Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Ақида
        3. Пайғамбарларға сенім
        Пайғамбарларға сенім

        Пайғамбарларға сенім

         

        «Алла Тағала жіберген барлық пайғамбарларға иман келтірдім. Ең соңғы пайғамбар Мұхаммедке (ﷺ)кәміл иман келтірдім».

         

        Пайғамбарлар туралы жалпы пайым

        Алла Тағала Адам атаны жаратып, жер бетіне түсіргеннен бері адамзат баласына талай пайғамбарлар жіберген.

        ﴿اللَّهُ يَصْطَفِي مِنَ الْمَلَائِكَةِ رُسُلاً وَمِنَ النَّاسِ إِنَّ اللَّهَ سَمِيعٌ بَصِيرٌ﴾

        Хаж сүресінің 75-аятында: «Алла періштелерден және адамдардан елшілерін таңдайды», – деген. Сол елшілердің ұзын санын кейбір ғалымдар кітаптарда 124 мың деп болжап айтқанмен, нақты санын жалғыз Жаратушының Өзі ғана біледі. Алла Тағала Ғафыр сүресінің 78-аятында:  

        ﴿وَلَقَدْ أَرْسَلْنَا رُسُلاً مِّن قَبْلِكَ مِنْهُم مَّن قَصَصْنَا عَلَيْكَ وَمِنْهُم مَّن لَّمْ نَقْصُصْ عَلَيْكَ 

        «(Уа, Мұхаммед!) Расында сенен бұрын да елшілер жібергенбіз. Олардың кейбірін саған баяндадық ал кейбірін баян етпедік», – деген. Ал Нахыл сүресінің 36-аятында:  

        ﴿وَلَقَدْ بَعَثْنَا فِي كُلِّ أُمَّةٍ رَّسُولاً أَنِ اعْبُدُواْ اللّهَ وَاجْتَنِبُواْ الطَّاغُوتَ﴾ 

        «Шынында Біз әрбір үмбетке «Аллаға ғана табынып, бұзықтықтан аулақ болыңдар» дейтін пайғамбар жібердік», – делінген. Демек, адамзат тарихында Құран Кәрімде айтылғаннан басқа да пайғамбарлар да болған. Ал жалпы Құранда аттары аталып өткен пайғамбарлардың саны жиырма бес. Оларды рет-ретімен айтар болсақ, мынадай: 

        1. Адам. 2. Ыдырыс. 3. Нұх. 4. Һуд.  5.Салих. 6. Ибраһим. 7. Лұт.  8. Исмаил.  9. Ысхақ.  10. Жақып. 11. Жүсіп.  12. Аййуб.  13. Шұғайып.  14. Мұса.  15. Һарун.  16. Жүніс.  17. Дәуіт.  18. Сүлеймен. 19. Илияс. 20. Әл-йасағ. 21. Зул-кифл. 22. Зәкәрия. 23. Жақия.  24. Иса.  25. Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарлар. Олардың барлығына Алла тағаланың сәлемі мен салауаты болсын!

        Бұл жиырма бес пайғамбардың пайғамбар екендігіне ешкімнің де дауы жоқ. Ал Құран Кәрімде айтылған Зул-қарнайын, Ұзайыр және Лұқмандардың пайғамбар әлде әулие екендігі туралы ғалымдардың арасында талас бар. Біреулері оларды пайғамбарлар десе, ал енді бір ғалымдар әулиелер деп шешкен. Ал Кәһф сүресінде айтылған Мұсамен кездесетін ізгі пенде Хидр (Қыдыр) Алла Тағаланың сүйікті, әулие құлдарының бірі.

        Пайғамбарларға иман келтірудегі шарт – «Мен Алланың Құранда аты аталған елшілеріне, пайғамбарларына және бұрын-соңды жіберген барлық пайғамбарларына иман келтірдім» деп айту. Осылай айтып, жүрегімізге нық орнықтырсақ, мұсылмандық нанымның алты шартының бірі – пайғамбарларына иман келтіруді орындаған боламыз.

