Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Ақида
        3. Ақырзаманның үлкен белгілері қандай?
        Ақырзаманның үлкен белгілері қандай?

        Ақырзаманның үлкен белгілері қандай?

        Сұрақ: Ақырзаманның үлкен белгілері қандай?

        Жауап:

        Хузайфа ибн Әсид әл-Ғыфариден жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Хузайфа былай дейді: «Біз Мәдинада бір қорғанның көлеңкесінде отырғанбыз. Пайғамбарымыз болса бір шатырдың үстінде отырған еді. Сол сәтте Алланың Елшісі жоғарыдан бізге қарап тұрып:

        – Сендерді жұмыстарыңа қандай мәселе жібермей тұр? – деп сұрады. Біз:

        – Сөйлесіп отырмыз, – дедік. Пайғамбарымыз:

        – Не мәселе жайында сөйлесіп отырсыңдар? – деді. Біз:

        – Қиямет-қайымның уақыты жайында әңгімелесіп отырмыз, – деп жауап бердік. Сонда Хазіреті Пайғамбарымыз:

        – Сендер мына он нәрсені көрмейінше қиямет қайым болмайды деді:

        1. Тұманды (түтін).

        2. Дажжалды.

        3. Даббатул арзды.

        4. Күннің батқан жақтан шығуын.

        5. Хазіреті Исаның (а.с.) көктен түсуін.

        6. Яжуж-Мәжуждың шығуын.

        7. Шығыс жақтағы бір жердің шөгуі

        8. Батыс жақтағы бір жердің шөгуі

        9. Араб түбегіндегі бір жердің шөгуі

        10. Йеменнің Аден жазығының ең шалғайынан бір от шығады. Ол от барлық жерді өртеп отырып, адамдарды махшарға дейін алып барады, – деді (Муслим, Фитән 39; Ибн Мажа, Фитән 28).

        Енді хадисте айтылған жоғарыдағы ақырзаманның 10 үлкен  белгісіне жеке-жеке қысқаша шолу жасап өтелік:

        1) Тұман (духан) шығу

        Қиямет қайым жақындағанда жер бетін тұман қаптайды. Тұман қырық күн, қырық түн бойы жалғасады. Бұл тұманнан мумин пенделер тұмауратып, кәпірлер мас адам секілді сенделіп жүретін болады. Жер бетін қаптаған тұманнан имансыз болған пенделер көз жұматындығы риуаят етіледі. Бір хадисте былай дейді: «Ақырзаманда бір тұман шығады. Бұл тұман кәпірлерді өлтіреді, муминдерді тұмауратады» (Муслим, Мунафиқун 39).

        2) Дажжал

        Ақырзаман таяғанда Дажжал есіміндегі бір кісі шығып, адамдарға өзін құдаймын деп танытып, өзінің жолымен жүруге үндейді. Хазіреті Пайғамбарымыздың айтуы бойынша, келіп- кеткен бүкіл пайғамбарлар өз дәуірінде үмметін Дажжалмен қорқытқан.

        Дажжал сөзі – «өтірікші» деген ұғымды білдіреді. Хазіреті Пайғамбарымыздың Дажжал жайында айтқан хадистеріне тоқталып өтейік:

        Хузайфадан жеткен риуаят бойынша: «Дажжал сол көзі соқыр, қалың қою шашты бір адам. Оның қасында жәннәт пен от бар. Оның оты негізінде жәннәт болып, жәннәті де тозақ болады» (Муслим риуаяты).

        «Тәмимуд Дари атты кісі алғашқыда христиан болып, артынан Исламды қабылдаған соң Хазіреті Пайғамбарымызға бір сапарда адасып жүріп, Дажжалмен кездескені жөнінде айтып береді. Ол қасында отыздай ұлты араб кісілермен теңіз сапарына шығып, жолда адасып бір аралға тап болады. Онда үсті-басын жүн басқан бір адамнан жөн сұрағанда, ол шіркеудегі бір кісіге жолдайды. Шіркеуге барғанда олар аяқ-қолы кісендеулі еңгезердей біреуді көріп, одан жөн сұрайды. Әңгіме барысында әлгі кісендеулі адам оларға Хазіреті Пайғамбардың келіп‑келмегенін, арабтармен шайқасып‑шайқаспағандығы жайында бірқатар сұрақтар қояды. Жолшылар болса Пайғамбарымыздың арабтарды жеңгендігін және өзіне бағындырғандығын айтады. Сонда Дажжал оларға: «Мен енді өзімді таныстырайын, мен Мәсих Дажжалмын. Бостандыққа шығуға рұқсат берілетін уақыт аз қалды. Сол кезде жер бетін шарлаймын. Қырық күн ішінде Мекке мен Мадинадан басқа бармаған ауылым қалмайды. Бұл екі қала маған харам етілді. Ол екі қаланың біріне қалай кірмекке әрекеттенсем, сол сәт қолында жалаң қылышы бар бір періште алдымнан шығып, ол жаққа кіруіме кедергі жасайды. Ол қаланың әрбір өткелінде бір‑бірден періштеден тұрады».

        Хазіреті Пайғамбарымыз сол Дажжал шынжырлаулы тұрған мекен жайында былай дейді: «Ол Шам теңізінде немесе Йемен теңізінде. Жоқ, ол шығыс жақтан шығады. Иә, ол шығыс жақтан шығады. Ол шығыс жақтан шығады! – деп қолымен шығыс жақты меңзеді» (Муслим, Фитән 119; Әбу Дәуіт, Мәлахим 15)[1].

