ТҰРЫП СУ ІШУГЕ БОЛА МА?
Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тұрып су ішуге байланысты бірнеше хадистер риуаят етілген. Әбу Һурайрадан (Алла одан разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لَا يَشْرَبَنَّ أَحَدٌ مِنْكُمْ قَائِمًا، فَمَنْ نَسِيَ فَلْيَسْتَقِئْ.
«Сендердің біреуің де суды тұрып ішпесін. Ал
ұмытып ішіп қойғандар құсып тастасын»[1], – деп, тұрып су ішуге
тыйым салған. Алайда ибн Омардан (Алла одан разы болсын) мынадай хабар жеткен:
كنا نأكل على عهد رسول الله -صلى الله عليه وسلم- ونحن نمشي ونشرب ونحن قيام
«Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде біз жүріп жүрген күйімізде бірдене жей беретінбіз және түрегеліп тұрып сусын іше беретінбіз»[2]. Сондай-ақ, ибн Аббас (Алла одан разы болсын):
سقيت رسول الله صلى الله عليه وسلم من زمزم فشرب قائما
«Мен Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зәмзәм суын құйып бердім, ол (оны) түрегеліп тұрған күйінде ішті»[3], – деп айтқан.
Бұл хадистерге қатысты Бәдруддин әл-Айни: «Қази Ғияд, Құртуби, Нәуауи сынды ғалымдар тұрып су ішуге тыйым салынған деректер мәкруһ тәнзиһті (халалға жақын мәкруһ), ал қажеттілік уақытында рұқсат екендігін білдіреді. Өйткені Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) суды тұрып ішкендігі туралы риуаяттар бұл әрекеттің болатындығын айқындайды» [4], – дейді.
Бұл пікірді әл-Хаттаби, әл-Бағауи, әл-Мәзури сынды көпшілік ғұламалар құптаған[5]. Ибн Хажар: «Бұл ең жақсы түсініктеме әрі дау-дамайдан алшақ ететін пікір»[6] деген.
Тұрып су ішуге тыйым салудың түпкі мәні адамның денсаулығына зиян болуына байланысты. Бұны қазіргі таңда медицина мамандары тұрып су ішу адамның асқазанына зиян болатынын айтуда[7].
Қорыта айтқанда, қажеттілік жағдайда суды тұрып ішуге шариғи тұрғыдан рұқсат етіледі. Дегенмен отырып ішкен денсаулыққа пайдалы екенін ұмытпаған жөн. Бұл Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті – әрі жақсы көрген амалдарының бірі.
Әсет Раманкулов
БҚО бойынша пәтуаға жауапты маман
[1] Муслим, №2026.
[2] әт - Тирмизи , №769.
[3] Муслим, №2027.
[4] Бәдру әл-Айни. Умдату әл-Қари, 21/193; Раудату әт-Толибин, 7/340; Фатауа Имами ән-Нәуәуи, 105 бет.
[5] Умдату әл-Қари, 21/193 -194;
[6] Ибн Хажар. Фатху әл-Бәри, 10/84.
[7] Абдурразақ әл-Киләни, «Исламдағы медициналық фактілер». – Дамаск: «Дәру әл-Қалам»,1996ж. – 448б.