        Жалпы Пайғамбарлардың барлығының сенімі бірдей Лә иләһә иллаллаһ, яғни «Алладан басқа құдай жоқ» болатын. Әнбия сүресінің 25-аятында былай делінген:  

        ﴿وَمَا أَرْسَلْنَا مِن قَبْلِكَ مِن رَّسُولٍ إِلَّا نُوحِي إِلَيْهِ أَنَّهُ لَا إِلَهَ إِلَّا أَنَا فَاعْبُدُونِ﴾ 

        «(Уа, Мұхаммед!) Сенен бұрын қандай да бір пайғамбар жіберсек те Біз оған: «Алладан басқа құдай жоқ және Маған ғана табыныңдар» деп уахи еттік». Барлық пайғамбарлардың діні – Ислам. Әли Имран сүресінің 19-аяты.  

        ﴿إِنَّ الدِّينَ عِنْدَ اللَّهِ الإِسْلاَمُ﴾

        Онда: «Расында Алланың қасындағы дін – Ислам», – делінеді. Ал осы сүренің 85-аятында:  

        ﴿وَمَنْ يَبْتَغِ غَيْرَ الإِسْلاَمِ دِيناً فَلَنْ يُقْبَلَ مِنْهُ وَهُوَ فِي الآخِرَةِ مِنَ الْخَاسِرِينَ 

        «Кімде-кім Исламнан басқа дінді қаласа онысы қабыл болмайды», – делінеді. Сондай-ақ, қасиетті аяттарда көптеген пайғамбарлардың атасы Ибраһим пайғамбардың яһуди де, христиан да емес, нағыз шынайы таза дінде – мұсылман болғандығы да баяндалады.  

        ﴿مَا كَانَ إِبْرَاهِيمُ يَهُودِيّاً وَلاَ نَصْرَانِيّاً وَلَكِنْ كَانَ حَنِيفاً مُّسْلِماً وَمَا كَانَ مِنَ الْمُشْرِكِينَ 

        «Ибраһим яһуди де, христиан да болмады. Алайда шынайы мұсылман болды» (Әли Имран, 67).

        Алайда олардың шариғаттары әркелкі болды. Мәселен, Мұса пайғамбардың шариғатында намаз тек үйлерде ғана оқылатын болды. Соңғы пайғамбар Мұхаммед (ﷺ) жіберілгеннен кейін бұрынғы шариғат үкімдері мансұқ болып, күштерін жойды. Енді күллі адамзат үшін ең толыққанды әрі ақырзаманға дейін үкімін жоймайтын бірегей шариғат – Ислам дінінің шариғаты болды.  

        ﴿رُّسُلاً مُّبَشِّرِينَ وَمُنْذِرِينَ لِئَلاَّ يَكُونَ لِلنَّاسِ عَلَى اللَّهِ حُجَّةٌ بَعْدَ الرُّسُلِ﴾ 

        «Сүйіншілеуші һәм ескертуші елшілерді (жібердік). Елшілерден кейін адамдардың Аллаға қарсы бір айғақтары болмауы үші» (Ниса, 165).

         

        Пайғамбарлық ерекшеліктер

        Алла Тағала өзінің елшілерін адамдардың арасынан іріктеп алды. Олардың басқа адамдардан айырмашылықтары, өздеріне тән сипаттары болды. Олардың бастылары мынадай:

        1. Әл-Ъисмат – Күнә-қателіктерден таза болу. Алла Тағала өзінің тапсырмасын орындайтын таңдаулы құлдарын басқаларға үлгі ету үшін оларды күнә-қателіктерден кіршіксіз таза қылды. Олар күпірліктен, екіжүзділіктен, өтірік айтудан, үлкенді-кішілі күнәлардың бәрінен де пәк таза. Өйткені адамдарды тура жолға бастаушылар барлық жағынан олардың алдында әрі оларға үлгі болуы тиіс. Алайда сондай биік қасиеттерге ие болса да пайғамбарлар жасаған құлшылықтарын жеткіліксіз деп санап әрдайым Раббыларына тәубе жасап отырған. 

        2. Сенімділік. Алла алдындағы шынайы сенімділік пайғамбарларға тән қасиет. Олар өздеріне жүктелген Алланың аманатын жеріне жеткізе орындап, Раббыларының сенімді де, сүйікті құлдары болып қалды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ)-ды да жерлестері пайғамбарлық келместен бұрын сенімділігіне таң қалып Мұхаммед-Әмин, яғни «Сенімді Мұхаммед» деп атаған. 

        3. Шыншылдық. Пайғамбарлардың барлығы да шыншыл пенделер. Алла Тағала оларға шыншылдық қасиет берген. Қандай да пайғамбар тек шындықты ғана айтқан. Алла Тағала:  

        ﴿وَصَدَقَ اللَّهُ وَرَسُولُهُ﴾ 

        «Алла да, Оның елшісі де тек шындықты ғана айтты» (Ахзаб, 22), – деген. 

