Дінді жіберуші – Алла Тағала
Алла Тағала адамды Өзін танып, құлшылық ету үшін жаратқандықтан дін жіберді. Бұл діннің негізі «Таухид» (Алланың бірлігі) сенімінен тұрады. Ислам дініне дейін Алла өзінің шынайы, дара жолын үйрету үшін әрбір қауымға, тайпаға, ұлтқа елшілер арқылы дін жіберді.
Ұлы Жаратушының бар екендігіне сенгенімен, қалай құлшылық ету керектігін адам ақылымен шеше алмайды. Сол үшін діни әмір мен тыйымдар келіп отырды. Екіншіден адамға дін келмесе о дүниеде Аллаға: «Уақытында Сенің елшілерің келгенде, шынайы жолды үйреткеніңде біз тозаққа бармас едік. Я, Алла! Әділдігің қайда?!» дегендей уәж айтары сөзсіз. Міне, осындай сылтау мен желеуге бірден-бір тосқауыл ретінде әрбір қауымға жеке-жеке елші мен шариғат заңы жіберілді. Құранда бұл жайында былай дейді: «Бұрынғы пайғамбарлардан кейінгі адамдарға (пайғамбар келсе біз тәубе етер едік деп) сылтау айтпауы үшін жақсы хабар жеткізуші, (астамшылық еткендерді) ескертуші етіп, тағы да пайғамбарлар жібердік. Алла аса үстем, хикмет иесі» (4. «Ниса» сүресі, 165-аят).
Елші келмеген, дін жіберілмеген ешбір қауымның болмағандығын мына аяттар хабар береді: «Шындығында Біз сені ақиқатпен (муминдерге) қуанышты хабар жеткізуші, (кәпірлерді) қорқытушы етіп жібердік. Қауымдардың қайсысына болса да елші жіберілген» (35. «Фатыр» сүресі, 24-аят); «Әрбір үмметтің бір пайғамбары бар» (10. «Юнус» сүресі, 47-аят).
Алла қайсы бір қауымға пайғамбар мен шариғат жібермесе, онда ол қауымды ақыретте жазаламайды. Өйткені, Алла Өзін танытатын елші мен діни үкімдер жібермегендіктен, адамдар Аллаға қалай құлшылық ету керектігін ақылымен шеше алмай, құлшылық жасаймын деп, Аллаға серік қосу немесе күпірлік етіп қоюы әбден мүмкін еді. Сол себепті Құранда: «Пайғамбар жіберме-йінше ешкімді жазаламаймыз» (17. «Исра» сүресі, 15-аят) деп анық ескертілген.
Демек, Ұлы Жаратушы өзінің діни шариғатын жібере отырып, оны исламмен тәмамдаған. Ал исламнан кейін қияметке дейін ешқандай иләһи дін келмейтіні әмбеге аян.
Алғашқы діннің пайда болуы жайындағы ғылыми тұжырымдар
Қоғам өмірі мен рухани болмысы жайында ғылыми зерттеулер жүргізген философтар, әлеуметтанушылар мен дінтанушылар алғашқы діни жүйелер жайында түрлі тұжырымдар айтқан. Әр ғалым өзінің зерттеу нысанының шеңберінде дінге түрлі түсінік береді. Нәтижесінде, алғашқы діни жүйе ретінде, ғалымдар анимизм, тотемизм, натуризм, магия, фетишизм, паганизмдерді бөле-жара атайды. Аталмыш діндер негізінен көп тәңірлік (политеистік) сенімнен тұрады. Ғалымдардың айтуы бойынша, алғашқы қауымдық құрылыс уақыт өткен сайын мәдениеттілікке қол жеткізіп, соңында мәдениетті, өркениетті елге айналғаны секілді, діндер де алғашқыда көп тәңірліктен бастау алып, бертін келе, бір құдайға (монотеизм) сыйынудың қалыптасқандығын айтады. Ал исламның бұл пікірге келіспейтіндігіне төменде тоқталып өтеміз.
