Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Ақида
        3. Әлемге танымал Інжілдер
        Әлемге танымал Інжілдер

        Әлемге танымал Інжілдер

        Матфейдің Інжілі: Матфей – Иса пайғамбардың 12 шәкіртінің бірі. Ол Иса пайғамбармен кездескенге дейін Палестинаның Галилей ауданында тұрып, салық жинау-шы қызметін атқарады. Ал, Иса пайғамбардың өлімінен кейін христиандықты жаю үшін Эфиопияға кетеді. Жан-жақта Иса пайғамбардың жүрген жолымен жүрушілерді қуғындау, азаптау, өлтіру әрекеттері аяусыз жүріп жатқан сәтте Матфей де Эфиопия патшасының жендеттерінің қолынан  70 жылдары азаппен өлтіріледі.

        Матфей өзінің Інжілін ибрит тілінде жазған. Ал кейбір тарихшылар болса, оның көне Сирия тілінде жазылған деген тұжырым жасайды. Дегенмен, негізгі нұсқа уақыт өте келе жоғалып кетеді де, Грек тіліне аударылып жазылған Інжіл пайда болады. Матфей Інжілінің нақты қай жылы жазылғандығы жайлы дерек жоқ, тек жорамал ғана бар. Сол жорамал бойынша оны 37, 38, 43, 48 немесе 64 жылдары жазылған дейді. Бас‑аяғы 28 тараудан тұратын Матфей Інжілінде, Хазіреті Исаның мәсихтігі мен оның шежіресі сөз болады.

        Марктің Інжілі: Тарихшылардың айтуынша, оның аты Иоанн, лауазымы Марк және ол хауарилердің[1] көсемі Петрдің шәкірті. Ал тегі еврей, Иса пайғамбар кезінде Ирусалимде тұрған. Оның отбасы Иса әкелген жаңа дінді алғашқы қабылдағандардың бірі болып саналады. Марк Інжілінің қай уақытта, кім жазғандығы нақты белгілі емес. Кейбір деректер бұл Інжілді хауарилердің көсемі Петр жазған дейді. Алайда, Марк жазған деген де дерек кездеседі. Марк Інжілі 16 тараудан тұрады, онда Хазіреті Исаның өмірбаяны қарапайым, ұғынықты тілмен жазылған. Сонымен қатар, мұнда яһудилердің салт-дәстүрлеріне қатысты да мәселелер айтылады. Бұл Інжіл шамамен 56, 63 немесе 65 жылдарға дейін жазылған.

        Луканың Інжілі: Бұл Інжілдің авторы хауарилердің санатынан емес. Тіпті,  Інжілде Лука жайында көптеген күмәндар, жорамалдар айтылған. Яғни Луканың кім болғандығы, қашан жазғандығы, кімге арнағандығы жайында әр қандай пікірлер кездеседі. Інжіл Шарифтегі деректерге сүйенсек, Лука Хазіреті Исаның алғашқы шәкірттерінің қатарында болмағанымен Масихтің тура жолымен жүруші, әрі Павел және оның қызметкерлерімен сапарлас болған жан. Негізгі мамандығы дәрігер болған Лука, бұл Інжілді 60-85 жылдары жаза бастайды. Бұл Інжілдің құрылымы 24 тараудан тұрса, мазмұны Хазіреті Иса пайғамбардың өмір тарихы мен ғибратты кеңестеріне құрылған.

        Иоанның Інжілі: Иоан Інжілі жайында көптеген тұманды деректер бар. Себебі Хазіреті Исаның шәкірті Апостол Иоанның жазған еңбегінің орнына, екінші ғасырда басқа Иоанның жазған нұсқасы Інжіл кітабына еніп кеткендігі туралы айтылады. Мәселе осылай болғандықтан, Иоан Інжілі сөз болып отырған нұсқасы алғашқы үш Інжілге қарсы пікірде жазылған болып шығады. Деректерге сүйенсек, Азия шіркеуінің басқармасы сол кезеңдегі танымал философ Иоанға Исаны Құдай етіп, Інжіл жазуын тапсырады. Бұл тапсырма 96‑жылы берілген болса, араға төрт жыл салып, шамамен 100‑жылы Иоан оны тәмәмдайды. Сөйтіп кейінірек шіркеулер бұл кітапты «Апостол Иоанның Інжілі» деп атауға шешім қабылдайды.

