Жұма намазы қалай оқылады?
Сұрақ: Жұма намазы қалай оқылады?
Жауап:
Жұма намазы
С: Жұма намазының үкімі қандай?
Ж: Жұма намазы балиғатқа жеткен, ақыл-есі түзу, көзі көретін әрі дені сау әрбір тұрғылықты азат адамға парыз.
С: Жұма намазын орындаудың шарттары бар ма?
Ж: Бар. Ол төмендегідей:
- Қалада, үлкен елді мекен болу. Шағын ауылдарда оқуға болмайды.
- Жұма намазын қаланың әкімі басқарып, имамдық етуі. Олай болмаған жағдайда халық өзі тағайындап, бекіткен имам оқытады.
- Бесін намазының уақытында оқылуы.
- Намаздан оқудан бұрын хұтпа оқылуы. Әбу Ханифаның пікірінше хұтпада Алла Тағалаға зікір етілетін сөздер айтса да жеткілікті. Ал, Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің көзқарастары бойынша хұтпаға лайықты ұзақ уағыз не зікір болуы шарт.
- Әбу Ханифа мен Мұхаммедтің пікірінше жамағаттың ең аз мөлшері имамнан бөлек үш адам болуы. Әбу Юсуфтің айтуынша имамнан басқа екі адам болса да жеткілікті.
С: Жұмаға қатыспауға болатын үзірлер қандай?
Ж: Олар мыналар:
- Намаз оқушы мешіттен жолаушының жолындай қашықтықта болса.
- Әйел адам болса.
- Ауру болса.
- Көзі соқыр болса.
- Құл болса.
Жолаушыға, әйелге, ауруға, соқырға, құлға жұма намазы парыз емес.
С: Осындай үзірлеріне қарамастан жұма намазына келіп қатысса сол уақыттың парызын – бесінді өтеген болып есептеле ме?
Ж: Иә. Парызды өтеген болады.
С: Жұма намазында құл не ауру, жолаушы не соқыр имамдыққа шығып, оған дендері сау, тұрғылықты адамдар ұйыса намаздары дұрыс болып есептеле ме?
Ж: Иә, олардың жұма намазына имамдыққа шығуына болады. Бәрінің намаздары дұрыс болып есептеледі.
С: Бір үзірмен жұма намазын өткізіп алған адам не істеуі керек?
Ж: Ол бесін намазын оқиды. Жұмаға қатыса алмаған кез келген адам да бесін намазын оқиды. Ешбір үзірсіз қатыспаған күнәһар болады.
С: Имам мешітте жұма намазын оқымай жатып еш үзірсіз үйінде бесін намазын оқыған адамның үкімі қандай?
Ж: Бұлай оқу тыйым салынған іс болып есептеледі.
С: Дегенімен осылай оқып, бесін намазының уақыты шықса сол уақыттың парызын өтеген болып есептеле ме?
Ж: Парызды өтеген болып есептеледі.
С: Егер сол кісі үйінде бесінді оқыған соң мешітке барып, имаммен бірге жұманы да оқыса оның үкімі қандай?
Ж: Оның мешітке қарай асығуымен жұма намазы дұрыс болып есептеледі де, бесіні дұрыс болып есептелмейді. Бұл Әбу Ханифаның көзқарасы. Ал, Әбу Юсуф пен Мұхаммед қашан имаммен бірге жұма намазын кірмейінше оның үйінде оқыған бесін намазы үкімін жоймайды деген.
С: Үзірлілер мен түрмеде отырғандарға жұма күні бесін намазын жамағатпен оқуларына бола ма?
Ж: Олай оқу мәкруһ. Жеке-жеке оқығандары дұрыс.
С: Жұма намазының алғашқы рәкәғатына үлгере алмаған адам қалай оқиды?
Ж: Жамағатпен соңғы рәкәғатын оқып болған соң тұрып, үлгермеген рәкәғатын оқиды.
С: Соңғы отырысқа немесе сәһу сәждесіне ғана үлгерсе әрі қарай қалай оқиды?
Ж: Жамағатпен соңғы рәкәғатын оқып болған соң тұрып, үлгермеген рәкәғатын оқиды.
С: Соңғы отырысқа немесе сәһу сәждесіне ғана үлгерсе әрі қарай қалай оқиды?
Ж: Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтің көзқарастары бойынша сәлем берген соң жалғастырып, толықтап алады. Ал, Мұхаммедтің пікірінше екінші рәкәғаттың көбіне үлгерсе әрі қарай толықтырып алуына болады. Ал, екінші рәкәғаттың азын ғана үлгерсе, бесін намазы етіп жалғастырады, яғни, төрт рәкәғат етіп оқиды.
С: Жұма намазынан кейінгі сауда-саттықтың үкімі қандай?
Ж: Мұның үкімі құран Кәрімде айтылған: «Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде дереу Алланы еске алуға (намазға) ұмытылыңдар және сауданы қойыңдар» (Жұма сүресі, 9).
С: Имам мінберге шыққан соң намаз оқу мен сөйлеудің үкімі қандай?
Ж: Әбу Ханифаның пікірінше имам мінберге шыққанда адамдар намаз оқу мен сөйлеуді тоқтатулары керек. Ал, Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің көзқарастары бойынша хұтпа басталғанша сөйлесе ештеңе етпейді.
С: Жұмада неше рет азан шақырылады?
Ж: Екі рет. Біріншісі уақыты кіргенде. Бұл кезде адамдар істерін, саудаларын тастап, мешітке бет алып, Алланы зікір етулері керек. Екіншісі имам мінберге шығып отырғанда. Осы кезде екінші азан шақырылады. Сосын имам екі хұтпасын оқиды. Екінші хұтпасын бітіргенде қамат айтылады.
С: Сүннет бойынша хұтпа қалай айтылады?
Ж: Имам орнынан тұрып, екі хұтпа оқиды. Екі хұтпаның арасында отырады.
С: Имам жұма намазының қырағатын дауыстап оқи ма, әлде жасырын оқи ма?
Ж: Дауыстап оқиды.
С: Алыста отырған адам үшін жұма хұтпасын есту шарт па?
Ж: Жұма намазда алыс отырған мен жақын отырғанның үкімдері бар. Барлығына да жұма хұтпасын мұқият тыңдау уәжіп. Имамның даусының естілген, естілмегені бәрібір.