Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Ақида
        3. Аяттардағы харекет пен грамматикалық белгілер
        Аяттардағы харекет пен грамматикалық белгілер

        Аяттардағы харекет пен грамматикалық белгілер

        Сұрақ: Құрандағы харекеттер қашан қойылған?

        Жауап:

        Ежелден қолданылып келе жатқан араб әріптері әуелде харекетсіз, нүктесіз, тәнуинсіз, шәддәсіз еді. Жаһилия дәуіріндегі араб әліпбиі мен кейінгі араб әліпбиінің арасындағы айырмашылықты мұсылмандар заманның талабына сай өзгертуге мәжбүр болды. Жаһилия дәуірінде болсын, Пайғамбар дәуірінде болсын, төрт халифа тұсында болсын арабша оқып жазу мұсылмандар үшін аса қиын шаруа емес болатын. Себебі арабтар жазылған әріптерге қарап жеңіл түрде ажыратып оқи беруші еді. Сондықтан алғашқы Құран аяттары жазылған парақтар мен кітаптар да осы іспетті үйреншікті әріптерден тұратын. Мұндай жазу әлбетте, сауаты бар, көзі ашық араб үшін ешбір қиындық тудырмайтын. Ал уақыт өте келе, Ислам дінінің шеңбері кеңейіп, арабтардан да өзге ұлт өкілдері мұсылмандықты қабылдағаннан кейін араб тілінің грамматикалық ерекшеліктері бұзыла бастайды. Сөйтіп, әсіресе, тегі араб емес мұсылмандар күн өткен сайын Құран аяттарын оқу мәселесінде едәуір қиындықтарға тап болады. Қиындықтар былай тұрсын, бірте‑бірте аяттар жекелеген сөздер қате оқылып жатты. Осыдан келіп, Құран тілін шұбарлауға жол бермей сақтап қалудың жолдары қарастырыла бастады.

        Араб тілінің синтаксисін алғаш бірізге келтіріп, реттеуші Хазіреті Әли болып саналады. Хазіреті Әлиден Әбул Әсуәд әд-Дуали есімді (қ.б. 69/688) кісі грамматикалық заңдылықтарды үйреніп, біліктілігімен көпке танылды. Кейінірек ол кісіден де көптеген шәкірттер дәріс алып, Құранның қырағаты мен әдеби жағын зерттеуде ілкі қадамдар жасалды. Әбул Әсуәд өз заманындағы танымал лингвист маман болғандықтан оған тіл саласын ретке келтіретін жаңа бір әдістеме енгізу жөніндегі ұсыныстар түсе бастайды. Осындай ұсыныстың алғашқысын Басра әкімі Зияд ибн Сумәйя[1] (қ.б. 53/673) жасайды. Ғалым бұл ұсынысты орындаудан алғашқыда бас тартады. Ал Зияд ибн Сумәйя болса, уақыт өткен сайын араб тіліне байланысты түсініспеушіліктің арта түсетінін алдын ала пайымдап, бірде бір кісіге Әбул Әсуәд әд-Дуәлидің өтетін жолына отырып бір аятты әдейі қате оқуды бұйырады. Сөйтіп, уағда бойынша әлгі кісі Әбул Әсуәдтің өтіп бара жатқанын көріп, «Тәубе» сүресінің үшінші аятындағы («Әннәллаһә бәриюн минәл-мүшрикина уә расулуһу») «расулуһу» сөзін, әдейі бұрмалап «расулиһи» деп оқиды. Ал бұлай оқылғанда аяттың мағынасы мүлдем өзгеріп шыға келеді. Яғни, аяттың негізгі мағынасы «Расында Алла және Елшісі мүшріктерден безеді», деген болса, «Расулиһи» деп оқығанда: «Алла мүшріктерден және елшісінен безеді», деген ұғымды білдіреді. Мұны құлағы шалған, қырағы Әбул Әсуәд: «Адамдардың жағдайы мұншалықты болады деп ойламадым», – деп, әкім Зиядқа өзі барып, оның ұсынысын орындайтындығын білдіріп, өзіне көмек беретін хатшы (катиб) сұрайды. Зияд ғалымға арнайы көмек беретін хатшы ретінде 30 кісі жіберді.