        4. Аса зеректілік. Пайғамбарлардың ақыл-ой деңгейлері өте жоғары болған. Сол қасиеттері арқылы олар Алла тарапынан келген уахиларды, үкімдерді жатқа айтқан. Керісінше, ұмытшақтық, ғапілеттік сияқты кемшіліктерден ада болған. Кәпір қауымдармен айтысқанда да дәйекті мысалдар мен нақты дәлелдер келтірген. 

        5. Дінді жеткізу. Пайғамбарлар Раббыларынан келген уахиларды, әмірлерді бұлжытпай орындап, адамдарды тура жолға шақырған. Алла тарапынан түсірген нәрселердің ешқайсысын жасырып қалмаған. Сондықтан да Алла Тағала Өзінің соңғы елшісі Мұхаммед пайғамбарға (ﷺ):  

        ﴿يَا أَيُّهَا الرَّسُولُ بَلِّغْ مَا أُنْزِلَ إِلَيْكَ مِن رَّبِّكَ﴾ 

        «Уа, елші! Раббың тарапынан өзіңе түсірілгенді жеткіз» (Мәида, 67), – деп бұйырған. 

        6. Мұғжиза. Алла тағала Өзінің елшілері мен пайғамбарларына адамдарды иландырып, иманға келтірулері үшін ең үлкен керемет дәлел – мұғжизаларды берген. Мысалы, Ибраһим пайғамбардың мұғжизасы – отта жанбай қалу болса, Мұса пайғамбардікі – асатаяқ, Дәуіттікі – таулармен бірге тәсбих айту, Сүлеймендікі – жындар мен адамдарға, жануарларға билік жүргізу, Исанікі өліні тірілту болса, ал соңғы Пайғамбар Мұхаммед (ﷺ)-нің мұғжизалары да көп, олардың ішіндегі ең үлкені – Құран Кәрім. 

        7. Ер кісі болуы. Пайғамбарлар тек ер адамдардан шыққан. Уахи да тек ерлерге ғана түскен. Ал Иса пайғамбардың анасы Мариям – Алланың ізгі күңі.

         

        Әр пайғамбардың өзіндік ерекшелігі

        Алла Тағала әрбір пайғамбарға өзіндік ерекшеліктер берген. Мысалы, Адам ата ең бірінші адам әрі пайғамбар әкесіз, шешесіз топырақтан жаратылған, Нұх пайғамбар тоғыз жүз елу жылдан астам уақыт өмір сүрген, Ибраһим Халилуллаһ яғни Алланың досы, Мұса Кәлимуллаһ яғни «Алламен тікелей тілдескен пайғамбар», Иса әкесіз туылған, Жүсіп пайғамбар елден асқан көркем болған т.б. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) Пайғамбарлардың ең соңғысы, ақырзаман пайғамбары әрі Хабибулла яғни «Алланың сүйіктісі», сонымен бірге Қиямет күні ұлы шапағаттың иесі.

        Пайғамбарлардың арасында көптеген қиыншылықтардан қаймықпаған, басқа елшілерден аса ыждағаттылығымен ерекшеленген майталмандары да болған. Олар туралы Ахқаф сүресінің 35-аятында:  

        ﴿فَاصْبِرْ كَمَا صَبَرَ أُوْلُواْ الْعَزْمِ مِنَ الرُّسُلِ﴾ 

        «(Уа, Мұхаммед!) Пайғамбарлардың майталмандары сабыр еткендей сабыр ет!» – делінген. Тәпсіршілердің айтуларынша бұл аяттағы майталман пайғамбарлар, яғни Уулул-ъазм дегеніміз талай қауіп-қатер мен қиыншылықтарға тап болса да иләһи тапсырманы тиянақты түрде орындауда барынша табандылық танытқан Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса сияқты пайғамбарлар (а.с.). Олар иман келтірмегендердің азаптарына, талай  тауқыметтерге төзімділікпен төтеп беріп, аса шыдамдылық танытқан.

