Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Ақида
        3. Әһлус-суннә жамағаты
        Әһлус-суннә жамағаты

        Әһлус-суннә жамағаты

        Сұрақ: Әссәләму ғалейкум. Әһлу сунна жамағаты деген не?

        Жауап:  Уағалейкум ассалам!!!  

         

        Ақида-діни танымдық тұрғыда мұсылмандардың Пайғамбардың (с.а.с.) сүннет жолымен жүретіндері әһлус-суннә, сунниттер деп аталады. Мұсылмандар арасында әһлус-суннә жамағатынан басқа Пайғамбардың (с.а.с.) сүннет жолын толық ұстамайтын шииттер жамағаты да бар.

        Әһлус-суннә жамағаты негізінен екі ірі топтан тұрады. Олар – Әбул-Хасан әл-Ашғари мен Әбу Мансұр әл-Матуридидің мазһабтары.

        Әһлус-суннә жамағатының тарихына қарасақ, бұл топтың ақидалық ұстанымдарының талай сындарлы замандарды басынан кешіріп, шынығып, сұрыпталып барып бір жүйеге түскенін байқаймыз. Бұл ұстанымдар Ислам дінінің алтын ғасырынан кейінгі кезеңдерде орын алған түрлі пікір, мәдениет қайшылықтарының қайнаған ортасында, алуан түрлі топтар арасындағы сан жылдарға созылған қызыл кеңірдек дау-дамай мен ғылыми ізденістердің нәтижесінде пайда болды.

        Исламның алтын ғасыры – Пайғамбар (с.а.с) өмiр сүрген кезде басқа да шариғат  iлiмдері  сияқты ақида iлімi де жазылып, жинақталмаған. Бұл кезеңде сенiм-таным, ғибадат немесе өз араларындағы туындаған қандай да бір мәселелерге жауап табу үшін сахабалар Алланың елшiсiнің (с.а.с) тікелей өзіне барып жүгiнген. Сахабалар ақида мәселелерiнде Құран Кәрiмге және Пайғамбарға (с.а.с.) толық бағынатын. Пайғамбардың (с.а.с) айтқан әмірлерін еш талқыламастан дереу қабыл ететiн ететін болған. Әбу Бәкiрден (р.а) Пайғамбардың (с.а.с) Миғраж мұғжизасы туралы сұрағанда оның «Егер Мұхаммед (с.а.с)  миғраж – көкке көтерiлгенiн айтса, бұл сөзсіз шындық. Мен бұған да және оның Алла Тағаладан әкелгенінің барлық хабарларына да сенемiн» деп жауап беруі меккелiк мүшриктерді қатты таңдандырған. Екiншi жағынан, Алланың елшiсi (с.а.с) сахабаларға тағдыр мәселесi туралы дауласуларына тыйым салған.

        Пайғамбар (с.а.с) қайтыс болғаннан кейiн сахабалар осы шынайы сенiмді сақтап  қалды. Уақыт өте мұсылмандар қатарының көбейіп, бейтаныс мәдениеттермен танысуы, Пайғамбардың (с.а.с.) көзі тірісінде болмаған оқиғалардың орын алуы сияқты жәйттерден мыңдаған жаңа мәселелер, сансыз сауалдар туындады. Халифаларды сайлау түрi, Әли (р.а.) дәуірiндегi билік таласына төрелік, үлкен күнә iстеген адамның дiннен шығу-шықпауы сияқты мәселелерге әр түрлі жауаптар  берілді. Осындай сұрақтарға жауап іздеген қарапайым бұхара халық әрбір ғалымның, ағымның ізіне ерді. Үмбеттің осындай жік-жікке бөліну жағдайы бір-екі жүз жылдай уақытқа созылды. Ақырында, Алланың қалауымен, Ислам қоғамында туындаған сансыз сұрақтарға тұщымды да толыққанды жауап беретін екі мазһаб тарих сахнасына шықты. Енді сүннит ақидасының негiзiн қалыптастыратын осы екi мазһабқа қысқаша тоқталайық.

         

        Матуриди мазһабы

        Бұл діни-танымдық мазһабтың негізін салушы Әбу Мансұр Мұхаммед Самарқанд аймағындағы Матурид ауылында дүниеге келген.

        Сол кезеңдерде әр түрлi өркениеттегі халықтардың Исламға кiруi, үнді, грек тіліндегі философиялық еңбектердің араб тіліне аударылуынан соң туындаған пікірлер тасқындарынан Исламның танымын арашалап, таза түпнұсқасын сақтап қалу үшiн ақыл мен логика тәсілдерін қолданатын жаңа ілім қалыптасты. Мұсылман ғалымдардың сенiм мәселелерiн қорғау үшiн пайда болған жаңа iлiм «илмул-кәләм»,  Кәләм (Сөз) ілімі деп аталды. Бұның латынша баламасы «теология». Мiне, Әбу Мансұр Мұхаммед Матуриди осы кезеңде шыққан үлкен мүтәкәллим – теологтың бiрi. Ол Ислам ақидасын Кiтап пен Сүннетке сәйкестірумен бірге, логикалық тәсілдерді де қолданып түсіндірді. Сүннет жолын адасқандар мен бидғатшылардың былықтарынан қорғап, Мәуреннаһрде ханафилерге ақидалық жетекшілік  жасады.

