Тағдырға сенім
«Жақсылы-жаманды тағдырдың бір Алла Тағала тарапынан болатындығына толық иман келтіріп, мойынсұндым». |
Адам тағдырындағы істердің бір Алладан болатындығына сену – иманның шарттарының бірі. Расында көктер мен жердегі істерді басқару
Жаратушыға ғана тән әрі Ол үшін оңай іс. Жаратушы Хақ Тағала былай дейді:
﴿أَلَمْ تَعْلَمْ أَنَّ اللَّهَ يَعْلَمُ مَا فِي السَّمَاء وَالْأَرْضِ إِنَّ ذَلِكَ فِي كِتَابٍ إِنَّ ذَلِكَ عَلَى اللَّهِ يَسِيرٌ﴾
«Әлде сен Алланың көк пен жердегіні білетіндігін білмейтін бе едің? Ақиқатында бұл бір Кітапта әрі ол Алла үшін оңай» (Хаж, 70).
Пенденің маңдайына жазылған жазмыш істері Алланың тағдыры. Бұл жайында Алла Тағала былай дейді:
﴿مَا أَصَابَ مِن مُّصِيبَةٍ فِي الْأَرْضِ وَلَا فِي أَنفُسِكُمْ إِلَّا فِي كِتَابٍ مِّن قَبْلِ أَن نَّبْرَأَهَا إِنَّ ذَلِكَ عَلَى اللَّهِ يَسِيرٌ * لِكَيْلَا تَأْسَوْا عَلَى مَا فَاتَكُمْ وَلَا تَفْرَحُوا بِمَا آتَاكُمْ وَاللَّهُ لَا يُحِبُّ كُلَّ مُخْتَالٍ فَخُورٍ﴾
«Жер бетіндегі және өздеріңе тап келген қандай да бір мұсибат (бәле) Біз оны жаратпастан бұрын Кітапта жазылған. Ақиқатында бұл Алла үшін оңай. Біз бұл туралы сендердің өткізіп алғандарың үшін қайғырып, сендерге берілген нәрсе үшін қатты қуанбауларың үшін айттық. Алла барлық тәкаппар мақтаншақтарды ұнатпайды» (Хадид, 22, 23).
Адамды тағдыр ісіне дүдәмал қылып қою – малғұн шайтанның бір айласы. Мысалы, бір адам бір іске үлгіре алмаса немесе басына бір сынақ тап болса, шайтан келіп: «Ее, егер сен былай істегеніңде ғой, мұндай болмас еді», – деп азғырып, пендені күйінішті жағдайға түсіреді. Пайғамбар (ﷺ) мұндай жағдай туралы үмбетіне ескертіп кеткен.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »اَلْمُؤْمِنُ الْقَوِيُّ خَيْرٌ وَأَحَبُّ إِلَى اللهِ مِنَ الْمُؤْمِنِ الضَّعِيفِ، وَفِي كُلٍّ خَيْرٌ، اِحْرِصْ عَلَى مَا يَنْفَعُكَ وَاسْتَعِنْ بِاللهِ وَلاَ تَعْجِزْ، وَإِنْ أَصَابَكَ شَيْءٌ فَلاَ تَقُلْ: لَوْ أَنِّي فَعَلْتُ كَانَ كَذَا وَكَذَا، وَلَكِنْ قُل قَدَّرُ اللهُ وَمَا شَاءَ فَعَلَ فَإِنَّ »لَوْ« تَفْتَحُ عَمَلَ الشَّيْطَانِ.« رَوَاهُ مُسْلِمٌ.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (ﷺ) былай деген: «Күшті мүмін Алла үшін әлсіз мүміннен гөрі қайырлы әрі сүйікті. Алайда әрқайсысында да қайырлылық бар. Өзіңе пайда әкелетін нәрсеге тырысып, Алладан көмек сұра, әлсіздік танытпа. Егер бір нәрсе болып қалса «егер былай істегенімде олай болмас еді» деме, «Алла солай мөлшерледі, қалағанын қылды» деп айт. Расында «егер» сөзі шайтанға жол ашады». Мүслім риуаят еткен хадис.
Хадис шәриф әрбір мұсылманның тағдырға иман келтіре отырып, сол иманның негізінде әрекет етуіне нұсқайды. Бұл туралы басқа хадистерде айтылған.
Хаким өзінің Сахихында Айша анамыздан (р.а.) мынадай хадисті риуаят еткен: «Расулалла (ﷺ) былай деді: «Тағдырдан сақтанып болмайды. Алайда дұға басқа түскен бәле үшін де, енді түсетін бәле үшін де пайдалы. Қашан бәле түсірілгенде оны қарсы оқылған дұға қарсы алып, екеуі Қиямет күніне дейін күресумен болады».
Ибн Омардан риуаят етілген хадисте де Пайғамбарымыз (ﷺ): «Дұға түскен нәрсеге де, түспеген нәрсеге де пайдалы. Уа, Алланың пенделері, дұға қылыңдар!» – деп бұйырған.
Сәубанның риуаятында Пайғамбар (ﷺ) былай дейді: «Тек дұғамен ғана тағдырдың алдын алуға болады. Ғұмырды тек ізгілік қана ұзартады. Пенде өзінің күнәсының кесірінен ризығынан мақұрым қалады».