Ақырзаманда келетін Мәһди
Хазіреті Пайғамбарымыздың (ﷺ) ақырзаманға байланысты айтқан хадистері ішінде әһлу бәйттен, яғни, Пайғамбар ұрпағынан Мәһди есімді бір кісінің келетіндігі айтылады. Мәһди – тура жолға бастаушы деген ұғымды білдіреді.
Мәһди келген соң мұсылмандар арасында әділ билік орнатып, дінсіздермен күресіп, Исламды үстем етеді деген сенім күллі мұсылман қауымы арасында жайылған. Мәһди жайында көптеген сахих хадистер айтылғандықтан, біз де бұл жерде бір-екеуіне тоқталып өтеміз.
Абдуллаһ ибн Мәсғудтан риуаят бойынша Расулуллаһ былай деген: «Әлемнің бір күндік өмірі қалса да, Алла ол күнді ұзатып, менің бір адамымды сол күні жібереді. Яғни, Әһлу-бәйтімнен біреуді жібереді. Бұл кісінің аты менің атыма ұқсас, әкесінің есімі әкемнің есіміне сәйкес келеді. Ол адам жер бетіндегі зұлымдықты жойып, орнына әділеттілікті орнатады» (Әбу Дәуіт, Тирмизи, Фитән 52).
Умму Сәләмәдан риуаят бойынша, Расулуллаһ былай деген: «Мәһди – менің ұрпағымнан, қызым Фатиманың балаларынан келеді» (Әбу Дәуіт, Мәһди 1, 4284).
Ислам ғалымдары арасында Мәһдидің ақырзаманда келіп, келмеуі жөнінде әр түрлі пікірлер айтылады. Кейбір ғұламалар Мәһди деген адам жоқ және ондай кісі келмейді. Мәһди мен Хазіреті Иса деп айтып жүргеніміз бір адам. Хадисте екеуінің бір адам екендігі айтылған деп, Мәһдиге деген сенімді жоққа шығарады. Көпшілік ғалымдар Мәһди жайында айтылған хадистерді сахих деп тапқандықтан, Мәһдидің келетіндігін қабыл етеді. Хазіреті Иса мен Мәһди екеуі екі адам деп, керекті хадистерді дәлел ретінде келтіреді. Мысалы, жоғарыда Әбу Дәуіттан келтірілген сахих хадиске сүйеніп, Мәһди Пайғамбар әулетінен шығатын тура жолға бастаушы имам деп сенеді. Олай болса, Хазіреті Иса мен Мәһди екеуі екі тұлға деген сөз. Сондай-ақ жоғарыда Дажжалдың өлтірілу мәселесін айтып өткенімізде Хазіреті Иса көктен түскенде, Имам Мәһди жамағатқа таң намазының парызын оқытпақ болып тұрады. Хазіреті Иса (а.с.) Имам Мәһдидің артында тұрып намаз оқитындығы хадисте айтылады. Демек, Имам Мәһди Хазіреті Исадан бұрын шығады және ол онымен бірге Дажжалды өлтіреді.
Біз де хадисте айтылғандай қабыл етіп сенеміз. Мәһдидің келетіндігіне сену иман негіздеріне жатпағандықтан, Мәһди келмейді деген кісі иманнан шықпайды. Алайда сахих хадисте айтылғандықтан, біз Әһлу сүннет уәл-жамағат Мәһдидің келетіндігіне сенімдіміз.
Орта ғасырдан бастап Ислам әлемінде өзін Мәһдимін деп жариялаған көптеген кісілер болды. Әлі күнге дейін әр жерден өзін Мәһдимін деп жариялаушылар да бар. Бірақ олардың ешбірі хадисте айтылған Мәһди емес. Өзін Мәһдимін деп шыққан кісілердің шығу тарихына көз жүгіртсеңіз, олардың белгілі бір мүддені көздеп, халықты артынан ергізу үшін осы атты жамылып шыққандығына көз жеткіземіз. Олай болса, Мәһдимін деп шыға білу үшін алдымен Дажжалдың, содан кейін Хазіреті Иса пайғамбардың шығуы қажет. Дажжал шықпастан бұрын Мәһди шықпайды. Дажжал пайда болған соң кезегімен ақырзаманның өзге белгілері шығуы тиіс. Сондықтан осы ретке қарай отырып келуші мейлі Мәһди болсын, мейлі Иса болсын оларды танып, иман келтіріп, қолдау көрсету өз уақытының талабы болып қала береді.