Үтір намазы қалай және қанша рәкәғат етіп оқылады?
Сұрақ: Үтір намазы қалай және қанша рәкәғат етіп оқылады?
Жауап:
Үтір намазы
С: Үтір намазы қалай және қанша рәкәғат етіп оқылады?
Ж: Үтір үш рәкәғат, құптаннан кейін оқылады. Құптаннан бұрын оқуға болмайды. Екі рәкәғатты әдеттегі намаздар сияқты орындалып, үшінші рәкәғатта Фатиха мен қосымша сүрені оқып болған соң құлақ қағып тәкбір айтып, Құныт дұғасын оқиды. Құнытты оқып болған соң тәкбір айтып, рукуғ жасайды. Әрі қарай сәжделеріменен аяқтайды.
С: Барлық рәкәғаттарында Фатиха сүресін оқи ма?
Ж: Иә. Бәрінде оқиды.
С: Пайғамбардың (с.а.с.) сүннеті бойынша үтір намазында қандай аяттар оқылады?
Ж: Сүннет бойынша бірінші рәкәғатта Фатихадан кейін Ағлә сүресі, екінші рәкәғатта Кәфирун сүресі, үшінші рәкәғатта Ихлас сүресі оқылады.
С: Құныт дұғасын дауыстап оқи ма, әлде жасырын оқи ма?
Ж: Имам болсын, ұюшы болсын, жеке болсын жасырын, іштей оқиды.
С: Үтірді жамағатпен оқуға бола ма?
Ж: Рамазан айында тарауық намазынан соң үтір уәжіп намазын жамағатпен оқу сүннет.
С: Жамағатпен оқығанда үтірдің қырағатын дауыстап оқи ма?
Ж: Иә. Имам үш рәкәғатты да дауыстап оқиды.
С: Үтірден басқа намаздарда құныт дұғасын оқуға бола ма?
Ж: Үтір намазынан басқа намаздарды Құныт дұғасы оқылмайды. Бірақ мұсылмандардың басына бәле төнгендей жағдайда жамағат намазында имам соңғы рәкәғаттан кейін Құныт дұғасын оқып, мұсылмандарға жәрдем тілейді.