Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Әртүрлі
        3. ИМАН БАРДА – ҚОРЛЫҚ ЖОҚ
        ИМАН БАРДА – ҚОРЛЫҚ ЖОҚ

        ИМАН БАРДА – ҚОРЛЫҚ ЖОҚ

        Сұрақ:  - Мешіттің салыну мақсаты қандай, немесе мешітті салатын азаматтардың ықыласы қандай болуы керек? Мешітке деген халықтың қызметі қалай болуы ләзім?

        Жауап: - Адамның күнделікті тіршілігіне, алдағы өміріне қажетті нәрселердің есепсіз көп екені белгілі. Алайда шын мұсылман пенделік қажеттіліктердің әлем-жәлеміне қызықпай, тек бір Аллаға ғана құлшылық етеді.

        Мұсылман бес уақыт намазын қаза етпестен өз үйінде ғибадат етуі өз алдына, алайда жаратушы Ұлы Аллаһ адамдардың оқшауланбай бір-бірімен жиі қарым-қатынаста болуын қалайды. Жайшылықта әлеуметтік, ұжымдық, еңбек үстіндегі күнделікті қарым-қатынастардан өзге адамдардың рухани тазалығы үшін бас қосатын қасиетті орын бар. Ол – мешіт. Мешітте мұсылман қауымы жұма намазына жиналып, АллаҺ Тағалаға ортақ ғибадат жасайды, бір-бірлерімен жүздесіп, діни уағыз тыңдайды. Мешітке келіп жұма намазына жамағатпен бірге қатысып, уағыз тыңдап қайтқан адам өзінің отбасына тазарып оралады. Міне, мешіт – Аллаһтың жердегі үйі деп аталатыны осыдан. Сол себепті бүгінде Қазақстан бойынша мешіттер санының қарқынды өсіп келе жатқаны қуанарлық жай.

        Ал енді мешіттің салынуына келетін болсақ, оның амал түрлері әр-түрлі, бірақ мақсат біреу. Ол – халықты Ислам тәрбиесіне жұмылдыру, бүгінгідей қиын жағдайда мұсылман қауымының рухани жаңаруына жол ашып, мүмкіндік жасау. Осы мақсаттан өзге мүддеде, мәселен өзінің атақ даңқын шығару үшін меншік қаржысын жұмсап мешіт салдыру, Аллаһ жолына жат. Өз қаражатына мешіт салдыратын адам өзінің мұсылмандық парыздарын адал атқаратын, өзге жұртшылыққа жақсы атағымен белгілі болса, ондай адамның салдырған мешітінің қасиеті де ерекше болады. Мұндай адам Аллаһтың ризашылығына, жамағаттың құметіне бөленеді. Мәселен біреу, зорлық-зомбылық тәсілдермен, момындарды жылатып жинаған ақшасына мешіт салдырып, сол үшін бақилық сапар барысында күнәдан тазарамын десе, қатты қателеседі. Сол себепті мешіт салынар кезде осы іске рұқсат беретін жергілікті әкімшілік және құқық қорғау органдары, діни басқарманың тиісті қызметкерлері ең алдымен мешіт салдырушы адамның ниетінің тазалығына, ақшасының шығу төркініне, осы мешітке жиналатын мұсылмандардың пікір – ұсыныстарына назар аударып, мәселеге жан-жақты қарауы керек болады.

        Мешіттің салынуы жөнінде ескерілетін тағы бір жай – оның ықтимал географиялық жағдайы, жамағаттың әлеуметтік құрамы болып табылады. Мәселен, халықтың орналасуына орай, мешіттерді бір-біріне тым жақын етіп салуға болмайды. Сондай-ақ, басқа діндегі әлеумет жүз пайызға жуық басым тұратын елді мекенде, егер осы жерден жұма намазына үш-төрт адамнан артық жиналмайтын мешіт салғанша, оны осы ауылдың айналасында жақын тұрған басқа да елді мекендердің барлық мұсылмандары бара алатындай ыңғайлы жер таңдаған дұрыс болады.

        Жәрайды мешіт салынды дейік, алайда оның құр бой көтергенін қанағат қадірін жете түсініп, бұл жерге тек өздері ғана жиналып қоймай, басқаларды да жұма намазына, уағызға шақыру шарт. Мешіттің шын мәнінде Аллаһтың жердегі үйіне айналуы – сайып келгенде халықтың имандылық жолына шынайы бет-бұрыс жасауымен тығыз байланысты. Демек, мешіттің мұсылманшылық жолындағы өзінің лайықты орнына ие болуы біздің өзімізге байланысты.тұтуға болмайды. Мұсылман қауымы осынау қасиетті орынның

         

        Сұрақ: Мешітте қызмет ететін имамның міндеті қандай?

        Жауап: - Мешіт имамының міндеттері діни әдебиеттерде ежелден жазылып бекітілген.

        Шариғат – қасиетті дініміздің таза бұлағы іспеттес, сондықтан оны лайлауға жол берілмейді. Діннің бастауы – Аллаһтың жердегі үйі болып табылатын мешіт болса, имам өзіне сеніп тапсырылған мешітте шариғаттың бұзылмауын қадағалайды. Демек, мешіт имамының басты міндеті - өзінің қарамағындағылардан шариғаттың бұзылмауын талап ету.

        Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадис шәрипінде: «Дін басында білікті адам отырса, оған дін үшін алаңдау маңызды, бірақ дін басында қабілетсіз адам отырса – жылайсыңдар»,- деген. 

