Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Ақида
        3. Періштелердің күнәдан пәктігі
        Періштелердің күнәдан пәктігі

        Періштелердің күнәдан пәктігі

        Сұрақ: Әссәләму ғалейкум.  Періштелер күнәдан пәк дегені қаншалықты рас?

        Жауап: Уағалейкум ассалам!!! 

        Періштелер күнәдан пәк. Олардан қандай да бір күнәлі істің шығуы мүмкін емес. Кейбір адасушы топтар, аяттың мағынасын дұрыс түсінбеген жандар періштелердің күнәдан пәктігіне күмән келтіріп, оларына төмендегі аяттарды алға тартады.

        1. "Бақара" сүресінің 30-аяты. 

        ﴿وَإِذْ قَالَ رَبُّكَ لِلْمَلاَئِكَةِ إِنِّي جَاعِلٌ فِي الأَرْضِ خَلِيفَةً قَالُواْ أَتَجْعَلُ فِيهَا مَن يُفْسِدُ فِيهَا وَيَسْفِكُ الدِّمَاء وَنَحْنُ نُسَبِّحُ بِحَمْدِكَ وَنُقَدِّسُ لَكَ 

        «Сол кезде Раббың періштелерге: «Мен жер бетінде орынбасар жаратамын», деді. Олар: «Онда бұзықтық қылып, қан төгетін біреуді жаратпақшысың ба? Ал біз Өзіңді мадақтап, дәріптейміз», десті».

        Адасушы топтардың айтуынша мұнда періштелер Адам атаның кемшіліктерін, яғни бұзықтық пен қантөгіске қатыстылығын айтып ғайбат сөз сөйлеген әрі өздерінің Алла Тағаланы дәріптейтіндіктерін айтып мақтанған. Адам атаның болашақта бұзық әрі қанішер болатындығын туралы долбарлап айта салған. Мұнда Алланың ісіне қарсылық бар.

        Жауабы: Расында аяттың ақиқат мағынасы олай емес. Періштелер Адамды кемсіткісі не өздерін мақтағысы келмеді. Олардың сұрақтарының мәні – оның жаратылуындағы сыр-хикметті білу болатын. Ал адамзаттың болашағы туралы сөздерін болжап айтқан жоқ, ол туралы Ләухул-Махфуздан, яғни Тағдыр тақтасынан оқып-білген.

        2. "Бақара" сүресінің 34-аяты.

        ﴿وَإِذْ قُلْنَا لِلْمَلاَئِكَةِ اسْجُدُواْ لآدَمَ فَسَجَدُواْ إِلاَّ إِبْلِيسَ أَبَى وَاسْتَكْبَرَ وَكَانَ مِنَ الْكَافِرِينَ﴾ 

        «Сол кезде періштелерге: «Адамға сәжде жасаңдар», дегенімізде Ібілістен басқасының бәрі сәжде жасады, ал ол (Ібіліс) бас тартып, тәкаппарланып, кәпірлерден болды».

        Жаңсақ түсінушілердің долбарынша бұл аятта Ібілістің періштелерден болғандығы айтылып тұр. Демек, періштелер күнәдан пәк емес.

        Жауабы: Расында күнәға батқан Ібіліс періштелерден емес. Басқа аятта былай делінеді:

        ﴿وَإِذْ قُلْنَا لِلْمَلَائِكَةِ اسْجُدُوا لِآدَمَ فَسَجَدُوا إِلَّا إِبْلِيسَ كَانَ مِنَ الْجِنِّ فَفَسَقَ عَنْ أَمْرِ رَبِّهِ﴾

        «Сол кезде періштелерге: «Адамға сәжде жасаңдар», дегенімізде Ібілістен басқасының бәрі сәжде жасады, ол жындардан еді, ол Раббысының әмірінен жалтарды» (Кәһф, 50).

        Ал Бақара сүресіндегі аятта Ібіліс періштелердің арасындағы өзге жаратылыстың жалғыз өкілі болғандықтан көпшілікке мағынада періштелер деген сөз қолданылған.

        3. Һарут және Марут туралы қисынсыз қисса.

        Кейбір кітаптарда келген бұл әңгімеде адамдарға сиқыр үйрету үшін адам кейпінде түсірілген Һарут, Марут атты қос періштенің бір әйелге ғашық болып, күнәға батып, ақырында жер бетінде қалып қойып, азапталатындығы айтылады.

        Жауап: Расында бұл қисса ешбір қисынсыз, негізсіз әңгіме. Бұл аңызды діннен безген дәлдүріштер шығарған. Шындығында да бұл екі періште аятта айтылғандай Алланың әмірімен адамдарға сиқыр мен кереметтің айырмашылығын үйрету үшін түсірілген еді. Ал олардың жердің бетінде күнәға батып, пендешілікке салынатындығы туралы аңыз ешбір дәлелі жоқ қып-қызыл жала.

        ﴿وَلَكِنَّ الشَّيْاطِينَ كَفَرُواْ يُعَلِّمُونَ النَّاسَ السِّحْرَ وَمَا أُنزِلَ عَلَى الْمَلَكَيْنِ بِبَابِلَ هَارُوتَ وَمَارُوتَ وَمَا يُعَلِّمَانِ مِنْ أَحَدٍ حَتَّى يَقُولاَ إِنَّمَا نَحْنُ فِتْنَةٌ فَلاَ تَكْفُرْ﴾. 

        «Бірақ шайтандар адамдарға сиқыр үйретіп, кәпір болды. Олар Бабылда Һарут және Марут атты екі періштеге түсірілгенді үйретті. Ол екі періште: «Біз сынақ үшін келдік, күпірлікке бармаңдар» деп айтпайынша ешкімге ештеңе де үйретпеген» (Бақара, 102).

        4. Халық арасында тараған кейбір күпірлік сөздер. Соның бірі «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген сөз. Бұл барып тұрған антұрған сөз. Періштелер Алла Тағаланың үнемі құлшылықта болатын, әмірін екі қылмайтын пәк құлдары. Олар пәнилік қызықтарға бой алдырмайды. Өйткені оларда нәпсі сезімдері, ішу-жеу сияқты қасиеттер жоқ. Олардың нақтылы сипаттары Құран Кәрімде айтылған. Әрбір мұсылман періштелер туралы танымын сол аят-хадистердің негізінде тұғырлауы тиіс.