Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Ақида
        3. Аллаға сенім (мағрифатулла)
        Аллаға сенім (мағрифатулла)

        Аллаға сенім (мағрифатулла)

        Иман муджмал («түйінді иман сөзі»):

        آمَنْتُ بِاللهِ كَمَا هُوَ بِأَسْمَائِهِ وَصِفَاتِهِ وَقَبِلْتُ جَمِيعَ أَحْكَامِهِ 

        Оқылуы: «Әәмәнту билләәһи, кәмәә һуа биәсмәәиһи уа сыйфәәтиһи уа қабилту жәмииъә әхкәәмиһи». 

        Мағынасы: «Аллаға, Оның Өзіне тән есімдері мен сипаттарына кәміл иман келтірдім, толықтай сендім әрі Оның барлық әмірлерін толық бой ұсынып қабыл алдым».

         

        Мағрифатулланың маңызы

         قَالَ مَالِكُ بْنِ دِينَارٍ رَحِمَهُ اللهُ: »خَرَجَ أَهْلُ الدُّنْيَا مِنَ الدُّنْيَا، وَلَمْ يَذُوقُواْ أَطْيَبَ مَا فِيهَا«، قَالُواْ: »وَمَا هُوَ يَا أَبَا يَحْيَى؟«، قَالَ: »مَعْرِفَةُ اللهِ عَزَّ وَجَلَّ«. رَوَاهُ أَبُو نُعَيْمٍ فِي الحُلْيَةِ.

        Сахабалардан кейінгі ғасырларда өмір сүрген олардың тәбиғин-ізбасарлардың бірегейі Мәлік ибн Динар, Алла оны рахымына бөлесін, бірде: «Дүние жұрты дүниеден ең тәттінің дәмін бір тата алмай шығып жатыр», – деп күйініш білдіреді. Қасында отырған кісілер: «Уа, Әбу Яхия, ол не нәрсе?» – деп сұрайды. Сонда Мәлік ибн Динар: «Ол – Алланы тану», – деп жауап берген екен. (Әбу Нұғайым Хулият әл-Әулия кітабында риуаят еткен).

        Барлық ғылымдардың түпкі шегі һәм басты мақсаты, ілімдердің ілімі –мағрифатулла іліміне, яғни Алла туралы танымға жетелейді. 

        ﴿فَاعْلَمْ أَنَّهُ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ﴾ 

        «Алладан басқа құдай жоқ екендігін біл» (Мұхаммед, 19).

        Алланы тануда Оның Өзін, болмысын тану, елестету міндет емес, Оған міндетті болатын, мүмкін емес әрі болуы мүмкін нәрселерді тану міндет.

        Сондықтан да Құран Кәрім Құдайдың кемелдігі мен жаратылысына ұқсамайтындығына дәлелдейтін әсерлеріне зер салып, зерделеуге шақырады.  

        ﴿ذَلِكُمُ اللّهُ رَبُّكُمْ لا إِلَـهَ إِلاَّ هُوَ خَالِقُ كُلِّ شَيْءٍ فَاعْبُدُوهُ وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ وَكِيلٌ * لا تُدْرِكُهُ الأَبْصَارُ وَهُوَ يُدْرِك الأَبْصَارَ وَهُوَ اللطِيفُ الْخَبِيرُ 

        «Раббыларың Алла сондай! Одан басқа құдай жоқ. Ол әрбір нәрсенің Жаратушысы. Оған табыныңдар. Ол әрбір нәрсеге Уәкіл. Оған (Аллаға) жанарлар жете алмайды, алайда Ол жанарларға жетеді. Ол – Жұмсақ мейірімді әрі бәрінен Хабардар» (Әнғам, 102, 103).

        Алланың елшісі () төмендегі хадистерінде Алла Тағаланың болмысы жөнінде ойлауға ашық тыйым салған. 

        »تَفَكَّرُوا فِي آلاَءِ اللهِ وَمَخْلُوقَاتِهِ وَلاَ تَفَكَّرُوا فِي ذَاتِهِ فَإِنَّكُمْ لِنْ تَقْدِرُواْ قَدَرَهُ« 

        «Алланың аяттары мен жаратылыстары туралы ойлаңдар, болмысы туралы ойламаңдар. Расында Оның қадіріне, мөлшеріне жете алмайсыңдар» 

        »تَفَكَّرُوا فِي الْخَلْقِ وَلاَ تَفَكَّرُوا فِي الْخَالِقِ فَإِنَّهُ لاَ تُحِيطُ بِهِ الْفِكْرَةَ« 

        «Жаратылыс туралы ойланыңдар, Жаратушы туралы ойламаңдар. Расында оны ойларыңмен қамти алмайсыңдар».