        Осы сөздердің маңызы жергілікті мешіттердегі имамдар үшін өте зор болмақ. Өйткені олар мешітте намазға жиналғандарды басқарады, оның қасиетті борышы – халықты дін жолына түсіру, дінге кіргізу. Бұл міндеттер аса күрделі болатыны белгілі. Мәселен, Исламда зорлау жоқ, дінге кіргізу уағыз, насихат арқылы іске асырылады. Осындай уағыздарды ел арасында жүргізу немесе баспасөз, радио, теледидар арқылы тарату имамнан зор білікті, терең білімді халықпен тіл табысу қасиетін талап етеді.

        Шариғат тазалығын сақтау барысында имамнан талап етілетін тағы бір қасиет – оның әділдігі. Кез келген мәселені шешу барысында ұлтқа, жікке, руға бөлінушілкке жол берілмеуін қадағалайтын да осы имам  өзі болмақ. Сонымен қатар имамның білімі жамағат тарапынан қойылатын сұрақтарға толық жауап бере алатын дәрежеде болуы ләзім.

        Иамамның негізгі міндеттерінің біріне өзінен жоғарыдағы дін басқармасымен тығыз байланыста қызмет ету болып табылады. Имам өзін жамағаттан бөлектемей, халықтың ортасында жүрсе, артынан жаман сөз ермесе, айналасына сын көзбен қарап, әділ шешім қабылдауды әдетке айналдырса онда ол шынайы халық ықыласына бөленіп, Алланың ризашылығына қауышатын болады.

         

        Сұрақ: Мешітте шырақшы болуы керек пе?

        Жауап: - Шырақшы әдетте мұражайларда, ел назарынан тыс, шалғай жерлерде қалған қасиетті шарапатты орындарда болады. Ал өзінің ағымындағы міндетін атқарып, төрінен адам арылмайтын мешітке ешқандай шырақшының қажеті жоқ.

         

        Сұрақ: - Мұсылман қауымға айтар тілегіңіз қандай?

        Жауап: Мұсылман қауымға – тек Аллаһтың ақ жолын басшылыққа алған адам ғана пәниде де, бақида да бақытқа ие болатынын естен шығармаңыздар дер едім.

        Ақыл-білімі қазақтың кең даласынан асып, бүкіладамзаттық деңгейге көтерілген ұлы Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас»,- деген сөзін ұмытпауымыз керек. Тағы да Хакім Абай «Өлім барда қорлық жоқ»,- деген. Осы сөздің философиялық мәніне үңілсек, Абай атамыздың Исламға терең бойлағанын байқаймыз. Адам өмірінде қаншама қиындық көргенімен, Аллаһ жолынан ауытқымай, шүкіршілік ғибадатынан танбай адал өмір сүрсе – оған ешнәрсе тіпті өлімнің өзі де қорқынышты емес. Иманы таза адамға Аллаһ Тағала екі дүниеде де қамқорлық жасайды. Олай болса иман бар жер де қорлыққа да орын қалмайтыны өзінен-өзі түсінікті. Хакім Абай жоғарыдағы сөзді айтқанда адам ол дүниеге аттанғанға дейін өзінің рухани тазалығын сақтай алса, бұл дүниедегі қорлықтың жоққа шығатынын меңзейді.

        Қоғамдық өмірімізде нашақорлық, маскүнемдік, зинақорлық, қылмыс жасаушылық тәрізді індеттер белең алып отырған бүгінгі таңда осындай дерттерден тек мұсылмандық өмір салтымызды сақтау арқылы ғана құтыла алатынымызды ұмытпайық дегім келеді.

         

        Сұрақ: -Өз дінімізге бет бұрған шағымызда ден қойып, имандылыққа мойынсұнған жастарымыз көп, бірақ өз жолдарын таба алмай, толық тазара алмайды емес пе? Оларға не айтасыз?

        Жауап: - Қай заманда, қай халықта болмасын өмірден өз жолдарын таба алмай адасып өткендер болған. Солардың арасынан Аллаһқа жалбарыну арқылы көңіліне таупиқ орнатып, зиянды әдеттерден арылып, өмірінің аз кезеңінде болса да түзу жолға түскендер саны аз емес. Жетпіс жыл бойы дінге тиым салынып, Аллаһ жолын мансұқ еткен залалды тәрбиенің терең тамыр жайғанына қарамастан, Ислам үрдістеріне бой ұрып, намазға жығылып, мешіттерге келіп жүрген жастарымызды көргенде көңілімізге халқымыздың болашағына деген нық сенім ұялайды.

        Әйтсе де жастар арасында нашақорлыққа, жезөкшелікке салынып жүргендер некен саяқ болса да кездесіп қалады. Осындайлардың өмір жолына көз салсақ, көп реттерде олардың ата-аналарының діннен шет өскенін, құдай жолын жоққа шығару дертімен уланғанын байқаймыз.

        Осыдан шығатын қорытынды біреу: жүрек, рух, тазармай тұрмыс тазармайды. Тұрмыс тазаруы үшін әр адам халал мен харамды айыра білуі және нәпсіні тәрбиелей білуі керек. Халал мен харамды айыруға, нәпсіні тәрбиелеуге, салауатты өмірге тек қасиетті Ислам діні арқылы ғана қол жеткізуге болады. Ендеше әр мұсылман отбасы дені сау ұрпақ өсіріп тәрбиелеуде Ислам дінінің қағидаларын басшылыққа алуы тиіс. Сәби кезінен мұсылмандық қағидаларын ұстанған баладан ер жетке кезде ешқандай қылмыскер шықпайды.