Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Ақида
        3. Ислам бойынша діннің неше түрі бар?
        Ислам бойынша діннің неше түрі бар?

        Ислам бойынша діннің неше түрі бар?

        Сұрақ: Ислам бойынша діннің неше түрлері бар?

        Жауап: 

        Ислам – Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген соңғы иләһи дін. Ислам өзінен алдыңғы иләһи шариғаттардың бәрін толықтырушы әрі кәміл дін болғандықтан, Алла исламнан өзге дінді қабыл етпейді: «Күмәнсіз Алланың құзырындағы дін – Ислам» (3. «Әли Имран» сүресі, 19-аят).

        Діндер тарихын зерттеушілер, дінтанушылар мен дін әлеуметтанушылары әлемдегі діндердің шығу тарихы мен ерекшеліктеріне қарай бірнеше топтарға бөледі. 

        1. Тайпалық діндер (алғашқы тайпаларда кездескен діндер)

        2. Ұлттық діндер (бір ғана ұлт өкілдері ұстанатын діндер: индуизмді үндістер, сихизмді жапондар ғана ұстанады).

        3. Әлемдік діндер (әлемдегі көптеген ұлттар мен ұлыстардың ұстанатын діні: Ислам, Христиан, Буддизм)[1].

        Дінтанушы ғалымдар тайпалық, ұлттық және әлемдік діндерден бөлек дінге ешқандай қатысы жоқ, яки, дін деп атауға болмайтын кейбір топтарды «Дәстүрлі емес культтар» деп атайды. Мұндай культтарға «сатанизм», «кришнайзм» секілді діни топтар жатады.

        Ислам ғұламалары діндерді екі топқа бөліп қарастырады:

        1.  Алла тарапынан жіберілген сәмәуи діндер

        2.  Алла тарапынан жіберілмеген жасанды діндер[2]

        Енді осы топтағы діндерге қысқаша шолу жасап өтейік.

        1. Алла тарапынан жіберілген сәмәуи діндер де өз ішінде екі топқа бөлінеді:

        а) Алла тарпынан жіберілген дін болғанымен бұрмаланған, хақтығын жоғалтқан діндер. Бұған христиан мен яһудилікті мысал ретінде келтіруге болады. Себебі христиандық пен яһудилік Алла тарапынан Хазіреті Иса мен Хазіреті Мұса пайғамбарға түсірілген діндер еді. Бірақ Хазіреті Иса мен Хазіреті Мұсаның дүниеден өтуінен кейін бұл діндер ақырындап бұрмалануға ұшырап, шынайылығын жоғалтты.

        б) Алла тарапынан жіберілген және хақтығы зәредей бұзылмаған дін. Бұл – ислам діні. Ислам дінінің хақтығы ешқандай бұрмаланушылық пен өзгеріске ұшырамаған және қияметке дейін солай жалғаса бермек.

        2. Алла тарапынан жіберілмеген жасанды діндер немесе наным-сенімдер:

        а) Адамның табиғи күштердің алдындағы әлсіздігінен, шарасыздығынан туған діни наным-сенімдер:

        Анимизм түрлі рухтарға табыну нәтижесінде пайда болған сенім.

        Натуризм – табиғаттағы қандай да бір затқа сыйынып, содан медет тілеу. Бұл да көбіне табиғат апаттары алдындағы шарасыздықтан туындайды.

        Тотемизм – өмір сүрген ортада кейбір аңдар мен жануарларды, өсімдіктерді киелі деп соларға сиыну.

        Фетишизм – қандай да бір затты қасиетті, киелі деп сенумен сол затты өзімен бірге алып жүру нанымы. Фетиш сенімінің негізі қандай да бір қасиетті деп тапқан затының өзіне сәттілік, бақ-дәулет әкеледі, жамандықтан сақтайды, жолымды ашады деген сенімдерге құрылған.

        Ата-баба әруағына сену – қайтыс болған ата-бабаларының әруағына сыйыну, сол әруақтардың өздерін желеп-жебеп жүретіндігіне сену.

        Шаманизм – кейбір адамдардың әруақтармен қарым-қатынас жасау мүмкіндіктеріне сену және сол әруақтар арқылы адамдардың ауруын емдеу секілді жайттармен шұғылдану әдісі. Шамандықтың негізгі белгілері емшілік, жерлеу рәсімдері, болжау, шаруашылық түрлеріне ықпал ету секілді һарекет сенімдермен байланысты.

        Пұтқа табыну – Аллаға құлшылық ету, сиыну үшін араға себепкер қажет деген сеніммен қолдан жасалған пұттарға табыну.

        Отқа табыну – жаратылыстағы ең үлкен күш от деп отқа табыну. Бұл түсінік негізінде, от – барлық тіршілік атаулыны жағып, күл етеді деген сенім жатыр.

        б) Кейбір тұлғалар жағынан негізі қаланған діндер.

        Ислам діні бойынша, Алладан өзге ешкім дін құра алмайды, құрғанымен Алла құзырында ешқандай маңызы жоқ. Дегенмен тарихқа қарасақ, кейбір діндердің негізін қалаушы тұлғалардың бар екендігін көреміз. Мұндай діндерге «жасанды дін» деп баға береді. Өйткені Ұлы Жаратушының әмірімен келмегендіктен иләһи дін сипатын ала алмайды. Мысалы, Буддизм дінінің негізін салушы ақсүйек, ханзада Сиддхарта Гаутама. Ол өзінің философиялық ой тұжырымын айтып кеткен. Оның жолын қуушылар оған нұрланған, жарыққа жеткен, дана, құтқарушы деген мағынадағы «Будда» атағын бергендіктен бұл сенім «Будддизм» деп аталып кеткен. Сол секілді қытай еліндегі Конфуций дінінің негізін қалаған Конфуций (Кун-цзы) (б.э.д. 551-479 ж.) екенін білеміз[3].

        Әлем діндерін зерттеп қарағанда бірнеше діннің негізін салушы тұлғаларды көреміз. Демек, әлемдегі діндердің шығу тарихы әр  түрлі болғандықтан, ислам бойынша, осылай сараптама жасалады.



         

        [1]      Оразкүл Көбеева. Дінтану негіздері. – Алматы: ҚазАақпарат, 1999. 74-бет.
        [2]      Klavuz S.A., Köten A., Çetin O., Algül H. ж.к.е., 34-бет; Hamdi Döndüren. İslam ilmihali. – İstanbul: Altınoğluk matbaası, 1998. 18-бет.
        [3]      Оразкүл Көбеева. ж.к.е., 126-бет.