        Әбул Әсуәд 30 хатшының ішінен зерек бірін таңдайды да, бір қолына Құранды, бір қолына қаламсапты беріп: «Мен оқығанда аузымнан шыққан бір сөз фәтха (ә) болып оқылса, әріптің үстіне бір нүкте қой, егер кәсра (и) болып оқылса әріптің астына бір нүкте қой. Ал егер дамма (у) етіп оқысам, әріптің алдына бір нүкте қой, тәнуин оқысам екі нүкте қой», – деп үйретеді. Әбул Әсуәд Құранды жайлап, асықпай, ежелеп оқиды. Хатшы айтылған белгілерді қойып, бет біткен сайын Әбул Әсуадқа беріп отырады. Ол да харекеттерін тексеріп барып, ары қарай жалғастырып, Құранға бастан аяқ нүкте қойып шығады[2].

        Құран біраз уақытқа дейін осы әдіс бойынша оқылды. Дегенмен, арабша білмейтін мұсылмандар үшін бұл да ауыр болды. Кейінірек араб филологиясында танымал Халил ибн Ахмед (қ.б. 175/791) Құранды оқуда жаңаша әдіс қолданады. Оған дейін Құран әріптерінде тек харакелерді білдіретін нүктелер ғана болып, әріптерді бір-бірінен ажырататын қазіргідей астында, үстінде нүктелер болмады. Яғни, бә, тә, сә, нун, секілді әріптердегі нүкте кейіннен қойылды. Осындай ұқсас әріптердегі қиыншылықты шешу үшін Халил ибн Ахмед әріптерді ажырату мақсатында нүктелер қойып шықты. Алдыңғы Әбул Әсуәдтың үлгісімен қойылған нүктелермен араластырмау үшін ол нүктелерді бөлек түсті сиямен белгіледі. Сонымен харакеттегі нүктенің орнына фатха (ә), кәсра (и), дамма (у), тәшдид, тәнуиндер өз орнын тапты. Құранның осы оқу жүйесін Ислам әлемінің бәрі дерлік толықтай қабыл етіп, мұнан былай аяттарды осы әдіспен осылай оқуға көшті.

        Алайда, әрбір жаңа іске азды-көпті сын болмай тұрмайтыны да белгілі. Құран әріптеріне грамматикалық өзгешеліктер енгізуге қарсы болғандар да аз болмады. Мысал ретінде айтар болсақ, олардың санатында Абдуллаһ ибн Омар, Абдуллаһ ибн Мәсғуд сынды белгілі сахабалар да болды. Аталмыш кісілер Құранға ешқандай өзгеріс енгізуге болмайды деген пікірді басшылыққа алып, бұл іске аса оң баға бере қоймады. Бірақ, қалай дегенде де Құран әріптеріне қатысты грамматикалық өзгерістер енгізу шын мәніндегі қажеттіліктен туындағаны белгілі жайт[3].



        [1]      Ислам тарихында Зияд ибн Әбиһ атымен танымал болған халифа Муауия Куфа мен Басра қалаларының әкімі болған. Зиядтың әкесі белгісіз болғандықтан анасы Сумәйяның атымен аталады. Бірақ, тарихта «Әкесінің ұлы Зияд» мағынасында «Зияд ибн Әбиһ» деп  көбірек аталады. (C.Сейтбеков, C.Нысанбаев. Ислам тарихы. – Шымкент, 2002. 9-бет).

        [2]      Zekiyuddin Şaaban. ж.к.е., 62-бет.[3]      İsmail Cerrahoğlu. ж.к.е., 88-93-бет.