Кітаптарға сенім
Сұрақ: Әссәләму ғалейкум. Кітаптарға сенім деген не?
Жауап: Уағалейкум ассалам!!!
«Алла Тағала түсірген Құран Кәрімге, Інжілге, Зәбурге, Тәуратқа және пайғамбарларға түсірілген барлық кітаптар мен парақшаларға кәміл иман келтірдім». |
﴿آمَنَ الرَّسُولُ بِمَا أُنزِلَ إِلَيْهِ مِن رَّبِّهِ وَالْمُؤْمِنُونَ كُلٌّ آمَنَ بِاللّهِ وَمَلآئِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ لاَ
Алла Тағала иман келтігендер туралы былай дейді:
﴿آمَنَ الرَّسُولُ بِمَا أُنزِلَ إِلَيْهِ مِن رَّبِّهِ وَالْمُؤْمِنُونَ كُلٌّ آمَنَ بِاللَّهِ وَمَلآئِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ لاَ نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ مِّن رُّسُلِهِ وَقَالُواْ سَمِعْنَا وَأَطَعْنَا غُفْرَانَكَ رَبَّنَا وَإِلَيْكَ الْمَصِيرُ﴾
«Пайғамбар және мүміндер оған Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Олардың барлығы да Аллаға, періштелеріне, кітаптарына және пайғамбарларына иман келтірді. Олар: «Елшілердің араларын айырмаймыз», – деседі. «Естідік те бой ұсындық! Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де Сенің алдың», – деседі» (Бақара, 285).
Иманның шарттары алтау екендігі белгілі. Олар: Алланың барлығына және бірлігіне, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, Қиямет күніне және жамандық пен жақсылықтың бір Алладан екендігіне сену.
Арабша айтқанда,
آمَنْتُ بِاللهِ وَمَلائِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ وَقَدَرِ خَيْرِهِ وَ شَرِّهِ
«Әәмәнту билләәһи уа мәләәикәтиһи уа кутубиһи уа русулиһи уал-йәумил-аахири уа қадари хайриһи уа шарриһи». Бұл сөзді иман муфассал деп те атайды.
Адам атаны жаратқаннан бері қарай сан ғасырлар бойы Алла Тағала адамзатты тура жолына шақыратын пайғамбарларды жіберді. Олардың бірсыпырасына кітап, парақшалар түсірді. Алла тағала Шура сүресінің 15-аятында Пайғамбарымыз Мұхаммедке (ﷺ)
﴿وَقُلْ آمَنْتُ بِمَا أَنْزَلَ اللَّهُ مِنْ كِتَابٍ﴾
«Алланың Кітаптан түсіргенінің бәріне иман келтірдім» деп айт», – деп бұйырса, ал Ниса сүресінің 136-аятында мүмін мұсылмандарға:
﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ آمِنُواْ بِاللَّهِ وَرَسُولِهِ وَالْكِتَابِ الَّذِي نَزَّلَ عَلَى رَسُولِهِ وَالْكِتَابِ الَّذِيَ أَنزَلَ مِنْ قَبْلُ وَمَنْ يَكْفُرْ بِاللَّهِ وَمَلاَئِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ فَقَدْ ضَلَّ ضَلاَلاً بَعِيداً﴾
«Уа, иман келтіргендер! Аллаға, Оның елшісіне әрі сол елшісіне түсірген кітапқа және одан бұрын түскен кітапқа иман келтіріңдер», – деп әмір еткен.
﴿كَانَ النَّاسُ أُمَّةً وَاحِدَةً فَبَعَثَ اللّهُ النَّبِيِّينَ مُبَشِّرِينَ وَمُنذِرِينَ وَأَنْزَلَ مَعَهُمُ الْكِتَابَ بِالْحَقِّ لِيَحْكُمَ بَيْنَ النَّاسِ فِيمَا اخْتَلَفُواْ فِيهِ﴾
Сондай-ақ, «Расында адамдар бір ғана үмбет еді. Сосын Алла пайғамбарларды қуантушы әрі ескертуші ретінде жіберіп, олармен бірге адамдардың арасындағы таласқан нәрселеріне үкім етулері үшін ақиқат кітап түсірді» (Бақара, 213), – деген аят та бар.