         

        Мағрифатулланың міндеттілігі

        Мағрифатулла немесе Алланы тану Ислам дағуаты жеткен әрбір балиғатқа жеткен, ақыл-есі түзу, сезім мүшелері сау адамға уәжіп, яғни міндет.

         

        Мағрифатуллаға жету жолы

         

        Алла Тағаланы танудың бірден-бір жолы – Оның жаратылыстағы, ғаламдағы әсерлеріне көз жүгіртіп, ой елегінен өткізіп, зерделеу.

        Құран Кәрім Құдайды тануға үндейді. Оның  барлығына, бірлігіне, жаратқан нәрселеріне ұқсамайтындығын, болмысында да, сипаттарында да, істерінде де ешбір серігі жоқ. 

        ﴿وَفِي أَنفُسِكُمْ أَفَلَا تُبْصِرُونَ﴾  

        «Және өздеріңде де (белгілер) бар, оны да көрмейсіңдер ме?» (Зәрият, 21). 

        ﴿قُلِ انظُرُواْ مَاذَا فِي السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ وَمَا تُغْنِي الآيَاتُ وَالنُّذُرُ عَن قَوْمٍ لاَّ يُؤْمِنُونَ 

        «Көктер мен жерде не бар, қараңдаршы деп айт. Алайда белгілер мен ескертулер иман келтірмейтін қауымға еш пайда бермейді» (Жүніс, 101). 

        ﴿إِنَّ فِي خَلْقِ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ وَاخْتِلاَفِ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ وَالْفُلْكِ الَّتِي تَجْرِي فِي الْبَحْرِ بِمَا يَنفَعُ النَّاسَ وَمَا أَنزَلَ اللّهُ مِنَ السَّمَاءِ مِن مَّاء فَأَحْيَا بِهِ الأرْضَ بَعْدَ مَوْتِهَا وَبَثَّ فِيهَا مِن كُلِّ دَآبَّةٍ وَتَصْرِيفِ الرِّيَاحِ وَالسَّحَابِ الْمُسَخِّرِ بَيْنَ السَّمَاء وَالأَرْضِ لآيَاتٍ لِّقَوْمٍ يَعْقِلُونَ﴾ 

        «Шын мәнінде көктер мен жердің жаратылысында, түн мен күннің ауысуында, адамдарға пайда келтіретін нәрселерімен теңізде жүзіп жүрген кемелерде, Алланың көктен түсіріп, ол арқылы өлген жерді тірілтетін суында және онда (жерде) түрлі жандыларды таратуында, желдердің бағытталуында, аспан мен жердің арасында болуы бағындырылған бұлтта ақылымен ойланған адамдар үшін белгілер бар»

        (Бақара, 164). 

        ﴿وَفِي الْأَرْضِ آيَاتٌ لِّلْمُوقِنِينَ * وَفِي أَنفُسِكُمْ أَفَلَا تُبْصِرُونَ﴾ 

        «Жерде иланғандар үшін белгілер бар. Сондай-ақ өздеріңде де. Сонда да көрмейсіңдер ме?» (Зәрият, 20, 21). 

        ﴿وَلَئِن سَأَلْتَهُم مَّنْ خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ وَسَخَّرَ الشَّمْسَ وَالْقَمَرَ لَيَقُولُنَّ اللَّهُ فَأَنَّى يُؤْفَكُونَ﴾  

        «Ал егер олардан: «Көктер мен жерді жаратқан, күн мен айды бағынышты еткен кім?» – деп сұрасаң, әлбетте, олар: «Алла», – деседі. Сонда олар қалай лағып кеткен!» (Анкабут, 61). 