        Апостол Иоанның Поликарп деген шәкірті болған. Ал Поликарптың Аринус есімді шәкірті Иса пайғамбардың дінін уағыздаушылардың бірі еді. Міне, сол Аринусқа Иоанның Інжілін көрсеткен кезде ол кітапты қабыл етпейді. Өйткені оның ішінде Исаны (а.с.) құдайландырумен байланысты жайттар жазылғандықтан бұл деректердің Апостол Иоанның Інжіліне ешқандай қатысы жоқ болатын.

        Иоан Інжілі (Жохан Інжілі) 21 тараудан тұрады, мазмұны негізінен Иса пайғамбардың Құдайдың ұлы екендігі туралы болып келеді[2].

        Варнава Інжілі: Христиан монахтары жоғарыда айтылған 4 Інжілден өзге Інжілдерді отқа жағып, сол Інжілдерді қолдаушыларды үнемі қуғынға ұшыратып отырды. Онымен қоймастан кейбір Інжілдердің оқылуына қатаң түрде тыйым салынды. Міне, сол тыйым салынған Інжілдің бірі Апостол Варнаваның Інжілі болатын. Хауарилердің санатындағы Варнава Хазіреті Исаның шәкірті әрі Марктің ағасының баласы еді.

        Христиандықтың негізін қалаушы тегі яһуди Павел бастапқыда Хазіреті Исаның дініне мойынсұнбай, тек 40-жылдары ғана иман келтіреді. Сөйтіп, Хазіреті Исаның шәкірттерімен қарым-қатынас құруға ниеттенеді. Бірақ, хауарилер оның иманының кәмілдігіне сене қоймайды. Алайда ақкөңіл, қайырымды Варнава Павелді өзіне тартып, өзге Апостолдарға жолықтырып, Хазіреті Иса пайғамбардың айтқандарын үйрете береді. Павелді өзі қайда барып үгіт-насихат жасаса, сонда бірге алып барып жүреді. Бірде, Кипр аралына жаңа дінді уағыздау үшін Варнава өзінің достарымен бірге барғанда, Павел де солардың арасында болады. Олар көп құдайлық сенімнің өкілдері болып табылатын Кипрліктерге уағыз-насихат жасау барысында бірқатар тосын жайттар не кереметтер көрсетеді. Мұндайды көрмеген жергілікті жұртшылық оларды тәңірі деп таңдай қағады. Апостолдар  болса, оларға өздерінің ешқандай да Құдай емес, керісінше Құдайдың жаратқан құлдары екендіктерін айтып әбігерге түседі.

        Осы сапардан кейін Ирусалимге оралған Варнава Павелдің халықты жаңа бір сенімге шақырып жүргенін сезе бастайды. Бірте‑бірте екеуінің арасындағы пікір қайшылықтары ұлғайып, қатты ұрысуға дейін барады. Себебі Павел Исаны (а.с.) Құдайдың баласы, адамдарды күнәдан құтқару үшін жер бетіне келген, яғни адамзаттың күнәсі үшін өзін құрбандыққа шалды деп уағыз-насихат жүргізген еді. Ол тіпті мұнысымен шектелмей көпшілікке: «Христиандықта сүннеттеу жоқ және шошқа етін жеуге де рұқсат», – деп пәтуа береді. Мұншалықты озбырлыққа шыдамаған Варнава Павелмен мүлде келісе алмай ат құйрығын біржола кесіседі де өзге христиандарды да одан аулақ болуға шақырды.

