Дін дегеніміз не?
Діннің мағынасы мен түсінігі
«Дін» сөзінің араб тіліндегі мағынасы – сыйлық, үкім, есеп, жаза, мойынсұну, бағыну, құлшылық, шариғат, заң, жол, тіпті, кейбір жағдайларда ұлт деген ұғымды да қамтиды[1]. Ал «діннің» термин ретіндегі мағынасын, Алла Тағала тарапынан жіберілген адамзаттың өмір сүруін ретке келтіретін, адамның аса күрделі жан-дүниесіне рухани тірек болатын заңдылықттарды, ақыретте Алланың разылығына кенелумен уәде етілген мәңгілік жәннәттағы қуаныш пен бақытқа жетелейтін жолдарды көрсетеді деп түсіндіруге болады. Сондай-ақ, «дін» ұғымы – адамзатқа пайғамбарлар арқылы жеткен Жаратушыға деген құлшылықтың заңдылықтары мен тәртіптері. Әрине, біз бұл жерде «діннің» ұлан‑асыр мағыналық көпқырлылығын барынша синтездеп, негізгі ұғым ретінде ғана келтіріп отырмыз. Асылында, бұл тақырыптың шеңбері мұнымен шектелмейтіні даусыз.
Дін бүкіл әлемнің жаратушысы тек Алла Тағала тарапынан ғана жіберіледі. Иә, дін Жаратушыдан жеткен қасиетті ұғым жүйесі болғандықтан, өзге күштің дінге ұқсас жүйе ойлап шығаруға немесе діни үкімдерге әлдеқандай өзгеріс енгізуге ешқандай да құқы жоқ. Тіпті, пайғамбарлар да мұндай құзыретке ие емес. Алла Елшілерінің міндеті – Жаратқаннан келген әмірлер мен тыйымдарды үмметтеріне жеткізу.
Дін адамға Алла Тағаланың таңғажайып даналық-қа құрылған жаратылысының алдындағы мақсат, міндеттерін айқындап береді. Адам баласы тек ішіп-жеу, саят құрып сайрандау, бірін-бірі өлтіру үшін ғана жаратылмаған. Керісінше, адамзаттың Ұлы Жаратушыға құлшылық ету үшін ғана жаратылғандығын мына бір аят баян етеді: «Мен жындар мен адамдарды тек қана маған құлшылық етулері үшін жараттым» (51. «Зарият» сүресі, 56-аят).
Дін адамға екі дүниенің бақытына апаратын тура жолды көрсетеді. Адамның бүкіл іс‑әрекетін қайырымдылыққа, ізгілікке бағыттайды. Нәтижесінде адам фәнилік өмірін де босқа өткізбей сауапқа кенелері хақ. Себебі о дүниелік өмірге қажетті негізгі қағидалар тізбегін дін ғана үйрете алады. Мұның қоғамдық мәні де зор. Неге десеңіз, жеке адамнан шығатын ізгілік нұры, оның имани келбеті айналасындағы дос‑жаран, ағайын‑туыстарына да әсер етпей тұрмасы белгілі.
Дін пайғамбарлар арқылы адамдарға жеткізілген Алланың бұйрықтары мен тыйымдарынан тұратындықтан тек уахиге[2] ғана сүйенеді. Діннің ең басты ерекшелігі осы уахи арқылы келуінде. Басқалай болған жағдайда, яки дін негізі уахиге құрылмаса, Алла құзырында иләһи (құдайлық) дін болып саналмайды. Ислам ондай діндерді «жасанды дін» деп атайды.
Батыс әлемі дін ұғымы үшін «аса құрметті, мән берілген, тағзым етілген нәрсе» мағынасына келетін латынша «religio» сөзін қолданады[3].
Тарих сахнасындағы философтар, әлеуметтанушылар мен дінтанушылар және ислам ғұламалары дінге түрлі анықтама берген. Ислам философиясы бойынша дін – әлемді байланыстырушы күш, яғни, Алла Тағаланың барлығына сенім мен амалдың бірлігі.