Демек, Алладан түскен кітаптарға сену иманның негізгі шарттарының бірі. Онсыз иман толық болмайды. Яғни, ең соңғы пайғамбар Мұхаммедке (ﷺ) түскен ең соңғы иләһи кітап – Құран Кәріммен бірге одан бұрын түсірілген кітаптарға да кәміл түрде илануымыз керек.
Бұл тұрғыда біздің басшылыққа алатын қайнар бұлақтарымыз – қасиетті Құран мен Пайғамбардың (ﷺ) хадистері. Құранда Тәурат, Забур, Інжіл кітаптары туралы айтылады. Тәурат Мұса пайғамбарға (а.с.), Забур Дәуіт пайғамбарға (а.с.), ал Інжіл Иса пайғамбарға (а.с.) түсірілген. Ал қалған пайғамбарларға кітаптардың түсуі туралы анық хабар жоқ. Тек Ағлә сүресінде Ибраһим пайғамбарға (а.с.) да парақшалар түскендігі туралы айтылады.
﴿إِنَّ هَذَا لَفِي الصُّحُفِ الْأُولَى * صُحُفِ إِبْرَاهِيمَ وَمُوسَى﴾
«Шындығында бұл алғашқы парақтарда да болған – Ибраһим мен Мұсаның парақтарында» (Ағлә, 18, 19).
﴿فَقَدْ آتَيْنَا آلَ إِبْرَاهِيمَ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ وَآتَيْنَاهُم مُّلْكاً عَظِيماً﴾
«Біз бұрын Ибраһим әулетіне Кітап пен даналықты берген едік және оларға ұлы билік бергенбіз» (Ниса, 54).
Ал Ниса сүресінің 54-аятында «Расында, Ибраһимнің әулетіне кітап пен даналық және зор билік берген едік», – делінген. Ал Әнғам сүресінде Ибраһим, Ысхақ, Жақып, Нұх, Дәуіт, Сүлеймен, Аййуб, Жүсіп, Мұса, Һарун, Зәкәрия, Жақия, Иса, Ілияс, Исмаил, Әлясағ, Жүніс және Лұт барлығы он сегіз пайғамбардың аты аталғаннан кейін 89-аятта:
﴿أُوْلَئِكَ الَّذِينَ آتَيْنَاهُمُ الْكِتَابَ وَالْحُكْمَ وَالنُّبُوَّةَ﴾
«Міне, осыларға Кітап, даналық және пайғамбарлық бердік», – делінеді.
﴿لَقَدْ أَرْسَلْنَا رُسُلَنَا بِالْبَيِّنَاتِ وَأَنْزَلْنَا مَعَهُمُ الْكِتَابَ وَالْمِيزَانَ لِيَقُومَ النَّاسُ بِالْقِسْطِ﴾
Ал Хадид сүресінің 25-аятында: «Расында елшілерімізді ашық мұғжизалармен жіберіп, адамдардың әділ үкім етулері үшін олармен бірге кітап пен таразыны түсірдік», – деп айтылған.
Бірде ардақты сахаба Әбу Зәрр (р.а.): «Уа, Расулалла! Алла Тағала қанша кітап түсірген?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (ﷺ): «Алла жүз парақ пен төрт кітап түсірген. Адамға (а.с.) он парақша, Шииске елу, Ыдырысқа отыз және Ибраһимге он. Ал түсірген кітаптары: Тәурат, Забур, Інжіл және Құран», – деген.
Иләһи кітаптардың ұзын санын Алланың бір өзі ғана біледі. Сондықтан да мұсылманға: «Мен Алла Тағаланың түсірген барлық кітаптары мен парақшаларына һәм Құранда айтылған кітаптарға кәміл сенемін», – деп айтуы жеткілікті болмақ.
Құран Кәрімде аты аталған кітаптар төртеу, олар – Тәурат, Забур, Інжіл және Құраннның өзі.