        Павел өзінің идеяларын уағыздау үшін кітаптар жазып, жан‑жаққа жолдамалар жіберді. Өз тұжырымдарын жинақтап 15 кітап жазып таратып, бір жағынан шәкірт тәрбиелеу арқылы тамыр жая бастайды. Сонымен уақыт өте келе Павел өз дегеніне жетіп, оның Хазіреті Исаны Алланың баласы деген идеясы 325 жылғы Никей басқосуынада қабыл болып, ресми түрде әлемге жария етіледі.

        492 жылы І-Папалық құзіретке Гласиос келген соң, ол өзіне ұнамаған Інжілдерді өртеуге бұйрық береді. Олардың арасында Варнава Інжілі де болды. Тіпті, оны өртеткендері аздай, оқуға да қатаң тыйым салды. Олардың мұншама қатты қорқуларының себебі де жоқ емес, өйткені Варнава Інжілінде Хазіреті Иса Алланың ұлы емес, тек Алланың елшілерінің бірі ғана екендігі мен халал, харам тағамдардың пайда‑зияндығы тұрғысындағы діни үкімдер тайға танба басқандай анық жазылған еді. Ең бастысы, мұнда Павелдің іс-әрекеті қатаң сынға ұшырайды. Кейбір деректер Варнава Інжілінің  жалғыз ғана нұсқасы папаның кітап қоймасында құпия түрде сақталып қалған деген болжам айтады.

        Аталмыш болжамды негізсіз деуге де келмейді. Себебі 1585 жылы Папа Сиктис (Секстус) V-тің жақын қызметшісі болған монах Фрамерио бұл кітапты құпия түрде кітапханадан алып шығатыны бар. Монах Фрамерио бірде папамен бірге сол кітапханаға кіргенде екеуі едәуір уақыт сонда кідірістеп, папа кітап оқып отырып, ұйықтап кетеді. Фрамерио жақындап келіп бұл не кітап болды екен деп қараса, папа Варнава Інжілін оқып отырған болып шығады. Сөйтіп көптен бері қолға түсіре алмай жүрген Варнава Інжілін монах киіміне жасырып алып шығады. Кітап итальян тілінде жазылған екен. Кейінірек ағылшын, неміс, араб және түрік тілдеріне аударылады. Қазір ол Інжіл кітабы Австрия мемлекетінің астанасы Вена қаласындағы Корольдік кітапханада сақтаулы[3]. Бұл кітапты кейінірек 1907 жылы Оксфордта Бай мен Байан Раг атты ері-зайыптылар ағылшын тіліне аударады. Кітаптың аталмыш аударма нұсқасы бірнеше рет жасырын түрде жоғалып кетеді. Алайда, соңғы зерттеушілердің мәліметтеріне сүйенсек, кітаптың бір данасы Бритиш (Ұлыбритания) мұражайында, бір данасы Вашингтонда Америка Конгресі кітапханасында сақтаулы. Ал 1973 жылы Пакистан мемлекетінің Құранды зерттеу орталығы ағылшын тіліндегі бұл кітапты қайта бастырып шығарыпты[4].



        [1]      Хазіреті Иса пайғамбарға алғаш иман еткен 12 шәкіртті «хауари» деп атайды
        [2]      Оразкүл қажы Көбеева. ж.к.е., 30-34-бет; Günay Tümer. Abdurrahman Küçük. ж.к.е., 287-288-бет; А.Lütfü Каzancı. ж.к.е., 118-119-бет; Киелі кітап. ж.к.е., 518-519, 606-607, 662, 756-беттер.
        [3]      Оразкүл қажы Көбеева. ж.к.е., 72-78-бет; Klavuz S.A., Köten A., Çetin O., Algül H. Din kültürü ve ahlak bilgisi. 151-бет.
        [4]      Латиф Баты. Құран, Інжіл, Забур, Таурат. – Шымкент, 1998. 32-33-бет.