Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Ақида
        3. Қайта тірілгеннен кейінгі ақіреттегі жағдайлар
        Қайта тірілгеннен кейінгі ақіреттегі жағдайлар

        Қайта тірілгеннен кейінгі ақіреттегі жағдайлар

        Күллі адамзат қайта тіріліп, Аллаға есеп беру үшін махшар алаңына жиналады. Махшар алаңына жиналған адамдар рет‑ретімен төмендегідей кезеңдерден өтіп, соңында жәннәтқа лайықтыларына жәннәт бақыты, тозаққа лайықтыларына тозақ азабы бұйырады.

        1) Махшар алаңына жиналу сәті

        Алла Тағала адамдардан есеп алу хикметімен ақыретте қайта тірілтіп, махшар алаңына жинайды дедік. Осы кезде адам жанымен де, тәнімен қайта тіріледі. Адамдардың махшар алаңына жиналу сәті аятта былай келтіріледі:

        «Олар қабірлерінен көздерін сүмірейтіп, шашыраған шегіртке құсап келеді. Шақырушы жаққа жүгірген кәпірлер: Бұл ауыр күн, дейді» (54.Қамар, 7-8).

        «Сол күні тақуаларды Рахманның құзырына қонақ түрінде жинаймыз» (19.Мәриям-85).

        «Оларды жинайтын күні дүниеде күндіз бір-ақ сағат тұрғандай болып, олар бір-бірін таниды» (10.Юнус-45).

        «Сол күні кісі туысынан қашады. Шешесінен, әкесінен, әйелінен және балаларынан. Ол күні әркімнің ісі ауыр. Ол күні кейбір жүздер жарқырайды. Күлген қуанышты. Ол күні кейбір жүздің үстін шаң басқан болады. Оны қара түнек қаптаған болады. Міне, солар қарсы келгендер» (80.Абаса, 34-42).

        Хадистерде махшарға жиналатын сәтте адамдар анадан туғандай болып жалаңаш баратындығы, кім қалай өлсе, солай тірілетіндігі айтылады. Хазіреті Айшадан жеткен риуаят бойынша, Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Адамдар қиямет күні жалаң аяқ, жалаңаш және сүндеттеусіз болып жиналады». Хазіреті Айша: «Я, Расулуллаһ! Ол кезде әйелдер еркектерге, еркектер әйелдерге қарап қоймай ма?», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ей, Айша! Ол кездегі жағдайда ешкімнің ешкімге қарауға шамасы жетпей болмайды. Тіпті қарау ойына да келмейді. Өйткені, ол кездегі жағдай өте қорқынышты», – деді (Бухари, Риқақ 5; Муслим, жәннәт-14).

        Және бір хадисінде Хазіреті Пайғамбарымыз бұл мәселе жайында бізге ұлы сабақ  боларлықтай мына мәселені айтады: «Адамдар қиямет күні үш топ болып жиналады, жаяу, атты және бетімен жүретіндер тобы». Сонда сахабалар: «Я, Расулуллаһ! Адамдар бетімен қалай жүреді?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Оларды аяғымен жүргізген Алла, бетімен жүргізуге күші жетеді», – деп жауап берді (Тирмизи, Тәфсир,18; Ахмед ибн Ханбал, ІІ, 354).

        2) Амал дәптерлерінің таратылуы

        Махшар алаңына жиылған адамдарға осы дүниеде жасаған амалдарын тіркеген, жазған амал дәптерлері таратылады. Адамдар осы дәптер арқылы Аллаға есеп береді. Амал дәптердің қандай болатындығы бізге беймәлім. Яғни, ол біз білетін дәптер ұғымын бермейді. Пенденің жақсылы‑жаманды барлық амал‑әрекеттері екі иығындағы ардақты екі періште оның амал дәптеріне жазады. Құранда мұны былай деп келтіреді: «Әр адамның қылығын мойнына саламыз. Сондай-ақ қиямет күні оның кітабын шығарамыз. Оған ашылған түрде кездеседі. Кітабыңды оқы, есеп көру тұрғысынан өз-өзіңе жетесің (делінеді)» (17.Исра, 13-14)

        «Амал дәптері алдарына қойылады. Сонда күнәһарлардың, одан қорыққанын көресің. Олар: Ойпырм-ай! Бізге нендей өкініш! Мына Кітапта кішкенені де, үлкенді де тастамай-ақ түгендепті, дейді. Сондай-ақ олар істегендерін дайын түрде табады. Раббың ешкімге әділетсіздік етпейді» (18.Кәһф-49).