﴿نَزَّلَ عَلَيْكَ الْكِتَابَ بِالْحَقِّ مُصَدِّقاً لِّمَا بَيْنَ يَدَيْهِ وَأَنزَلَ التَّوْرَاةَ وَالإِنجِيلَ﴾
«Ол (Алла) саған Кітапты (Құранды) ақиқатпен әрі одан бұрынғыларды растау үшін түсірді һәм Ол Тәурат пен Інжілді түсірді» (Әли Имран, 3).
Жеке-жеке тоқталып өтетін болсақ мынадай.
1) Тәурат – Мұса пайғамбарға (а.с.) түскен иләһи кітап. Көне еврей тілінде тәурат сөзі «заң», «иләһи пәрмен» деген мағыналарды береді. Қасиетті Құранда Тәураттың Мұсаға (а.с.) түсірілгендігі, Алла Тағала осы кітабы арқылы оған қауымы Бәни Исраилды туралыққа бастап, үкім етуге бұйырғандығы жайында хабарланады. Мысалы, Бақара сүресінің 53-аятында:
﴿وَإِذْ آتَيْنَا مُوسَى الْكِتَابَ وَالْفُرْقَانَ لَعَلَّكُمْ تَهْتَدُونَ﴾
«Мұсаға Кітапты (Тәуратты) түсірдік», – делінген.
﴿إِنَّا أَنْزَلْنَا التَّوْرَاةَ فِيهَا هُدًى وَنُورٌ﴾
«Біз ішінде туралық пен нұр бар Тәуратты түсірдік» (Мәида, 44).
Тәуратта ғибадаттың жай-жапсары мен түрлі мәселелерге жауап берілген. Сондай-ақ, соңғы кітап – Құран Кәрімде Бәни Исраилдың көшірушілері мен кейбір ғалымдарының Тәуратты бұрмалап, өзгерткендігі туралы да айтылған. Олар Тәурат аяттарының кейбір тұстарының өңін айналдырып өзгерсе, ал кейбір тұстарын мүлде алып тастаған. Осылайша Алланың кәләмына деген қолсұғушылықтың салдарынан арада ондаған ғасырлар өткенде Бәни Исраилдың кейінгі ұрпақтары еврей халқы Мұсаға түскен Тәураттан мүлде өзгеше Тәуратқа ие болды. Сонда иләһи Кітапты дұрыс құрметтемей, оған амал етпегендердің сорақы істерін Алла Тағала Жұма сүресінің 5-аятында: «Тәуратты көтергендер алтын көтерген есек секілді», – деп айыптап, әшкерелеген.
﴿مَثَلُ الَّذِينَ حُمِّلُواْ التَّوْرَاةَ ثُمَّ لَمْ يَحْمِلُوهَا كَمَثَلِ الْحِمَارِ يَحْمِلُ أَسْفَاراً بِئْسَ مَثَلُ الْقَوْمِ الَّذِينَ كَذَّبُوا بِآيَاتِ اللَّهِ وَاللَّهُ لَا يَهْدِي الْقَوْمَ الظَّالِمِينَ﴾
«Тәурат жүктелініп, сосын оны ұстамағандардың мысалы көп кітап көтерген есектің мысалындай. Алланың аяттарын өтірікке шығарған қауымның мысалы қандай жаман! Алла залымдарды тура жолға бастамайды» (Жұма, 5).
2) Зәбур – Дәуіт пайғамбарға (а.с.) түскен кітап. Хақ Тағала Ниса сүресінің 163-аятында:
﴿وَآتَيْنَا دَاوُودَ زَبُوراً﴾
«Дәуітке Зәбурды бердік», – дейді.
Зәбур сөзі «жазылған кітап» деген мағынаны білдіреді. Бұл иләһи кітапта Алланың әмірлері айтылған. Жалпы Құран Кәрімде Дәуіт пайғамбарға (а.с.) нәзіл болған Зәбур кітабы туралы аяттар көп емес. Тек Әнбия сүресінің 105-аятында:
﴿وَلَقَدْ كَتَبْنَا فِي الزَّبُورِ مِنْ بَعْدِ الذِّكْرِ أَنَّ الْأَرْضَ يَرِثُهَا عِبَادِيَ الصَّالِحُونَ﴾
«Расында Біз Зәбурда зікірден кейін: «Жерге ізгі пенделерім мұрагер болады», – деп жаздық», – делінген.