        «Дажжал шыққан кезде өзімен бірге су мен от болады. Бірақ елдің от деп көргені тәтті су, су деп көргені күйдіретін бір от болады. Сендерден кім сол күнге жететін болса елдің от деп көргенін қабыл етсін. Өйткені ол тәтті мұздай су»  (Бухари, Фитән 26; Муслим Фитән 105)[2].

        2.1.) Хадистерде айтылған Дажжалдың сипаттары

        Хузайфадан риуаят етілген бір хадисте : «Дажжалдың сол көзі соқыр, қалың шашты кісі. Оның қасында жәннәт пен от болады. Оның оты жәннәт, жәннәті де тозақ деді» (Муслим риуаяты).

        Хазіреті Хузайфа (р.а.) Хазіреті Пайғамбарымыздың былай дегенін риуаят етеді: «Әлбетте, мен Дажжалдың қасында болатын нәрселерді одан жақсы білемін. Оның қасында ағып жатқан екі өзен бар. Олардың біреуі көздің нұрын алатын аппақ су. Екіншісі көздің жанарын алатын өз-өзінен тұтанып лаулап жанған от. Егер де кімде-кім оны көретін болса, от болып көрінген өзенге барсын. Содан кейін басын суға батырсын, артынан иіліп одан су ішсін. Өйткені, ол өзен мұздай су болады. Дажжалдың көзі көрмейді. Көзінің үстінде қалың теріден болған перде бар. Оның екі көзі арасында кәпір деген жазу жазылған. Ол сөзді жаза алатын да, жаза алмайтын да әрбір мумин кісі оқиды» (Муслим риуаяты).

        Хазіреті Әбу Бәкір Сыддықтан (р.а.) жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз: «Дажжал шығыс аймағынан, Хорасан деген жерден шығады. Оған ергендердің жүздері терімен қапталғандай ірі денелі адамдар болады» (Тирмизи риуаяты) деген.

        Әбу Амр әд-Данидің риуаят еткен бір хадисінде Дажжал жайында былай делінеді: «Дажжал шықпастан бұрын үш жыл жаңбыр жаумайды. Бірінші жылы жауатын жаңбырдың үште екісі жауып, үште бірі жаумайды. Жерді қолдап суарғанмен өсімдіктердің үште бірі шықпай қалады. Екінші жылы жауатын жаңбырдың үште екісі жаумай қалады да, өсімдіктердің үште екісі шықпайды. Үшінші жылы Алла Тағала жауын жаудырмай, өсімдіктерді шығармай қояды. Тіпті көктен бір тамшы су тамбай, жерден бір көгерген өсімдік шықпай қалады. Қуаңшылықтың болғандығы соншалық жер беті мыс секілді, көк жүзі шиша секілді болады. Адамдар ашаршылыққа ұшырап, өліммен тайталасып жатады. Сол кездерде фитналар, көтерілістер, төңкерістер көп болып адамдар бір-бірлерін өлтіреді. Мұның ақыры жер бетіндегі ірі  апаттарға ұласады. Міне, осындай қиынқыстау кезде Исфаханнан Яһудилер ауылы деп аталатын жерден малғұн Дажжал қашырға ұқсас, құйрығы кесілген бір есекке мініп шығады. Есектің екі құлағының арасы қырық құлаш ұзын болады. Бір аяғынан екінші бір аяғына дейінгі қашықтық төрт күндік жол. Дажжал қолымен бұлттарды ұстайды. Алдында тұманды тау, артында да сол секілді тау бар. Екі көзінің арасында «кәпір» деп жазылған. Дажжал елге қарап:

        Мен сендердің үлкен Раббыларыңмын, деп айқайлайды. Дажжалға еретіндер өсім жейтіндер мен зинадан туылған балалар»  (Китабун-Нихая, Ибн Кәсир, 1 том/131 бет)[3].

        Басқа бір хадисте Хазіреті Пайғамбарымыз Дажжалды сипаттаған кезде былай деп келтіреді: «Күмәнсіз, маған дейінгі пайғамбарлар өз үмметін Мәсих Дажжалдың фитнасынан қорқытқан. Дажжалдың:

        1. Оң көзі соқыр.

        2. Сол көзінде теріден қалың бір перде бар.

        3. Екі көзінің арасында «кәпір» деген сөз жазылған.

        4. Өзімен бірге екі жазық бар, біреуі – жәннәт, екіншісі – тозақ.

        5. Қасында пайғамбарларға ұқсас екі періште бар. Егер қажет болса ол пайғамбарларды өз атымен, әкесінің атымен айтып беремін.

        6. Періштенің бірі Дажжалдың оң жағында, екіншісі сол жағында тұрады (Екі періштенің бұлай тұруы адамдарды сынауы үшін). Содан Дажжал адамдарға:

        – Мен сендердің Раббыларың емеспін бе? Мен жан берушімін әрі өлтіремін, – дейді. Бұдан кейін періштелердің бірі Дажжалға:

        – Сен өтірік айтып тұрсың, – дейді. Бірақ бұл сөздерді адамдардың ешбірі естімей қалады. Ал екінші періште оның сөзін естіп, ол періштеге:

        – Дұрыс айтасың, – деп үн қатады. Адамдар бұл жолы періштенің сөзін естіп, ол періште Дажжалдың сөзін растап тұр екен деп ойлайды. Міне, сондықтан да Дажжал үлкен бір бүліктің, адам айтқысыз фитнәнің басы болады.

        Осыдан кейін Дажжал сапарын жалғастыра отырып, Мадинаға дейін келеді. Бірақ оның Мадинаға кіруіне рұқсат етілмейді. Сонда Дажжал:

        – Бұл жер Мұхаммедтің (ﷺ) мекені, – дейді.