         

        Нәби мен Расулдың айырмашылығы

        Сондай-ақ, Нәбийуллаһ яғни Алланың пайғамбары және Расулуллаһ Алланың елшісі деген сөздердің де айырмашылықтары бар. Нәби яғни пайғамбар дегеніміз белігілі бір хабар, арнайы шариғат үкімдері беріліп, оны жеткізу әмір етілмеген пайғамбар, ал расул яғни елші шариғат беріліп, оны жеткізу әмір етілген пайғамбар.

        Нәби – өзінен бұрынғы пайғамбардың шариғатын әрі қарай апарушы пайғамбар. Ал Расул – өзіне жаңа кітап, шариғат түсірілген пайғамбар.

        Барлық Расулдар, яғни Алланың елшілері пайғамбар, нәби болып есептеледі. Алайда барлық нәби яғни пайғамбар расул болып есептелмейді.

        Бір хадисте Алланың елшісінен (ﷺ) сахабалары: «Өзіңізден бұрын қанша пайғамбар түсірілді?» – деп сұрағанда, ол: «Жүз жиырма төрт мың», – деп жауап берген. Ал, «Олардың қаншасы расул?» – деп сұрағанда: «Он үш мың үш жүзі Расул», – деген.

        Мысалы, Құранда аталған Ибраһим, Дәуіт, Мұса, Иса, Мұхаммед (ﷺ) сияқты пайғамбарлар нәби әрі расул.

         

        Мұхаммед пайғамбардың () өзіндік ерекшеліктері

        Алла Тағала бұрын соңды түсірген пайғамбарлардың ішінде соңғы пайғамбар Мұхаммедті (ﷺ) ерекшеледі. Оның үмбеті мұсылман үмбетін де адамзат тарихында болған иман келтіруші үмбеттерден өте үстем қылды. Аллаһ елшісі (ﷺ) өзінің басқа пайғамбарлардан артықшылығы туралы былай деген: «Мені мен менен бұрынғы пайғамбарлардың арасындағы айырмашылықтың мысалы: бір адамның бір әдемі үй салып, оны әшекейлеп, тек бір кірпіштің орнын қалдырып кеткені сияқты. Адамдар сол үйді айналып көріп, таң-тамаша болып: «Әттеген-ай, мына бір жердің кірпішін қойса жақсы болар еді», – деседі. Сол кірпіш менмін. Мен – пайғамбарлардың соңымын».

        Басқа бір хадисінде: «Маған бұрынғыларда болмаған бес ерекшелік берілді:

         1.     Менің дұшпандарымның кеуделеріне олар менен айлық жол қашықтықта болса да үрей мен қорқыныш салынды.

         2.     Мен үшін кез келген жер намаз оқитын жер болынды. Менің үмбетімнің кез келген адам намаз уақыты кірсе қалаған жерде намаз оқи алады. Ол үшін арнайы орын іздеп шаршаудың керегі жоқ.

         3.     Менен бұрынғы пайғамбарларға соғыстан түскен олжалар харам болынып келді. Ал мен үшін және менің үмбетім үшін Алланың әмірімен олжалар халал болынды.

         4.     Маған Қиямет күні үлкен шапағат ету хұқы берілді.

         5.     Менен бұрынғы пайғамбарлар белгілі бір қауымға ғана түсірілсе, ал мен күллі адамзатқа түсірілдім», – деген.

        Хадистерде сондай-ақ, Қиямет күні бүкіл адамзаттың бас сауғалап медет, шапағат сұрап пайғамбарларды жағалаған кезінде олардың барлығының да соңғы пайғамбар Алланың сүйіктісі Мұхаммедке (ﷺ) қарай нұсқайтындығы айтылады.

        Осылайша Жаратушы Хақ Тағала осы пәни дүниеде болатын үмбеттердің ең соңғысын және ең қайырлысына жіберілген соңғы ақырзаман пайғамбарын да пайғамбарларының ішіндегі ең ардақтысы әрі төресі етіп, мәртебесін биіктетті. Тіпті, кейбір бұрын өткен пайғамбарлардың өздері осы соңғы мұсылман үмбетінің бір мүшесі болуды арман еткен.

        Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) адамгершілік пен биік, асқақ ахлақтардың шынайы мысалы. Алла Тағала соңғы елшісін (ﷺ) Құран Кәрімнің Қалам сүресінде:  

        ﴿وَإِنَّكَ لَعَلَى خُلُقٍ عَظِيمٍ 

        «(Уа, Мұхаммед!) Шынында да сен ұлы мінез құлыққа иесің» (Қалам, 4), – деп дәріптесе, Алланың елшісінің (с.а.с) өзі бір хадисінде: «Мен көркем мінез-құлықты толықтыру үшін түстім», – деген.