        Амал дәптері жәннәттықтарға оң жағынан, тозақтықтарға сол жағынан беріледі. Амал дәптері оңынан берілгендерге – Құранда «асхабы ямин», сол жағынан берілгендерге – «асхабы шимал» делінеді. Құранда бұл жөнінде төмендегідей жайттар баян етілген: «Әй, адамзат! Негізінде сен Раббыңа қарай өте тырыссаң, сонда Оған жолығасың. Ал енді кімнің дәптері оңынан берілсе, сонда ол дереу жеңіл есеппен есептеледі. Ол үй-ішіне қуанып қайтады. Ал кімнің дәптері арт жағынан берілсе, дереу өлім шақырады. Қайнаған тозаққа түседі. Өйткені ол өз үйінде мәз-мейрам еді. Негізінен ол Аллаға қайтпаймын деп ойлайды. Олай емес. Расында Раббы оны бақылауда еді» (84.Иншиқақ, 6-15).

        3) Пенденің Аллаға есеп беретін күні

        Он сегіз мың ғаламның жаратушысы Ұлы Алла – шексіз әділет иесі. Сол себепті Алла Тағала мұсылман мен кәпірді, жақсы мен жаманды тең тұтпайды. Әркімнің жасаған іс-әрекетіне қарай сый яки жазасын береді. Шынайы әділдік тек ақыретте Алланың құзырында ғана болады. Сондықтан пенде махшар алаңында жасаған амалына есеп береді. Алла Тағала мұсылман мен кәпірдің, жақсы мен жаманның тең емес екендігін аятта былай деп келтіреді: «Көк пен жерді әрі екі арасындағыларды босқа жаратпадық. Ол қарсы келгендердің ойы. Сондықтан оттан азап болатын қарсы келгендерге қандай өкініш. Немесе иман келтіріп, ізгі іс істегендерді жер бетіндегі бұзақылардай қыламыз ба?» (37.Сад, 27-28).

        «Соқыр мен көруші тең емес. Сондай-ақ иман келтіріп, ізгі іс істегендер мен жамандық істеушілер де тең емес. Аз ғана түсінерсіңдер. Расында қиямет сағаты келеді. Онда шәк жоқ. Бірақ адамдардың көбі сенбейді» (40.Ғафыр, 58-59).

        Махшар алаңында әрбір адамның амал дәптері өздеріне таратылған соң, Алла Тағала пенделерінен жеке-жеке есеп алады. Хазіреті Пайғамбарымыз бір хадисінде әрбір адамнан мына бес сұрақ міндетті түрде сұралатындығын айтады:

        1. Өмірін қайда өткізгендігі.

        2. Жастық шағын қалай өткізгендігі.

        3. Мал-дүниесін қандай жолмен тапқандығы.

        4. Мал-дүниесін қалай жұмсағандығы.

        5. Білгендерімен амал етіп-етпегендігі (Тирмизи, Қиямет, 1 бөлім, 2416 хадис).