        Осы жерден ол кері қайтар жолға шығып, Шамға барады. Алла Дажжалды Афиқ өткеліне жеткенде өлтіреді» (Ахмед ибн Ханбал риуаяты).

        Мына бір хадисте де Дажжалдың бойынан табылатын белгілері жөнінде айтылады. Убада ибн Самиттен жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз: «Әлбетте, мен сіздердің адасушылыққа түсулеріңнен қорыққандықтан, Масих Дажжал жайында көптеген мағлұмат бердім. Енді жақсылап ұғып алыңдар. Масих Дажжалдың белгілері:

        1. Дене бітімі ірі, қарынды, бірақ бойы аласа.

        2. Аяқтары қисық.

        3. Бұйра шашты.

        4. Бір көзі соқыр.

        5. Екінші көзі бұлыңғыр.

        6. Көзі қабағынан шығып та тұрған жоқ, шүңірейіп те тұрған жоқ. Егер Дажжалдың жайы сіздерге күмәнді болса, Раббыңыз көр емес екендігін жақсы біліңіздер». (Ахмед ибн Ханбал риуаяты)[4].

        Дажжал жайында айтылған хадистердің бірінде оның оң көзі соқыр десе, екінші бір хадисте сол көзі соқыр деп айтылады. Яғни, бұл жерде негізгі мәселе оның көзінің көр екендігі. Бір көзінің көр, ал екінші көзінің терімен қапталғандығы да екінші көзінің де соқыр болуға таяп қалғандығын білдіреді, сондықтан жоғарыдағы риуаяттардың қай‑қайсысы болса да дұрыс дейді ислам ғалымдары.

        2.2.) Дажжалдың баруына рұқсат етілмеген мекендер

        Дажжал уақыты келіп, жер бетіне шыққан соң адамдарды азғыру үшін бүкіл жер шарын шарлайды. Алайда, ол барлық елді-мекенді қалағанынша аралағанымен кейбір мекендерге кіруіне рұқсат етілмейтіндігі жайлы мына хадистерден білеміз:

        «...Шығуыма рұқсат етілетін уақыт жақын қалды. Мен шыққан соң жер бетін шарлаймын. Қырық күн ішінде бармаған елді-мекен қалмайды. Тек Мекке мен Мадинадан басқа. Бұл екі қала маған харам етілді. Ол қалаларға қай уақытта кірмек болсам, қолында жалаң қылышы бар бір періште алдымнан шығып, кіруіме кедергі болады. Олардың әрбір өткелінде бір періште бар және олар сол жерлерді қорғайды» (Муслим, Фитән 119; Әбу Дәуіт, Мәлахим 15).

        «Дажжалдың бармайтын ешбір мекені, ешбір мемлекеті қалмайды. Тек қана Мекке мен Мадинадан басқа»  (Бухари, Муслим риуаяты).

        2.3.) Дажжал шыққан кезде өзін «Алламын» деп жариялайды

        Дажжал халыққа өзін «Құдаймын» деп таныстырады. Ол сөзін сиқыр арқылы дәлелдеп бағады. Самура ибн Жундубтан жеткен риуаят бойынша:

        «Дажжал шыға сала, өзін «Алламын» деп жариялайды. Кімде-кім оған сенсе, артынан ерсе, оның алдыңғы жасаған жақсы амалдары ақыретте пайда бермейді. Егер Дажжалды мойындамай қарсы келсе, алдыңғы жасаған амалы үшін ақыретте жаза шекпейді»[5].

        Кім де кім сол кезде Дажжалдың айтқанына қарсы келетін болса, Дажжал ондай пендені дереу өлтіреді. Сөйтіп өзгелерге: «Мына өлген адамды қайта тірілтсем, мені Алла деп қабыл етесіңдер ме?» – дейді. Олар да: «Иә, қабыл етеміз», – дегенде, Дажжал қолындағы таяғымен өлген кісіні түртіп қайта тірілтеді. Бұл оқиғаға куә болғандар сол жерде Дажжалды Алла деп сенеді екен. Дажжалдың мұнан басқа да сиқырлары толып жатыр. Мысалы, жауын жауғызу, өзімен бірге тозақ пен жәннәтті алып жүруі, оған ергендердің рызықтары мол болатындығы айтылады[6].

        2.4.) Дажжалдың шығу себебі мен оның мінген есегінің ерекшелігі

        Хадистердегі белгілері бойынша, Дажжал – ірі денелі, тепсе темір үзетіндей еңгезердей адам. Жоғарыда бір хадисте Дажжалдың шіркеу ішінде аяқ-қолы шынжырлаулы екендігін айтып өттік. Сонымен қатар хадистерде Дажжалдың мінген есегінің өте үлкен хайуан екендігі айтылады: «Дажжал дін әлсіреген кезде, дін іліміне ат үсті қаралған кезде шығады. Дажжал қырық күн жер бетін шарлайды. Қырық күннің бір күні бір жылдай, бір күні бір айдай, бір күні бір аптадай, қалған күндері жай күндердей болады. Дажжалдың мінген есегі бар. Есектің екі құлағының арасы қырық құлаш. Дажжал адамдарға:

        Мен сендердің Раббыларыңмын, деп жар салады. Негізінде оның көзі соқыр. Раббымыз болса, соқыр емес. Дажжалдың екі көзінің арасында «кәпір» деп жазылған. Ол жазуды әрбір мумин оқи алады. Дажжал әрбір су ішілетін жерге барады. Бірақ Мәдинаға бара алмайды» (Ахмед ибн Ханбал риуаяты).