2. Адамның дінге мұқтаждығы
Асылында, әрбір дүниеге келген адамның бойында дінге, рухани тазалыққа, тылсым күшке сену сезімі болады. Бойдағы бұл сезім адамды ерте ме, кеш пе әйтеуір бір тылсым күшке сенуге жетелейді. Адамның ет пен сүйектен жаратылғаны айдан анық болса, тән мен жан да сол адамдық ұғымның қос қанатын құрайды. Тән азығы ішіп-жеу мен басқа да нәпсілік жағдайяттармен байланысты болса, жан азығы – ең алдымен, Ұлы Жаратушыға құлшылық ету. Тарихи деректерден қорытынды шығарсақ, дінсіз (яки, имансыз) адам болғанымен, дінсіз қоғам болмаған. Себебі адам баласы сенімге мұқтаж. Ал сол мұқтаждық сезім, әу баста Алланы тану үшін берілген бір хикмет екенін ескере бермейміз. Алла адамзатқа жаратылысқа дейін рухтар әлемінде Өзінің Жаратушы Ие екендігін үйретіп, бізден Өзін Жаратушы Иеміз деп танитындығымыз турасында уәде алды. Атам қазақтың «әлмисақтан мұсылманбыз» деуінің төркіні де осында жатыр. Бұл жайында аятта былай дейді: «Сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да өздеріне куә етіп «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» – дегенде олар: «Әрине куәміз», – деген. Қиямет күні: Бұдан хабарымыз жоқ демеңдер» (7. «Ағраф» сүресі, 172-аят).
Хазіреті Пайғамбарымыз да бір хадисінде адамның ислам дінімен дүниеге келетіндігін айтып өтеді: «Әрбір сәби (жаратылысында) мұсылман болып дүниеге келеді. Бірақ ол баланың әке-шешесі оны өз діндеріне кіргізеді. Яһуди болса яһуди, христиан болса христиан, мәжуси болса мәжуси етеді» (Бухари, Жәнайз 80; Муслим, Қадар 22; Тирмизи, Қадар, 5). Хазіреті Пайғамбарымыз осы хадисімен адамдағы діни сезімнің туа біткеннен болатындығын білдіреді. Осы тақырыпқа қатысты зерттеу жүргізген батыс әлеуметтанушылары адамдағы тылсым дүниеге, қандай да бір күшке сену сезімінің туа біткеннен болатындығын ғылыми тұжырымдармен дәлелдеген. Бірақ, адамдардың бәрі дерлік Ұлы Жаратушыға сеніп, оған құлшылық етпеген. Неліктен? Өйткені сенім жүре келе ортаға қарай икемделіп, кім қандай ортада өссе солай қалыптасады. Біреулердің пұтқа табынып, келесі біреулердің от пен суға, жан-жануарларға табынып жататыны соның айғағы.
Адам бойындағы бұл имани сезімді діннен өзге ешбір жүйе қанағаттандыра алмайды. Мысалы, ғылым, өнер, спорт, т.б. осы секілді жағдаяттар адамды рухани тұрғыдан жетілдіре алмайды, белгілі бір дәрежеде жетілдіргенімен ол сезімнің ғұмыры шектеулі. Ал дінде, яки Жаратушы құрған жүйеде бұл сезімнің ғұмыры, әлбетте шексіз болып келеді. Иманның иләһи ләззатынан адамның ешқашан жалықпайтыны да сондықтан.
Адам оң-солын танығаннан кейін айналадағы тіршілікке көз салып, бір сәт өз болмысын ойлағанда: «Мен қайдан келдім? Қайда барамын? Өмірге не үшін келдім? Мені кім жаратты? Не үшін жаратты? Мен өлген соң қайда барамын?..» дегендей сұрақтар санасын мазалап, жауап іздейді. Бірақ ақыл бұларға адамды қанағаттандырарлық толық жауап бере алмайды. Себебі аталмыш сұрақтардың түп-төркіні телегей-теңіз діни өлшемдерде жатыр.
Қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше. Өйткені, дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, әділеттілікті, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Адам дінге сенген соң, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі.
Ұлы Жаратушының бар екендігіне сенген адам құлшылық ету үшін діни қағидаларды қажет етеді. Ғылым мен техника адамға құлшылық етудің, тақуалықтың қыр‑сырын үйрете алмасы анық. Сондықтан, «қоныс таңдағанша, өріс таңда» дегендей, адамдық болмысымыз өткінші һарекеттен гөрі, рухани өрісімізді кеңейтіп, мәңгілік бақытқа жетелейтін, иләһи өлшемдерге, дәлірегі дінге мұқтаж.
