Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Ақида
        3. Құран Кәрімнің өзге иләһи кітаптардан айырмашылығы
        Құран Кәрімнің өзге иләһи кітаптардан айырмашылығы

        Құран Кәрімнің өзге иләһи кітаптардан айырмашылығы

        Сұрақ: Құран Кәрімнің өзге иләһи кітаптардан қандай айырмашылықтары бар?

        Жауап:

        Жер бетіне жіберілген пайғамбарлардың соңғысы, екі дүниенің шамшырағына айналған Хазіреті Мұхаммедке (ﷺ) Алла Тағала соңғы иләһи кітап Құранды түсірді. Сол себепті де, Құранның алдыңғы иләһи кітаптарға қарағанда бірқатар ерекшеліктері бар:

        1. Құран – Хазіреті Пайғамбарымызға алдыңғы иләһи кітап секілді бірден толық бір кітап ретінде түспеген. Керісінше 23 жыл ішінде түрлі оқиғалар мен сұрақтарға жауап ретінде және қажеттіліктерге байланысты аят-аят болып, яки сүре ретінде түсті. Бұл оның дер кезінде жатталуына себеп болды. Ал өзге кітаптар бірден кітап ретінде түскен болатын.

        2. Құран ең соңғы иләһи кітап. Құраннан кейін қияметке дейін басқа кітап түспейді. Алдыңғы кітаптар тек өз заманы мен сол ғасырдың қажеттілігіне жауап берсе, Құранның үкімдері қияметке дейін күшін жоймайды.

        3. Құран бізге дейін ешбір өзгеріске түспей жеткен қасиетті кітап және қияметке дейін өзгеріске ұшырамайды. Себебі Алла өзге иләһи кітаптарға бермеген кепілдікті Құранға берген: «Әлбетте, Құранды біз түсірдік, қорғаушысы да әрине бізбіз!» (15. «Хижр» сүресі, 9-аят).

        4. Құран Хазіреті Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) ең үлкен әрі мәңгілік мұғжизасы (кереметі). Сөздері мен мағынасы да өз алдына теңдессіз мұғжиза (Бұл мәселе жоғарыдағы арнайы тақырыпта қозғалған болатын).

        5. Құранның және бір басты ерекшелігі, ол әрбір заманның талабына жауап бере отырып, сонымен бірге ғылым дамыған сайын жасара түсетіні. 14 ғасыр бұрынғы Құран ақиқаттарын адам баласы ешуақытта жоққа шығара алмайды және бұл шындық күні бүгінге дейін дәлелденіп келеді.

        Сондай-ақ  Құран бізге ғылымның көптеген салаларынан хабар беруде[1]. Ал Құраннан бұрынғы иләһи кітаптарды ашып қарасаңыз ешбір жерінде медицинамен, астрономиямен т.б. ғылым саласымен байланысты айтқан жаңалықтарды яки кеңестерді табу мүмкін емес. Жаратушының соңғы хақ кітабы Құрандағы ақиқаттар болса, рет‑ретімен адамзат игілігі үшін толассыз ашыла бермек: «Құранның шын екендігі айқындалғанға дейін әлемдегі және өздеріндегі белгілерімді жедел көрсетеміз. Расында Раббыңның әр нәрсеге куә екендігі саған жеткілікті емес пе?» (41. «Фуссилат» сүресі, 53-аят).



        [1]      Сейфеддин Языжы. Негізгі діни мағлұматтар. – Алматы, 2004. 74-бет; Klavuz S.A., Köten A., Çetin O., Algül H. ж.к.е., 153-154-бет.