        Дажжалдың сипаты мен оның есегі жайындағы хадистер негізінен астарлы ұғымда айтылады. Оның шынайы мағынасы мынадай деп нақты тәпсірлей алмаймыз. Мысалы, Дажжалдың бір күні бір айға тең болады дейді. Ал бүгінгі техногендік заманда бір айлық жолды ұшақпен бірнеше сағатта еңсеріп алуға болады. Сол сияқты оның да бір күні бір айлық уақытқа осылай сәйкес келуі мүмкін. Бұл әрине, пайымдаудың бір ғана қыры, негізгі мағынасы бір Аллаға белгілі.

        2.5.) Хазіреті Исаның (а.с.) Дажжалды өлтіруі

        Ақырзаманда Дажжал шығып, елді өзінің дегеніне көндіріп, білгенін істеген уақытта Алла көктен Хазіреті Исаны түсіреді. Хазіреті Иса Алланың дұшпаны Дажжалмен соғысып, оны өлтіреді. Әбу Рафиғтан жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз былай дейді: «Дажжал көкке жаңбыр жаудыр деп әмір еткенде, көктен жауын жауады, жерге өсімдік шығар деп әмір еткенде, жерден түрлі өсімдіктер шығады. Бұл – Дажжалдың фитнәсі. Содан Дажжал бір қауымға барып, тұрғындарын өзіне иман етуге шақырады. Олар Дажжалдың жалғаншы екендігін айтып, иман етуден бас тартқан соң, Дажжал кері қайтады. Дажжал кетісімен сол қауымның бүкіл малы соның артынан еріп кете береді. Дажжал екінші бір қауымның қасына барып өзіне иман етуге шақырады. Олар оның құдай екендігіне иман еткенде, Дажжал көктен жауын жаудырып, жерден өсімдіктерді шығарады. Сол қауымның малы кешке дейін жайылып, бұрын-соңды болмаған семіз болып шыға келеді.

        Дажжал Мекке мен Мәдинадан басқа елді-мекендерді таптап өтеді. Дажжал Мекке мен Мәдинаға барғанда алдынан қолында қылышы бар періштелер шығып кіргізбей қояды. Ішке кіре алмаған Дажжал соры шыққан тастақ жазықтың шетіне барып түнейді. Ертесіне періш-темен күзетілген Мәдина қаласы үш рет сілкінеді. Осы сілкіністен кейін Мәдинада мунафиқ болған ер кісі мен әйелдерден ешбірі қалмай сыртқа шығып, Дажжалға келіп қосылады. Мадина қаласы осы күні жаман пиғылды адамдардан құтылып, тазаланады. Сол кезде бір әйел:

        – Ол күні араб халқы қайда  болады? – деп сұрағанда Пайғамбарымыз:

        – Ол күні араб халқы аз болып, мекендері Бәйтул Мақдусте (Ақса мешіті) болады, имамдары салих бір кісі яғни Мәһди, – дейді.

        Имам Мәһди жамағатқа таң намазын оқытпақ болып, жамағаттың алдына шыққанда Мариямұлы Иса таң намазының уақытында көктен түсіп, олардың қастарына барған кезде Имам Мәһди Хазіреті Исаның имамдыққа өтуі үшін кері қадам жасайды. Сол кезде Хазіреті Иса имамның жауырынының ортасына қолын қойып:

        – Алға шық, намазды сен оқыт. Өйткені, сен үшін қамат айтылды, – дейді. Сөйтіп, ол имам жамағатқа намаз оқытады. Намазды бітіріп бұрылғанда, Хазіреті Иса:

        – Мешіттің есігін ашыңдар. Есік ашылғанда, есіктің алдында бастан аяқ қаруланған жетпіс мың яһуди мен бірге Дажжалдың оларды күтіп тұрғанын көреді. Дажжал Хазіреті Исаны көре сала, суда еріген тұздай кері бұрылып қаша жөнеледі. Хазіреті Иса оған:

        – Саған сілтейтін бір соққым бар, сен бұл соққыдан еш құтыла алмайсың, - дейді.

        Хазіреті Иса оны қуа отырып, Палестинадағы Бабу Лудтың шығыс жағындағы Бабу Рәмләда жетіп,  Дажжалды өлтіреді. Алла яһудилердің әскерін жеңіліске ұшыратады. Нәтижеде яһудилерге жасырынатын, паналайтын ешбір жер қалмайды. Себебі тау, тас, ағаштар артына жасырынған яһудиді айтып тұрады. Яғни, тау, тас, ағаш пен хайуанға тіл бітіп былай дейді:

        – Ей, Алланың мұсылман құлы! Міне мұнда яһуди жасырынып тұр, кел, оны өлтір. Тек Гаркад есімді ағаш қана айтпайды» (Алиюл Қари, 5 том/196 бет).

        Басқа бір хадисте былай дейді: «Дажжал елді өзіне сендіруге әрекет еткен кезде, Алла Мариямұлы Исаны жібереді. Иса Шамның шығыс жағындағы ақ мұнараға түседі. Ол екі қолын екі періштенің қанатына қойып түседі. Артынан Дажжалды іздеп жүріп, Ақса мешітіне жақын Бабу Лудд деген жерде өлтіреді» (Алиюл Қари, 5 том/197 бет)[7].

        2.6.) Дажжалдың фитнасынан сақтанудың жолдары

        Хазіреті Пайғамбарымыз күнделікті ғибадатында Мәсих Дажжалдың фитнәсінен сақтану үшін Аллаға былай деп дұға еткен: «Аллаым!  Күмәнсіз мен тозақ отынан Саған сиынамын. Қабір азабынан Саған сиынамын. Мәсих Дажжалдың фитнәсінен Саған сиынамын. Өмір мен өлімнің фитнәсінен Саған сиынамын» (Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәй риуаяты). Сонымен қатар Дажжалдың фитнәсінен сақтану жайында Хазіреті Пайғамбарымыз: «Кімде-кім «Кәһф» сүресінің алдындағы 10 аятын жаттап алса, Дажжалдың фитнәсінен сақтанған болады» (Сахих Муслим, 1 том, 555 хадис) деп бізге баға жетпес нақты нұсқау береді.