Енді осы айтылған ғылыми тұжырымдамаларға келсек:
а) Анимизм – адамның өмірлік істеріне араласатын және адамға өз мақсатына жетуге көмектесетін немесе кедергі келтіретін сансыз «рухани әлемдердің» болатындығына деген сенім[1]. Бұл тұжырымның мән-жайы Эдуард Тайлор еңбектерінде біршама қисынды түрде талданады. «Анима» латынша «рух» деген ұғымды білдіреді. Яғни, анимизм дегеніміз жанды-жансыз тіршілік атаулыда болатын рухқа табынушылық.
Тайлордың теориясы бойынша, жан ұғымы – жын шайтандар, түрлі рухтар және рухани мәндер тобына ортақ есім. Алғашқы қауымдық кездегі адамдар үшін ұйқы мен өлімнің маңызы зор еді. Олардың түсінігі бойынша ұйқы – рухтың тәннен шығып серуендеуі және тәнге қайта оралуы болса, өлім – керісінше, серуендеуге шыққан рухтың тәнге оралмауы болып табылады. Өлген адамдардың рухтарының ішінде жақсылары да, жамандары да бар. Анимистік теория бойынша алғашқы қауымдық құрылыстағы адамдар жаман рухтардың жаманшылығынан сақтану үшін жақсы рухтардан жәрдем тілеу арқылы рухтарға табынған. Нәтижеде «анимизм» деген «дін» пайда болған деген тұжырым жасайды[2].
ә) Натуризм – французша табиғат деген ұғымды білдіретін «la nature» сөзінен шыққан. Макс Мюллердің (1823-1900 ж.) тұжырымы бойынша, алғашқы дін – «натуризм». Натуризм «діні» табиғатқа табыну, яғни қоршаған ортадағы заттарды құдайға айналдырып, соған табынудан тұрады. Бұл тұжырым бойынша, адам табиғатпен салыстырғандағы өзінің әлсіздігін сезініп, апаттардан, жаманшылықтардан құтылу үшін күн, ай, от, тау, тас секілді түрлі заттарға сиынған.
б) Тотемизм – ру, тайпа, жануарлар мен өсімдіктердің кейбір түрлері арасындағы туыстыққа сену. Тотемизм ру мүшелерінің кейбір жануарларға киелі деп табынуы немесе әр алуан киелі нәрселерге тәуелді болуы. Тотемизм көбінесе егіншілік және аңшылықпен айналысқан алғашқы қоғамдарда кезігеді.
Француз әлеуметтанушысы Э. Дюркгейм (1858-1917 ж.) 1912 жылы жазған «Діни өмірдің қарапайым пішіндері» атты еңбегінде «Тотемизмді» алғашқы дін деп есептейді. Ол австралиялық тұрғындар арасындағы тотемдік сенімнің кең тарағанын дәлел ретінде алға тарта отырып, осындай тұжырым жасайды[3]. Шынтуайтында, Дюркгейм Австралияға арнайы зерттеушілік саяхат жасамаған, тек сонда барып келген саяхатшылардан сұрастыру арқылы аталмыш тұжырымды алға тартады.
в) Магия – ұғымы әр түрлі салт-жоралар мен оған сәйкес наным-сенімдердің ортақ белгісі болып табылады. Магиялық іс-әрекет – мақсаттылық бағыты бойынша емдеу магиясы (тәуіптік), сақтаушы магия, зиянды магия (көз тию) секілді түрлері болады[4].
Ағылшын этнологы, алғашқы діндерді зерттеуші ғалым Джеймс Джорд Фрэзер (1854-1941 ж.) 1890 жылы жазған «Золотая ветвь» (Алтын бұтақ) атты ауқымды еңбегінде «магиялық өнерді» дін пайда болғанға дейінгі шынайылық қарым-қатынастың әмбебап формасы болған дейді. Фрезер пікіріне құлақ түрсек, магия белгілі бір дәрежеде діннің дамуына үлес қосқан болып шығады[5].
