Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) өзіндік ерекшеліктері
Сұрақ: Әссәләму ғалейкум. Мұхаммед пайғамбардың қандай ерекшеліктері бар?
Жауап: Уағалейкумассалам!!!
Алла Тағала бұрын соңды түсірген пайғамбарлардың ішінде соңғы пайғамбар Мұхаммедті (ﷺ) ерекшеледі. Оның үмбеті мұсылман үмбетін де адамзат тарихында болған иман келтіруші үмбеттерден өте үстем қылды. Аллаһ елшісі (ﷺ) өзінің басқа пайғамбарлардан артықшылығы туралы былай деген: «Мені мен менен бұрынғы пайғамбарлардың арасындағы айырмашылықтың мысалы: бір адамның бір әдемі үй салып, оны әшекейлеп, тек бір кірпіштің орнын қалдырып кеткені сияқты. Адамдар сол үйді айналып көріп, таң-тамаша болып: «Әттеген-ай, мына бір жердің кірпішін қойса жақсы болар еді», – деседі. Сол кірпіш менмін. Мен – пайғамбарлардың соңымын».
Басқа бір хадисінде: «Маған бұрынғыларда болмаған бес ерекшелік берілді:
1. Менің дұшпандарымның кеуделеріне олар менен айлық жол қашықтықта болса да үрей мен қорқыныш салынды.
2. Мен үшін кез келген жер намаз оқитын жер болынды. Менің үмбетімнің кез келген адам намаз уақыты кірсе қалаған жерде намаз оқи алады. Ол үшін арнайы орын іздеп шаршаудың керегі жоқ.
3. Менен бұрынғы пайғамбарларға соғыстан түскен олжалар харам болынып келді. Ал мен үшін және менің үмбетім үшін Алланың әмірімен олжалар халал болынды.
4. Маған Қиямет күні үлкен шапағат ету хұқы берілді.
5. Менен бұрынғы пайғамбарлар белгілі бір қауымға ғана түсірілсе, ал мен күллі адамзатқа түсірілдім», – деген.
Хадистерде сондай-ақ, Қиямет күні бүкіл адамзаттың бас сауғалап медет, шапағат сұрап пайғамбарларды жағалаған кезінде олардың барлығының да соңғы пайғамбар Алланың сүйіктісі Мұхаммедке (ﷺ) қарай нұсқайтындығы айтылады.
Осылайша Жаратушы Хақ Тағала осы пәни дүниеде болатын үмбеттердің ең соңғысын және ең қайырлысына жіберілген соңғы ақырзаман пайғамбарын да пайғамбарларының ішіндегі ең ардақтысы әрі төресі етіп, мәртебесін биіктетті. Тіпті, кейбір бұрын өткен пайғамбарлардың өздері осы соңғы мұсылман үмбетінің бір мүшесі болуды арман еткен.
Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) адамгершілік пен биік, асқақ ахлақтардың шынайы мысалы. Алла Тағала соңғы елшісін (ﷺ) Құран Кәрімнің Қалам сүресінде:
﴿وَإِنَّكَ لَعَلَى خُلُقٍ عَظِيمٍ﴾
«(Уа, Мұхаммед!) Шынында да сен ұлы мінез құлыққа иесің» (Қалам, 4), – деп дәріптесе, Алланың елшісінің (с.а.с) өзі бір хадисінде: «Мен көркем мінез-құлықты толықтыру үшін түстім», – деген.
Соңғы пайғамбардың (ﷺ) сондай биік мәртебеде екендігі туралы Жаратушы Хақ Тағала Әнбия сүресінің 107-аятында:
﴿وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِّلْعَالَمِينَ﴾
«(Уа, Мұхаммед!) Біз сені әлемдерге мейірім-рахым ретінде ғана жібердік», – деп сипаттаған.
Демек, Мұхаммед (ﷺ) пайғамбар – ең соңғы пайғамбар. Кім оның ізіне еріп, сүннетімен жүрсе, екі дүниеде де аманшылықта болып, Раббының кеңшілігіне лайықты болады. Ал кім Оның жолымен жүрмесе адасушылардан болады.
«Ниса» сүресінің 80-аятында
﴿مَّنْ يُطِعِ الرَّسُولَ فَقَدْ أَطَاعَ اللَّهَ وَمَنْ تَوَلَّى فَمَا أَرْسَلْنَاكَ عَلَيْهِمْ حَفِيظاً﴾
«Кімде-кім Елшіге бойсұнса Аллаға бойсұнған болады», – делінген. Ал Ахзап сүресінің 71-аятында:
﴿وَمَنْ يُطِعِ اللَّهَ وَرَسُولَهُ فَقَدْ فَازَ فَوْزاً عَظِيماً﴾
«Кімде-кім Аллаға және Оның елшісіне бойсұнса үлкен табысқа қол жеткізеді», – делінеді.
Соңғы пайғамбардан кейін енді пайғамбар түспейді. Одан кейінгі кейбір пенделердің өзін пайғамбармын деп жариялауы нағыз адасу, шайтанның шатпағы, сорлылыардың сандырағы ғана. Ондайларға ақыретте ауыр азап бар.
Сондай-ақ қанша ыждағатты, қанша тақуашыл болса да басқа пенделер пайғамбарлардың дәрежесіне, мәртебесіне әсте жете алмайды. Қаншалықты тақуадар, не талантты болса да, білімдар не білікті болса да бір пендені, басшыны, ақынды, биді, байды, ғалымды, әулиені пайғамбарға теңеуге болмайды. Олай ету Алла Тағалаға және Оның соңғы пайғамбарына (ﷺ) тағылған қып-қызыл жала, әрі тозақылардың қатарына түсіретін нағыз күпірлік. Сондықтан да ондай адасулардан сақ болған жөн.
Демек, Пайғамбарды (ﷺ) құрметтеу, оның салып кеткен жолымен жүру Жаратқанның разылығына жеткізетін бірден-бір жол. Осынау бізге берілген үлкен нығмет үшін әрдайым шүкіршілік айтып жүруіміз ләзім. Алланың елшісіне (ﷺ) әрдайым салауаттар айтып жүруіміз керек. Ахзаб сүресінің 56-аятында:
﴿إِنَّ اللَّهَ وَمَلَائِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلَى النَّبِيِّ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا صَلُّوا عَلَيْهِ وَسَلِّمُوا تَسْلِيماً﴾
«Шынында Алла мен Оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер сендер де оған салауат, сәлем айтыңдар!» – деп бұйырған. Демек, Алланың разылығы – Оның Пайғамбарының разылығында. Саллаллаһу алейһи уа сәлләм.
Сондай-ақ, Пайғамбарға және оның сахабалары мен әулетіне салауат сәлем айту дұғаның қабыл болуының бір шарты. Ардақты сахаба Әли ибн Әбу Талиб (р.а.): «Мұхаммед пен Мұхаммед әулетіне салауат айтылмайынша дұға қабыл болмайды», – деген. Ал басқа сахаба Фудала ибн Убайдулла (р.а.) былай дейді: «Бірде Алланың елшісі (ﷺ) бір кісінің намазында Алла Тағаланы ұлықтамай, Пайғамбарға да (ﷺ) салауат айтпай дұға қылғанын естіп: «Мынау асығыстық қылды», – деді де, оны шақырып алып, оған және басқаларға: «Егер сендерден біреуің намаз оқыса Аллаға мадақ-мақтаумен бастасын, сосын Пайғамбарға (ﷺ) салауат айтсын, содан кейін барып қалаған тілегін тілесін», – деді».