        Кейбір ғұламалар өздерінің өмір сүрген кезеңінде көз көріп, куә болған залым елбасылар мен қолбасшыларды (Напалеон, Гитлер, Мұсаллини, Шыңғыс хан т.б.) Дажжалға теңеген. Бірақ олардың ешбірі де хадисте айтылған сипаттағы Дажжалға ұқсамайды және шынында да Дажжал болса, оның артынан Хазіреті Иса пайғамбар көктен түсуі керек еді. Сондықтан Дажжалдың қашан келетіндігі, кім болатындығы жалғыз Аллаға аян. Біз ең дұрысы хадисте айтылған күйіне сенейік, қалғанын Алла Тағала біледі.

        3) Даббатул арз (жерден шығатын хайуан)

        «Дабба» сөзі – әрекет етуші, қимылдаушы дегенді білдіреді. Яғни, ақырзаманда «дабба» есімді бір хайуанның шығатындығын Хазіреті Пайғамбарымыз хадистерінде айтып кеткен. Даббатул арз мәселесіне байланысты Құранда былай дейді: «Оларға айтылған (Қиямет) бастарына келген кезде, олар үшін жерден бір хайуан шығарамыз да, ол оларға адамдардың аяттарымызға мүлде сенбегендіктерін айтады» (27.Нәмл-82).

        Даббатул арз хайуан болғанымен, адам секілді әрекет етіп, мумин мен кәпір пенделерді бір-бірінен айырып, мынау мумин, мынау кәпір дейтіндей дәрежеге ие болады. Хазіреті Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Даббатул арз өзімен бірге Дәуітұлы Сүлейменнің мөрі мен Имранұлы Мұсаның асасын алып шығады. Аса таяқпен муминнің жүзін жарқыратып, мөрмен кәпірдің мұрнын сындырады. Тіпті бір үйге тамақ ішу үшін жиылған кезде елдер бір-біріне:

        Әй, мумин!

        Әй, кәпір! – деп бір-бірін ажыратып отыратын болады» (Ибн Мажа, Фитән 31).

        Даббатул арздың қандай хайуан екендігі, неге ұқсайтындығы анық белгісіз. Бірақ кейбір хадистердегі белгілері арқылы оның жер бетінде ұқсасы жоқ, сондай бір үлкен хайуан болатындығын аңғаруға болады. Амир ибн Астың айтуы бойынша: «Даббатул арз қажылық кезінде Меккедегі бір ағаштан шығады. Басы бұлтқа жеткенімен аяғы әлі жерден шығып бітпейді».

        Абдуллаһ ибн Зубайр Даббатул арзды былай деп сипаттайды: «Даббатул арз жердегі хайуанаттардың мүшелерінен жиналған. Мысалы, басы өгіздің басына, көзі шошқаның көзіне, құлағы пілдің құлағына, мүйізі тау ешкінің мүйізіне, мойны түйеқұстың мойнына, құйрығы қошқардың құйрығына, аяғы түйенің аяғына ұқсайды» (Ибн Кәсир, Китабун-нихая, 1 том, 163 бет.)[8].

        Даббатул арз қай жақтан шығады дегенге келсек, деректер оның Меккеге жақын жердегі сахара аймағынан шығатындығын меңзейді. Осы жөнінде Хазіреті Бурайда есімді сахаба:

        «Бірде Расулуллаһ мені Меккеге жақын сахарадағы бір жерге алып барды. Ол жер құмды, құрғақ жер екендігін көрдім. Сол кезде Пайғамбарымыз: «Даббатул арз осы тұстан шығады», – деді. Көрсеткен жерге қарасам, бас бармақ пен сұқ саусақ арасындай ғана яки бір қарыстай ғана жер екен» (Ибн Кәсир, Китабун-нихая, 1 том, 161 бет.) дейді.

        Ғалымдармыз бұл хайуанды Тәмим әд-Даридің Дажжалмен байланысты айтқан хадисіндегі үсті басы жүн-жүн, адамға да, хайуанға да ұқсамайтын мақлұққа теңейді. Қалай дегенімізбен түп ақиқаты бір Аллаға белгілі.

        4) Күннің батқан жерінен  қайта шығуы

        Қиямет қайымның және бір белгісі – Алланың әмірімен табиғат заңдылығына қайшы құбылыс орын алып, күннің батқан жерінен қайта шығуымен байланысты. Бұл күн жұма күніне сәйкес келеді. Күннің батыстан шыққанын көзі көрген адам баласы сол сәт жаппай иман етіп, тәубелеріне келеді. Бірақ ол кездегі иман етулері мен жасаған тәубелері қабыл болмайды. Иә, ондай шақта сол кезге дейін иман етіп, тәубеге келмей жүрген пенде үшін орны толмас қайғы болары сөзсіз. Себебі Хазіреті Пайғамбарымыз былай дейді: «Күн батыстан шықпайынша қиямет болмайды. Күн батыстан шыққанда адамдар оны көріп, жаппай иман етеді. Оған дейін иман етпеген немесе иманында жақсылық болмаған пендерлерге сол күні еткен имандары пайда бермейді» (Бухари,Фитән 25; Муслим, Иман 72; Әбу Дәуіт, Мәлахим 12).