        ﴿وَلَئِن سَأَلْتَهُم مَّن نَّزَّلَ مِنَ السَّمَاءِ مَاءً فَأَحْيَا بِهِ الْأَرْضَ مِن بَعْدِ مَوْتِهَا لَيَقُولُنَّ اللَّهُ قُلِ الْحَمْدُ لِلَّهِ بَلْ أَكْثَرُهُمْ لَا يَعْقِلُونَ﴾ 

        «Ал егер олардан: «Көктен су түсіріп, онымен өлі жерді тірілткен кім?» – деп сұрасаң, әлбетте, олар: «Алла», – деседі. «Мадақ Аллаға» деп айт. Алайда олардың көбі ақылға келмейді» (Анкабут, 63). 

        ﴿وَلَئِن سَأَلْتَهُم مَّنْ خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ لَيَقُولُنَّ خَلَقَهُنَّ الْعَزِيزُ الْعَلِيمُ 

        «Ал егер олардан: «Көктер мен жерді жаратқан кім?» – деп сұрасаң, әлбетте, олар: «Оларды Үстем әрі Білгір (Алла) жаратты», – деседі» (Зухруф, 9). 

        ﴿وَلَئِن سَأَلْتَهُم مَّنْ خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ لَيَقُولُنَّ اللَّهُ قُلْ أَفَرَأَيْتُم مَّا تَدْعُونَ مِن دُونِ اللَّهِ إِنْ أَرَادَنِيَ اللَّهُ بِضُرٍّ هَلْ هُنَّ كَاشِفَاتُ ضُرِّهِ أَوْ أَرَادَنِي بِرَحْمَةٍ هَلْ هُنَّ مُمْسِكَاتُ رَحْمَتِهِ قُلْ حَسْبِيَ اللَّهُ عَلَيْهِ يَتَوَكَّلُ الْمُتَوَكِّلُونَ﴾ 

        «Ал егер олардан: «Көктер мен жерді жаратқан кім?» – деп сұрасаң, әлбетте, олар: «Алла», – деседі. «Ендеше Алладан басқа табынғандарыңа қарамайсыңдар ма? Егер Алла маған бір зиян қаласа олар Оның зиянын кетіре ала ма? Немесе Ол маған бір мейірім қаласа, олар оны ұстап тұра ала ма?» деп айт. «Маған Алла жеткілікті әрі Оған тәуекел етушілер тәуекел етеді» деп айт» (Зүмәр, 38). 

        ﴿وَلَئِن سَأَلْتَهُم مَّنْ خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ لَيَقُولُنَّ اللَّهُ قُلِ الْحَمْدُ لِلَّهِ بَلْ أَكْثَرُهُمْ لَا يَعْلَمُونَ﴾ 

        «Ал егер олардан: «Көктер мен жерді жаратқан кім?» – деп сұрасаң, әлбетте, олар: «Алла», – деседі. «Мадақ Аллаға» деп айт. Алайда олардың көбі білмейді» (Лұқман, 25). 

        ﴿أَلَمْ تَرَوْا كَيْفَ خَلَقَ اللَّهُ سَبْعَ سَمَاوَاتٍ طِبَاقاً * وَجَعَلَ الْقَمَرَ فِيهِنَّ نُوراً وَجَعَلَ الشَّمْسَ سِرَاجاً * وَاللَّهُ أَنبَتَكُم مِّنَ الْأَرْضِ نَبَاتاً * ثُمَّ يُعِيدُكُمْ فِيهَا وَيُخْرِجُكُمْ إِخْرَاجاً﴾ 

        «Сонда сендер Алланың жеті аспанды үсті-үстіне етіп қалай жаратқанын әрі онда айды жарық қылып жасағанын, күнді шырақ қылып жасағанын көрмейсіңдер ме? Алла сендерді жерден құдды өсімдік сияқты қылып өсіреді. Сосын сендерді оған қайтарады және қайтадан шығарады» (Нұх, 15-18). 

        ﴿هُوَ اللَّهُ الْخَالِقُ الْبَارِئُ الْمُصَوِّرُ لَهُ الْأَسْمَاء الْحُسْنَى﴾ 

        «Ол – Алла – Жаратушы, жоқтан бар етуші, Бейнелеуші, көркем есімдер Оған тән» (Хашыр, 24).  

        ﴿لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ وَهُوَ السَّمِيعُ البَصِيرُ 

        «Оған ұқсайтын ештеңе жоқ әрі Ол бәрін естуші һәм көруші» (Шура, 11).

