Періштелерге сенім
«Мен Алла Тағаланың нұрдан жаратқан ерекше жаратылысы –періштелердің бар екендігіне кәміл сенемін». |
Періштелер – Алла Тағаланың нұрдан жаратқан жаратылысы. Олар түрлі формада болады һәм түрлі формаларға ене алады. Мысалы, Жебірейіл періште Пайғамбарға (ﷺ) адамның бейнесінде де келген.
Періштелерде жыныстық тек жоқ. Оларды ер не ұрғашы деп сипаттауға болмайды. Кімде-кім оларды еркек деп сипаттаса, пасық болып есептеледі. Ал кім ұрғашы десе кәпір болады. Алла Тағала былай деген:
﴿وَجَعَلُوا الْمَلَائِكَةَ الَّذِينَ هُمْ عِبَادُ الرَّحْمَنِ إِنَاثاً أَشَهِدُوا خَلْقَهُمْ سَتُكْتَبُ شَهَادَتُهُمْ وَيُسْأَلُونَ﴾
«Олар (кәпірлер) Рахманның құлдары болып табылатын періштелерді ұрғашы қылды. Олардың жаратылыстарына куәгер болып па? Олардың куәгерліктері жазылады да, ол туралы сұралады» (Зухруф, 19).
Періштелердің негізгі тұрағы – аспан. Сонымен бірге жердің бетінде жасайтын періштелер де бар.
Періштелердің бар екендігіне Құран мен хадистен дәлелдер жеткілікті әрі мұсылман ғалымдары да бұл туралы бірауызды пікірде. Періштелердің барлығын теріске шығарған адам кәпір болады. Демек, жалпы періштелердің бар екендігіне сену иманның бір шарты һәм жалпы парыз. Ал Жебірейіл, Микаил, аршыны көтеріп тұратын, жан-жағында ұшып жүретін періштелер, пенденің амалын жазушы періштелер, сақтаушы періштелер, Мүңкәр мен Нәкір сияқты белгілі періштелердің барлығына сену жалқы парыз.
﴿الْحَمْدُ لِلَّهِ فَاطِرِ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ جَاعِلِ الْمَلَائِكَةِ رُسُلاً أُولِي أَجْنِحَةٍ مَّثْنَى وَثُلَاثَ وَرُبَاعَ يَزِيدُ فِي الْخَلْقِ مَا يَشَاءُ إِنَّ اللَّهَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ﴾
«Көктер мен жерді Жаратушы, періштелерден қос қанатты, үш, төрт қанатты елшілерді Жасаушы Аллаға мадақ. Ол Өзінің жаратылысын қалағанынша көбейтеді. Расында Алла әрбір нәрсеге құдіретті» (Фатыр, 1).
﴿وَمَا يَعْلَمُ جُنُودَ رَبِّكَ إِلَّا هُوَ﴾
«Раббыңның әскерін Өзінен басқа ешкім де білмейді» (Мүддәссір, 31).
Кейбір ғалымдардың түсіндірулерінше, бұл істер төмендегідей:
1. Тағдыр тақтасында жазылған тағдырларды, пенделердің амалдарын орайластырып, ризықтар мен өсімдіктер, жауын-шашындар істері Микаил періштеге жүктеледі.
2. Соғыстар мен жер сілкіністері, найзағайлар, жер қопарылыстары Жебірейіл періштеге жүктеледі.
3. Пенделердің іс-амалдары бақылау Исрафил періштеге жүктеледі.
4. Тауқыметтер мен ажалдар Әзірейіл періштеге жүктеледі.
Періштелердің күнәдан пәктігі
Періштелер күнәдан пәк. Олардан қандай да бір күнәлі істің шығуы мүмкін емес. Кейбір адасушы топтар, аяттың мағынасын дұрыс түсінбеген жандар періштелердің күнәдан пәктігіне күмән келтіріп, оларына төмендегі аяттарды алға тартады.
1. Бақара сүресінің 30-аяты.
﴿وَإِذْ قَالَ رَبُّكَ لِلْمَلاَئِكَةِ إِنِّي جَاعِلٌ فِي الأَرْضِ خَلِيفَةً قَالُواْ أَتَجْعَلُ فِيهَا مَن يُفْسِدُ فِيهَا وَيَسْفِكُ الدِّمَاء وَنَحْنُ نُسَبِّحُ بِحَمْدِكَ وَنُقَدِّسُ لَكَ﴾
«Сол кезде Раббың періштелерге: «Мен жер бетінде орынбасар жаратамын», – деді. Олар: «Онда бұзықтық қылып, қан төгетін біреуді жаратпақшысың ба? Ал біз Өзіңді мадақтап, дәріптейміз», – десті».
