Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Әртүрлі
        3. АҚША АЙЫРБАСТАУ КӘСІБІ АДАЛ МА?
        АҚША АЙЫРБАСТАУ КӘСІБІ АДАЛ МА?

        АҚША АЙЫРБАСТАУ КӘСІБІ АДАЛ МА?

         

        Кезінде бір заттың есесіне төлем ретінде берілетін қаражатқа алтын мен күміс қолданылған. Қазіргі таңда алтын (динар) мен күмістің (дирхам) орнына қағаз ақшалар пайданылып жатыр. Бүгінгі тілмен айтқанда, дирхам бір валюта болса, динар басқа бір валюта іспеттес.


        Кез келген валюта екі жолмен айырбасталады:


        Бірінші: Бір жынысты валютаны өзара айырбастау. Мысалы, теңгені теңгеге ауыстыру. Бұны біз көбінесе қолымыздағы ақшаны ұсақтау немесе ірілету үшін қолданамыз. Бұны қолдану дұрыс болу үшін мына шарттар орындалу тиіс:


        1. Теңбе-тең болуы (мысалы, тұтас он мың теңгенің орнына екі бес мыңдық ақша берілсе)[1];


        Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:


        الذَّهَبُ بِالذَّهَبِ وَزْنًا بِوَزْنٍ مِثْلًا بِمِثْلٍ وَالْفِضَّةُ بِالْفِضَّةِ وَزْنًا بِوَزْنٍ مِثْلًا بِمِثْلٍ فَمَنْ زَادَ أَوْ اسْتَزَادَ فَهُوَ رِبًا


        «Бір алтын басқа бір алтынға салмақ арқылы әрі теңбе-тең  және бір күміс басқа бір күміске салмақ арқылы әрі теңбе-тең (айырбасталады)! Сондықтан да, кімде-кім (теңбе-тең етпей) арттырса немесе арттыруды сұраса – сол (артық мөлшері) - пайыз (болады)»[2].


        2. Қолма-қол болуы. Яғни айырбастау ісі бір мәжілісте тараптар екі жаққа кетпей жатып жүзеге асу керек[3].  Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осыған қатысты басқа бір хадисінде алтынды алтынға, күмісті күміске теңбе-тең әрі қолма-қол айырбастау керектігін айтқан[4].


        Екінші: Бір валютаны басқа валютаға ауыстыру. Мысалы, теңгені долларға айырбастау сияқты. Шариғатымызда валюта ауыстырудың бұл түріне қолма-қол болу шартымен рұқсат етіледі. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы жайында былай дейді:


        فإذا اخْتَلَفَتْ هذِه الأصْنافُ، فَبِيعُوا كيفَ شِئْتُمْ، إذا كانَ يَدًا بيَدٍ


        «Егер бұл жыныстар (айырбастар) әртүрлі болса, онда қолма-қол болу шартымен қалағаныңша сата беріндер»[5].


        Қорыта айтқанда, алтынды күміске немесе долларды теңгеге қалағанымызша арттырып немесе кемітіп айырбастауымызға рұқсат. Тек қолма-қол болу шарт. Ал теңгені (немесе кез келген валютаны) ірілеткенде немесе ұсатқанда теңбе-тең әрі қолма-қол болуы талап етіледі.

         


        Тамирлан Дарханұлы

        Нұр-Сұлтан қаласы бойынша

        пәтуаға жауапты маман

         



        [1] Абдулхамид Махмуд Тахмаз, Ал-Фиқһул Ханафийу фи саубихил-жәдид, 318.

        [2] Муслим, 1588.

        [3] Абдулхамид Махмуд Тахмаз, Ал-Фиқһул Ханафийу фи саубихиль-жәдид, 317.

        [4] Муслим, №1587.

        [5] Муслим, №1588.