        Атақты ғалым Зун-Нун әл-Мисри былай деген:

        »مَهْمَا تَصَوَّرْتَ بِبَالِكَ وَهُوَ خِلافَ ذَلِكَ « 

        «Мәһмә тәсаууартә бибәәлик уа һуа хиләәфә зәәлик» «Зердеңде қанша елестеткеніңмен Ол ондай емес».

        Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) былай деген:

        »كَانَ اللهُ وَلا مَكَانَ وَهُوَ الآنَ عَلَى مَا عَلَيْهِ كَانَ « 

        «Кәәналлааһу уа лә мәкәән, уа һуәл-әән ъәлә мә ъәләйһи кәән» – «Алла болды, бірақ мекен жаратылмаған еді, Ол бұрын қалай болған болса қазір де солай» (Яғни, мекенге мұқтаж емес).

        Адамдардың жанарлары Алла Тағалаға жете алмайды. Құран Кәрімде бұл жайында мынадай аят бар: 

        ﴿لا تُدْرِكُهُ الأَبْصَارُ وَهُوَ يُدْرِك الأَبْصَارَ وَهُوَ اللطِيفُ الْخَبِيرُ 

        «Оған (Аллаға) жанарлар жете алмайды, алайда Ол жанарларға жетеді. Ол – Жұмсақ мейірімді әрі бәрінен Хабардар» (Әнғам, 103).

        Сайып келгенде Жаратушыға Өзіне лайықты сипаттар тән. Оны жаратылған нәрселердің сипаттарымен салыстыруға болмайды. Алла Тағала былай дейді: 

        ﴿وَلِلَّهِ الْمَثَلُ الأَعْلَى  

        «Ал Аллаға ең биік мысалдар тән» (Нахыл, 60).

        الصِّفَاتُ الذَّاتِيةُ 

        Алла Тағаланың Өзіндік, болмыстық сипаттары

        Өзіндік сипаттар Жаратушының Өзіне ғана тән сипаттар. Бұл сипаттар жаратылған нәрселерде болмайды. Өзіндік сипаттар араб тілінде Ас-Сифат әз-Зәтия деп аталады. Кейде сәлби («терістеуші»), тәнзиһи («пәктеуші») деген сөздер де қолданылады. Бұл сөздердің мағыналары Алла Тағаланың ұлылығына керағар келетін сипаттарды теріске шығару дегенге саяды. Өзіндік сипаттар алтау. Кейбір ғұламалардың айтуынша бұл сипаттарды әһлус-сунна уал-жамағадағы, яғни сүннет жолын ұстанушы мұсылман қауымы жатқа білуі тиіс.

        1. Әл-Ужуд (الوُجُودُ)«Барлық, бар болу». Алла Тағала бар болушылардың ішіндегі ең ұлығы. Оның барлығы біздің ой-түйсігіміздегі бар болудай емес. Алла Тағала мәңгілік бар әрі Ол бола береді. Ол Өзіне тән болмыспен бар. Әрі Оның бар болуы ешбір нәрсеге тәуелді не мұқтаж емес. 

        ﴿هُوَ الْأَوَّلُ وَالْآخِرُ وَالظَّاهِرُ وَالْبَاطِنُ وَهُوَ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمٌ 

        «Ол – Ең бірінші әрі Ең соңғы, Жоғары тұрушы әрі Жақын тұрушы. Ол барлық нәрсені біледі» (Хадид, 3). 

        2. Әл-Қидәм (القِدَمُ) – «Бастауы жоқ бар болу». Алла Тағала ілкідегі мәңгілік. Оның бар болуының басталуы жоқ. Ал жаратылыстың бар болуының басы мен аяғы бар. Мысалы, адам белгілі бір мерзімде дүниеге келіп, белгілі бір мерзімде дүниеден өтеді. Алла Тағала уақытқа, кеңістікке, мекенге және басқа да өлшемдерге мұқтаж емес. Сондықтан оның болмысы да жаратылыстың өлшемдеріне тәуелді емес. 

        ﴿هُوَ الْأَوَّلُ وَالْآخِرُ وَالظَّاهِرُ وَالْبَاطِنُ وَهُوَ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمٌ 

        «Ол – Ең бірінші әрі Ең соңғы, Жоғары тұрушы әрі Жақын тұрушы. Ол барлық нәрсені біледі» (Хадид, 3).