Адамзаттың алғашқы діні – Таухид діні
Ислам діні бойынша адамзаттың алғашқы діні – Таухид[6] діні. Себебі Хазіреті Адам ата адамзаттың алғашқысы, әрі алғашқы пайғамбары. Ол Алланың әмірімен таухид (бірлік) дінін уағыздаған. Алла Тағала оған 10 парақтан тұратын Өзінің діни заңдылықтар топтамасын түсірді. Хазіреті Адам (а.с.) өзіне жүктелген пайғамбарлық қызметті балалары мен немерелеріне айтып жеткізді. Осылайша жер бетіндегі алғашқы дін – «Таухид» діні пайда болды. Хазіреті Адам дүниеден өткен соң оның ұрпақтары сауатсыздықтан, шайтанның алдап-арбауымен таухид дінінен ауытқи бастады. Мұның түбі түрлі діни сенімдер мен діндердің пайда болуына әкеп соқты. Өйткені, Аллаға құлшылық етпек ниетімен түрлі нәрселерге табынған адамдар қалайша бұрыс жолға түскендіктерін аңғармай қалады. Бірақ, адамдар таухид дінінен шығып, өзге нәрселерге табына бастағанда Алла екінші бір елшісін жіберіп, пенделерін адасушылықтан тура, шынайы жолға шақыртып отырады.
Ислам адамзаттың алғашқы діні жайында айтылған жоғарыдағы келтірілген тұжырымдармен келіспейді. Алайда, ара-кідік болса да, Алланың шынайы дінінен шығып, өз беттерінше жаңа бір діни сенім мен құдай жасап алған тайпалардың болғандығы рас. Бірақ, бұл жерде олардың бәрі дерлік таухид (бір құдайлық) дінінен кейін пайда болғанын ескеру керек.
Хазіреті Адам атадан кейін уақыт өткен сайын адамдар арасында әр түрлі көзқарастар туды. Шынайы ұғымдар бұрмаланып, соның салдарынан түрлі діндер және бір діннің өз ішінде әр түрлі ағымдар пайда болғаны тарихтан мәлім. Имандылықтан ажырау, оның шарттарын шала түсіну ұрпақтың болмыстық, иләһи дінінің жоғалуына алып келді. Әуесқойлық, дүниеқорлық, сауыққойлық сияқты жеңіл, келеңсіз құбылыстар көбейді. Адам Жаратушы Ие алдындағы жауапкершілігін, қорқынышын жоғалтып, өзіне «Құдай» жасап алып сиынды. Діннің орнына әр тайпада, әр елде өзіндік сенім, тек өзінің мақсат-мұратына жету үшін жасалатын әрекеттер пайда бола бастады. Дінге ешқандай қатысы жоқ бақсылық, балгерлік, шамандық, сиқырлық сияқты құбылыстарға да сенім күшейіп, адамдар имандылықтан қиянатшылық жолына ауыса бастады.
Ислам бойынша діннің түрлері
Ислам – Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген соңғы иләһи дін. Ислам өзінен алдыңғы иләһи шариғаттардың бәрін толықтырушы әрі кәміл дін болғандықтан, Алла исламнан өзге дінді қабыл етпейді: «Күмәнсіз Алланың құзырындағы дін – Ислам» (3. «Әли Имран» сүресі, 19-аят).
Діндер тарихын зерттеушілер, дінтанушылар мен дін әлеуметтанушылары әлемдегі діндердің шығу тарихы мен ерекшеліктеріне қарай бірнеше топтарға бөледі.
1. Тайпалық діндер (алғашқы тайпаларда кездескен діндер)
2. Ұлттық діндер (бір ғана ұлт өкілдері ұстанатын діндер: индуизмді үндістер, сихизмді жапондар ғана ұстанады).
3. Әлемдік діндер (әлемдегі көптеген ұлттар мен ұлыстардың ұстанатын діні: Ислам, Христиан, Буддизм)[7].
Дінтанушы ғалымдар тайпалық, ұлттық және әлемдік діндерден бөлек дінге ешқандай қатысы жоқ, яки, дін деп атауға болмайтын кейбір топтарды «Дәстүрлі емес культтар» деп атайды. Мұндай культтарға «сатанизм», «кришнайзм» секілді діни топтар жатады.
Ислам ғұламалары діндерді екі топқа бөліп қарастырады:
1. Алла тарапынан жіберілген сәмәуи діндер
2. Алла тарапынан жіберілмеген жасанды діндер[8]
Енді осы топтағы діндерге қысқаша шолу жасап өтейік.