        Соңғы пайғамбардың (ﷺ) сондай биік мәртебеде екендігі туралы Жаратушы Хақ Тағала Әнбия сүресінің 107-аятында:  

        ﴿وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِّلْعَالَمِينَ﴾  

        «(Уа, Мұхаммед!) Біз сені әлемдерге мейірім-рахым ретінде ғана жібердік», – деп сипаттаған.

        Демек, Мұхаммед (ﷺ) пайғамбар – ең соңғы пайғамбар. Кім оның ізіне еріп, сүннетімен жүрсе, екі дүниеде де аманшылықта болып, Раббының кеңшілігіне лайықты болады. Ал кім Оның жолымен жүрмесе адасушылардан болады.

        «Ниса» сүресінің 80-аятында  

        ﴿مَّنْ يُطِعِ الرَّسُولَ فَقَدْ أَطَاعَ اللَّهَ وَمَنْ تَوَلَّى فَمَا أَرْسَلْنَاكَ عَلَيْهِمْ حَفِيظاً﴾  

        «Кімде-кім Елшіге бойсұнса Аллаға бойсұнған болады», – делінген. Ал Ахзап сүресінің 71-аятында:  

        ﴿وَمَنْ يُطِعِ اللَّهَ وَرَسُولَهُ فَقَدْ فَازَ فَوْزاً عَظِيماً﴾ 

        «Кімде-кім Аллаға және Оның елшісіне бойсұнса үлкен табысқа қол жеткізеді», – делінеді.

        Соңғы пайғамбардан кейін енді пайғамбар түспейді. Одан кейінгі кейбір пенделердің өзін пайғамбармын деп жариялауы нағыз адасу, шайтанның шатпағы, сорлылыардың сандырағы ғана. Ондайларға ақыретте ауыр азап бар.

        Сондай-ақ қанша ыждағатты, қанша тақуашыл болса да басқа пенделер пайғамбарлардың дәрежесіне, мәртебесіне әсте жете алмайды. Қаншалықты тақуадар, не талантты болса да, білімдар не білікті болса да бір пендені, басшыны, ақынды, биді, байды, ғалымды, әулиені пайғамбарға теңеуге болмайды. Олай ету Алла Тағалаға және Оның соңғы пайғамбарына (ﷺ) тағылған қып-қызыл жала, әрі тозақылардың қатарына түсіретін нағыз күпірлік. Сондықтан да ондай адасулардан сақ болған жөн.

        Демек, Пайғамбарды (ﷺ) құрметтеу, оның салып кеткен жолымен жүру Жаратқанның разылығына жеткізетін бірден-бір жол. Осынау бізге берілген үлкен нығмет үшін әрдайым шүкіршілік айтып жүруіміз ләзім. Алланың елшісіне (ﷺ) әрдайым салауаттар айтып жүруіміз керек. Ахзаб сүресінің 56-аятында:  

        ﴿إِنَّ اللَّهَ وَمَلَائِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلَى النَّبِيِّ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا صَلُّوا عَلَيْهِ وَسَلِّمُوا تَسْلِيماً﴾

        «Шынында Алла мен Оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер сендер де оған салауат, сәлем айтыңдар!» – деп бұйырған. Демек, Алланың разылығы – Оның Пайғамбарының разылығында. Саллаллаһу алейһи уа сәлләм.

        Сондай-ақ, Пайғамбарға және оның сахабалары мен әулетіне салауат сәлем айту дұғаның қабыл болуының бір шарты. Ардақты сахаба Әли ибн Әбу Талиб (р.а.): «Мұхаммед пен Мұхаммед әулетіне салауат айтылмайынша дұға қабыл болмайды», – деген. Ал басқа сахаба Фудала ибн Убайдулла (р.а.) былай дейді: «Бірде Алланың елшісі (ﷺ) бір кісінің намазында Алла Тағаланы ұлықтамай, Пайғамбарға да (ﷺ) салауат айтпай дұға қылғанын естіп: «Мынау асығыстық қылды», – деді де, оны шақырып алып, оған және басқаларға: «Егер сендерден біреуің намаз оқыса Аллаға мадақ-мақтаумен бастасын, сосын Пайғамбарға () салауат айтсын, содан кейін барып қалаған тілегін тілесін», – деді».