         

        3. Әл-Бақаа (البَقَاءُ) – «Аяқталуы жоқ бар болу». Алла Тағала мәңгілік, Оның бар болуының соңы жоқ. Ол Өзінің жаратқан белгілі бір мерзімде тіршілік кешетін, бар болатын нәрселеріне ұқсамайды. 

        ﴿هُوَ الْأَوَّلُ وَالْآخِرُ وَالظَّاهِرُ وَالْبَاطِنُ وَهُوَ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمٌ 

        «Ол – Ең бірінші әрі Ең соңғы, Жоғары тұрушы әрі Жақын тұрушы. Ол барлық нәрсені біледі» (Хадид, 3). 

        ﴿كُلُّ مَنْ عَلَيْهَا فَانٍ * وَيَبْقَى وَجْهُ رَبِّكَ ذُو الْجَلالِ وَالإِكْرَامِ 

        «Оның (жердің) үстіндегінің бәрі фәни (өткінші). Тек ұлылық пен жомарттықтың Иесі – Раббыңның  дидары ғана (бақилық) қалады» (Рахман, 27).

         

        4. Әл-Қиям бинәфсиһи (القِيَامُ بِنَفْسِهِ) – «Өздігінен бар болу». 

        ﴿يَا أَيُّهَا النَّاسُ أَنتُمُ الْفُقَرَاء إِلَى اللَّهِ وَاللَّهُ هُوَ الْغَنِيُّ الْحَمِيدُ 

        «Уа, адамдар! Сендер Аллаға мұқтажсыңдар, ал Алла Ол – Бай әрі Мақтаулы» (Фатыр, 15). 

         

        5. Әл-Уахданият (الوَحْدَانِيَّةُ) – «Жалғыздық». 

        ﴿قُلْ إِنَّمَا أَنَا مُنذِرٌ وَمَا مِنْ إِلَهٍ إِلَّا اللَّهُ الْوَاحِدُ الْقَهَّارُ 

        «(Уа, Мұхаммед!) Расында мен бар болғаны ескертушімін. Жалғыз әрі Өктем Алладан басқа құдай да жоқ» деп айт» (Сад, 65). 

        ﴿قُل لَّوْ كَانَ مَعَهُ آلِهَةٌ كَمَا يَقُولُونَ إِذاً لاَّبْتَغَوْاْ إِلَى ذِي الْعَرْشِ سَبِيلاً 

        «(Уа, Мұхаммед!) Егер олар айтқандай Онымен бірге басқа құдайлар болса олардың барлығы да аршының Иесіне жол табуға тырысар еді деп айт» (Исра, 42). 

        ﴿وَإِلَهُكُمْ إِلَهٌ وَاحِدٌ لاَّ إِلَهَ إِلاَّ هُوَ الرَّحْمَنُ الرَّحِيمُ  

        «Құдайларың бір құдай, Одан өзге құдай жоқ, Ол аса рахымды әрі ерекше мейірімді» (Бақара, 163).

         

        6. Әл-Мухалафа лил-хауадис (المُخَالَفَةُ لِلحَوَادِثِ) – «Жаратылыстарға ұқсамаушылық». Алла Тағала Өзі жаратқан дүниелерге, жаратылыстарға ұқсамайды. 

        ﴿لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ وَهُوَ السَّمِيعُ البَصِيرُ 

        «Оған ұқсайтын ештеңе жоқ әрі Ол бәрін естуші һәм көруші» (Шура, 11). 

         

         

        الصِفَاتُ الثُّبُوتِيَّةُ 

        Алла Тағаланың нақты, айғақты сипаттары

        Бұл сипаттар Алла Тағаланың рухани болмысын тануға көмектеседі. Сондықтан да бұл сипаттарды ас-сифат әл-маънауия – «мағнауи сипаттар» деп те атайды.

         

        1. Әл-Хаят (الحَيَاةُ) – «Өмір». 

        ﴿اللَّهُ لاَ إِلَهَ إِلاَّ هُوَ الْحَيُّ الْقَيُّومُ 

        «Алладан басқа құдай жоқ, Ол – Мәңгі тірі, Өздігінен тұрушы» (Әли Имран, 2). 

         

        2. Әл-Илм ( العِلْمُ ) – «Білім». 

