Меккеге кіру және келу тауабы
Меккеге кіру және келу тауабы
С: Тек қажылықты ниет етіп келуші Мекке Мукаррамға келгенде не істейді?
Ж: Меккеге кіргенде бірінші дәреті болып, Мешіт Харамға кіруден бастайды. Бәйтулланы көргенде «Әллаһу Әкбар! Лә иләһә иллаллаһ!» дейді. Сосын Бәйтулла – Қағбаны тауап етеді. Бұл тек қажы ниетімен келген адамның алғашқы тауабы. Бұл – миқаттардың арғы жағынан келгендер үшін сүннет. Келу тауабы деп аталады. Мекке жұрты мен халал аймағының тұрғындары келу тауабын жасамайды.
С: Қағбаны тауап ету қалай жасалады?
Ж: Тауаптың басында Қара тасқа жақын барып «Аллаһу Әкбар! Лә иләһә иллаллаһ!» деп екі қолын көтереді. Егер ешбір мұсылманға зарар бермейтін болса Қара тасты тәу етіп, сүйеді. Егер зарар беретін болса екі алақанымен ұстап, екі алақанын сүйеді немесе оң алақанын қойып, алақанын сүйеді. Олай ете алмаса қолында асатаяқ сияқты нәрсе болса сонысын тигізіп, сол затты сүйеді. Бұл істердің біреуін де істей алмаса Қара тастың тұсында тұрып, екі қолын құлақтарына дейін көтеріп, тәкбір айтады. Екі қолының алақандарын Қара тасқа қаратып, ишарат етіп, екі алақанын сүйеді. Сонан соң сол иығын Қағбаға қаратып, оң жағына қарай жүріп тауап ете бастайды. Хатимды айналып өтіп, йемен рүкінінің жанынан өткенде тәу етеді. Қара тастың тұсына келгенде реті келсе тәу етіп, сүйеді. Сөйтіп бір айналыс жасаған болады. Осы ретпен жеті айналыс жасайды. Қара тастың қасынын өткен сайын жоғарыда айтып өткендей тәу етеді. Тауаптар Қара тасты тәу етумен басталып, сонымен аяқталады.