        Пенде Алланың құзырында есеп беру кезінде жасаған қылмысын мойындамай жалтарғанда, амал дәптері ұсынылады да бүкіл ісі әшкере етіледі. Пенде сонда да мойындаудан жалтарған сәтте оның он екі мүшесіне тіл бітіп, Алланың құзырында жасаған қылмыстарын тізбектеп айта жөнеледі. Аятта осындай сәттің хақтығын былай түсіндіреді: «Сол күні Алланың дұшпандары тозаққа айдалуға жиналып, сонда олар алды-артын тосады. Ақыр оларға барған кезде оларға құлақтары, көздері және терілері олардың не істегендеріне айғақ болады. Олар терілеріне: «Не үшін бізге куә болдыңдар?» дейді. (терілері): «Бізді не нәрсені де сөйлеткен Алла сөйлетті. Сендерді алғаш рет жаратқан және Сол жаққа қайтарыласыңдар», деп жауап береді. Сендер өздеріңе құлақтарың, көздерің және терілерің айғақ болады деп жасырынбаушы едіңдер. Тіпті Алла істегендеріңнің көбін білмейді деп ойлаушы едіңдер. Міне осы Раббыларың туралы ойлаған ойларың өздеріңді жойды да, сонда зиянға ұшыраушылардан болдыңдар» (41.Фуссилат, 19-23).

        «Қиямет күні оларға тілдері, қол-аяқтары не істегендеріне айғақ болады. Сол күні Алла оларға лайықты жазасын береді. Сондай-ақ рас Алланың ашық шындық екенін олар біледі» (24.Нұр, 24-25).

        Адам мүшелерінің айғақ болулары аздай, қара жер де өзін таптап, жаншып, үстінде неше түрлі пәлені жасаған пенденің әрекеттері үшін қияметтегі ұлы есеп кезінде куәлік етеді. Әбу Һурайрадан жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз «Ол күні жер хабарын айтады» мағынасындағы «Зилзәл» сүресінің 4-аятын оқып:

        – Жердің қалай хабар беретіндігін білесіңдер ме? – деп сахабаларынан сұрайды. Сахабалар:

        – Алла пен Оның Елшісі ең дұрысын біледі, – деп жауап қатады. Сонда Расулуллаһ:

        – Жердің хабар беруі деген сөз, еркек пен әйел яғни әрбір пенденің жер бетінде жасаған  амалы жайында пәленше мына күні мына сағатта ана жерде  мынаны істеді деп хабар береді, – деді» (Тирмизи, Қиямет, 7 бөлім, 2429 хадис).

        Ақыретте Алланың кеңшілігімен жәннәтқа кіретіндер, балиғатқа толмаған сәбилер және балиғатқа жетпестен ақыл есінен ауысып өлген пенделер есеп бермейді.

        Есеп беру кезінде әділетсіздік атаулыға жол жоқ. Кімнің біреуде ақысы болса, Алла оның ақысын әпереді. Ол кезде ақысы өткен кісі өзіне жәбір көрсеткен кісіні кешірмей, керісінше оның ақысына сай сауабын сұрайды. Ал егер оның сауабы жоқ болса, өзінің күнәсін соның мойнына артуды талап етеді. Бір хадисте бұл жайт былайша баяндалады: «Хазіреті Пайғамбарымыз: «Муфлистің кім екендігін білесіңдер ме?» – деп сұрады. Сахабалар: «Муфлис – ақшасы мен малынан түгел айрылған кісі», – деп жауап береді. Сонда Хазіреті Пайғамбарымыз сөзін былай деп жалғастырады: «Үмметімнен ақыретте тақырға отырушы кісілер, қиямет күні оған тіл тигізген, жала жапқан, оның малын жеген, оның қанын төккен күйде намаз, ораза және зекетімен келетін кісі. Оның сауабы анаған беріледі, жақсылықтары мынаған беріледі. Мойнындағы қарызы толық бітпестен жақсылығы бітіп қалса, олардың күнәлары алынып, оның мойнына атылады. Содан соң ол адам тозаққа тасталады» (Муслим, Тирмизи риуаяты).

        4) Пенденің амалы тартылатын таразы

        Адам жақсылы-жаманда амалдарымен Алла Тағаланың құзырына барады. Міне, сол жерде пенденің амалын өлшейтін таразы болады. Әр адамның амалы осы таразыда (мизанда) өлшеніп, сауабы ауыр тартқандар жәннәтқа кіреді де, күнәсі ауыр тартқандар тозаққа тасталады. Егер тозаққа тасталушы иман еткен кісі болса, күнәсінің мөлшеріне қарай тозақта жазасын өтейді де, сонан соң тозақтан шығарылып жәннәтқа кіреді.