3. Дінді жіберуші – Алла Тағала
Алла Тағала адамды Өзін танып, құлшылық ету үшін жаратқандықтан дін жіберді. Бұл діннің негізі «Таухид» (Алланың бірлігі) сенімінен тұрады. Ислам дініне дейін Алла өзінің шынайы, дара жолын үйрету үшін әрбір қауымға, тайпаға, ұлтқа елшілер арқылы дін жіберді.
Ұлы Жаратушының бар екендігіне сенгенімен, қалай құлшылық ету керектігін адам ақылымен шеше алмайды. Сол үшін діни әмір мен тыйымдар келіп отырды. Екіншіден адамға дін келмесе о дүниеде Аллаға: «Уақытында Сенің елшілерің келгенде, шынайы жолды үйреткеніңде біз тозаққа бармас едік. Я, Алла! Әділдігің қайда?!» дегендей уәж айтары сөзсіз. Міне, осындай сылтау мен желеуге бірден-бір тосқауыл ретінде әрбір қауымға жеке-жеке елші мен шариғат заңы жіберілді. Құранда бұл жайында былай дейді: «Бұрынғы пайғамбарлардан кейінгі адамдарға (пайғамбар келсе біз тәубе етер едік деп) сылтау айтпауы үшін жақсы хабар жеткізуші, (астамшылық еткендерді) ескертуші етіп, тағы да пайғамбарлар жібердік. Алла аса үстем, хикмет иесі» (4. «Ниса» сүресі, 165-аят).
Елші келмеген, дін жіберілмеген ешбір қауымның болмағандығын мына аяттар хабар береді: «Шындығында Біз сені ақиқатпен (муминдерге) қуанышты хабар жеткізуші, (кәпірлерді) қорқытушы етіп жібердік. Қауымдардың қайсысына болса да елші жіберілген» (35. «Фатыр» сүресі, 24-аят); «Әрбір үмметтің бір пайғамбары бар» (10. «Юнус» сүресі, 47-аят).
Алла қайсы бір қауымға пайғамбар мен шариғат жібермесе, онда ол қауымды ақыретте жазаламайды. Өйткені, Алла Өзін танытатын елші мен діни үкімдер жібермегендіктен, адамдар Аллаға қалай құлшылық ету керектігін ақылымен шеше алмай, құлшылық жасаймын деп, Аллаға серік қосу немесе күпірлік етіп қоюы әбден мүмкін еді. Сол себепті Құранда: «Пайғамбар жіберме-йінше ешкімді жазаламаймыз» (17. «Исра» сүресі, 15-аят) деп анық ескертілген.
Демек, Ұлы Жаратушы өзінің діни шариғатын жібере отырып, оны исламмен тәмамдаған. Ал исламнан кейін қияметке дейін ешқандай иләһи дін келмейтіні әмбеге аян.
4. Алғашқы діннің пайда болуы жайындағы ғылыми тұжырымдар
Қоғам өмірі мен рухани болмысы жайында ғылыми зерттеулер жүргізген философтар, әлеуметтанушылар мен дінтанушылар алғашқы діни жүйелер жайында түрлі тұжырымдар айтқан. Әр ғалым өзінің зерттеу нысанының шеңберінде дінге түрлі түсінік береді. Нәтижесінде, алғашқы діни жүйе ретінде, ғалымдар анимизм, тотемизм, натуризм, магия, фетишизм, паганизмдерді бөле-жара атайды. Аталмыш діндер негізінен көп тәңірлік (политеистік) сенімнен тұрады. Ғалымдардың айтуы бойынша, алғашқы қауымдық құрылыс уақыт өткен сайын мәдениеттілікке қол жеткізіп, соңында мәдениетті, өркениетті елге айналғаны секілді, діндер де алғашқыда көп тәңірліктен бастау алып, бертін келе, бір құдайға (монотеизм) сыйынудың қалыптасқандығын айтады. Ал исламның бұл пікірге келіспейтіндігіне төменде тоқталып өтеміз.