3) Інжіл – Иса пайғамбарға (а.с.) түскен кітап. Құран Кәрімде Мәида сүресінің 46-аятында:
﴿وَقَفَّيْنَا عَلَى آثَارِهِمْ بِعِيسَى ابْنِ مَرْيَمَ مُصَدِّقاً لِّمَا بَيْنَ يَدَيْهِ مِنَ التَّوْرَاةِ وَآتَيْنَاهُ الإِنْجِيلَ فِيهِ هُدًى وَنُورٌ وَمُصَدِّقاً لِّمَا بَيْنَ يَدَيْهِ مِنَ التَّوْرَاةِ وَهُدًى وَمَوْعِظَةً لِّلْمُتَّقِينَ﴾
«Сондай-ақ олардың (пайғамбарлардың) ізінше Тәуратты растаушы Мәриямұлы Исаны жібердік. Әрі оған ішінде туралық, нұр және тақуалар үшін насихат бар Тәуратты бекітуші Інжілді бердік», – делінген. Інжіл Мұса пайғамбардан (а.с.) кейін біраз адасушылықтарға ұрынған Бәни Исраил қауымын туралыққа салу үшін Алла Тағала тарапынан Иса пайғамбарға (а.с.)түсірілген кітап. Інжіл сөзі «ізгі хабар» деген мағынаны білдіреді. Інжіл Құраннан бұрын түскен кітап. Құран Кәрімде нақ осы Інжілде Иса пайғамбарға (а.с.) өзінен кейін соңғы пайғамбардың түсетіндігі туралы сүйінші хабар бар болатын. Саф сүресінің 6-аятында Алла Тағала былай дейді:
﴿وَإِذْ قَالَ عِيسَى ابْنُ مَرْيَمَ يَا بَنِي إِسْرَائِيلَ إِنِّي رَسُولُ اللَّهِ إِلَيْكُم مُّصَدِّقاً لِّمَا بَيْنَ يَدَيَّ مِنَ التَّوْرَاةِ وَمُبَشِّراً بِرَسُولٍ يَأْتِي مِنْ بَعْدِي اسْمُهُ أَحْمَدُ فَلَمَّا جَاءَهُمْ بِالْبَيِّنَاتِ قَالُواْ هَذَا سِحْرٌ مُّبِينٌ﴾
«Сол уақытта Мәриямұлы Иса: «Уа, Исраил ұрпақтары! Расында мен сендерге (жіберілген) Алланың елшісімін. Қолымдағы Тәуратты растаушымын әрі менен кейін келетін Ахмед атты елшімен қуандырушымын», – деген еді. Бірақ олар ол (яғни, сол айтылған пайғамбар Мұхаммед (ﷺ)) ашық дәлелдермен келген сәтте: «Бұл нағыз сиқыр», – десті».
Иләһи кітап – Інжілді алған Бәни Исраил қауымы мен кейінірек Інжілдің өсиеттерін орындаймыз дейтін христан топтары уақыт өте келе қатты адасты. Діндерін, қасиетті кітап Інжілді өрескел түрде бұрмалады. Бұл кітаптың ішіне Иса пайғамбарлардың шәкірттерінің сөздерін қосып әбден шатастырды. Кейбір тұстарын алып тастады. Ақырында олар Жалғыз, Дара Алла Тағалаға серік қосып, жалған наным ойлап тауып алды. Нәтижесінде олардың кейінгі ізбасарлары Исаға түскен Інжілден мүлде өзгеше кітапқа ие болды. Қазірде христиан әлемінде Інжілдің ондаған нұсқалары бар. Католиктердің Інжілі бір басқа, протестанттардың Інжілі басқаша, ал православтардың Інжілі олардікінен тіпті бөлек. Өткен жиырмасыншы ғасырда Оңтүстік Африка Республикасынан шыққан мұсылман ғалымы Ахмед Дидат христиан дініндегілердің осындай адасушылыққа түскендігін Құран мен Інжіл аяттарынан нақты түрде дәлелдеп берген. Алла Тағала одан разы болсын!