        Әрине, бұл таразы Иләһи әділет өлшемі болғандықтан, біздің ұғымымыздағы таразыдай емес. Оның шынайы болмыс‑бітімі бір Аллаға аян. Қиямет қайымдағы әділет таразысы жайында аяттарда төмендегідей мәліметтер келтіріледі: «Қиямет күні туралық таразысын қоямыз. Сонда ешкім әділетсіздікке ұшырамайды. Егер бір дән түйірінің салмағындай болса, оны әкелеміз. Есеп көруде жеткіліктіміз» (21.Әнбия-47).

        «Ал сол күні кімнің таразысы ауыр тартса, міне солар құтылушылар. Ал кімнің таразысы жеңіл тарт-са, міне олар өздерін зиянға ұшыратқандар. Олар тозақта мәңгі қалады» (23.Муминун, 102-103).

        Пенденің қай амалы таразыда ауыр тартатындығы белгісіз. Мәселен, үлкен бір қайырлы амалыңыз титтей сауапқа баланып, керісінше өзіңіз «бұл титтей ғана амалым ғой» деп жүрген әрекетіңіздің сауабы ұшан‑теңіз болуы мүмкін. Кейде Алланы бір сәт зікір етудің өзі ұлы құлшылық екенін біле бермейміз. Асылында, Алланы зікір ету тілге жеңіл болғанымен – таразыда сауабы өте ауыр болады. Хазіреті Пайғамбарымыз былай дейді: «Тілге жеңіл, таразыда ауыр Рахманның жақсы көретін екі сөзі бар: СубханАллаи уа бихамдиһи, субханАллаил азим» (Бухари, Муслим риуаяты).

        Әділет таразысында құлдың жасаған бүкіл амалдары өлшенеді. Кейбіреулер «Алла біреу, ал жер шарында миллиардтаған адам бар. Олардың бәрі ақыретте Алла құзырында жеке-жеке есеп беретін болса, қанша уақыт кезекте тұрады екен» деп ойлауы мүмкін. Мейлі адам миллиард болсын, мейлі триллион болсын, Алла адамдардан дүниеде істеген ісі жайында есеп алуда өте жылдам (сариғул хисаб). Бір адамнан есеп алуы кезінде екінші бір адамнан есеп алуына құдіреті жетеді. Сол секілді күллі адамзаттан бір мезетте жеке-жеке есеп алады.

        5) Кәусар хауызы

        Қиямет күні Алла пайғамбарларына бірер хауыз береді. Әр пайғамбардың жәннәтқа баратын үмметі сол хауыздан су ішеді. Ол хауыздан бір жұтым су ішкен пенде еш уақытта шөлдемейді. Хазіреті Пайғамбарымыздың да Кәусар атты хауызы бар екендігін «Кәусар» сүресі баян етеді. Кәусар хауызынан бір жұтым су ішу әрбір мұсылманға бұйыра бермейді. Хауыздан бір жұтым су ішу бақытына ие болу үшін шынайы мұсылмандардың сапында болып, Алланың әмірі мен Пайғамбар сүннетін кәміл орындау қажет. Хазіреті Пайғамбарымыз хауызы жайында былай дейді: «Кәусар хауызына сіздерден бірінші болып мен барамын. Маған келген кісі одан ішеді. Одан ішкен ешқашан шөлдемейді. Кейбір қауым маған келгенде мен оларды танимын, олар да мені таниды. Содан кейін мені мен олар арасында зәбәни (тозақ) періштелері кіріп кедергі болады. Мен: «Олар менің үмметім», дегенімде, маған: «Олар сенен кейін не нәрселер жасағанын білмейсің ғой», - дейді. Бұдан кейін мен: «Менен кейін дінін ауыстырғандар хауыздан алыс тұрсын», деймін» (Бухари, Риқақ 53; Муслим, Фәдәйл 9).