        ﴿فَسَيَكْفِيكَهُمُ اللَّهُ وَهُوَ السَّمِيعُ العَلِيمُ 

        «Алла сені олардан құтқарады әрі Ол Естуші һәм Білуші» (Бақара, 137). 

         

        3. Әс-Сәмғ (السَّمْعُ ) – «Есту». 

        ﴿ليْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ وَهُوَ السَّمِيعُ البَصِيرُ 

        «Оған (Аллаға) ұқсайтын ештеңе де жоқ әрі Ол бәрін Естуші һәм Көруші» (Шура, 11). 

        ﴿إِنَّ اللَّهَ كَانَ سَمِيعاً بَصِيراً 

        «Шындығында Аллаға бәрін Естуші һәм Көруші» (Ниса, 58). 

         

        4. Әл-Басар (البَصَرُ) – «Көру». 

        ﴿سُبْحَانَ الذِي أَسْرَى بِعَبْدِهِ ليْلاً مِنَ المَسْجِدِ الحَرَامِ إِلى المَسْجِدِ الأَقْصَى الذِي بَارَكْنَا حَوْلهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آيَاتِنَا إِنَّهُ هُوَ السَّمِيعُ البَصِيرُ 

        «Пендесін бір түнде аяттарымызды көрсетуіміз үшін Харам мешітінен Өзіміз айналасын берекеге тұндырған әл-Ақса мешітіне жеткізген (Алла) пәк. Әрі Ол бәрін Естуші һәм Көруші» (Исра, 1).

         ﴿اللَّهُ يَصْطَفِي مِنَ الْمَلائِكَةِ رُسُلاً وَمِنَ النَّاسِ إِنَّ اللَّهَ سَمِيعٌ بَصِيرٌ 

        «Алла періштелерден және адамдардан елшілер таңдайды. Шындығында Алла бәрін Естуші һәм Көруші» (Хаж, 75). 

         

        5. Әл-Қудра (القُدْرَةُّ) – «Құдіреттілік». 

        ﴿وَاللَّهُ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ 

        «Алла барлық нәрсеге құдіретті» (Бақара, 284). 

        ﴿قُلْ هُوَ الْقَادِرُ عَلَى أَن يَبْعَثَ عَلَيْكُمْ عَذَاباً مِّن فَوْقِكُمْ أَوْ مِن تَحْتِ أَرْجُلِكُمْ أَوْ يَلْبِسَكُمْ شِيَعاً وَيُذِيقَ بَعْضَكُم بَأْسَ بَعْضٍ  

        «(Уа, Мұхаммед!) Ол (Алла) сендердің үстеріңнен не аяқтарыңның астынан бір азап жіберуге немесе сендерді топтарға бөліп, бір-бірлеріңнен құқай тартқызуға Құдіретті деп айт» (Әнғам, 65). 

         

        6. Әл-Ирада (الإِرَادَةُ) – «Қалау». 

         ﴿قَالَ كَذَلِكِ اللَّهُ يَخْلُقُ مَا يَشَاءُ إِذَا قَضَى أَمْراً فَإِنَّمَا يَقُولُ لَهُ كُنْ فَيَكُونُ 

        «(Періште) Айтты: «Алла осылайша қалағанын жаратады. Егер бір істі қаласа, бар болғаны оған: «Бол» дейді де, ол бола қалады» (Әли Имран, 47). 

         

        7. Әл-Кәләм (الكَلامُ) – «Сөйлеу». 

        ﴿قَالَ يَا مُوسَى إِنِّي اصْطَفَيْتُكَ عَلَى النَّاسِ بِرِسَالاَتِي وَبِكَلاَمِي 

        «(Алла) былай деді: «Уа, Мұса! Мен сені адамдарға жолдауым мен сөзімді жеткізеді деп таңдадым» (Ағраф, 144). 

         

        8. Әт-Тәкуин (التَّكْوِينُ) – «Бар қылушылық». 

        ﴿إِنَّمَا أَمْرُهُ إِذَا أَرَادَ شَيْئاً أَنْ يَقُولَ لَهُ كُنْ فَيَكُونُ  

         «Оның (Алланың) ісі егер бір нәрсені қаласа оған: «Бол» дейді де әрі ол бола қалады» (Әли Имран, 47).

