Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Ақида
        3. Дажжал деген кім?
        Дажжал деген кім?

        Дажжал деген кім?

        Сұрақ: Дажжал деген кім?

        Жауап: 

        Ақырзаман таяғанда Дажжал есіміндегі бір кісі шығып, адамдарға өзін құдаймын деп танытып, өзінің жолымен жүруге үндейді. Хазіреті Пайғамбарымыздың айтуы бойынша, келіп- кеткен бүкіл пайғамбарлар өз дәуірінде үмметін Дажжалмен қорқытқан.

        Дажжал сөзі – «өтірікші» деген ұғымды білдіреді. Хазіреті Пайғамбарымыздың Дажжал жайында айтқан хадистеріне тоқталып өтейік:

        Хузайфадан жеткен риуаят бойынша: «Дажжал сол көзі соқыр, қалың қою шашты бір адам. Оның қасында жәннәт пен от бар. Оның оты негізінде жәннәт болып, жәннәті де тозақ болады» (Муслим риуаяты).

        «Тәмимуд Дари атты кісі алғашқыда христиан болып, артынан Исламды қабылдаған соң Хазіреті Пайғамбарымызға бір сапарда адасып жүріп, Дажжалмен кездескені жөнінде айтып береді. Ол қасында отыздай ұлты араб кісілермен теңіз сапарына шығып, жолда адасып бір аралға тап болады. Онда үсті-басын жүн басқан бір адамнан жөн сұрағанда, ол шіркеудегі бір кісіге жолдайды. Шіркеуге барғанда олар аяқ-қолы кісендеулі еңгезердей біреуді көріп, одан жөн сұрайды. Әңгіме барысында әлгі кісендеулі адам оларға Хазіреті Пайғамбардың келіп‑келмегенін, арабтармен шайқасып‑шайқаспағандығы жайында бірқатар сұрақтар қояды. Жолшылар болса Пайғамбарымыздың арабтарды жеңгендігін және өзіне бағындырғандығын айтады. Сонда Дажжал оларға: «Мен енді өзімді таныстырайын, мен Мәсих Дажжалмын. Бостандыққа шығуға рұқсат берілетін уақыт аз қалды. Сол кезде жер бетін шарлаймын. Қырық күн ішінде Мекке мен Мадинадан басқа бармаған ауылым қалмайды. Бұл екі қала маған харам етілді. Ол екі қаланың біріне қалай кірмекке әрекеттенсем, сол сәт қолында жалаң қылышы бар бір періште алдымнан шығып, ол жаққа кіруіме кедергі жасайды. Ол қаланың әрбір өткелінде бір‑бірден періштеден тұрады».

        Хазіреті Пайғамбарымыз сол Дажжал шынжырлаулы тұрған мекен жайында былай дейді: «Ол Шам теңізінде немесе Йемен теңізінде. Жоқ, ол шығыс жақтан шығады. Иә, ол шығыс жақтан шығады. Ол шығыс жақтан шығады! – деп қолымен шығыс жақты меңзеді» (Муслим, Фитән 119; Әбу Дәуіт, Мәлахим 15)[1].

        «Дажжал шыққан кезде өзімен бірге су мен от болады. Бірақ елдің от деп көргені тәтті су, су деп көргені күйдіретін бір от болады. Сендерден кім сол күнге жететін болса елдің от деп көргенін қабыл етсін. Өйткені ол тәтті мұздай су» (Бухари, Фитән 26; Муслим Фитән 105)[2].

        2.1.) Хадистерде айтылған Дажжалдың сипаттары

        Хузайфадан риуаят етілген бір хадисте : «Дажжалдың сол көзі соқыр, қалың шашты кісі. Оның қасында жәннәт пен от болады. Оның оты жәннәт, жәннәті де тозақ деді» (Муслим риуаяты).

        Хазіреті Хузайфа (р.а.) Хазіреті Пайғамбарымыздың былай дегенін риуаят етеді:«Әлбетте, мен Дажжалдың қасында болатын нәрселерді одан жақсы білемін. Оның қасында ағып жатқан екі өзен бар. Олардың біреуі – көздің нұрын алатын аппақ су. Екіншісі – көздің жанарын алатын өз-өзінен тұтанып лаулап жанған от. Егер де кімде-кім оны көретін болса, от болып көрінген өзенге барсын. Содан кейін басын суға батырсын, артынан иіліп одан су ішсін. Өйткені, ол өзен мұздай су болады. Дажжалдың көзі көрмейді. Көзінің үстінде қалың теріден болған перде бар. Оның екі көзі арасында кәпір деген жазу жазылған. Ол сөзді жаза алатын да, жаза алмайтын да әрбір мумин кісі оқиды» (Муслим риуаяты).