Енді осы айтылған ғылыми тұжырымдамаларға келсек:
а) Анимизм – адамның өмірлік істеріне араласатын және адамға өз мақсатына жетуге көмектесетін немесе кедергі келтіретін сансыз «рухани әлемдердің» болатындығына деген сенім[4]. Бұл тұжырымның мән-жайы Эдуард Тайлор еңбектерінде біршама қисынды түрде талданады. «Анима» латынша «рух» деген ұғымды білдіреді. Яғни, анимизм дегеніміз жанды-жансыз тіршілік атаулыда болатын рухқа табынушылық.
Тайлордың теориясы бойынша, жан ұғымы – жын шайтандар, түрлі рухтар және рухани мәндер тобына ортақ есім. Алғашқы қауымдық кездегі адамдар үшін ұйқы мен өлімнің маңызы зор еді. Олардың түсінігі бойынша ұйқы – рухтың тәннен шығып серуендеуі және тәнге қайта оралуы болса, өлім – керісінше, серуендеуге шыққан рухтың тәнге оралмауы болып табылады. Өлген адамдардың рухтарының ішінде жақсылары да, жамандары да бар. Анимистік теория бойынша алғашқы қауымдық құрылыстағы адамдар жаман рухтардың жаманшылығынан сақтану үшін жақсы рухтардан жәрдем тілеу арқылы рухтарға табынған. Нәтижеде «анимизм» деген «дін» пайда болған деген тұжырым жасайды[5].
ә) Натуризм – французша табиғат деген ұғымды білдіретін «la nature» сөзінен шыққан. Макс Мюллердің (1823-1900 ж.) тұжырымы бойынша, алғашқы дін – «натуризм». Натуризм «діні» табиғатқа табыну, яғни қоршаған ортадағы заттарды құдайға айналдырып, соған табынудан тұрады. Бұл тұжырым бойынша, адам табиғатпен салыстырғандағы өзінің әлсіздігін сезініп, апаттардан, жаманшылықтардан құтылу үшін күн, ай, от, тау, тас секілді түрлі заттарға сиынған.
б) Тотемизм – ру, тайпа, жануарлар мен өсімдіктердің кейбір түрлері арасындағы туыстыққа сену. Тотемизм ру мүшелерінің кейбір жануарларға киелі деп табынуы немесе әр алуан киелі нәрселерге тәуелді болуы. Тотемизм көбінесе егіншілік және аңшылықпен айналысқан алғашқы қоғамдарда кезігеді.
Француз әлеуметтанушысы Э. Дюркгейм (1858-1917 ж.) 1912 жылы жазған «Діни өмірдің қарапайым пішіндері» атты еңбегінде «Тотемизмді» алғашқы дін деп есептейді. Ол австралиялық тұрғындар арасындағы тотемдік сенімнің кең тарағанын дәлел ретінде алға тарта отырып, осындай тұжырым жасайды[6]. Шынтуайтында, Дюркгейм Австралияға арнайы зерттеушілік саяхат жасамаған, тек сонда барып келген саяхатшылардан сұрастыру арқылы аталмыш тұжырымды алға тартады.
в) Магия – ұғымы әр түрлі салт-жоралар мен оған сәйкес наным-сенімдердің ортақ белгісі болып табылады. Магиялық іс-әрекет – мақсаттылық бағыты бойынша емдеу магиясы (тәуіптік), сақтаушы магия, зиянды магия (көз тию) секілді түрлері болады[7].
Ағылшын этнологы, алғашқы діндерді зерттеуші ғалым Джеймс Джорд Фрэзер (1854-1941 ж.) 1890 жылы жазған «Золотая ветвь» (Алтын бұтақ) атты ауқымды еңбегінде «магиялық өнерді» дін пайда болғанға дейінгі шынайылық қарым-қатынастың әмбебап формасы болған дейді. Фрезер пікіріне құлақ түрсек, магия белгілі бір дәрежеде діннің дамуына үлес қосқан болып шығады[8].
