Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Ақида
        3. Пайғамбарлық ерекшеліктер
        Пайғамбарлық ерекшеліктер

        Пайғамбарлық ерекшеліктер

        Сұрақ: Әссәләму ғалейкум.  Пайғамбарлардың қандай ерекшеліктері бар?

        Жауап: Уағалейкумассалам!!!

        Алла Тағала өзінің елшілерін адамдардың арасынан іріктеп алды. Олардың басқа адамдардан айырмашылықтары, өздеріне тән сипаттары болды. Олардың бастылары мынадай:

        1. Әл-Ъисмат – Күнә-қателіктерден таза болу. Алла Тағала өзінің тапсырмасын орындайтын таңдаулы құлдарын басқаларға үлгі ету үшін оларды күнә-қателіктерден кіршіксіз таза қылды. Олар күпірліктен, екіжүзділіктен, өтірік айтудан, үлкенді-кішілі күнәлардың бәрінен де пәк таза. Өйткені адамдарды тура жолға бастаушылар барлық жағынан олардың алдында әрі оларға үлгі болуы тиіс. Алайда сондай биік қасиеттерге ие болса да пайғамбарлар жасаған құлшылықтарын жеткіліксіз деп санап әрдайым Раббыларына тәубе жасап отырған. 

        2. Сенімділік. Алла алдындағы шынайы сенімділік пайғамбарларға тән қасиет. Олар өздеріне жүктелген Алланың аманатын жеріне жеткізе орындап, Раббыларының сенімді де, сүйікті құлдары болып қалды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ)-ды да жерлестері пайғамбарлық келместен бұрын сенімділігіне таң қалып Мұхаммед-Әмин, яғни «Сенімді Мұхаммед» деп атаған. 

        3. Шыншылдық. Пайғамбарлардың барлығы да шыншыл пенделер. Алла Тағала оларға шыншылдық қасиет берген. Қандай да пайғамбар тек шындықты ғана айтқан. Алла Тағала:  

        ﴿وَصَدَقَ اللَّهُ وَرَسُولُهُ﴾ 

        «Алла да, Оның елшісі де тек шындықты ғана айтты» (Ахзаб, 22), – деген. 

        4. Аса зеректілік. Пайғамбарлардың ақыл-ой деңгейлері өте жоғары болған. Сол қасиеттері арқылы олар Алла тарапынан келген уахиларды, үкімдерді жатқа айтқан. Керісінше, ұмытшақтық, ғапілеттік сияқты кемшіліктерден ада болған. Кәпір қауымдармен айтысқанда да дәйекті мысалдар мен нақты дәлелдер келтірген. 

        5. Дінді жеткізу. Пайғамбарлар Раббыларынан келген уахиларды, әмірлерді бұлжытпай орындап, адамдарды тура жолға шақырған. Алла тарапынан түсірген нәрселердің ешқайсысын жасырып қалмаған. Сондықтан да Алла Тағала Өзінің соңғы елшісі Мұхаммед пайғамбарға (ﷺ):

        ﴿يَا أَيُّهَا الرَّسُولُ بَلِّغْ مَا أُنْزِلَ إِلَيْكَ مِن رَّبِّكَ﴾

        «Уа, елші! Раббың тарапынан өзіңе түсірілгенді жеткіз» (Мәида, 67), – деп бұйырған.

        6. Мұғжиза. Алла тағала Өзінің елшілері мен пайғамбарларына адамдарды иландырып, иманға келтірулері үшін ең үлкен керемет дәлел – мұғжизаларды берген. Мысалы, Ибраһим пайғамбардың мұғжизасы – отта жанбай қалу болса, Мұса пайғамбардікі – асатаяқ, Дәуіттікі – таулармен бірге тәсбих айту, Сүлеймендікі – жындар мен адамдарға, жануарларға билік жүргізу, Исанікі өліні тірілту болса, ал соңғы Пайғамбар Мұхаммед (ﷺ)-нің мұғжизалары да көп, олардың ішіндегі ең үлкені – Құран Кәрім.

        7. Ер кісі болуы. Пайғамбарлар тек ер адамдардан шыққан. Уахи да тек ерлерге ғана түскен. Ал Иса пайғамбардың анасы Мариям – Алланың ізгі күңі. 

         

        Әр пайғамбардың өзіндік ерекшелігі

        Алла Тағала әрбір пайғамбарға өзіндік ерекшеліктер берген. Мысалы, Адам ата ең бірінші адам әрі пайғамбар әкесіз, шешесіз топырақтан жаратылған, Нұх пайғамбар тоғыз жүз елу жылдан астам уақыт өмір сүрген, Ибраһим Халилуллаһ яғни Алланың досы, Мұса Кәлимуллаһ яғни «Алламен тікелей тілдескен пайғамбар», Иса әкесіз туылған, Жүсіп пайғамбар елден асқан көркем болған т.б. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) Пайғамбарлардың ең соңғысы, ақырзаман пайғамбары әрі Хабибулла яғни «Алланың сүйіктісі», сонымен бірге Қиямет күні ұлы шапағаттың иесі.

        Пайғамбарлардың арасында көптеген қиыншылықтардан қаймықпаған, басқа елшілерден аса ыждағаттылығымен ерекшеленген майталмандары да болған. Олар туралы Ахқаф сүресінің 35-аятында:

        ﴿فَاصْبِرْ كَمَا صَبَرَ أُوْلُواْ الْعَزْمِ مِنَ الرُّسُلِ﴾

        «(Уа, Мұхаммед!) Пайғамбарлардың майталмандары сабыр еткендей сабыр ет!» – делінген. Тәпсіршілердің айтуларынша бұл аяттағы майталман пайғамбарлар, яғни Уулул-ъазм дегеніміз талай қауіп-қатер мен қиыншылықтарға тап болса да иләһи тапсырманы тиянақты түрде орындауда барынша табандылық танытқан Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса сияқты пайғамбарлар (а.с.). Олар иман келтірмегендердің азаптарына, талай  тауқыметтерге төзімділікпен төтеп беріп, аса шыдамдылық танытқан.