        Хазіреті Әбу Бәкір Сыддықтан (р.а.) жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз: «Дажжал шығыс аймағынан, Хорасан деген жерден шығады. Оған ергендердің жүздері терімен қапталғандай ірі денелі адамдар болады»(Тирмизи риуаяты) деген.

        Әбу Амр әд-Данидің риуаят еткен бір хадисінде Дажжал жайында былай делінеді:«Дажжал шықпастан бұрын үш жыл жаңбыр жаумайды. Бірінші жылы жауатын жаңбырдың үште екісі жауып, үште бірі жаумайды. Жерді қолдап суарғанмен өсімдіктердің үште бірі шықпай қалады. Екінші жылы жауатын жаңбырдың үште екісі жаумай қалады да, өсімдіктердің үште екісі шықпайды. Үшінші жылы Алла Тағала жауын жаудырмай, өсімдіктерді шығармай қояды. Тіпті көктен бір тамшы су тамбай, жерден бір көгерген өсімдік шықпай қалады. Қуаңшылықтың болғандығы соншалық жер беті мыс секілді, көк жүзі шиша секілді болады. Адамдар ашаршылыққа ұшырап, өліммен тайталасып жатады. Сол кездерде фитналар, көтерілістер, төңкерістер көп болып адамдар бір-бірлерін өлтіреді. Мұның ақыры жер бетіндегі ірі  апаттарға ұласады. Міне, осындай қиынқыстау кезде Исфаханнан Яһудилер ауылы деп аталатын жерден малғұн Дажжал қашырға ұқсас, құйрығы кесілген бір есекке мініп шығады. Есектің екі құлағының арасы қырық құлаш ұзын болады. Бір аяғынан екінші бір аяғына дейінгі қашықтық төрт күндік жол. Дажжал қолымен бұлттарды ұстайды. Алдында тұманды тау, артында да сол секілді тау бар. Екі көзінің арасында «кәпір» деп жазылған. Дажжал елге қарап:

         Мен сендердің үлкен Раббыларыңмын,  деп айқайлайды. Дажжалға еретіндер өсім жейтіндер мен зинадан туылған балалар»  (Китабун-Нихая, Ибн Кәсир, 1 том/131 бет)[3].

        Басқа бір хадисте Хазіреті Пайғамбарымыз Дажжалды сипаттаған кезде былай деп келтіреді: «Күмәнсіз, маған дейінгі пайғамбарлар өз үмметін Мәсих Дажжалдың фитнасынан қорқытқан. Дажжалдың:

        1. Оң көзі соқыр.

        2. Сол көзінде теріден қалың бір перде бар.

        3. Екі көзінің арасында «кәпір» деген сөз жазылған.

        4. Өзімен бірге екі жазық бар, біреуі – жәннәт, екіншісі – тозақ.

        5. Қасында пайғамбарларға ұқсас екі періште бар. Егер қажет болса ол пайғамбарларды өз атымен, әкесінің атымен айтып беремін.

        6. Періштенің бірі Дажжалдың оң жағында, екіншісі сол жағында тұрады (Екі періштенің бұлай тұруы адамдарды сынауы үшін). Содан Дажжал адамдарға:

        – Мен сендердің Раббыларың емеспін бе? Мен жан берушімін әрі өлтіремін, – дейді. Бұдан кейін періштелердің бірі Дажжалға:

        – Сен өтірік айтып тұрсың, – дейді. Бірақ бұл сөздерді адамдардың ешбірі естімей қалады. Ал екінші періште оның сөзін естіп, ол періштеге:

        – Дұрыс айтасың, – деп үн қатады. Адамдар бұл жолы періштенің сөзін естіп, ол періште Дажжалдың сөзін растап тұр екен деп ойлайды. Міне, сондықтан да Дажжал үлкен бір бүліктің, адам айтқысыз фитнәнің басы болады.