5. Адамзаттың алғашқы діні – Таухид діні
Ислам діні бойынша адамзаттың алғашқы діні – Таухид[9] діні. Себебі Хазіреті Адам ата адамзаттың алғашқысы, әрі алғашқы пайғамбары. Ол Алланың әмірімен таухид (бірлік) дінін уағыздаған. Алла Тағала оған 10 парақтан тұратын Өзінің діни заңдылықтар топтамасын түсірді. Хазіреті Адам (а.с.) өзіне жүктелген пайғамбарлық қызметті балалары мен немерелеріне айтып жеткізді. Осылайша жер бетіндегі алғашқы дін – «Таухид» діні пайда болды. Хазіреті Адам дүниеден өткен соң оның ұрпақтары сауатсыздықтан, шайтанның алдап-арбауымен таухид дінінен ауытқи бастады. Мұның түбі түрлі діни сенімдер мен діндердің пайда болуына әкеп соқты. Өйткені, Аллаға құлшылық етпек ниетімен түрлі нәрселерге табынған адамдар қалайша бұрыс жолға түскендіктерін аңғармай қалады. Бірақ, адамдар таухид дінінен шығып, өзге нәрселерге табына бастағанда Алла екінші бір елшісін жіберіп, пенделерін адасушылықтан тура, шынайы жолға шақыртып отырады.
Ислам адамзаттың алғашқы діні жайында айтылған жоғарыдағы келтірілген тұжырымдармен келіспейді. Алайда, ара-кідік болса да, Алланың шынайы дінінен шығып, өз беттерінше жаңа бір діни сенім мен құдай жасап алған тайпалардың болғандығы рас. Бірақ, бұл жерде олардың бәрі дерлік таухид (бір құдайлық) дінінен кейін пайда болғанын ескеру керек.
Хазіреті Адам атадан кейін уақыт өткен сайын адамдар арасында әр түрлі көзқарастар туды. Шынайы ұғымдар бұрмаланып, соның салдарынан түрлі діндер және бір діннің өз ішінде әр түрлі ағымдар пайда болғаны тарихтан мәлім. Имандылықтан ажырау, оның шарттарын шала түсіну ұрпақтың болмыстық, иләһи дінінің жоғалуына алып келді. Әуесқойлық, дүниеқорлық, сауыққойлық сияқты жеңіл, келеңсіз құбылыстар көбейді. Адам Жаратушы Ие алдындағы жауапкершілігін, қорқынышын жоғалтып, өзіне «Құдай» жасап алып сиынды. Діннің орнына әр тайпада, әр елде өзіндік сенім, тек өзінің мақсат-мұратына жету үшін жасалатын әрекеттер пайда бола бастады. Дінге ешқандай қатысы жоқ бақсылық, балгерлік, шамандық, сиқырлық сияқты құбылыстарға да сенім күшейіп, адамдар имандылықтан қиянатшылық жолына ауыса бастады.
6. Ислам бойынша діннің түрлері
Ислам – Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген соңғы иләһи дін. Ислам өзінен алдыңғы иләһи шариғаттардың бәрін толықтырушы әрі кәміл дін болғандықтан, Алла исламнан өзге дінді қабыл етпейді: «Күмәнсіз Алланың құзырындағы дін – Ислам» (3. «Әли Имран» сүресі, 19-аят).
Діндер тарихын зерттеушілер, дінтанушылар мен дін әлеуметтанушылары әлемдегі діндердің шығу тарихы мен ерекшеліктеріне қарай бірнеше топтарға бөледі.
1. Тайпалық діндер (алғашқы тайпаларда кездескен діндер)
2. Ұлттық діндер (бір ғана ұлт өкілдері ұстанатын діндер: индуизмді үндістер, сихизмді жапондар ғана ұстанады).
3. Әлемдік діндер (әлемдегі көптеген ұлттар мен ұлыстардың ұстанатын діні: Ислам, Христиан, Буддизм)[10].
Дінтанушы ғалымдар тайпалық, ұлттық және әлемдік діндерден бөлек дінге ешқандай қатысы жоқ, яки, дін деп атауға болмайтын кейбір топтарды «Дәстүрлі емес культтар» деп атайды. Мұндай культтарға «сатанизм», «кришнайзм» секілді діни топтар жатады.
Ислам ғұламалары діндерді екі топқа бөліп қарастырады:
1. Алла тарапынан жіберілген сәмәуи діндер
2. Алла тарапынан жіберілмеген жасанды діндер[11]
Енді осы топтағы діндерге қысқаша шолу жасап өтейік.