        Екінші бір хадисте былай дейді: «Менің хауызымның бір жағы бір айлық жол. Суы сүттен ақ, балдан тәті, шынылары көктегі жұлдыздардан да көп. Одан бір рет су ішкен жан ешқашан шөлдемейді» (Тирмизи, Қиямет, 14, 15; Ибн Мажа, Зухд 39; Әбу Дәуіт, Әдәб 21).

        6) Сырат көпірі (қыл көпір)

        Сырат – тозақтың үстінен өтетін жол, яғни көпір. Әрбір пенде осы көпірден өтеді. Сырат көпірінен өтудің жеңілдігі не болмаса қиындығы пенденің осы дүниеде жасаған амалына, тақуалығына, ықыласына қарай өзгеріп отырады. «Сендерден тозаққа келмейтін (сыраттан өтпейтін) ешкім болмайды. (бұл) Раббыңа тұжырымды, міндетті бір үкім. Соңыра тақуа болғандарды құтқарамыз да залымдарды тозаққа жүгіндіріп қоямыз» (19.Мариям, 71-72). Аятта тікелей сырат сынағының кімдерге қатқыл, кімдерге жұмсақ екені айтылып тұр.

        Сыраттан әр пайғамбар өз үмметімен өтетіндіктен, әз пайғамбарлар өз үмметі үшін Аллаға жалбарынып дұға етіп жарылқау сұрайды. Яғни: «Аллаым, өзің амандық бере гөр!» деп дұға етеді. Сырат көпірінің қандай екендігі жайында хадистерде дәлме‑дәл нақты ешқандай мәлімет жоқ. Сондықтан оның болмыс‑бітімінің қандай екендігі бір Аллаға аян.

        Пайғамбарымыз бұл мәселе жөнінде: «Тозақтың үстіне сырат құрылады. Одан бірінші өтетін мен және үмметім болады. Ол күні Пайғамбарлардан басқа ешкім сөйлемейді. Пайғамбарлардың дұғасы да: «Аллаым, амандық бер» болады» (Бухари, Азан 129; Муслим, Иман 81) дейді.

        7) Шапағат

        Ақырет күні Алла Тағаланың рұқсатымен пайғамбарлар сауабына қарағанда күнәсі басым болған күнәһар муминдерге шапағатшы болады. Алладан олар үшін медет тілеп, тозақ отынан сақтап қалу үшін жалбарынады. Сондай-ақ, пайғамбарлардың шапағатына ие болған кейбір мүминдердің дәрежелері де көтеріледі.

        Пайғамбарлармен қатар ең сүйікті құлдар да Алланың рұқсатымен шапағат ету құзіретіне ие болады. Бірақ Алланың рұқсатынсыз ешкім де шапағатшы бола алмайды. Бұл тақырыпқа қатысты көптеген аяттар бар: «Оның рұқсатынсыз ешбір шапағатшы жоқ» (10.Юнус-3). «Оның құзырында өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді?!» (2.Бақара-255).

        Шапағатқа Алланың разы болған пенделері ғана қол жеткізеді: «Олар Алланың разы болған кісісіне ғана шапағат ете алады» (21.Әнбия-28). Ал кәпірлер мен мунафиқтерге шапағат етілмейтіні жайлы аятта: «Сонда оларға шапағатшылардың шапағаты пайда бермейді» (74.Мудәссир-48) делінген.

        Ал Хазіреті Пайғамбарымыздың Алланың рұқсатымен шапағат ететіндігін әһлу сүннет жолын ұстанушылар қабыл етеді және Пайғамбарымыздың шапағаты үлкен күнә істеген мұсылманға болатындығына бек сенеді[1]. Әһлу сүннет сенімі бойынша, пайғамбарлар, әулиелер, шейіттер мен ғалымдар үлкен күнә істеген кісілерге шапағат ете алады.