Адасушы топтардың айтуынша мұнда періштелер Адам атаның кемшіліктерін, яғни бұзықтық пен қантөгіске қатыстылығын айтып ғайбат сөз сөйлеген әрі өздерінің Алла Тағаланы дәріптейтіндіктерін айтып мақтанған. Адам атаның болашақта бұзық әрі қанішер болатындығын туралы долбарлап айта салған. Мұнда Алланың ісіне қарсылық бар.
Жауабы: Расында аяттың ақиқат мағынасы олай емес. Періштелер Адамды кемсіткісі не өздерін мақтағысы келмеді. Олардың сұрақтарының мәні – оның жаратылуындағы сыр-хикметті білу болатын. Ал адамзаттың болашағы туралы сөздерін болжап айтқан жоқ, ол туралы Ләухул-Махфуздан, яғни Тағдыр тақтасынан оқып-білген.
2. Бақара сүресінің 34-аяты.
﴿وَإِذْ قُلْنَا لِلْمَلاَئِكَةِ اسْجُدُواْ لآدَمَ فَسَجَدُواْ إِلاَّ إِبْلِيسَ أَبَى وَاسْتَكْبَرَ وَكَانَ مِنَ الْكَافِرِينَ﴾
«Сол кезде періштелерге: «Адамға сәжде жасаңдар», – дегенімізде Ібілістен басқасының бәрі сәжде жасады, ал ол (Ібіліс) бас тартып, тәкаппарланып, кәпірлерден болды».
Жаңсақ түсінушілердің долбарынша бұл аятта Ібілістің періштелерден болғандығы айтылып тұр. Демек, періштелер күнәдан пәк емес.
Жауабы: Расында күнәға батқан Ібіліс періштелерден емес. Басқа аятта былай делінеді:
﴿وَإِذْ قُلْنَا لِلْمَلَائِكَةِ اسْجُدُوا لِآدَمَ فَسَجَدُوا إِلَّا إِبْلِيسَ كَانَ مِنَ الْجِنِّ فَفَسَقَ عَنْ أَمْرِ رَبِّهِ﴾
«Сол кезде періштелерге: «Адамға сәжде жасаңдар», – дегенімізде Ібілістен басқасының бәрі сәжде жасады, ол жындардан еді, ол Раббысының әмірінен жалтарды» (Кәһф, 50).
Ал Бақара сүресіндегі аятта Ібіліс періштелердің арасындағы өзге жаратылыстың жалғыз өкілі болғандықтан көпшілікке мағынада періштелер деген сөз қолданылған.
3. Һарут және Марут туралы қисынсыз қисса.
Кейбір кітаптарда келген бұл әңгімеде адамдарға сиқыр үйрету үшін адам кейпінде түсірілген Һарут, Марут атты қос періштенің бір әйелге ғашық болып, күнәға батып, ақырында жер бетінде қалып қойып, азапталатындығы айтылады.
Жауап: Расында бұл қисса ешбір қисынсыз, негізсіз әңгіме. Бұл аңызды діннен безген дәлдүріштер шығарған. Шындығында да бұл екі періште аятта айтылғандай Алланың әмірімен адамдарға сиқыр мен кереметтің айырмашылығын үйрету үшін түсірілген еді. Ал олардың жердің бетінде күнәға батып, пендешілікке салынатындығы туралы аңыз ешбір дәлелі жоқ қып-қызыл жала.
﴿وَلَكِنَّ الشَّيْاطِينَ كَفَرُواْ يُعَلِّمُونَ النَّاسَ السِّحْرَ وَمَا أُنزِلَ عَلَى الْمَلَكَيْنِ بِبَابِلَ هَارُوتَ وَمَارُوتَ وَمَا يُعَلِّمَانِ مِنْ أَحَدٍ حَتَّى يَقُولاَ إِنَّمَا نَحْنُ فِتْنَةٌ فَلاَ تَكْفُرْ﴾.
«Бірақ шайтандар адамдарға сиқыр үйретіп, кәпір болды. Олар Бабылда Һарут және Марут атты екі періштеге түсірілгенді үйретті. Ол екі періште: «Біз сынақ үшін келдік, күпірлікке бармаңдар» деп айтпайынша ешкімге ештеңе де үйретпеген» (Бақара, 102).