        Екінші бір хадисте: «Күн батыстан шыққанға дейін Алла тәубе етушінің тәубесін қабыл етеді» (Муслим, 1 том, 138 хадис) деп айтылады.

        5) Хазіреті Исаның (а.с.) көктен түсуі

        Ақырзаман таяғанда Дажжал шығып, өзін құдаймын деп жариялап, түрлі сиқыр мен истидраж[9] көрсетіп жүрген уақытта, Алла көктен Иса пайғамбарды түсіреді. Хазіреті Иса жер бетіне түскен соң, Хазіреті Мұхаммед пайғамбардың дінімен жүріп, Исламды жаю үшін күреседі. Себебі оған түсірілген дін, Ислам діні келгеннен соң күшін жойған болатын.

        Хазіреті Иса Дажжалды өлтіріп, адамдар арасында әділдік орнатады. Хазіреті Иса пайғамбардың ақырзаманда түсетіндігін және не істейтіндігін Хазіреті Мұхаммед (ﷺ) Пайғамбарымыздың мына хадисінен білуге болады:

        «Барлық пайғамбарлар әке жағынан бауыр болғанымен, аналары бөлек. Бірақ діндері бір. Мен Мариямұлы Исаға жақынмын. Өйткені мені мен оның арасында басқа пайғамбар келмеді. Расында да ол ақырзаманда жер бетіне түседі. Оны көрген кездеріңде мынадай ерекшеліктерімен танисыңдар:

        1. Орта бойлы.

        2. Тәні қызыл мен ақ түске жақын.

        3. Үсті – басы өте таза; шаштарына су тимесе де су тәрізді болып тұрады.

        4. Ол айырды (кресті) сындырады.

        5. Шошқаны өлтіреді.

        6. Жан салығын жояды.

        7. Мал дүние көп болып, судай ағады.

        8. Адамзатты Ислам дініне шақырады.

        9. Алла Тағала оның кезінде Исламнан басқа діндерді жоқ етеді.

        10. Ол Алланың қалауымен Дажжалды өлтіреді.

        11. Ол кезде жер бетінде бейбіт заман орнап, арыстандар түйелермен, жолбарыстар сиырлармен, қасқырлар қойлармен жайлауда бірге жүріп, балалар жыландармен ойнайтын болады.

        12. Хазіреті Иса жер бетінде 40 жыл өмір сүргеннен кейін қайтыс болады және мұсылмандар оның жаназасын шығарып, жерлейді» (Бухари, Әнбия 48; Муслим, Фәзәйл 143; Әбу Дәуіт, Сүннет 13).

        Кейбір хадистерде Хазіреті Исаның жер бетінде 7 жыл, 24 жыл, 45 жыл өмір сүретіндігі тұрғысында айтылғанымен, солардың ішінде «40 жыл қалады» деген риуаят ең қуаттысы болып саналады.

        Хазіреті Иса пайғамбардың Дажжалды өлтіріп, әділетті үкім орнатқан соң, өзі де өзге адамдар секілді үйленіп, үйлі жайлы болатындығы айтылады. Кағбул Ахбардың айтуы бойынша, Хазіреті Иса пайғамбар ұлты араб бір әйелмен отау құрып, одан Мұхаммед, Мұса есімді екі ұл перзент сүйеді. Жер бетіндегі Алланың берген ғұмыры біткен соң, ол да бақилық болып, Хазіреті Пайғамбарымыздың қасына жерленеді[10].

        Хазіреті Иса қайтыс болған соң, Алла Тағала Шам тарапынан суық бір жел жібереді. Осы желден жер бетінде жүрегінде иманы бар барша мүмин о дүниелік болады. Тіпті біреулер таудың астына кіріп жасырынса да, желдің иісі арқылы бақилық болады. Ал өзге имансыз, қара ниетті жандарға бұл желдің ешқандай әсері болмай, керісінше олар білгендерін жасап, ғұмыр кешеді. Шайтан олардың осындай есалаң сәттерін пайдаланып, оларды пұттарға табындырады. Мұның артынан көп ұзамай Исрафил сурға үрлеп, қиямет қайымның  болатындығын Хазіреті Пайғамбарымыз айтып өткен (Муслим Фитән 23; Ахмед ибн Ханбал, ІІ, 166).

        Хазіреті Иса пайғамбардың түсетіндігі жайында айтылған хадистердің саны отызға жуық. Міне, осы айтылған хадистердегі Хазіреті Исаның келетіндігі жайындағы мәліметті арам пиғылды жандар өз мүдделеріне пайдалануға тырысқаны  ислам тарихынан мәлім. Қаншама кісі өзін: «Мен Мәсих Исамын» – деп, елді өзіне иман етуге шақырған. Ондайлардың кейбіреуін халифалар жазалағанымен көпшілігі білгенін айтып, жаңа дін құруға әрекет жасаған. Мәселен, Қадияниліктің құрушысы Мирза Ғұлам Ахмед те солардың санатындағы сұм пиғылды жан еді. Бірақ, әрине осы уақытқа дейін өзін Исамын дегендердің ешбірі де шынайы Хазіреті Иса емес екені белгілі. Себебі Хазіреті Исаның ақырзаманда Дажжалдан соң келетіндігі хадистерде анық айтылған. «Мен Исамын» деп келгендердің бәрі Исламды іштей құлатуды мақсат тұтқандардың саяси ойындарының қуыршақтары болып саналады. Ал діни терминологияда оларды көбіне «жалғаншылар» деп атайды.