Жаратушы Хақ Тағала Құран Кәрімнің Ниса сүресінің 171-аятында діндерін қадірлемей, атүсті қарап, әр түрлі бұрмалаушылықтарға жол беріп, ақырында ақиқат жолынан адасушыларға айналған кітап иелеріне қаратып:
﴿يَا أَهْلَ الْكِتَابِ لاَ تَغْلُواْ فِي دِينِكُمْ وَلاَ تَقُولُواْ عَلَى اللَّهِ إِلاَّ الْحَقَّ إِنَّمَا الْمَسِيحُ عِيسَى ابْنُ مَرْيَمَ رَسُولُ اللّهِ وَكَلِمَتُهُ أَلْقَاهَا إِلَى مَرْيَمَ وَرُوحٌ مِّنْهُ فَآمِنُواْ بِاللّهِ وَرُسُلِهِ وَلاَ تَقُولُواْ ثَلاَثَةٌ انتَهُواْ خَيْراً لَّكُمْ إِنَّمَا اللّهُ إِلَهٌ وَاحِدٌ سُبْحَانَهُ أَن يَكُونَ لَهُ وَلَدٌ لَّهُ مَا فِي السَّمَاوَات وَمَا فِي الأَرْضِ وَكَفَى بِاللّهِ وَكِيلاً﴾
«Уа, кітап иелері! Діндеріңде артық кетпеңдер! Аллаға байланысты анық ақиқатты ғана айтыңдар! Расында Мәриямұлы Иса Алланың елшісі және Мәриямға жалғастырған сөзі әрі рухы. Ендеше Аллаға және Оның елшілеріне иман келтіріңдер. Әрі ешқашан да Оны үшеу деп айтпаңдар! Ол сөзден тыйылыңдар, сендер үшін сол қайырлы. Расында Алла бір ғана құдай. Ол баласын болудан өте пәк. Көктегі және жердегі бүкіл нәрселер Сонікі. Алла өкілдікке жеткілікті», – деп, оларға қатаң түрде ескерткен.
Кітап иелері – Тәурат пен Інжілді ұстанамыз деп бірақ басқа жолға түсіп адасушы иудаизм мен христан дінінің өкілдері осылай аталады. Алла Тағала Құран Кәрімде Пайғамбарымызға былай бұйырады:
﴿قُلْ يَا أَهْلَ الْكِتَابِ لَسْتُمْ عَلَى شَيْءٍ حَتَّىَ تُقِيمُواْ التَّوْرَاةَ وَالإِنجِيلَ وَمَا أُنزِلَ إِلَيْكُم مِّن رَّبِّكُمْ﴾
«(Уа, Мұхаммед! Сен оларға: ) «Уа, Кітап иелері! Тәурат пен Інжілді және өздеріңе Раббыларың тарапынан түсірілгенді тура орындамайынша түк те емессіңдер» деп айт» (Мәида, 68).
Расында да олар Тәурат пен Інжілдің түпнұсқасына амал еткенде соңғы Пайғамбарға (ﷺ) да және Оған түскен Құран Кәрімге де кәміл иман келтіріп, мұсылман болар еді.
4) Құран Кәрім – ақырзаман пайғамбары Мұхаммедке (ﷺ) түскен кітап. Ислам дінінің негізі Құран мен Пайғамбардың (ﷺ) сүннеті. Құран Кәрім Алла Тағала тарапынан Жебірейіл періште арқылы уахи етіліп, Мұхаммед пайғамбарға (ﷺ) жиырма үш жылда нәзіл болынды. Алла Тағала Жүніс сүресінің 57-аятында:
﴿يَا أَيُّهَا النَّاسُ قَدْ جَاءتْكُم مَّوْعِظَةٌ مِّن رَّبِّكُمْ وَشِفَاء لِّمَا فِي الصُّدُورِ وَهُدًى وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَ﴾
«Уа, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректерге шипа және иман келтіргендер үшін тура жол бастаушы әрі рахым (ретінде Құран) түсті», – деген. Ал Исра сүресінің 9-аятында:
﴿إِنَّ هَذَا الْقُرْآنَ يِهْدِي لِلَّتِي هِيَ أَقْوَمُ وَيُبَشِّرُ الْمُؤْمِنِينَ الَّذِينَ يَعْمَلُونَ الصَّالِحَاتِ أَنَّ لَهُمْ أَجْراً كَبِيراً﴾
«Расында осы Құран ең тура жолға бастайды және ізгі іс істейтін мүміндерге үлкен сый бар екендігін сүйіншілейді», – деген.
