Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Ақида
        3. Құран Кәрім және оның басты ерекшеліктері
        Құран Кәрім және оның басты ерекшеліктері

        Құран Кәрім және оның басты ерекшеліктері

        Құран Кәрім – ақырзаман пайғамбары Мұхаммедке (ﷺ) түскен кітап. Ислам дінінің негізі Құран мен Пайғамбардың (ﷺ) сүннеті. Құран Кәрім Алла Тағала тарапынан Жебірейіл періште арқылы уахи етіліп, Мұхаммед пайғамбарға (ﷺ) жиырма үш жылда нәзіл болынды. Алла Тағала Жүніс сүресінің 57-аятында:  

        ﴿يَا أَيُّهَا النَّاسُ قَدْ جَاءتْكُم مَّوْعِظَةٌ مِّن رَّبِّكُمْ وَشِفَاء لِّمَا فِي الصُّدُورِ وَهُدًى وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَ 

        «Уа, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректерге шипа және иман келтіргендер үшін тура жол бастаушы әрі рахым (ретінде Құран) түсті», – деген. Ал Исра сүресінің 9-аятында:

        ﴿إِنَّ هَذَا الْقُرْآنَ يِهْدِي لِلَّتِي هِيَ أَقْوَمُ وَيُبَشِّرُ الْمُؤْمِنِينَ الَّذِينَ يَعْمَلُونَ الصَّالِحَاتِ أَنَّ لَهُمْ أَجْراً كَبِيراً

        «Расында осы Құран ең тура жолға бастайды және ізгі іс істейтін мүміндерге үлкен сый бар екендігін сүйіншілейді», – деген.

        Алла Тағаланың соңғы Кітабы – Құран Кәрімнің басты ерекшеліктері қысқаша айтқанда мынадай:

        1. Құран –  әлемдерді Жаратушы ұлық Алланың сөзі. Ол араб тілінде түсірілген. «Құран» сөзі «оқылатын кітап» деген мағынаны білдіреді. Құран құймақұлақ сахабалардың Алланың елшісінен (ﷺ) естіп, айна-қатесіз жаттап және түрлі парақшаларға жазып алулары арқылы сақталды. Кейіннен Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалығы тұсында Құран Кәрім бір кітап болып жиналды. Осылайша ғасырлардан ғасырларға жетіп, біздің заманымызға жетті.

        2. Құран – Алла Тағаланың жер бетіне түсірген ең соңғы кітабы. Бұл кітап адамзат баласының бүкіл дүниелік және ақыреттік мүдделерін толық қамтыған. Кім Құранның әмірлерімен жүрсе екі дүниенің де бақытына жетеді. Құранның түсуімен одан бұрынғы түсірілген барлық иләһи кітаптар мансұх болынып, олардың үкімдері жойылды.

        3. Құран – аман-сау сақталуын Алла Тағаланың Өзі тікелей кепілдігіне алған Кітабы. Алла Тағала Хижр сүресінің 9-аятында:

        ﴿إِنَّا نَحْنُ نَزَّلْنَا الذِّكْرَ وَإِنَّا لَهُ لَحَافِظُونَ﴾ 

        «Расында зікірді (Құранды) Біз түсірдік әрі шын мәнінде оны Біз қорғаушымыз», – дейді. Яғни бұл Кітап әрдайым иләһи қамқорлық пен қадағалаудың астында, сондықтан да алдыңғы кітаптар сияқты өзгерістерге ұшырамайды.

        4. Құран – иләһи кітаптардың ең соңғысы әрі ең кереметі, Раббы тарапынан Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарға берілген ең үлкен мұғжиза. Уахи болынып түскен сәтте оның аяттарын естіген әрбір жан мойындауға мәжбүр болған. Тіпті, сол кезде иман келтірмеген меккелік арабтардың өзі Құранның әдеттен тыс керемет кітап екендігін, адамның сөзіне ұқсамайтындығын дереу мойындаған.

        5. Құран – ақиқатқа бастайтын, адам жанын сақтап қалатын бірегей кітап. Оны басшылыққа алған әрбір жан құдайлық бұйрықтарға бойсұнып, орындаса дүниеде де, ақыретте де аман-сау болып, игіліктерге бөленеді.

        6. Құран – әрбір мұсылманның күнделікті өмірінде, дүние және ақырет істерінде негіз етіп алатын бірден-бір кітабы. Әрі пендені Жаратушыға жақындататын дәнекер. Сондықтан да әрбір мұсылман Алланың кітабын қастерлеп ұстап, ондағы әмірлерге бойсұнып, тыйымдардан тыйылуы тиіс. Сонда ғана ол нағыз мұсылман болады есептеледі. Оны күні-түні оқып, әрбір аятына зер салып, ондағы даналық пен насихатты торлық түсінуге тырысуы тиіс. Алланың елшісі (ﷺ) бізге Құран Кәрімді оқуға, жаттауға бұйырды. Оның әрбір әрпін оқуда зор сауап бар екендігін айтып сүйіншіледі. Әрі өзі қайтыс болар шағында мұсылмандардың адасушылыққа ұшырамаулары үшін Құран мен Сүннетке толық жүгінулері тиіс екендігін айтып, аманат етіп кетті. Сондықтан да Құран Кәрімді үйренуге тырысуымыз керек. Сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) бір хадисінде:

        »خَيْرُكُمْ مَنْ تَعَلَّمَ الْقُرْآنَ وَعَلَّمَهُ«

        «Сендердің ең жақсыларың –– Құранды үйренгендері және оны басқаларға үйреткендерің», – деген.