        Осыдан кейін Дажжал сапарын жалғастыра отырып, Мадинаға дейін келеді. Бірақ оның Мадинаға кіруіне рұқсат етілмейді. Сонда Дажжал:

        – Бұл жер Мұхаммедтің (ﷺ) мекені, – дейді.

        Осы жерден ол кері қайтар жолға шығып, Шамға барады. Алла Дажжалды Афиқ өткеліне жеткенде өлтіреді» (Ахмед ибн Ханбал риуаяты).

        Мына бір хадисте де Дажжалдың бойынан табылатын белгілері жөнінде айтылады. Убада ибн Самиттен жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз: «Әлбетте, мен сіздердің адасушылыққа түсулеріңнен қорыққандықтан, Масих Дажжал жайында көптеген мағлұмат бердім. Енді жақсылап ұғып алыңдар. Масих Дажжалдың белгілері:

        1. Дене бітімі ірі, қарынды, бірақ бойы аласа.

        2. Аяқтары қисық.

        3. Бұйра шашты.

        4. Бір көзі соқыр.

        5. Екінші көзі бұлыңғыр.

        6. Көзі қабағынан шығып та тұрған жоқ, шүңірейіп те тұрған жоқ. Егер Дажжалдың жайы сіздерге күмәнді болса, Раббыңыз көр емес екендігін жақсы біліңіздер». (Ахмед ибн Ханбал риуаяты)[4].

        Дажжал жайында айтылған хадистердің бірінде оның оң көзі соқыр десе, екінші бір хадисте сол көзі соқыр деп айтылады. Яғни, бұл жерде негізгі мәселе оның көзінің көр екендігі. Бір көзінің көр, ал екінші көзінің терімен қапталғандығы да екінші көзінің де соқыр болуға таяп қалғандығын білдіреді, сондықтан жоғарыдағы риуаяттардың қай‑қайсысы болса да дұрыс дейді ислам ғалымдары.

        2.2.) Дажжалдың баруына рұқсат етілмеген мекендер

        Дажжал уақыты келіп, жер бетіне шыққан соң адамдарды азғыру үшін бүкіл жер шарын шарлайды. Алайда, ол барлық елді-мекенді қалағанынша аралағанымен кейбір мекендерге кіруіне рұқсат етілмейтіндігі жайлы мына хадистерден білеміз:

        «...Шығуыма рұқсат етілетін уақыт жақын қалды. Мен шыққан соң жер бетін шарлаймын. Қырық күн ішінде бармаған елді-мекен қалмайды. Тек Мекке мен Мадинадан басқа. Бұл екі қала маған харам етілді. Ол қалаларға қай уақытта кірмек болсам, қолында жалаң қылышы бар бір періште алдымнан шығып, кіруіме кедергі болады. Олардың әрбір өткелінде бір періште бар және олар сол жерлерді қорғайды» (Муслим, Фитән 119; Әбу Дәуіт, Мәлахим 15).

        «Дажжалдың бармайтын ешбір мекені, ешбір мемлекеті қалмайды. Тек қана Мекке мен Мадинадан басқа»  (Бухари, Муслим риуаяты).

        2.3.) Дажжал шыққан кезде өзін «Алламын» деп жариялайды

        Дажжал халыққа өзін «Құдаймын» деп таныстырады. Ол сөзін сиқыр арқылы дәлелдеп бағады. Самура ибн Жундубтан жеткен риуаят бойынша:

        «Дажжал шыға сала, өзін «Аллапын» деп жариялайды. Кімде-кім оған сенсе, артынан ерсе, оның алдыңғы жасаған жақсы амалдары ақыретте пайда бермейді. Егер Дажжалды мойындамай қарсы келсе, алдыңғы жасаған амалы үшін ақыретте жаза шекпейді»[5].

        Кім де кім сол кезде Дажжалдың айтқанына қарсы келетін болса, Дажжал ондай пендені дереу өлтіреді. Сөйтіп өзгелерге: «Мына өлген адамды қайта тірілтсем, мені Алла деп қабыл етесіңдер ме?» – дейді. Олар да: «Иә, қабыл етеміз», – дегенде, Дажжал қолындағы таяғымен өлген кісіні түртіп қайта тірілтеді. Бұл оқиғаға куә болғандар сол жерде Дажжалды Алла деп сенеді екен. Дажжалдың мұнан басқа да сиқырлары толып жатыр. Мысалы, жауын жауғызу, өзімен бірге тозақ пен жәннәтті алып жүруі, оған ергендердің рызықтары мол болатындығы айтылады[6].