        Хазіреті Пайғамбарымыз (ﷺ) үмметіне шапағат ететіндігі жайында былай дейді: «Шапағатым үмметімнен үлкен күнә істегендер үшін» (Әбу Дәуіт, Сүннәт 21; Тирмизи, Қиямет, 11). «Әр пайғамбардың өзіне тән, жасағанда қабыл болатын бір дұғасы бар және онымен дұға еткен. Ал мен болсам дұғамды ақыретте үмметіме шапағат ету үшін қалдырдым» (Бухари, Даауат 1; Муслим, Иман 86). Сонымен қатар ғалымдарымыз «Исра» сүресінің: «Түннен оянып Құранмен өзіңе тән нәпіл оқы, Раббыңның сені мақтаулы орынға жеткізуінен үміт етіледі» мағынасындағы 79-аяты Пайғамбарымызға шапағат құқығы берілетіндігіне тікелей дәлел болатындығын алға тартады. 

        Пайғамбарымыздың шапағаты жайындағы және бір хадисте былайша баян етіледі: «Қиямет күні күн өте жақындатылып адамдар ыстықтан терлейді. Адамнан аққан терден амалына сай тобығына, кіндігіне құлағына дейін шомады. Міне осындай жан қинаушы ыстық кезінде Хазіреті Адамнан шапағат сұрайды. Ол: «Мен шапағат ете алмаймын»,-дейді. Содан Мұсаға барып көмек сұрайды, ол да солай жауап қайырған соң, Хазіреті Мұхаммедтен () шапағат сұрайды. Ол шапағат етеді. Содан кейін халық араларындағы үкімді орындау үшін жылжып, жәннәттың есігіне дейін барады. Сол күні Алла Тағала елшісіне мақталған мақамды береді. Махшар халқының бәрі Мұхаммедке () мақтау айтады» (Бухари, Зекат-52). «Қиямет күні болғанда мен пайғамбарлардың имамы, сөз басшысы және шапағаттарының иесі боламын. Бірақ бұнда мақтанатын еш нәрсе жоқ»  (Тирмизи, Мәнақиб 1; Ибн Мажа Зухд  37).

        Мұсылман кісінің Хазіреті Пайғамбарымыздың шапағатына сеніп, атқаратын әрбір міндеттеріне немқұрайлы не селқос қарамағаны абзал. Себебі жоғарыда айтып өткеніміздей шапағат Алланың разылығына бөленген құлдарына ғана беріледі.

        8) Жәһәннам – дінсіздер мен имансыздардың мекені

        Сырат көпірінен өте алмаған пенделердің тозақ отына лақтырылатындығы белгілі. Мәселе солай болғандықтан жәһәннәм – кәпірлер мен мүшріктердің және мунафиқтардың мәңгілік азап шегетін мекені. Ал күнәһар мұсылмандар істеген күнәларінің деңгейіне қарай  жәһәннамда соның жазасын тартып, жүрегіндегі әдепті иманының арқасында соңында жәннәтқа барады. Құранда жәһәннамның түрлі есімдері мен дәрежелері келтіріледі. Мысалы, Нар (от), Хауия (түскендердің көпшілігі қайтпайтын жер), Сайр (лаулаған от пен жалын), Лазза (түтінсіз от), Сакар (от), Хутама (қып-қызыл қарыған от) деген тәрізді атаулар кездеседі. Бұлардың әрбірі тозақтың түрлерін білдіреді.

        Жәһәннамның қандай екендігі, имансыздардың онда қалай жазаланатындығы Құранда жан‑жақты кеңінен баяндалған. Тозақтың отыны адамдар мен тастардан құралған. Жәһәннәм азабын тартып жатқандардың ішетіндері – ыстық қайнаған су мен қан аралас ірің. Тозақ олар үшін бейне бір зындандай болып, олардың дене бітімдері жанып біткен сайын ет пен тері қайта кигізіліп, мәңгілік азап шегеді. Осылайша Алланың әмірі мен тыйымдарына қарсы келгендердің жазасы адам айтқысыз ауыр болады.