4. Халық арасында тараған кейбір күпірлік сөздер. Соның бірі «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген сөз. Бұл барып тұрған антұрған сөз. Періштелер Алла Тағаланың үнемі құлшылықта болатын, әмірін екі қылмайтын пәк құлдары. Олар пәнилік қызықтарға бой алдырмайды. Өйткені оларда нәпсі сезімдері, ішу-жеу сияқты қасиеттер жоқ. Олардың нақтылы сипаттары Құран Кәрімде айтылған. Әрбір мұсылман періштелер туралы танымын сол аят-хадистердің негізінде тұғырлауы тиіс.
Періште артық па, адам артық па?
Барлық мұсылмандардың ортақ пікірі бойынша ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) көктегі һәм жердегі күллі мақлұқаттардан: періштелерден, адамзаттан, жындардан дүниеде де, ақыретте де артық. Оған Пайғамбардың (ﷺ) мына хадисі дәлел болады.
قال النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:» أَنَا أَكْرَمُ الأَوَّلِينَ وَالآخِرِينَ عَلَى اللهِ، وَلاَ فَخْرَ«.
«Мен Алланың дәргейінде алдыңғылардың да, соңғылардың да ең ардақтысымын, мақтаныш емес».
Тіпті, уахи жеткізуші Жебірейіл періштенің (а.с.) өзі Пайғамбардан (ﷺ) артық бола алмайды. Өйткені Құранды түсіруші һәм үйретуші, ол – Алла Тағала.
﴿الرَّحْمَنُ* عَلَّمَ الْقُرْآنَ﴾
«Аса рахымды, Құранды үйреткен» (Рахман, 1, 2).
Матуриди мазһабы бойынша пайғамбарлар періштелердің Жебірейіл, Микаил сияқты басшыларынан артық. Адамдардың ішіндегі әулиелер, нағыз мүміндер періштелердің жалпы мүміндерінен артық.
Әһлус-суннә жамағаты осы пікірлеріне мынадай дәлелдер келтіреді.
1. Алла Тағаланың періштелерге Адамға сәжде етуге бұйыруы Адамның олардан артық екендігін білдіреді.
﴿وَإِذْ قُلْنَا لِلْمَلاَئِكَةِ اسْجُدُواْ لآدَمَ فَسَجَدُواْ﴾
«Сол кезде періштелерге: «Адамға сәжде жасаңдар», – дегенімізде бәрі сәжде жасады..» (Бақара, 34).
2. Алла Тағала есімдерді Адамға үйретті, періштелерге үйретпеді.
﴿وَعَلَّمَ آدَمَ الأَسْمَاء كُلَّهَا ثُمَّ عَرَضَهُمْ عَلَى الْمَلاَئِكَةِ فَقَالَ أَنبِئُونِي بِأَسْمَاء هَـؤُلاء إِن كُنتُمْ صَادِقِينَ * قَالُواْ سُبْحَانَكَ لاَ عِلْمَ لَنَا إِلاَّ مَا عَلَّمْتَنَا إِنَّكَ أَنتَ الْعَلِيمُ الْحَكِيمُ * قَالَ يَا آدَمُ أَنبِئْهُم بِأَسْمَآئِهِمْ فَلَمَّا أَنبَأَهُمْ بِأَسْمَآئِهِمْ قَالَ أَلَمْ أَقُل لَّكُمْ إِنِّي أَعْلَمُ غَيْبَ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ وَأَعْلَمُ مَا تُبْدُونَ وَمَا كُنتُمْ تَكْتُمُونَ﴾
«Ол (Алла Тағала) Адамға барлық есімдерді үйретті, сосын оларды періштелерге көрсетіп: «Егер шын айтқан болсаңдар, маған мыналардың аттарын айтып беріңдер», – деді. Сонда олар: «Сен Пәксің! Біз Сенің үйреткеніңді ғана білеміз. Расында Сен бәрін білушісің һәм аса данасың», – десті. Ол: «Уа, Адам! Оларға аналардың аттарын айтып бер», – деді. Ол оларға айтып берген соң (Алла Тағала): «Мен сендерге көктер мен жердің ғайып нәрселерін, сендердің жария істеріңді де, жасырын істеріңді де білемін демеп пе едім?» – деді» (Бақара, 31-33).
﴿هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ﴾
«Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» (Зүмәр, 9).
Әрине, білетіндер мен білмейтіндер тең бола алмайды.
3. Алла Тағаланың әміріне мойынсұну, құлшылық ету адамзат үшін қиын, машақатты. Ол нәпсімен күресуді, шайтанды, дүнияуи істерін жеңуді талап етеді. Мұндай машақаттар, қиындықтар істелінген іс-амалдың сауабының артуына себеп болады. Алланың елшісі (ﷺ): «Іс-амалдың ең абзалы – ең қиыны», – деген.