        2.4.) Дажжалдың шығу себебі мен оның мінген есегінің ерекшелігі

        Хадистердегі белгілері бойынша, Дажжал – ірі денелі, тепсе темір үзетіндей еңгезердей адам. Жоғарыда бір хадисте Дажжалдың шіркеу ішінде аяқ-қолы шынжырлаулы екендігін айтып өттік. Сонымен қатар хадистерде Дажжалдың мінген есегінің өте үлкен хайуан екендігі айтылады: «Дажжал дін әлсіреген кезде, дін іліміне ат үсті қаралған кезде шығады. Дажжал қырық күн жер бетін шарлайды. Қырық күннің бір күні бір жылдай, бір күні бір айдай, бір күні бір аптадай, қалған күндері жай күндердей болады. Дажжалдың мінген есегі бар. Есектің екі құлағының арасы қырық құлаш. Дажжал адамдарға:

         Мен сендердің Раббыларыңмын,  деп жар салады. Негізінде оның көзі соқыр. Раббымыз болса, соқыр емес. Дажжалдың екі көзінің арасында «кәпір» деп жазылған. Ол жазуды әрбір мумин оқи алады. Дажжал әрбір су ішілетін жерге барады. Бірақ Мәдинаға бара алмайды» (Ахмед ибн Ханбал риуаяты).

        Дажжалдың сипаты мен оның есегі жайындағы хадистер негізінен астарлы ұғымда айтылады. Оның шынайы мағынасы мынадай деп нақты тәпсірлей алмаймыз. Мысалы, Дажжалдың бір күні бір айға тең болады дейді. Ал бүгінгі техногендік заманда бір айлық жолды ұшақпен бірнеше сағатта еңсеріп алуға болады. Сол сияқты оның да бір күні бір айлық уақытқа осылай сәйкес келуі мүмкін. Бұл әрине, пайымдаудың бір ғана қыры, негізгі мағынасы бір Аллаға белгілі.

        2.5.) Хазіреті Исаның (а.с.) Дажжалды өлтіруі

        Ақырзаманда Дажжал шығып, елді өзінің дегеніне көндіріп, білгенін істеген уақытта Алла көктен Хазіреті Исаны түсіреді. Хазіреті Иса Алланың дұшпаны Дажжалмен соғысып, оны өлтіреді. Әбу Рафиғтан жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз былай дейді: «Дажжал көкке жаңбыр жаудыр деп әмір еткенде, көктен жауын жауады, жерге өсімдік шығар деп әмір еткенде, жерден түрлі өсімдіктер шығады. Бұл – Дажжалдың фитнәсі. Содан Дажжал бір қауымға барып, тұрғындарын өзіне иман етуге шақырады. Олар Дажжалдың жалғаншы екендігін айтып, иман етуден бас тартқан соң, Дажжал кері қайтады. Дажжал кетісімен сол қауымның бүкіл малы соның артынан еріп кете береді. Дажжал екінші бір қауымның қасына барып өзіне иман етуге шақырады. Олар оның құдай екендігіне иман еткенде, Дажжал көктен жауын жаудырып, жерден өсімдіктерді шығарады. Сол қауымның малы кешке дейін жайылып, бұрын-соңды болмаған семіз болып шыға келеді.

        Дажжал Мекке мен Мәдинадан басқа елді-мекендерді таптап өтеді. Дажжал Мекке мен Мәдинаға барғанда алдынан қолында қылышы бар періштелер шығып кіргізбей қояды. Ішке кіре алмаған Дажжал соры шыққан тастақ жазықтың шетіне барып түнейді. Ертесіне періш-темен күзетілген Мәдина қаласы үш рет сілкінеді. Осы сілкіністен кейін Мәдинада мунафиқ болған ер кісі мен әйелдерден ешбірі қалмай сыртқа шығып, Дажжалға келіп қосылады. Мадина қаласы осы күні жаман пиғылды адамдардан құтылып, тазаланады. Сол кезде бір әйел:

        – Ол күні араб халқы қайда  болады? – деп сұрағанда Пайғамбарымыз:

        – Ол күні араб халқы аз болып, мекендері Бәйтул Мақдусте (Ақса мешіті) болады, имамдары салих бір кісі яғни Мәһди, – дейді.