        6) Яжуж – Мәжуждың шығуы

        Ақырзаманның және бір белгісі ретінде Яжуж-Мәжуж атты екі тайпаның шығатындығы жайында аяттар мен хадистерде баян етіледі. Бұл қауымның кімдер екені белгісіз. Бірақ, хадистерді қорғанның ішінде қамалған Яжуж-Мәжуж елі ақырзаманда жер бетін құмырсқадай қаптап, олардың жүріп өткен жерлерінен шөп шықпайтындай болатындығы жөнінде айтылады.

        Алдымен Құрандағы Яжуж-Мәжуж жайында айтылған аятқа тоқталып өтейік: «Олар: Әй, Зұлқарнайн! Яжуж-Мәжуж бұл жерде бұзақылық істеуде. Саған салық төлесек, олар мен біздің арамызға бір бөгет жасайсың ба? – деді. Зұлқарнайн: «Раббымның маған бергені одан артық. Сендер маған көмектессеңдер олармен араларыңа бір бөгет жасайын, деді. «Маған темір тақтайлар әкеліңдер»,-деді. Екі беттің арасы теңелген кезде: «Көріктеңдер», деді. Ол от болған сәтте: Маған еріген мыс әкеліңдер үстіне құяйын, деді. Сонда олар одан аса алмады да, тесе алмады. Зұлқарнайн: «Бұл Раббымнан бір мархамет. Қашан Раббымның уәдесі келсе, оны жермен-жексен қылады. Сондай-ақ Раббымның уәдесі хақ, деді» (18.Кәһф, 94-98).

        «Яжуж-Мәжуж ағытылып, әрбір төбеден келгенге дейін. Ол шын уәде, қиямет таяса, сол уақытта қарсы болғандардың көздері шарасынан шығып: Әттеген-ай! Біз бұдан қаперсіз залым екенбіз, дейді» (21.Әнбия, 96-97).

        Ия, аят мағынасы бойынша пайымдасақ, Зұлқарнайын Алланың әмірімен Яжуж-Мәжуж деген қауымды бір жерге (тау астына деп келтіреді) қамаған. Ақырзаман таяғанда Яжуж-Мәжуж сол қорғанды тесіп шығып, жер бетін жайлап, ел арасында бүлік шығармақ.

        Енді осы тақырыптағы хадистерге орын берейік. Әбу Һурайрадан жеткен риуаят бойынша: «Яжуж-Мәжуж Зұлқарнайын қамап кеткен қорғаннан шығу үшін күнде қабырғаларды ояды. Тесуге сәл қалғанда күннің сәулесін көріп, басшылары: «Тоқтаңдар! Қалғанын ертең жалғастырасыңдар», – дейді. Олар қазба жұмысын тоқтатқан кезде Алла қазылған жерді әдепкі қалпына қайта келтіреді. Осылайша күнде қорғанның қабырғаларын тесуге тырысады. Күндер осылай өте береді де, олардың жер бетіне шығатын уақыты таянғанда басшылары: «Қане, қайтайық. ИншаАлла, ертең қалғанын ойып бітіреміз», – деп, иншаАлла (Алла қаласа) сөзін алғаш рет қолданады. Сөйтіп, ертесіне әлгі жерге қайта келгенде еңбектерінің еш кетпегенін көріп, сәл ғана қалған жерді аяғына дейін ойып бітіріп айналадағы елді мекендерге лап қояды. Адамдар олардан құтылу үшін қорғандарына тығылады. Олар жүріп өткен жерлеріндегі бүкіл суды ішіп тауысады. Яжуж-Мәжуж елі адамдарды езгенімен қоймай, аспан әлемін де өз биліктеріне алғысы келіп, көкке қарай оқ жау-дырады. Атылған оқтар көктен қайтып жерге түскенде қан болып түседі. Мұны көрген олар: «Жердегілерді де, көктегілерді де езіп жаншып, жеңдік», – дейді.

        Осыдан кейін Алла Тағала олардың бастары мен желкелеріне бір құрт жібереді. Құрттар олардың жанын жеп, ақырында барлығы түп‑түгел қырылып қалады.

        Пайғамбарымыз сөзін ары қарай жалғастырып: «Мұхаммедтің жанын өз қолында ұстаған Аллаға ант етемін, жер бетіндегі күллі хайуанаттар мен жәндіктер олардың өлген етін жеп, аққан қанын ішіп, жардай болып семіріп кетеді,деді» (Ибн Мажа, Фитән 33).

        Ал келесі бір хадисте Яжуж-Мәжуж қауымының қырылуы Хазіреті Иса пайғамбардың оларға қарсы жасаған дұғасымен іске асатындығы тұрғысында баяндалады. Абдуллаһ ибн Масғудтан жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз Миғраж түнінде көкте Хазіреті Ибраһим, Хазіреті Мұса және Хазіреті Исамен кездеседі. Онда қиямет қайым жайында да әңгіме болады. Әуелі Хазіреті Ибраһимнен одан кейін Хазіреті Мұсадан қиямет-қайымның қашан болатындығын сұрады. Олар қойылған сұраққа жауап бере алмайтындықтарын айтқан соң, кезек Хазіреті Исаға келеді. Хазіреті Иса қиямет жақындағанда болатын кейбір мәліметтерді бергенімен қияметтің қашан болатындығын Жаратушыдан өзге ешкім білмейді деп жауап береді. Сөзін жалғастыра келіп, ақырзаманда Дажжал шығады, содан кейін мен түсіп оны өлтіремін, одан соң халық елдеріне қайтады. Сол кезде олардың алдарынан Яжуж-Мәжуж қауымы қаптап шығып, шабуыл жасайды. Олар кезіккен суды ішіп, тауысады, алдарынан шыққан барлық нәрсенің астан-кестеңін шығарады. Мұндай аласапыранды көрген халық Алладан жәрдем сұрайды. Мен де Алладан Яжуж-Мәжуж қауымының жойылып кетуін тілеймін. Жасаған дұғам қабыл болып, олар өліп тынады. Мәйіттерінің иісі өте қатты саси бастаған соң Аллаға қайта дұға етемін. Алла Тағала сол сәт жауын жаудырып, өліктердің бәрін теңізге жібереді» (Ибн Мажә риуаяты)[11].