        Матуриди ақидасы Әбу Ханифаның пiкiрлерiмен негiздес. Әбу Ханифа өзінің әл-Фиқһул әл-Әкбар кітабында сенiм тақырыптарының басты негiздерiн, пiкiрталас тудырған ақида мәселелерiн саралап, талдап берген болатын. Ал, кейiнірек Имам Матуриди бұл пікірлерді толықтырып, ханафилердің ақида мәселелері жөніндегі көшбасшы  имамына айналды. Барлық ханафилер және сонымен қоса, жалпы түрiк халықтары таным мәселесінде матуридилiк мазһабта. Имам Матуридидiң басты екi шығармасы мыналар: 

        1)    Китабут-Таухид. Имам Матуридидiң бұл шығармасында Ислам сенiмiн бидғат пiкiрлерден қорғаған. Мұнда Имам Матуриди муғтазили ағымының талқылап, жаңсақ пiкiрлерiн терістейді. Муғтазилилердің өкiлi әл-Кағбидiң сөздеріне сынап, келтірген дәлелдерін тас-талқан еткен. Сондай-ақ, осы ағымның Қармати мен Рафиди топтарына да осылайша бұлтартпас айғақтармен тойтарыс берген. 

        2)    Тәу’иләтул-Қур’ән.  Бұл - Имам Матуридидің Құран тәпсірi. Ол өз түсініктемелерінде аят, хадис пен логикалық дәлелдер  арқылы сүнниттер ақидасын  жүйелеген.

        Матуриди мазһабы Әбу Ханифа мазһабының жақтаушылардың дүниетанымдық тұжырымдар топтамасы, бұл – Абайдың ақидасы, барлық қазақ зиялыларының ақидасы, қазақ ұлтының салт-санасы мен ұлттық ділінің қалыптасуына зор әсер еткен ақидалық тұғырнама.

         

        Ашғари мазһабы

        Сүнниттердің екiншi ақида мазһабының имамы Әбу Хасан әл-Ашғари 260/873 жылы Басрада туылып, 324/935 немесе 330/941 жылы Бағдатта қайтыс болған. Өз аты Әли, әкесiнiң аты Исмаил. Имам Ашғари әуелі муғтазили мазһабында болған. Қырық жасына дейiн осы мазһабтың пiкiрлерiн қолдаған. Қырық жасында Пайғамбарды (с.а.с) түсiнде көредi, өзінің бұрыс жолда екендiгiн ұғынады. Осыдан соң  ұстазы Әбу Әлиді сұрақтың астына алып, оның жауаптарына қанағаттанбаған соң бұл мазһабпен қош айтысады. Имам Ашғари бұдан кейiн уахидi ақыли дәлелдермен түсіндіретін  кәләм әдiсiн қолданады. Осылайша сүнниттердің қорғаушысына айналады. Матуриди мен Ашғаридің мазһабтары арасында аздаған  пікір айырмашылықтары бар. Ал, жалпы бағытта бір-біріне ұқсас. Мәселен, Матуриди жүректегi иман толық болатынын, артып, кемiмейтiндiгiн айтса, Ашғари иман артады да, кемиді де деп санайды.

        Мәликилер мен шафиғилер ақидада Ашғари мазһабында. Ханбалилердің фиқһ пен ақида мазһабтары бiр. Олар  фиқһта да, ақидада да Ахмад ибн Ханбалдың  мазһабын ұстанады.

        Имам Ашғаридiң басты шығармалары мыналар: 

        1)     Мақалатулсламиин. Ашғари осы шығармасында мазһабтар жайында мағлұмат береді. Қателесушілерді сын астына алғанымен,  оларды дiнсiз деп  кiнәләудан бас тартады. Орта жолды таңдайды. 

        2)      Әл-Ибанә ан усулид-диянә. Бұл шығармада Алла Тағаланың сипаттары, ризықтың бөлінуі, дұрыс жол  мен бұрыс жол сияқты мәселелердi  сүнниттік жолымен түсіндірген.  

        3)     Ар-Рисалә фи истихсанилауд. Ашғари бұл шығармасында қарсыластарына аят пен хадистерден дәлел келтіре отырып жауап берген. Сондай-ақ, дінде ақыли дәлелдерге де сүйенуге болатындығын мубах екендігін де айтып өткен. 

        4)     Әл-Лумъа. Бұл Ашғаридің кәләмға байланысты пiкiрлерiн қамтитын маңызды шығармасы.