         

        Оған ұқсайтын ештеңе жоқ

        Абайдың мағрифатулла туралы айтқандары

         

        Лай суға май бітпес қой өткенге,

        Күлеміз қасқыр жалап, дәметкенге.

        Сол қасқырша алақтап, түк таппадым,

        Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе?

         

        Берген бе Тәңірім саған өзге туыс,

        Қыласың жер-жаһанды бір-ақ уыс.

        Шарықтап шартараптан көңіл сорлы,

        Таппаған бір тиянақ не еткен қуыс?

         

        Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,

        Өзіне құмар қылған Оның әмірі.

        Халиққа махлұқ ақылы жете алмайды,

        Оймен білген нәрсенің бәрі дәһрі.

         

        Өзгені қалың ойға қондырады,

        Біле алмай бір Тәңіріні болдырады.

        Талып ұйықтап, көзіңді ашысымен,

        Талпынып тағы да ойлап зар қылады.

         

        Көңілге шек-шүбәлі ой алмаймын,

        Сонда да ойламай оны қоя алмаймын.

        Ақылдың жетпегені арман емес,

        Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын.

         

        Мекен берген, халық қылған Ол – лә мәкән,

        Түп Иесін көксемей бола ма екен?

        Және Оған қайтпақсың, оны ойламай,

        Өзге мақсат ақылға тола ма екен?

         

        Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ,

        Иілтіп, екі басын ұстаған Хақ.

        Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,

        Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ! 

         

        *****

        Алланың Өзі де рас, сөзі де рас,

        Рас сөз еш уақытта жалған болмас.

        Көп кітап келді Алладан, оның төрті

        Алланы танытуға сөз айырмас.

         

        «Әмәнту» оқымаған кісі бар ма?

        «Уа кутубиһи» дегенмен ісі бар ма?

        Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,

        Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға.

         

        Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді

        Оларға кез-кезімен нәби келді.

        Қағида-шариғаты өзгерсе де,

        Тағрифуллаһ еш жерде өзгермеді.

         

        Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес,

        Әһлі кітап бұл сөзді бекер демес.

        Адам, нәпсі, өзімшіл мінезбенен,

        Бос сөзбенен қастаспай, түзу келмес.

         

        Махаббатпен жаратқан адамзатты,

        Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

        Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

        Және хақ жолы осы деп әділетті.

         

        Осы үш сүю болады имани гүл,

        Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.

        Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,

        Басты байла жолына, малың түгіл.

         

        Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы,

        Екі дүние бұл тасдиқ – Хақтың досы.

        Осыларды бұзатын және үш іс бар:

        Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы.

         

        Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

        Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

        Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті,

        Қылғанменен татымды бермес жеміс.

         

        Бас жоғары жаралған, мойын төмен,

        Қарашы, дене біткен рет-ретімен.

        Істің басы – ретін танымақтық,

        Иман білмес тағатты қабыл демен.

         

        Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,

        Хусни зан мен иманды білді ойлаған.

        Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,

        Сыртын қанша жуса да іші оңбаған.

         

        Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,

        Мүмин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.

        Құран рас, Алланың сөзі дүр ол,

        Тәуилін білерлік ғылымың шақ.

         

        Алланың, пайғамбардың жолындамыз,

        Ынтамызды бұзбастық иманымыз.

        Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі,

        Қане, біздің нәпсіні тыйғанымыз?

         

        Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,

        Пендеге иман өзі ашады жол,

        Шын илан да, таза ойла бір иманды,

        Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.

         

        Алла ішіңді айтқызбай біледі ойла,

        Пендесіне қастықпен кінә қойма.

        Распенен таласпа мүмин болсаң,

        Ойла, айттым, адамдық атын жойма!

        *****

         

        Алла деген сөз жеңіл,

        Аллаға ауыз қол емес.

        Ынталы жүрек, шын көңіл,

        Өзгесі Хаққа жол емес.

         

        Дененің барша қуаты

        Өнерге салар бар күшін.

        Жүректің ақыл суаты,

        Махаббат қылса Тәңірі үшін.

         

        Ақылға сыймас Ол – Аллаһ,

        Тағрифқа тілім қысқа аһ!

        Барлығына шүбәсіз,

        Неге мәужуд Ол – һуаһ?

         

        Ақыл мен хауас барлығын

        Білмейдүр, жүрек сезе дүр,

        Мутәкәллим мантиқын,

        Бекер, босқа езедүр. 

         

        Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы