараптың еш қайсысы бұл «адал некеден» кір іздеп оны бұза алмайды. Ал, енді орындалмай қалған жағдайда неке байламсыз болып (ғайру ләзим), тараптардың әрқайсысы қалаған уақыттарында бұл некені бұзуға құқылы болады.

        Байламдық шарттардың ішінде айтылған мәһр мәселесіне келсек. Мәһір дегеніміз – жігіттің қалыңдыққа міндетті түрде беретін құнды сыйлығы. Мәһрге белгілі бір шектеу қойылмаған. Ал, ең кемі ханафи мәзһабында он дирһам (күміс ақша) құнындай. Бұл шамамен 31.2 грамға сәйкес келеді. Жоғарыда айтылған «мәһр мисль» дегеніміз бір әулеттің қыз балаларына тақуалығы, білімі және т.б. ерекшеліктеріне байланысты әр түрлі болып, осы уақытқа дейін беріліп жүрген мәһр құны.

        Менің түсінігімше мәһр мен қалыңмал екеуі екі бөлек нәрсе. Өйткені қалыңмал қыздың өзіне берілмейді. Ал, мәһр қыздың өз меншігі. Онда ешкімнің ақысы жоқ. Мәһрді некеден бұрын да, кейін де беруге болады. Мәһр мәселесін осымен нүктелейміз.

        Неке тақырыбын бітірер тұста өзім маңызды деп санаған бір мәселеге тоқталып өтпеске амалым жоқ. Имам Ханафи мәзһабында кәмелетке толған қыздың некесіне оның әке-шешесі немесе басқа да қамқоршыларының ризашылығы некенің дұрыс болу шартына кірмейді. Мәзһаб ғалымдары бұған Құран мен хадистерден нақты дәлелдер келтірген. (Мухаммад Мухиддин Абдульхамид «Әл-Ахуалуш-шахсия» Бәйрут -2003 ж. 23-24 б.)

        Өкінішке орай қазіргі таңда ханафи мәзһабының бұл үкімін, қамқоршының неке қиярда еш қажеті жоқ деп, қате түсініп, әке-шешелеріне айтпай жасырын неке қидырып жүргендер бар. Ал, түптеп келгенде қамқоршылардың ризашылығы «некенің шарты» емес дегеніміз, олардың хабардар болуларының мүлде қажеті жоқ дегенге келмейді. Себебі, ханафи мәзһабында  қамқоршылардың келісімін алу «мәндуб» амал болып саналады. Демек, некенің шарты дәрежесінде болмаса да, мәзһабымызда оның «мәндуб» деген өзіндік орны бар. (Мухаммад Мухиддин Абдульхамид «Әл-Ахуалуш-шахсия» Бәйрут-2003ж. 78 бет) Сонымен қатар қиылған некеден қамқоршылардың хабардар болуы, қыз баланың өз игілігі үшін. Кез-келген қызды жасырын некемен қалыңдық қылып алған адам ертеңгі күні оны сорлатып тастап кетпесіне кім кепіл? Ол қыз біріміздің қызымыз болса, енді біріміздің қарындасымыз емес пе? Сонда оның келешегі қандай болмақ? Міне, мұндай сұмдықтың жолын кесу үшін жасырын некелерге тосқауыл қоюға тиіспіз. Осы тұста мешіт қызметінде жүрген бауырларымыздың құлақтарына алтын сырға. Келісіп пішкен тон келте болмас демекші, алдарыңызға келген болашақ жас жұбайлардың алдымен әке-шешелерінің немесе жоқ дегенде туған туыстарының келісімін ала отырып некелерін қиюларыңызды сұраймыз.

         

        Қанат Жұмағұлов

        Дінтанушы

        "Рахмет самалы" журналы