ҚАЙТЫС БОЛҒАН ТУЫСҚАНДАРЫМЫЗҒА ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСУГЕ БОЛАДЫ?
Жалпы әһлі сүннә сенімі бойынша намаз, ораза, қажылық, садақа, Құран, дұға т.б. ізгі амалдардың сауабын марқұмдарға бағыштауға болады және ол қайтыс болған жандарға пайда береді[1]. Тіпті ізгі амалдарды бағыштап жатқанда мұсылманның барлығын ниет еткен абзал. Себебі олардың барлығына бірдей сауап жетеді әрі бағыштаған адамның сауабынан ешнәрсе кемітілмейді[2].
Марқұм болған әке-шешесі, аға-әпкесі, жақын туысқандары және өзге де мұсылман бауырларына сауабы тиетін ізгі амалдар төмендегідей:
1. Дұға жасап, истиғфар тілеу
Біздің марқұмдарға жасай алатын ең маңызды істеріміздің бірі, Алла Тағалаға жалбарынып, олардың бұл дүниеде жасаған күнәларының жарылқануын тілеу. Бұған қатысты Құранда былай делінген:
وَالَّذِينَ جَاءُوا مِن بَعْدِهِمْ يَقُولُونَ رَبَّنَا اغْفِرْ لَنَا وَلِإِخْوَانِنَا الَّذِينَ سَبَقُونَا بِالْإِيمَانِ وَلَا تَجْعَلْ فِي قُلُوبِنَا غِلًّا لِّلَّذِينَ آمَنُوا رَبَّنَا إِنَّكَ رَءُوفٌ رَّحِيمٌ
«Сол мұһажирлер мен ансарлардан кейін келген (һәм солардың ізін қуған) мүміндер болса, Аллаға: «Уа, Раббымыз, бізді және бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды кешіре көр! Жүрегімізде иман келтірген жандарға деген жек көрушілік, өшпенділік сынды жаман сезімнің оянуына жол бере көрме! Уа, Раббымыз! Шүбәсіз, Сен өте мейірбансың, (әсіресе, мүмін құлдарыңа) сондай жанашыр һәм ерекше мейірімдісің»,-деп дұға етеді»[3]. Бұл аятта Алла Тағала қайтқан кісілерге истиғфар тілеудің маңыздылығын айтуда. Егер бұл нәрседе пайда болмағанда, онда Жаратушы Иеміз истиғфар айтудың маңыздылығын осыншалықты дәріптемес еді.
2. Өсиетін орындау және туыстарымен араласып, жора-жолдастарын құрметтеу
Бұл жөнінде Әбу Усейд Мәлик бин Рабиға Әс-Сағиди (Алла оған разы болсын) былай дейді:
بَيْنَا نَحْنُ عِنْدَ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ وَسَلَّمَ: إِذْ جَاءَهُ رَجُلٌ مِنْ بَنِي سَلَمَةَ، فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللهِ، هَلْ بَقِيَ مِنْ بِرِّ أَبَوَيَّ شَيْءٌ أَبَرُّهُمَا بِهِ بَعْدَ مَوْتِهِمَا؟ قَالَ: «نَعَمْ: الصَّلَاةُ عَلَيْهِمَا ـ وفي رِوَايَةٍ: الدُّعَاءُ لَهُمَا ـ وَالاسْتِغْفَارُ لَهُمَا، وَإِنْفَاذُ عَهْدِهِمَا مِنْ بَعْدِهِمَا، وَصِلَةُ الرَّحِمِ الَّتِي لَا تُوصَلُ إِلَّا بِهِمَا، وَإِكْرَامُ صَدِيقِهِمَا».
«Біз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанында отырғанымызда кенеттен, Бәни Сәламалық бір кісі келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Әке-шешем өлгеннен кейін де оларға істейтін жақсы амал бар ма?» - деп сұрағанда, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ия, олардың атынан намаз оқу (дұға ету), истиғфар жасау (жарылқау тілеу), қайтыс болғаннан кейін өсиетін орындау, ол екеуі ғана қарым-қатынас жасайтын туыстарымен араласу, жора-жолдастарын құрметтеу»,-деп жауап берді»[4].
3. Қарызын өтеу
Марқұмның артында қалған қарыздың өтелуінің маңыздылығы жайында Әбу Хурайра (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:
"لا تَزالُ نَفْسُ ابنِ آدمَ مُعَلَّقةً بدَيْنِهِ حتى يُقضى عنهُ".
«Адам баласының жаны қарызбен байланып тұруы – өтелмейінше жалғасады»[5]. Сондықтан, қандай да бір кісі қайтыс болып, мойнында қайтарылмай қалған қарызы болса, онда марқұмға жақсылық жасауды қалайтын артында қалған ұрпақтарына, ең алдымен сол қарызды өтеп берулері қажет болады.
4. Құран оқу
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
اقْرَءُوا (يس) عَلَى مَوْتَاكُمْ
«Қайтқан кісілеріңе «Ясин» сүресін оқындар»[6].
5. Марқұмның атынан қажылық жасау және садақа беру
Бұған Анастың (Алла оған разы болсын) былай деп айтқаны жеткен:
"يَا رَسُولَ اللهِ، إِنَّا نَتَصَدَّقُ عَنْ مَوْتَانَا وَنَحُجُّ عَنْهُمْ وَنَدْعُو لَهُمْ فَهَلْ يَصِلُ ذَلِكَ لَهُمْ؟ قَالَ: نَعَمْ، إِنَّهُ لَيَصِلُ إِلَيْهِمْ، وَإِنَّهُمْ لَيَفْرَحُونَ بِهِ كَمَا يَفْرَحُ أَحَدُكُمْ بِالطَّبَقِ إِذَا أُهْدِيَ لَهُ".
«Уа, Алланың Елшісі! Расында біз, қайтқандарымыздың атынан садақа береміз, олардың атынан қажылық жасаймыз және оларға дұға қыламыз. Бұның сауабы оларға жете ме? Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, бұл оларға жетеді және расында, сендердің қайсы бірің сыйға берілген табаққа қуанғандарың секілді олар да, бұған қуанады»,-деді» [7].
Қорыта айтқанда, кез-келген мұсылман, иманмен қайтыс болған кісіге намаз, ораза, садақа, қажылық және Құран оқу сияқты жақсылық атаулы кез-келген амалдардың сауабын бағыштау арқылы көмектесуіне болады. Дұрысын Алла білуші!
Дархан Манарбекұлы
Қостанай облысының пәтуаға жауапты маманы