1. Алла тарапынан жіберілген сәмәуи діндер де өз ішінде екі топқа бөлінеді:
а) Алла тарпынан жіберілген дін болғанымен бұрмаланған, хақтығын жоғалтқан діндер. Бұған христиан мен яһудилікті мысал ретінде келтіруге болады. Себебі христиандық пен яһудилік Алла тарапынан Хазіреті Иса мен Хазіреті Мұса пайғамбарға түсірілген діндер еді. Бірақ Хазіреті Иса мен Хазіреті Мұсаның дүниеден өтуінен кейін бұл діндер ақырындап бұрмалануға ұшырап, шынайылығын жоғалтты.
б) Алла тарапынан жіберілген және хақтығы зәредей бұзылмаған дін. Бұл – ислам діні. Ислам дінінің хақтығы ешқандай бұрмаланушылық пен өзгеріске ұшырамаған және қияметке дейін солай жалғаса бермек.
2. Алла тарапынан жіберілмеген жасанды діндер немесе наным-сенімдер:
а) Адамның табиғи күштердің алдындағы әлсіздігінен, шарасыздығынан туған діни наным-сенімдер:
Анимизм – түрлі рухтарға табыну нәтижесінде пайда болған сенім.
Натуризм – табиғаттағы қандай да бір затқа сыйынып, содан медет тілеу. Бұл да көбіне табиғат апаттары алдындағы шарасыздықтан туындайды.
Тотемизм – өмір сүрген ортада кейбір аңдар мен жануарларды, өсімдіктерді киелі деп соларға сиыну.
Фетишизм – қандай да бір затты қасиетті, киелі деп сенумен сол затты өзімен бірге алып жүру нанымы. Фетиш сенімінің негізі қандай да бір қасиетті деп тапқан затының өзіне сәттілік, бақ-дәулет әкеледі, жамандықтан сақтайды, жолымды ашады деген сенімдерге құрылған.
Ата-баба әруағына сену – қайтыс болған ата-бабаларының әруағына сыйыну, сол әруақтардың өздерін желеп-жебеп жүретіндігіне сену.
Шаманизм – кейбір адамдардың әруақтармен қарым-қатынас жасау мүмкіндіктеріне сену және сол әруақтар арқылы адамдардың ауруын емдеу секілді жайттармен шұғылдану әдісі. Шамандықтың негізгі белгілері емшілік, жерлеу рәсімдері, болжау, шаруашылық түрлеріне ықпал ету секілді һарекет сенімдермен байланысты.
Пұтқа табыну – Аллаға құлшылық ету, сиыну үшін араға себепкер қажет деген сеніммен қолдан жасалған пұттарға табыну.
Отқа табыну – жаратылыстағы ең үлкен күш от деп отқа табыну. Бұл түсінік негізінде, от – барлық тіршілік атаулыны жағып, күл етеді деген сенім жатыр.
б) Кейбір тұлғалар жағынан негізі қаланған діндер.
Ислам діні бойынша, Алладан өзге ешкім дін құра алмайды, құрғанымен Алла құзырында ешқандай маңызы жоқ. Дегенмен тарихқа қарасақ, кейбір діндердің негізін қалаушы тұлғалардың бар екендігін көреміз. Мұндай діндерге «жасанды дін» деп баға береді. Өйткені Ұлы Жаратушының әмірімен келмегендіктен иләһи дін сипатын ала алмайды. Мысалы, Буддизм дінінің негізін салушы ақсүйек, ханзада Сиддхарта Гаутама. Ол өзінің философиялық ой тұжырымын айтып кеткен. Оның жолын қуушылар оған нұрланған, жарыққа жеткен, дана, құтқарушы деген мағынадағы «Будда» атағын бергендіктен бұл сенім «Будддизм» деп аталып кеткен. Сол секілді қытай еліндегі Конфуций дінінің негізін қалаған Конфуций (Кун-цзы) (б.э.д. 551-479 ж.) екенін білеміз[9].
Әлем діндерін зерттеп қарағанда бірнеше діннің негізін салушы тұлғаларды көреміз. Демек, әлемдегі діндердің шығу тарихы әр түрлі болғандықтан, ислам бойынша, осылай сараптама жасалады.
[1] Мұханмадияр Орынбеков. Қазақ сенімдерінің бастаулары. – Алматы: «Қазақ универсиеті», 2002. 167-бет. |