Мәсі мен таңғышқа қалай мәсіх тартылады?
Сұрақ: Мәсі мен таңғышқа қалай мәсіх тартылады?
Жауап:
С: Дәрет алғанда екі аяқты жууды басқа нәрсемен алмастыруға болады ма?
Ж: Иә. Мәсіге мәсіх тарту мен алмастыруға болады. Бұл көптеген хадистермен дәлелденген.
С: Мәсіх тартудың шарты бар ма?
Ж: Иә, оның шарты – мәсіні дәрет алып барып кию.
С: Мәсіх тартудың мерзімі қандай?
Ж: Мәсіні дәрет алып киіп, сонан соң дәреті бұзылғаннан бастап, тұрғылықты болса бір күн, бір түн, ал жолаушы болса үш күн, үш түн бойы аяғын жумай, мәсісіне мәсіх тартып жүре беруіне болады.
С: Бұл уақыт мәсіні кигеннен бастала ма, әлде дәрет алғаш бұзылғаннан бастала ма?
Ж: Бұл мерзім мәсіні дәрет алып киіп, дәрет алғаш бұзылған уақыттан басталады. Мысалы, мәсіні түстен кейін дәрет алып киіп, дәреті ақшам уақытында бұзылса, егер тұрғылықты болса сол уақыттан бастап келесі күннің ақшамына дейін, ал жолаушы болса үш күнге дейін мәсіх тарта береді.
С: Ғұсыл алу парыз болған кісіге мәсі киіп, мәсіх тартуына бола ма?
Ж: Оның мәсіх тартуына болмайды. Аяғымен бірге бүкіл денесін жууы керек.
С: Мәсі тесік болса қалай болады?
Ж: Егер мәсінің тесіктері көп болып, мөлшері аяқтың кіші башпайларының көлеміндей болса, ол мәсіх тартуға жарамайды, ал аз болса тартуға болады.
С: Екі пар мәсі тесіктерінің қоса есептегендегі мәсіх тартуға болмайтын мөлшері қандай?
Ж: Мұнда әр мәсінің тесіктері бөлек-бөлек есептеледі. Екі пардың тесіктерінің қоса есептегендегі көлемі үш башпай мөлшерінен асса мәсіх тартуға бола береді. Ал, егер әрқайсысында немесе біреуінде осындай мөлшерде тесік болса, мәсіх тартуға жарамайды.
С: Мәсіх қалай тартылады?
Ж: Мәсіх мәсінің сыртына сулы саусақтарымен басынан бастап жоғары тізеге қарай тартылады. Әрбір парға үш саусақ мөлшерінде мәсіх тартылуы тиіс.
С: Тартылған мәсіх қалай бұзылады?
Ж: Тартылған мәсіхті дәретті бұзатын нәрселер, сондай-ақ , мәсінің шешілуі мен мәсіх тарту мерзімінің аяқталуы бұзады.
С: Егер дәрет бұзылмай, тек мәсіх тарту мерзімі өтсе, немесе мәсінің біреуі не екеуі де шешіліп кетсе не істеу керек?
Ж: Мұндай жағдайларда тек екі аяғын жуып, мәсісін қайта киумен шектеледі. Басқа мүшелерін жумайды.
С: Тұрғылықты адамның бір күн, бір түн, ал жолаушының үш күн, үш түн мәсіх тартатыны айтылды. Ал, бір адам жолаушы болып, қайта тұрғылықтыға айналса немесе керісінше жағдайда не істейді?
Ж: Егер жолаушы болып бастап, сосын қайта оралса, мәсі кигеніне бір күн, бір түн не одан асып кетсе шешуі керек. Ал, егер бір күн, бір түнге жетпесе әрі қарай жалғастыра беруіне болады. Керісінше, кімде-кім тұрғылықты болып бастап, бір күн, бір түн болмай сапарға шықса, үш күн, үш түнге жеткенше мәсіх тартып жүре береді.
С: Мәсінің үстіне киілген қалың шұлыққа мәсіх тарта беруге бола ма?
Ж: Егер дәреті бұзылмай тұрып кисе мәсіх тарта беруіне болады.
С: Тек шұлықтың өзіне мәсіх тартудың үкімі қалай?
Ж: Әбу Ханифаның көз қарасы бойынша асты-үсті терімен қапталмаса немесе терімен нәлденбесе болмайды. Ал, Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің пікірлері бойынша қалың болса мәсіх тартуға болады.
С: Мәсіден басқа нәрселерге мәсіх тартуға бола ма?
Ж: Жарақаттың не сынған мүшенің үстіне таңылған таңғыштың үстіне мәсіх тартуға болады.
С: Бұл таңғыштардың дәреті бар кезінде таңылып, оралуы шарт па?
Ж: Жоқ, шарт емес. Дәретсіз кезінде таңылса да үстіне мәсіх тартып, дәрет ала береді.
С: Ауруы айыққан соң таңғышын шешсе, одан бұрын тартқан мәсіх есептеле бере ме?
Ж: Жоқ. Мұндай жағдайдағы мәсіх бұзылады. Егер таңғышқа немесе орамға мәсіх тартып дәрет алып, оларды жазылған соң шешіп тастаса, дәрет бұзылудың басқа жәйттері орын алмаған жағдайда таңғыштың астын жуып намазын оқи береді.
С: Сәлдеге, Қалпаққа, жамылғыға, қолғаптарға мәсіх тартуға бола ма?
Ж: Бұларға мәсіх тартуға болмайды.