Алла Тағаланың соңғы Кітабы – Құран Кәрімнің басты ерекшеліктері қысқаша айтқанда мынадай:
1. Құран – әлемдерді Жаратушы ұлық Алланың сөзі. Ол араб тілінде түсірілген. «Құран» сөзі «оқылатын кітап» деген мағынаны білдіреді. Құран құймақұлақ сахабалардың Алланың елшісінен (ﷺ) естіп, айна-қатесіз жаттап және түрлі парақшаларға жазып алулары арқылы сақталды. Кейіннен Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалығы тұсында Құран Кәрім бір кітап болып жиналды. Осылайша ғасырлардан ғасырларға жетіп, біздің заманымызға жетті.
2. Құран – Алла Тағаланың жер бетіне түсірген ең соңғы кітабы. Бұл кітап адамзат баласының бүкіл дүниелік және ақыреттік мүдделерін толық қамтыған. Кім Құранның әмірлерімен жүрсе екі дүниенің де бақытына жетеді. Құранның түсуімен одан бұрынғы түсірілген барлық иләһи кітаптар мансұх болынып, олардың үкімдері жойылды.
3. Құран – аман-сау сақталуын Алла Тағаланың Өзі тікелей кепілдігіне алған Кітабы. Алла Тағала Хижр сүресінің 9-аятында:
﴿إِنَّا نَحْنُ نَزَّلْنَا الذِّكْرَ وَإِنَّا لَهُ لَحَافِظُونَ﴾
«Расында зікірді (Құранды) Біз түсірдік әрі шын мәнінде оны Біз қорғаушымыз», – дейді. Яғни бұл Кітап әрдайым иләһи қамқорлық пен қадағалаудың астында, сондықтан да алдыңғы кітаптар сияқты өзгерістерге ұшырамайды.
4. Құран – иләһи кітаптардың ең соңғысы әрі ең кереметі, Раббы тарапынан Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарға берілген ең үлкен мұғжиза. Уахи болынып түскен сәтте оның аяттарын естіген әрбір жан мойындауға мәжбүр болған. Тіпті, сол кезде иман келтірмеген меккелік арабтардың өзі Құранның әдеттен тыс керемет кітап екендігін, адамның сөзіне ұқсамайтындығын дереу мойындаған.
5. Құран – ақиқатқа бастайтын, адам жанын сақтап қалатын бірегей кітап. Оны басшылыққа алған әрбір жан құдайлық бұйрықтарға бойсұнып, орындаса дүниеде де, ақыретте де аман-сау болып, игіліктерге бөленеді.
6. Құран – әрбір мұсылманның күнделікті өмірінде, дүние және ақырет істерінде негіз етіп алатын бірден-бір кітабы. Әрі пендені Жаратушыға жақындататын дәнекер. Сондықтан да әрбір мұсылман Алланың кітабын қастерлеп ұстап, ондағы әмірлерге бойсұнып, тыйымдардан тыйылуы тиіс. Сонда ғана ол нағыз мұсылман болады есептеледі. Оны күні-түні оқып, әрбір аятына зер салып, ондағы даналық пен насихатты торлық түсінуге тырысуы тиіс. Алланың елшісі (ﷺ) бізге Құран Кәрімді оқуға, жаттауға бұйырды. Оның әрбір әрпін оқуда зор сауап бар екендігін айтып сүйіншіледі. Әрі өзі қайтыс болар шағында мұсылмандардың адасушылыққа ұшырамаулары үшін Құран мен Сүннетке толық жүгінулері тиіс екендігін айтып, аманат етіп кетті. Сондықтан да Құран Кәрімді үйренуге тырысуымыз керек. Сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) бір хадисінде:
»خَيْرُكُمْ مَنْ تَعَلَّمَ الْقُرْآنَ وَعَلَّمَهُ«
«Сендердің ең жақсыларың –– Құранды үйренгендері және оны басқаларға үйреткендерің», – деген.