        Яжуж-Мәжуж қауымы жайында көптеген болжамдар айтылған. Олардың кімдер екені, қай ұлттан шығатындығы, бет-әлпеті, бойы қандай болатындығы жайында түрлі көзқарастар жетерлік. Сондықтан бізде Яжуж-Мәжуж жайында кеңірек мәлімет бере алмаймыз. Өткен ғасырларда маңғолдарды яжуж, мәжужге теңесе, кейінгілер қытайға теңеуде. Маңғолдарға теңегендердің пікірлері дұрыс еместігі уақыт өте келе айғақталса, қытайға теңеушілердің де пікірлері дұрыс болмай шығулары әбден мүмкін. Сол үшін ақиқатын Алла біледі.

        7) Шығыста бір жердің батуы

        8) Батыста бір жердің батуы

        9) Араб түбегінде бір жердің батуы

        Хадисте айтылғандай шығыста, батыста, араб түбегінде бір жердің батуымен ақырзаманның таялғаны анық болады. Бірақ бататын жерлердің қай мемлекетте болатындығын Алла біледі. Дегенмен, Имам Шарани өзінің еңбегінде сілтемесіз мынадай хадисті келтіреді: «Салибидің риуаяты бойынша, Расулуллаһ былай деген: «Тигр мен Ефрат жазығы арасында бір қала салынады. Ол жерде әлемнің залымдары жиналады және ол жерге қазыналар тасылып, ақырында жерге батады. Ол жердің қазыналары қазықтың жерге оңай кіргеніндей тез арада батып кетеді»[12].

        Демек, ақырзаманның үлкен белгілері жайында кеңірек мағлұматымыз болмағандықтан, біздер айтылған хадиске сеніп, қиямет қайымның хақ екендігін мойындап, тек Алладан ғана медет тілейік.

        10) Хижаз тарапынан үлкен от шығады

        Ақырзаманның соңғы белгісі Хижаз тарапынан үлкен бір оттың шығып, шартарапты жарық қылатындығы хадисте айтылады. Хазіреті Пайғамбарымыз бұл жайында былай дейді: «Хижаз жерінен шығатын, Бусрадағы түйелердің мойындарын жарқырататындай бір от шықпайынша қиямет қайым болмайды» (Муслим, Фитән 42).

        «Бусра» Сирия мемлекетіндегі бір ауылды мекеннің аты. Хазіреті Пайғамбарымыз 12 жасында көкесі Әбу Тәлібпен бірге сауда мақсатымен Шам аймағына барғанда, сол жердегі Бахира есімді монахтың ескертуімен, Меккеге кері қайтқан еді. Бахира христиан дінін жетік меңгерген монах болғандықтан, соңғы пайғамбардың келетіндігін және оның бойында қандай ерекшеліктер мен қасиеттің бар екендігін білетін. Сондықтан алыстан келе жатқан керуенмен ілесіп келе жатқан бұлтты көріп, оның тегін еместігін сезеді де, Әбу Тәліб бастаған саудагерлерді арнайы асқа шақыртады. Сөйтіп, Хазіреті Мұхаммедтің (ﷺ) болашақ пайғамбар екендігіне көз жеткізіп, сол жерден кері қайтуларын бұйырған еді. Міне, сол Бусрадан шығатын алып оттың жарығы жүздеген шақырымнан көрінетін болады. Мүмкін осы маңдағы мұнай кеніштерінің бірі отқа оранады ма, кім білсін?

        Осы жерге дейін ақырзаманның белгілерін айтып келдік. Бірақ қиямет қайымның аласапыранын көретін пенделер жаман адамдар мен иман етпеген жандар болады. Ал жүрегінде иманы бар пенделер қиямет-қайымның сілкінісін көрместен бұрын жан тапсырады. Хазіреті Пайғамбарымыз бұл жайында былай дейді: «Алла Тағала Йемен тарапынан жібектен де жұмсақ болып тиетін бір самал естіреді. Бұл самал жүрегінде бидайдай иманы болған пенделерді бақилық етеді» (Муслим, Фитән 23).

        «Өздері тірі тұрып, қияметтің болғанын көрген кісілер адамдардың жамандары» (Бухари, Фитән 5; Ибн Мажа, Фитән 24).



         

        [1]      İbrahim Canan. Hadis Ansiklopedisi. Kutübü sitte.  14-том. 5009 хадис.
        [2]      İbrahim Canan. Hadis Ansiklopedisi. Kutübü sitte.  14-том. 5011 хадис.
        [3]      İmam Şarani. ж.к.е., 480-482 бет.
        [4]      İmam Şarani. ж.к.е., 483-484 бет.
        [5]      İmam Şarani. ж.к.е., 485-бет.
        [6]      İbrahim Canan. Hadis Ansiklopedisi. Kutübü sitte. 14-том. 95-бет.
        [7]      İmam Şarani. ж.к.е., 491-496 бет.
        [8]      İmam Şarani. ж.к.е., 513-бет.
        [9]      табиғат заңдылығына қайшы келетін имансыз пенденің көрсеткен караматтары
        [10]     İmam Şarani. ж.к.е., 500-бет.
        [11]     İbrahim Canan. Hadis Ansiklopedisi. Kutübü sitte. 17-том. 1245-хадис.
        [12]     İmam Şarani. ж.к.е., 479-бет.