Ашғари мазһабы
Сүнниттердің екiншi ақида мазһабының имамы Әбу Хасан әл-Ашғари 260/873 жылы Басрада туылып, 324/935 немесе 330/941 жылы Бағдатта қайтыс болған. Өз аты Әли, әкесiнiң аты Исмаил. Имам Ашғари әуелі муғтазили мазһабында болған. Қырық жасына дейiн осы мазһабтың пiкiрлерiн қолдаған. Қырық жасында Пайғамбарды (с.а.с) түсiнде көредi, өзінің бұрыс жолда екендiгiн ұғынады. Осыдан соң ұстазы Әбу Әлиді сұрақтың астына алып, оның жауаптарына қанағаттанбаған соң бұл мазһабпен қош айтысады. Имам Ашғари бұдан кейiн уахидi ақыли дәлелдермен түсіндіретін кәләм әдiсiн қолданады. Осылайша сүнниттердің қорғаушысына айналады. Матуриди мен Ашғаридің мазһабтары арасында аздаған пікір айырмашылықтары бар. Ал, жалпы бағытта бір-біріне ұқсас. Мәселен, Матуриди жүректегi иман толық болатынын, артып, кемiмейтiндiгiн айтса, Ашғари иман артады да, кемиді де деп санайды.
Мәликилер мен шафиғилер ақидада Ашғари мазһабында. Ханбалилердің фиқһ пен ақида мазһабтары бiр. Олар фиқһта да, ақидада да Ахмад ибн Ханбалдың мазһабын ұстанады.
Имам Ашғаридiң басты шығармалары мыналар:
1) Мақалатул-исламиин. Ашғари осы шығармасында мазһабтар жайында мағлұмат береді. Қателесушілерді сын астына алғанымен, оларды дiнсiз деп кiнәләудан бас тартады. Орта жолды таңдайды.
2) Әл-Ибанә ан усулид-диянә. Бұл шығармада Алла Тағаланың сипаттары, ризықтың бөлінуі, дұрыс жол мен бұрыс жол сияқты мәселелердi сүнниттік жолымен түсіндірген.
3) Ар-Рисалә фи истихсанил-хауд. Ашғари бұл шығармасында қарсыластарына аят пен хадистерден дәлел келтіре отырып жауап берген. Сондай-ақ, дінде ақыли дәлелдерге де сүйенуге болатындығын мубах екендігін де айтып өткен.
4) Әл-Лумъа. Бұл Ашғаридің кәләмға байланысты пiкiрлерiн қамтитын маңызды шығармасы.