        Егер жәһәннәм азабы болмаса, өмірдегі жақсы мен жаманның, халал мен харамның, ақ пен қараның, күнә мен сауаптың пәлендей маңыздылығы да болмай, адамзаттың жаратылысының да ешбір мәнісі қалмас еді. Әркім өз білгенін істеп, күшті әлсізді езіп, бейбіт қоғам құру мен өмір сүру еркіндігі мүлдем шектеліп, адамдық қасиеттен жұрдай болып, қадір-қасиеттен айрылар едік. Сондықтан Алла адамның мәртебесін өлшеу үшін тозақ пен пейішті жаратты. Бұл қай тұрғыдан алсақ та әділеттің ақ туындай Жаратушының бізге берген баға жетпес сыйы екендігін ұмытпауымыз керек.

        9) Жәннәт мүминдердің мәңгілік бақыт мекені

        Қияметте ақырет күнінің есебінен абыроймен өткендер сырат көпірінен де жеңіл өтіп, өздеріне уәде етілген мекендері жәннәтқа кіреді. «Жәннәт» сөзі – бау-бақша, жанға жайлы саяжай деген ұғымды білдіреді. Ол – мүминдердің мәңгілік мекені болғандықтан, онда Алланың мүмин құлдарына сыйлаған шексіз нығметтері бар. Жәннәтта астынан өзендер ағып жататын зәулім сарайлар, түрлі-түсті жеміс-жидектер, сан алуан тағам түрлері, яғни адам қажеттілігін қанағаттандыратын ғажайыптардың барлығы бар. Жәннәттың басты ерекшелігі онда өлім жоқ, тек мәңгілік жалғасатын ләззатті өмір, бақыт һәм қуаныш бар. Мұншалықты нығметті Алла өзіне иман етіп, әмірі мен тыйымдарын бұлжытпай орындаған пенделеріне ғана нәсіп етеді. Жәннәттағы Жаратушының ұлы сыйы жайында көптеген аяттарда баян етілген.

        Құранда жәннәттың түрлерін мына есімдер арқылы танып білеміз: Жәннәтул-мәуа (шәхидтер мен мүминдердің мекені), Дарул-хулуд (мәңгілік үйі), Фирдаус (барлық нәрсені қамтыған жәннәт бағы), Дарус-Сәләм (амандық, есендік мекені), Жәннәтул-адн (тұрақты, мәңгілік жәннәты), Дарул-муқама (мәңгі қалатын жер), Әл-Мақамул-әмин (сенімді мақам).

        Жәннәттің таңғажайып асыл мекен екендігі Құранда да ап‑айқын баяндалады: «Иман келтіріп, ізгі іс істегендерді қуандыр! Расында олар үшін астарынан өзендер ағатын жәннәттар бар. Әрқашан оларға оның жемісінен бір ризық берілсе, олар осы бізге бұрын да беріліп еді деп айтады. Тағы соншасы беріледі. Әрі олар үшін тап-таза жұбайлар бар. Олар онда мәңгілік қалады». Жәннәттағы адамның қиялы жетпейтіндей өте әдемі де сүйкімді, қараған сайын көздің нұрын алатындай тартымды өзге де нығметтердің бар екендігін мына бір хадистен білеміз: «Алла былай дейді: «Мен Салих құлдарым үшін жәннәтта ешбір көз көрмеген, бұрын-соңды ешбір құлақ естімеген, ешбір адамның ойына кіріп-шықпайтын кейбір нығметтер дайындадым» (Бухари Тәфсир 32 сүре; Муслим Жәннәт 1; Ибн Мажа, Зухд 39).

        Мүминдер үшін жәннәттағы ең үлкен нығмет – Алланың разылығын алу мен Оның дидарын көру. «Тәубе» сүресінің 72-аяты да осыны меңзейді: «Алланың разылығы (жәннәттың барлық нығметтерінің) ең үлкені. Міне, осы ең үлкен табыс, қол жеткізушілік».



        [1]      Мәтнул акайди ли-Умари ән-Нәсәфи. 7-бет.