        Имам Мәһди жамағатқа таң намазын оқытпақ болып, жамағаттың алдына шыққанда Мариямұлы Иса таң намазының уақытында көктен түсіп, олардың қастарына барған кезде Имам Мәһди Хазіреті Исаның имамдыққа өтуі үшін кері қадам жасайды. Сол кезде Хазіреті Иса имамның жауырынының ортасына қолын қойып:

        – Алға шық, намазды сен оқыт. Өйткені, сен үшін қамат айтылды, – дейді. Сөйтіп, ол имам жамағатқа намаз оқытады. Намазды бітіріп бұрылғанда, Хазіреті Иса:

        – Мешіттің есігін ашыңдар. Есік ашылғанда, есіктің алдында бастан аяқ қаруланған жетпіс мың яһуди мен бірге Дажжалдың оларды күтіп тұрғанын көреді. Дажжал Хазіреті Исаны көре сала, суда еріген тұздай кері бұрылып қаша жөнеледі. Хазіреті Иса оған:

        – Саған сілтейтін бір соққым бар, сен бұл соққыдан еш құтыла алмайсың, - дейді.

        Хазіреті Иса оны қуа отырып, Палестинадағы Бабу Лудтың шығыс жағындағы Бабу Рәмләда жетіп,  Дажжалды өлтіреді. Алла яһудилердің әскерін жеңіліске ұшыратады. Нәтижеде яһудилерге жасырынатын, паналайтын ешбір жер қалмайды. Себебі тау, тас, ағаштар артына жасырынған яһудиді айтып тұрады. Яғни, тау, тас, ағаш пен хайуанға тіл бітіп былай дейді:

        – Ей, Алланың мұсылман құлы! Міне мұнда яһуди жасырынып тұр, кел, оны өлтір. Тек Гаркад есімді ағаш қана айтпайды» (Алиюл Қари, 5 том/196 бет).

        Басқа бір хадисте былай дейді: «Дажжал елді өзіне сендіруге әрекет еткен кезде, Алла Мариямұлы Исаны жібереді. Иса Шамның шығыс жағындағы ақ мұнараға түседі. Ол екі қолын екі періштенің қанатына қойып түседі. Артынан Дажжалды іздеп жүріп, Ақса мешітіне жақын Бабу Лудд деген жерде өлтіреді»(Алиюл Қари, 5 том/197 бет)[7].

        2.6.) Дажжалдың фитнасынан сақтанудың жолдары

        Хазіреті Пайғамбарымыз күнделікті ғибадатында Мәсих Дажжалдың фитнәсінен сақтану үшін Аллаға былай деп дұға еткен: «Аллаым!  Күмәнсіз мен тозақ отынан Саған сиынамын. Қабір азабынан Саған сиынамын. Мәсих Дажжалдың фитнәсінен Саған сиынамын. Өмір мен өлімнің фитнәсінен Саған сиынамын»(Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәй риуаяты). Сонымен қатар Дажжалдың фитнәсінен сақтану жайында Хазіреті Пайғамбарымыз: «Кімде-кім «Кәһф» сүресінің алдындағы 10 аятын жаттап алса, Дажжалдың фитнәсінен сақтанған болады»(Сахих Муслим, 1 том, 555 хадис) деп бізге баға жетпес нақты нұсқау береді.

        Кейбір ғұламалар өздерінің өмір сүрген кезеңінде көз көріп, куә болған залым елбасылар мен қолбасшыларды (Напалеон, Гитлер, Мұсаллини, Шыңғыс хан т.б.) Дажжалға теңеген. Бірақ олардың ешбірі де хадисте айтылған сипаттағы Дажжалға ұқсамайды және шынында да Дажжал болса, оның артынан Хазіреті Иса пайғамбар көктен түсуі керек еді. Сондықтан Дажжалдың қашан келетіндігі, кім болатындығы жалғыз Аллаға аян. Біз ең дұрысы хадисте айтылған күйіне сенейік, қалғанын Алла Тағала біледі.