Ихрам кезінде тыйым салынған нәрселер қандай?
Сұрақ: Ихрам кезінде тыйым салынған нәрселер қандай?
Жауап:
Ихрамның тыйымдары
С: Ихрам кезінде тыйым салынған нәрселер қандай?
Ж: Олар мыналар:
- Төсек қатынасы.
- Пасықтық. Бұзықтық.
- Дау-дамай.
- Құрылық жануарын өлтіру.
- Аңды нұсқау.
- Аңшыға аңды көрсетіп беру.
- Көйлек, шалбар, қалпақ сияқты дене мүшелерге арнап тігілген не тоқылған киімдер кию.
- Екі қолына қолғап, екі аяғына тігілген мәсі кию. Егер басқа нәрсе табылмаса мәсісін қонышынан кесіп киеді.
- Басын не жүзін орау, қалпақ кию не сәлде орау.
- Иіссу себу.
- Шашын алу не қысқарту немесе сақалын қысқарту, денесіндегі шаш, түктерді жұлу, қыру.
- Тырнақтарын алу.
- Зағыпыранмен не жосамен боялған нәрселерді кию. Егер жақсылап жуылып, иісі шығып тұрмаса болды.
С: Бұл тыйымдар қажылыққа да, ұмраға да бірдей қатысты ма?
Ж: Иә, бұл екі ихрамға байланысты.
С: Ер мен әйелге де бірдей қатысты ма?
Ж: Бұл тыйымдар жалпыға бірдей. Алайда, әйелдің ихрам киімінің кәдуілгі киімінен айырмашылығы болмайды. Басын жабады, жүзін жаппайды.
С: Ихрам халіндегі кісіге жуынуға бола ма?
Ж: Иә, ғұсыл алуына болады. Бірақ та иісі бар нәрселер қолданбайды. Кірлерін езіп кетірмейді. Басын, сақалын сабынмен жумайды.
С: Үйдің, машинаның немесе шатырдың астында көлеңкелеуіне бола ма?
Ж: Көлеңкелеуге болады.
С: Тәлбияны көп айтудың үкімі не?
Ж: Тәлбияны көп айту мәндуб әрі мұстахаб. Әсіресе, намаздардан кейін, таңертең-кешке, төбеге шыққанда, төмен түскенде, адамдарды жолықтырғанда көп айту мұстахаб.