Інжіл (Библия) – Иса пайғамбарға (а.с.) түскен кітап
Інжіл – Иса пайғамбарға (а.с.) түскен кітап. Құран Кәрімде «Мәида» сүресінің 46-аятында:
﴿وَقَفَّيْنَا عَلَى آثَارِهِمْ بِعِيسَى ابْنِ مَرْيَمَ مُصَدِّقاً لِّمَا بَيْنَ يَدَيْهِ مِنَ التَّوْرَاةِ وَآتَيْنَاهُ الإِنْجِيلَ فِيهِ هُدًى وَنُورٌ وَمُصَدِّقاً لِّمَا بَيْنَ يَدَيْهِ مِنَ التَّوْرَاةِ وَهُدًى وَمَوْعِظَةً لِّلْمُتَّقِينَ﴾
«Сондай-ақ олардың (пайғамбарлардың) ізінше Тәуратты растаушы Мәриямұлы Исаны жібердік. Әрі оған ішінде туралық, нұр және тақуалар үшін насихат бар Тәуратты бекітуші Інжілді бердік», – делінген. Інжіл Мұса пайғамбардан (а.с.) кейін біраз адасушылықтарға ұрынған Бәни Исраил қауымын туралыққа салу үшін Алла Тағала тарапынан Иса пайғамбарға (а.с.)түсірілген кітап. Інжіл сөзі «ізгі хабар» деген мағынаны білдіреді. Інжіл Құраннан бұрын түскен кітап. Құран Кәрімде нақ осы Інжілде Иса пайғамбарға (а.с.) өзінен кейін соңғы пайғамбардың түсетіндігі туралы сүйінші хабар бар болатын. Саф сүресінің 6-аятында Алла Тағала былай дейді:
﴿وَإِذْ قَالَ عِيسَى ابْنُ مَرْيَمَ يَا بَنِي إِسْرَائِيلَ إِنِّي رَسُولُ اللَّهِ إِلَيْكُم مُّصَدِّقاً لِّمَا بَيْنَ يَدَيَّ مِنَ التَّوْرَاةِ وَمُبَشِّراً بِرَسُولٍ يَأْتِي مِنْ بَعْدِي اسْمُهُ أَحْمَدُ فَلَمَّا جَاءَهُمْ بِالْبَيِّنَاتِ قَالُواْ هَذَا سِحْرٌ مُّبِينٌ﴾
«Сол уақытта Мәриямұлы Иса: «Уа, Исраил ұрпақтары! Расында мен сендерге (жіберілген) Алланың елшісімін. Қолымдағы Тәуратты растаушымын әрі менен кейін келетін Ахмед атты елшімен қуандырушымын», – деген еді. Бірақ олар ол (яғни, сол айтылған пайғамбар Мұхаммед (ﷺ)) ашық дәлелдермен келген сәтте: «Бұл нағыз сиқыр», – десті».
Иләһи кітап – Інжілді алған Бәни Исраил қауымы мен кейінірек Інжілдің өсиеттерін орындаймыз дейтін христан топтары уақыт өте келе қатты адасты. Діндерін, қасиетті кітап Інжілді өрескел түрде бұрмалады. Бұл кітаптың ішіне Иса пайғамбарлардың шәкірттерінің сөздерін қосып әбден шатастырды. Кейбір тұстарын алып тастады. Ақырында олар Жалғыз, Дара Алла Тағалаға серік қосып, жалған наным ойлап тауып алды. Нәтижесінде олардың кейінгі ізбасарлары Исаға түскен Інжілден мүлде өзгеше кітапқа ие болды. Қазірде христиан әлемінде Інжілдің ондаған нұсқалары бар. Католиктердің Інжілі бір басқа, протестанттардың Інжілі басқаша, ал православтардың Інжілі олардікінен тіпті бөлек. Өткен жиырмасыншы ғасырда Оңтүстік Африка Республикасынан шыққан мұсылман ғалымы Ахмед Дидат христиан дініндегілердің осындай адасушылыққа түскендігін Құран мен Інжіл аяттарынан нақты түрде дәлелдеп берген. Алла Тағала одан разы болсын!
Жаратушы Хақ Тағала Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 171-аятында діндерін қадірлемей, атүсті қарап, әр түрлі бұрмалаушылықтарға жол беріп, ақырында ақиқат жолынан адасушыларға айналған кітап иелеріне қаратып:
﴿يَا أَهْلَ الْكِتَابِ لاَ تَغْلُواْ فِي دِينِكُمْ وَلاَ تَقُولُواْ عَلَى اللَّهِ إِلاَّ الْحَقَّ إِنَّمَا الْمَسِيحُ عِيسَى ابْنُ مَرْيَمَ رَسُولُ اللّهِ وَكَلِمَتُهُ أَلْقَاهَا إِلَى مَرْيَمَ وَرُوحٌ مِّنْهُ فَآمِنُواْ بِاللّهِ وَرُسُلِهِ وَلاَ تَقُولُواْ ثَلاَثَةٌ انتَهُواْ خَيْراً لَّكُمْ إِنَّمَا اللّهُ إِلَهٌ وَاحِدٌ سُبْحَانَهُ أَن يَكُونَ لَهُ وَلَدٌ لَّهُ مَا فِي السَّمَاوَات وَمَا فِي الأَرْضِ وَكَفَى بِاللّهِ وَكِيلاً﴾
«Уа, кітап иелері! Діндеріңде артық кетпеңдер! Аллаға байланысты анық ақиқатты ғана айтыңдар! Расында Мәриямұлы Иса Алланың елшісі және Мәриямға жалғастырған сөзі әрі рухы. Ендеше Аллаға және Оның елшілеріне иман келтіріңдер. Әрі ешқашан да Оны үшеу деп айтпаңдар! Ол сөзден тыйылыңдар, сендер үшін сол қайырлы. Расында Алла бір ғана құдай. Ол баласын болудан өте пәк. Көктегі және жердегі бүкіл нәрселер Сонікі. Алла өкілдікке жеткілікті», – деп, оларға қатаң түрде ескерткен.