1. Алла тарапынан жіберілген сәмәуи діндер де өз ішінде екі топқа бөлінеді:
а) Алла тарпынан жіберілген дін болғанымен бұрмаланған, хақтығын жоғалтқан діндер. Бұған христиан мен яһудилікті мысал ретінде келтіруге болады. Себебі христиандық пен яһудилік Алла тарапынан Хазіреті Иса мен Хазіреті Мұса пайғамбарға түсірілген діндер еді. Бірақ Хазіреті Иса мен Хазіреті Мұсаның дүниеден өтуінен кейін бұл діндер ақырындап бұрмалануға ұшырап, шынайылығын жоғалтты.
б) Алла тарапынан жіберілген және хақтығы зәредей бұзылмаған дін. Бұл – ислам діні. Ислам дінінің хақтығы ешқандай бұрмаланушылық пен өзгеріске ұшырамаған және қияметке дейін солай жалғаса бермек.
2. Алла тарапынан жіберілмеген жасанды діндер немесе наным-сенімдер:
а) Адамның табиғи күштердің алдындағы әлсіздігінен, шарасыздығынан туған діни наным-сенімдер:
Анимизм – түрлі рухтарға табыну нәтижесінде пайда болған сенім.
Натуризм – табиғаттағы қандай да бір затқа сыйынып, содан медет тілеу. Бұл да көбіне табиғат апаттары алдындағы шарасыздықтан туындайды.
Тотемизм – өмір сүрген ортада кейбір аңдар мен жануарларды, өсімдіктерді киелі деп соларға сиыну.
Фетишизм – қандай да бір затты қасиетті, киелі деп сенумен сол затты өзімен бірге алып жүру нанымы. Фетиш сенімінің негізі қандай да бір қасиетті деп тапқан затының өзіне сәттілік, бақ-дәулет әкеледі, жамандықтан сақтайды, жолымды ашады деген сенімдерге құрылған.
Ата-баба әруағына сену – қайтыс болған ата-бабаларының әруағына сыйыну, сол әруақтардың өздерін желеп-жебеп жүретіндігіне сену.
Шаманизм – кейбір адамдардың әруақтармен қарым-қатынас жасау мүмкіндіктеріне сену және сол әруақтар арқылы адамдардың ауруын емдеу секілді жайттармен шұғылдану әдісі. Шамандықтың негізгі белгілері емшілік, жерлеу рәсімдері, болжау, шаруашылық түрлеріне ықпал ету секілді һарекет сенімдермен байланысты.
Пұтқа табыну – Аллаға құлшылық ету, сиыну үшін араға себепкер қажет деген сеніммен қолдан жасалған пұттарға табыну.
Отқа табыну – жаратылыстағы ең үлкен күш от деп отқа табыну. Бұл түсінік негізінде, от – барлық тіршілік атаулыны жағып, күл етеді деген сенім жатыр.
б) Кейбір тұлғалар жағынан негізі қаланған діндер.
Ислам діні бойынша, Алладан өзге ешкім дін құра алмайды, құрғанымен Алла құзырында ешқандай маңызы жоқ. Дегенмен тарихқа қарасақ, кейбір діндердің негізін қалаушы тұлғалардың бар екендігін көреміз. Мұндай діндерге «жасанды дін» деп баға береді. Өйткені Ұлы Жаратушының әмірімен келмегендіктен иләһи дін сипатын ала алмайды. Мысалы, Буддизм дінінің негізін салушы ақсүйек, ханзада Сиддхарта Гаутама. Ол өзінің философиялық ой тұжырымын айтып кеткен. Оның жолын қуушылар оған нұрланған, жарыққа жеткен, дана, құтқарушы деген мағынадағы «Будда» атағын бергендіктен бұл сенім «Будддизм» деп аталып кеткен. Сол секілді қытай еліндегі Конфуций дінінің негізін қалаған Конфуций (Кун-цзы) (б.э.д. 551-479 ж.) екенін білеміз[12].
Әлем діндерін зерттеп қарағанда бірнеше діннің негізін салушы тұлғаларды көреміз. Демек, әлемдегі діндердің шығу тарихы әр түрлі болғандықтан, ислам бойынша, осылай сараптама жасалады.
[1] Günay Tümer. Abdurrahman Küçük. Dinler Tarihi. – Анкара, 1997. 4 –бет. |